Мереке болмаса да бұл иісі қазақ үшін қасиетті һәм қастерлі күн. Бұл күні жаланың кесірінен жазықсыз жапа шеккен мыңдаған жандарды, жесір қалған әйелді, жәутең көз жетім баланы еске аламыз.
Сол зұлмат жылдары солақай саясаттың құрбаны болған алашордашыларды еске алып, оларды ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 31 мамырды қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп бел-гілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бүгінде Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие болған бұл күнді ел болып атап өту жыл сайынғы дәстүрге айналған. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай 30-31 мамыр күндері Семейде халықаралық деңгейдегі ауқымды шаралар өтті. Қазақ жұртының басына түскен нәубет — сталиндік репрессия сол тұстары ұлт қаймақтары қоныс еткен бұл өңірде де қасіретті ізін қалдырғаны белгілі. Бұл орайда, маңызды күнді Алаш зиялылары ұлттық идеяның негізін қалаған тарихи қалада өткізуі орынды, әрине.
Семейдегі елеулі оқиға алдымен, саяси қуғын-сүргін көрген Алаш арыстарының рухына Құран бағышталып, ас берілумен бастау алды. Жергілікті билік өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, шығармашыл зиялы қауым өкілдері және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еліміздің әр аймағынан және алыс-жақын шет елдерден келген лауазымды тұлғалар, саяси қуғын-сүргін көрген алашордашылардың ұрпақтары, ғалымдар, музей және мұрағат қызметкерлерінің барлығы да осы жерден табылды.
{jcomments on}Жиналғандар ақ дастархан басында «Ұлтымыздың бастан кешірген қайғы-қасіретін бүгінгі ұрпаққа көрсетпесін. Енді елімізде мәңгілік тыныштық, бейбітшілік болсын» деген тілектерін білдірді.
Ал, тәуліктің екінші жартысында делегаттар Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетіне саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым» атты халықаралық форумға қатысты. Форум барысында ғылыми әдебиеттер және мұрағат құжаттарының көрмесі ұйымдастырылып, «Сөнбесін от алауы» атты деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды.
Форум жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы Ералы Тоғжанов, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Егор Капель мен Ахмет Мұрадов, ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, ҚР білім және ғылым министрлігі мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркіт Аяған, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеттің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы, Заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков, Қазақстандағы Польша мемлекеті елшілігінің кеңесшісі Анджей Бовер және басқа да бірқатар лауазымды тұлғалар мен ҚХА мүшелері, қуғын-сүргінге ұшыраған және Қазақстанға жер аударылған азаматтардың ұрпақтары, отандық ғалымдар мен зерттеушілер, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.
Жас ұрпаққа Қазақстан халқының көп этникалық қоғам ретінде қалыптасуының тарихын таныстыру, бүгінгі баянды өмір үшін құрбан болған ерлердің ерлігін елге жеткізу мақсатында өткен форумның деңгейінің қаншалықты маңызды екенін жиналған тұлғалардан анық аңғаруға болатындай.
ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев сөзінің басында қатысушыларға саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған Елбасы Н.Назарбаевтың Үндеуін оқыды.
«Құрметті жиынға қатысушылар! 31 мамыр — біздің өткенге тағы бір оралып, бабалар рухына басымызды иетін күн. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық — ел тарихындағы ең азалы беттердің бірі. Алапат аштықтан Қазақстанда 2 миллонға жуық адам қазаға ұшырады. Миллиондаған қандасымыз жат елдерге босып кетті. Репрессияда Алаш арыстарынан бастап бүкіл мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен ағартушылар, саясаткерлер қуғынға түсті. Елдің бас көтерер азаматтары жаппай оққа ұшты. Бұл тек қазаққа ғана келген нәубет емес, Кеңес Одағының көптеген елдері зардап шекті. Тұтас ұлттар ата қоныстарынан күштеп көшірілді. 1,5 млн. адам қазақ даласына жер аударылды. Тағдырдың тауқыметін арқалаған сан түрлі этнос өкілдері қазақ халқынан пана тапты. Тарих ештеңені ұмытпайды. Әділет салтанат құрып, арыстарымыз ақталды. Халқымыз кемел келешекке аяқ басты. Бұл іс-шараның қоғамдық келісімнің институты болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында өткізілуінің мәні бар. Бейбітшілік, ауызбіршілік және тұрақтылық — бұл Қазақстанның ХХІ ғасырдағы дамуының негізгі принциптері және «2050 — Стратегиясының» мақсаттарына қол жеткізудің басты шарты болып табылады. Тек осынау құндылықтар ғана біздің еліміздің гүлденуінің сенімді тірегі. Біздің тарихымыздың қасіретті беттері туралы, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары туралы еске алу — халқымыз үшін әрқашан қасиетті әрі мәңгілікке солай болып қала бермек» делінген Мемлекет басшысының Үндеуінде. Одан әрі сөзін жалғаған Бағлан Асаубайұлы:
— Елбасымыз: «Өткеннің өкінішін айтқанда елдің еңсесін түсіретіндей емес, тарихтан тағылым алатындай айту керек» дейді. Біз өткенге салауат айтып, келешекке көз тігеміз. Бізге Елбасы айқындап берген жауапкершілікті жол — бірлік пен бейбітшілік жолы. Бұл ретте Абай мен Шәкәрімді, Мұхтар Әуезовті тудырған қасиетті Семей өңірі келелі істерге өз үлестерін қосып, аймақтың зиялылары, қоғамдық және жастар ұйымдары белсенді жұмыс істеуде. Арыстарымыздың атын ұлықтауда Алаштану ғылыми орталығының еңбегі зор. Қазіргі уақытта «Алаш таным» атты 10 томдық кітап баспаға дайындалу үстінде. Ал, Арап Еспенбетов, Мұхтарбек Кәрімов сынды ғалымдарымыз тарихты саралауға өз үлестерін қосуда, — деп атап өтті өз сөзінде.
