"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

ҚОҒАМДЫ ЖАЙЛАҒАН ДЕРТТЕН АЙЫҒА АЛАМЫЗ БА?

28.10.2022
ҚОҒАМДЫ ЖАЙЛАҒАН ДЕРТТЕН АЙЫҒА АЛАМЫЗ БА?
273
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

Журналистік сараптама

Оның көздері мұңға толы. Өмірге құлшынысы жоқ. Жұмыр басты пендеге тән арман, мақсат, мұрат, үміт сынды ізгіліктер алға жетелемейді. Керісінше, бойын жабырқау, тұнжырау, торығу, түңілу сезімдері меңдеп алған. Арманның (кейіпкердің аты өзгертілген – ред.) өз-өзімен іштей аласұрып жүргеніне 3 жылдан асқан. Басында барлығы жақсы болған. Тұрақты жұмысы, жанашыр ата-анасы, қамқор туысы… Қазір бәрі басқаша. Себебі өмірі түбегейлі өзгерген. Күндердің бір күнінде дүниенің дәл осылай астан-кестені шығып, өмірінің бір сәтте басқа арнаға ауып кететінін, жақындарының сырт айналатынын ол да әсте, сезбеген болар. Оған түрткі – синтетикалық есірткі деген кесел. Басында танысының ұсынуымен бір рет қана дәмін татып, болған. Бірақ аз ғана уақыт ішінде бұл «дертке» қалай шырмалып қалғанын өзі де аңғармай қалады. Өкінішке қарай, қазір бұл кеселдің жетегінде кетіп, сарсаң күйге түскен жастардың қатары жыл өткен сайын көбейіп барады…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өзінің Жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп отырғанына қынжылысын білдірді. Президенттің айтуынша, қазіргі ахуал өте күрделі, себебі соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есеге дейін артқан. «Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні тіпті үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел», – деді Президент. Осылай дей келе, синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс екенін, ол үшін нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажеттігін қадап айтты. Еліміздің Ішкі істер министрлігінің бізге берген ақпаратына сүйенсек, БҰҰ-ның есірткі және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармасының мәліметтері бойынша, 2013 жылдан бері әлемдік нарыққа шығатын жаңа дәрілердің саны жылына 163-тен 71-ге дейін қысқарған. Яғни, ұлттық халықаралық бақылау жүйелері олардың таралуын сәтті шектеген. «Қазақстанда да есірткіге қарсы күрес саласындағы заңнама кезеңкезеңімен жаңғыртылуда. Бұрын оларды тиісті тізбеге енгізу тек заң деңгейінде жүзеге асырылып, орта есеппен 1 жылға дейін созылатын. 2019 жылдан бастап бұл құзырет Үкіметке жүктелді, енді ол үшін 2 айдан аспайтын уақыт қажет. ЕАЭО елдерінің ұқсас тізбелерін қолданудың негіздері заңды түрде бекітілген, бұл дәрілердің жаңа түрлерін елде пайда болғанға дейін бақылауға мүмкіндік береді», – делінген Ішкі істер министрлігінің мәліметінде. Мамандардың айтуынша, 2011 жылы «Есірткі құралдары, психотроптық заттар, олардың аналогтары мен прекурсорлары және олардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Заңдағы есірткі заттарының тізімі «дизайнерлік есірткі» деп аталатын жаңа синтетикалық каннабиноидтардың 27 атауымен толықтырылған. Бұл белгілі бір уақытқа алдын алуға қол жеткізуге және Қазақстанда синтетикалық каннабиноидтар мен басқа да жаңа психобелсенді заттардың таралуына жол бермеуге мүмкіндік берген. 2019 жылдан бастап есірткілер тізімі, жалпы алғанда, 117 зат атауымен толықтырылған. Ал 2022 жылдың 8 айында ішкі істер органдары синтетиканың заңсыз айналымына байланысты 998 қылмысты анықтаған, оның 361-і өткізуді, 122-і сақтауды және 421-і теріс қылықты құраған. Нәтижесінде, заңсыз айналымнан алынған синтетикалық есірткілерді тәркілеу көлемі 63 пайызға артып, 89 кг 809 гр құраған, 2021 жылы бұл көрсеткіш 55 кг 088 гр болған. Сондай-ақ, ведомство өкілдерінің сөзіне қарағанда, Астана қаласында – 4, Алматы қаласында – 1, Ақмола облысында – 1, Ақтөбе облысында – 3, Алматы облысында – 1, Шығыс Қазақстанда – 4, Жамбыл облысында – 1, Қызылорда облысында – 1, Маңғыстау облысында – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 1, Қостанай облысында – 1, Павлодар облысында – 1, жалпы 20-дан астам есірткі зертханасы, 6 есірткі притоны жойылып, есірткі контрабандасының 98 фактісінің жолы кесілген. Есірткіні жарнамалау фактілері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес, сотқа дейінгі 97 өндіріс және ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 5-тармағына сәйкес, есірткіні интернет арқылы өткізгені үшін 177 өндіріс тіркелген. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан «мефедрон», «пировалерон», «амфетамин», «МДМА» сияқты психотропты заттарды тәркілеуде.

Заңсыз әрекеттер жасырын жүзеге асуда

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі заманғы әлемдік дәрі-дәрмек нарығы дәстүрлі препараттардан синтетикалық препараттарға дейін қайта бағдарланған. Жаһандық есірткі жағдайының бұл заманауи үрдісі, ең алдымен, оларды өндіру және пайдалануға негізделеді. Синтетикалық есірткіні таратуға байланысты қылмыстарды ашудың қиындығы – барлық заңсыз әрекеттердің интернет кеңістігінде жасырын, байланыссыз жүзеге асуында. «Көп жағдайда есірткі зертханаларындағы дилерлер ұсталады. Ұйымдастырушылар, әдетте, басқа елдерде тұрады және есірткі бизнесінің тетігін қашықтан басқарып отырады. Осыған қарамастан, еліміздің құқық қорғау және арнайы органдары аталған қылмыстарды ұйымдастырушыларды анықтап, қылмыстық әрекеттерді әшкерелеуге бар күшін салуда», – дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері. Мәселен, осы жылы Қазақстанда жалпы салмағы 89 кг болатын синтетикалық психотроптық заттардың дайын өнімдері бар 23 есірткі зертханасы анықталған. Соңғы үш жылда есірткіге қарсы күрес жөніндегі ұлттық заңнама бірнеше рет жаңартылған. «Есірткі құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы 2019 жылы күшіне енген жаңа психобелсенді заттарды жеделдетілген бақылау тетігі заңнамалық түрде бекітілген. Нәтижесінде қазіргі уақытта белгілі барлық есірткі құралдары, психотроптық заттар және олардың аналогтары мемлекеттік бақылауға алынған. Бұған қоса, 2020 жылы ақпараттық коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айналымы – есірткіні сату, пайдалануға итермелеу, заттар мен оларды жасауға арналған құралдардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілген. Психотроптық заттарды заңсыз жарнамалағаны және насихаттағаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-1-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік енгізілді, ол есірткі сайттарының электрондық мекенжайлары көрсетілген «граффити» таратушыларды және тиісті ақпаратты орналастыруға байланысты басқа да әрекеттерді қамтиды. Өткен жылдың қыркүйек айында Үкімет қаулысымен аса қауіпті заттардың «криминалдық» мөлшері, мәселен, «мефедрон», «пировалерон» және олардың аналогтары – 3 грнан 1 гр-ға дейін, синтетикалық каннабиноидтар – 50 гр-нан 1 гр-ға дейін және төмендетіліп, тиісінше оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілген. Қазақстан Республикасының «Денсаулық туралы» Кодексіне сәйкес, психобелсенді заттарды тұтынудың алдын алумен барлық жеке және заңды тұлғалар өз құқықтары мен міндеттері шегінде айналысады. Бұл жұмысты үйлестіру заңмен ешкімге бекітілмеген және іс-шаралар ғылыми сүйемелдеусіз бөлек жүргізіледі, тиісінше, олар тиімсіз. Аталған мәселелер қазір нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары жобасының шеңберінде шешілуде. Синтетикалық есірткінің таралу жолын кесу үшін Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасында арнайы бөлімше құрылып, оның құрамына жоғары технологиялар саласындағы білімі бар мамандар шоғырланған, сонымен қатар бөлімше жоғары жылдамдықты компьютерлік техникамен жабдықталған. Мамандар сайттарға сілтемелердің мекенжайларын, жарнамалық парақтарды, есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын жарнамаларды анықтау үшін ғаламтор кеңістіктігін бақылайды, осылайша, заңсыз интернетдүкендер анықталады.