Бағлан Асаубайұлынан кейін сөз алған ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар:
— Саяси қуғын-сүргін көрген тұлғаларды еске алу — бүгінгі ұрпақтың қасиетті борыштарының бірі деп санаймыз. Ал, бұл форумның Семей қаласында өтуі бекер болмаса керек. Сондықтан, талай идеялардың, мемлекеттік мүдделердің бастамасы болған Семей сынды қасиет- ті қалада бас қосуға мұрындық болған ҚР Президенті әкімшілігіне, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығына облыс тұрғындары және облыс басшылығы атынан зор алғысымды айтамын, — деді.
Форум барысында Ералы Лұқпанұлы «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым»: Бейбітшілік және тарихи жады жол картасы» жайлы баяндама жасады. Баяндамасы барысында Е.Тоғжанов:
— Қазақ елінің сан ғасырлық тарихында қабырғаң қайыспай еске алу мүмкін емес ақтаңдақтар баршылық. Оны өздеріңіз де тарихтан жақсы білесіздер. ХХ ғасырда жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасы сорғалаған саяси қуғын-сүргін кезін айтпай кету мүмкін емес. Әкімшілік жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген қарияны да, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Ал, Қазақстан — тарихтағы осындай қайғылы-қасіретті күнді ресми түрде белгілеп, ел болып, халық болып тағзым етіп отырған жалғыз мемлекет деп айтсақ, қателеспейміз, — дей келе, — «Өткенді тану, тарихқа терең пайымдап, оған әділ баға беру — үлкен парасаттылық пен жауапкершіліктің белгісі» деген болатын Елбасы. Олай болса, жауапкершілік пен еліміздің тарихына объективтік баға беріп қана қоймай, халқымызға, әсіресе, жастарымызға соның бәрін түсіндіру — баршамыздың міндетіміз, — деп атап өтті.
Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Ахмед Мұрадов өз сөзінде Қазақстанға жер аударылып, бүгінде ортақ шаңырақ астында, түсіністік аясында өмір кешіп жатқан бауырлас халықтар тағдыры, олардың бүгінгі ұрпақтарының Тәуелсіз Қазақстан үшін сіңірудегі еңбегіне ерекше мән берді. Қазіргі уақытта еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүріп жатқаны ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде екендігін баса айтқан Ахмет Мұрадов Елбасының атына зор алғысын жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры Шәріпбек Әмірбеков «Қуғын-сүргін зұлматы — адамзат тарихындағы саяси құбылыс ретінде» тақырыбында баяндама жасады. Сөзінің басында жастар тәрбиесіндегі рөлі ерекше форумды Шәкәрім университетінде өткізіп жатқаны үшін университет ұжымы атынан ҚР Президент әкімшілігіне, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамб-леясы хатшылығына ризашылығын білдірген Шәріпбек Ағабайұлы:
— Кеңестер Одағы тұсында Шығыс Қазақстан — депортацияланған ұлттардың алаңына айналғаны баршамызға белгілі. Олар аймағымыздың дамуына үлкен үлес қосты, әлі де үлес қосып келе жатыр. Шәкәрім университетінде ұлттар ынтымақтастығын насихаттауға ерекше мән беріледі. Ал, тарихшыларымыз өзге ұлттардың тарихын назардан тыс қалдырмай, көптеген тарихи факторларды талдаудан өткізіп, зерттеу жүргізуде. 2010 жылдан бастап осы тақырыпқа арналған 5 диссертация, 3 монография жарық көрді. Диссертацияларда репрессиялық саясат, этникалық диаспоралардың қалыптасу тарихы зерттелді. Сонымен қатар, университетте Ерлан Бәтташұлының бастамасымен құрылған академик Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер орталығы бар. Орталық ғалымдары мұрағатпен біріге отырып, айналымға енбеген мұрағат деректері арқылы аймақ тарихының көлеңкелі тұстарын анықтауда елеулі жұмыс-тар атқаруда, — деді.