«2022 жылдың 8 айында есірткі құралдары туралы мәліметтерді қамтитын 1720 ақпараттандыру нысаны анықталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оларды бұғаттау бойынша шешім қабылдады. Қазіргі уақытта тек мемлекеттік органдар мамандарының ғана емес, үкіметтік емес сектор өкілдерінің, халықаралық сарапшылардың, ғылыми қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Тиісті жоспарды дайындауға жергілікті атқарушы органдар да қатысады. Жоспарға мектеп және колледж оқушылары үшін нашақорлықтың алдын алу, жасөспірімдер мен жастарды құқықтық тәрбиелеу жөніндегі іс-шараларды қосу көзделген. Олар денсаулық сақтау, сараптама және полиция органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін шешу және басқа да көптеген бағыттарды қамтиды. Қазан айының соңына дейін жоспар жобасын Үкімет қарауына енгізу көзделіп отыр.

2 рет қолданғаннан кейін тәуелділік пайда болады

Семей қаласы полиция басқармасының есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі, полиция майоры Гаухар Еспаеваның айтуынша, 2022 жылдың маусым айына дейін заңсыз есірткі айналымы бойынша 24 қылмыс анықталып, тіркелген. Олардың 22-і – есірткі құралдарын сату, 1-і – аса көп мөлшерде есірткі құралдарын сақтау, 1-і – есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау фактілері. Осы мерзім аралығында заңсыз айналымнан 62 кгнан астам есірткі тәркіленген. Оның басым көпшілігі кептірілген марихуана екен. Мәселен, Семейде, өткен жылдың қорытындысы бойынша, 218 кг астам есірткі заттары тәркіленсе, оның 190 кг-ға жуығы кептірілген марихуана болған. Тек бір адамнан 155 кг-ға тарта марихуана тәркіленген. Алайда, уақыт өткен сайын синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының кең етек алуы түйткілді мәселеге айналған. Мәселен, жыл басынан бері 1,5 кг-ға жуық «Альфа-PVP» деп аталатын синтетикалық есірткі тәркіленіпті. «Мефедрон» деп те аталатын бұл препаратты жастар «меф», «тұз» немесе «жылдамдық» деп те атай береді екен. «Жалпы, синтетикалық есірткінің бірнеше атауы бар. Оларды сатушылар «граффити» жазулары арқылы таратады. Заңсыз есірткі құралдары туралы жарнамалар қараусыз қалған ескі ғимараттарда, үйлерде немесе гараждарда «граффити» жазулары арқылы беріледі. Арнайы құтыларға «меф», «тұз» я болмаса басқа да атауларды жазып қояды. Синтетикалық есірткі құралдары, негізінен, мессенджерлер арқылы таралады. Технологиялардың дамуы есірткі құралдарын, психотроптық заттарды байланыссыз тәсілдер, мәселен, телеграм қосымшасы, арнайы сайттар арқылы сатуға мүмкіндік беруде. Жастар осындай сайттарға кіріп, өзіне қажетті психотропты заттардың мөлшерін, түрін көрсетіп, тапсырыс бере алады. Сосын лардың смартфонына есірткі құралы жасырылған жердің мекенжайы көрсетілетін белгі жіберіледі. Тапсырыс беруші адам сол белгі арқылы тиісті орынға барып, психотропты затты алады. Ол