Ал, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы, Заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков Алаш арыстары туралы, қазақ халқының бітім-болмысы жайлы сөз қозғады.
— Өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына берген бағасы бізді де, яғни, қазақты қанаттандырады және олардың алдындағы біздің жауапкершілігімізді де күшейте түседі. Ал, «Карлаг» туралы айтар болсақ, ол жер-талай тағдырлардың тоғысқан ортасы еді. Бірақ, сол лагерьлер, сол үлкен азапты жылдар бізді, яғни, қазақ халқын зұлым ретінде тәрбиелемеді. Қазақ халқы әрқашанда қонақжайлылығынан, достық көңілінен, өзгелерге деген құрметінен әсте айнымады. Сондықтан да, қаншама лагерь, қаншама қудалау болса да, қазақтың бойында жарқын мінезі сақталып қалды. Және сондай жарқын мінез бізді қоршап отырған халықтың да бойында бар. Қазақстанның ерекшелігі, міне, осында, — деген Нұрлан Орынбасарұлы сөз соңында жақында ғана жарыққа шыққан Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» атты кітабын және басқа да ғалымдардың алашордашылар туралы жазған 20 шақты кітапты ШҚО әкімдігіне сыйға берді.
Одан кейін абайтанушы, шәкәрімтанушы және мұхтартанушы, ғалым, құрығы ұзын Кеңес Үкіметінің солақай саясатының шырмауына түскен Қайым Мұхаметхановтың ұлы, Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті философия кафедрасының аға оқытушысы Дегдар Мұхаметханов сөз алды. Дегдар Мұхаметханов сөзінің басында форумды ұйымдастырушыларға солақай саясаттың құрбаны болған жазықсыз жандарды еске алып, олардың есімін ұлықтап, тарихи тұлғаларға зор құрмет көрсетіп жатқаны үшін Қайым Мұхаметханов атындағы білім және мәдениет орталығының атынан және оның директоры Дина Мұхаметханованың атынан зор алғысын жеткізді.
— Мен әкем туралы шындықты ержеткенде бірақ білдім. Өйткені, ата-анам бұл тақырыпқа сөз қозғағанды ұнатпайтын. Кейіннен жұртшылықтың сөздерін құлағым шалып, әкемнің таныстарынан ол жайында естігенімде бұл ақпарат маған өте ауыр соққы болып тиді. Сондай-ақ, менің туған атам да солақай саясаттың жазықсыз құрбаны болған. Ату жазасына кесілген атамның жерленген жері әлі күнге дейін белгісіз. Бұл біздің әулет үшін орны толмас үлкен қайғы. Мұндай қайғы тек біздің басымызда ғана емес, көптеген әулет осындай күй кешіп отыр. Алайда, қазақ халқы — ешқашан мойымайтын халық, — деген Дегдар Қайымұлы зобалаң заман жайына кеңірек тоқталып, әкесі Қайым Мұхаметхановтың «Тағдыр және Карлаг» атты кітабы туралы да айтып өтті. Кітапта Қайым Мұхаметхановтың ғана емес, Карлагтағы басқа да адамдардың тағдыры жа-зылғандығын жеткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шешімі бойынша Тәуелсіздікті, ел бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін Қарағанды облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми эксперттік топ мүшесі, Заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі» қоғамдық наградасымен, ал, «Астана — Бәйтерек» әйелдер клубының төрайымы Тамара Лавриенко Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылып, арнайы мөрі басыл-ған Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды.
Форумның бірінші бөлімін қорытындылай келе, Бағлан Майлыбаев келер жылы Семейде Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы өтетіндігін, аталмыш мерейтой қарсаңында тікелей Елбасының тапсырмасына сәйкес, Семейдің әуежайы мен Абай атындағы театр, мәдени мекемелері және Жидебайдағы Абай кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізілу үшін республикалық бюджеттен тиісті қаржылардың бөлініп жатқандығынан көпшілікті хабардар етті.
Сондай-ақ, форум аясында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры Шәріпбек Әмірбековтің төрағалық етуімен «Алаш феноменіне бүгінгі көзқарас: тарих сабақтары мен біріктіруші тұжырымдар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 3 секция бойынша («Абай және алашордашылар: толеранттылық ойлар, бірлік және азаматшылдық», «Саяси қуғын-сүргін және депортациялар құрбандары ұмытылмайды», «Аштық көші: қатал тағдырлар») өткен халықаралық конференцияда Моңғол ұлысы ғылым академиясының Баянөлгей аймағындағы әлеуметтік-саяси зерттеулер ғылым орталығының бөлім меңгерушісі Өмірбек Биғұмарұлы, Ресей Федерациясы Алтай мемлекеттік педагогикалық академиясының профессоры Владимир Бойко сынды бірқатар ғалымдар тарихи-танымдық баяндамалар жасады.
Нұрдәулет КӘКІШЕВ, «Семей таңы»