белгілі бір үй ауласындағы ағаш немесе үй кіреберісі болуы мүмкін. Ал мекенжайды алмас бұрын ол киви-әмиян арқылы есірткі салынған орама үшін ақша аударып жібереді. Міне, қазір тыйым салынатын заттарды осындай ешқандай байланыссыз, жасырын жолмен сату жүзеге асып келеді. Ал бұл біздің жұмысымызды қиындатып жіберді. Себебі, бұрын есірткінің заңсыз айланымын нашақорлар жиналатын арнайы орындарға бару арқылы анықтап, жолын кесетінбіз. Ал қазір есірткі тарататын белгілі бір азаматты білу міндетті емес, смартфонды алып, сайтқа кіріп, есірткіге оп-оңай тапсырыс беруге болады», – дейді Гаухар Серікқызы. Оның айтуынша, Семейде осыдан 2 жылдай уақыт бұрын қалалық полиция басқармасының есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімінің мамандары синтетикалық есірткі таралымымен бетпе-бет келмеген. Тек 2021 жылдың басынан бастап синтетикалық есірткі заттары туралы алғашқы фактілер жиі анықтала бастаған. «2021 жылы синтетикалық есірткінің өте аз мөлшерін тәркіледік. Ал биыл қаңтар айында салмағы 1,5 кг асатын «Альфа-PVP» деп аталатын синтетикалық психотроптық заттарды заңсыз сатумен айланысқан 2 адамды анықтадық. Олар ауыр қылмысқа барғандықтан, бас бостандығынан айыру жазасымен әр түрлі мерзімге сотталды», – дейді полиция майоры. Сондай-ақ Гаухар Еспаева азаматтардың, әсіресе жастардың синтетикалық есірткіге тәуелді бола бастауының бірнеше себебін мысалға келтірді. Оның сөзіне қарағанда, қазір қалада героин қолданушылар саны азайған. «Қалада ұзақ уақыттан бері героин жоқ. Бұл – бірінші себеп. Оның бағасы да қымбат. Сосын ол – ауыр есірткі. Ал жастар героиннің, марихуананың не екенін, қандай есірткі екенін біледі. Иә, марихуананы шегуге болады. Ал героинді тамырдан егуге тура келеді. Жастар бұдан қорқады. Сондықтан оған жоламауға тырысады. Екіншіден, синтетикалық есірткіні шегуге болады. Содан да болар, жастар есірткінің мұндай түріне аса қорқынышпен қарамайды. «Тамырым жарылып кетеді», немесе «дозасы артық болып кетеді» деп алаңдамайды. Яғни, синтетикалық есірткіні темекі секілді шегуге болатындықтан, одан соншалықты қауіптенбейді. Бұл – синтетикаға әуестенетіндердің көбейіп бара жатуының басты себебі деп ойлаймыз. Бірақ олар қателеседі. Себебі адам есірткінің мұндай түрін 2 рет қолданғаннан-ақ тәуелді болып қалады», – дейді Гаухар Еспаева. Оның пікірінше, бүгінде синтетикалық есірткінің таралуының алдын алу және онымен күрес мәселесі мамандардың жіті бақылауында тұр. Мәселен, Өскемен қаласында есірткі заттарын насихаттайтын сайттарды анықтап, қадағалайтын кибербақылау тетігі іске қосылған. Семей қаласында да дәл осындай жүйені іске қосу көзделіп отыр екен. Себебі, осындай кибербақылау тетіктері арқылы синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының жолын кесуге болады. Бұған қоса, мамандар қазіргі таңда жастардың көп жағдайда ақша табудың жеңіл жолын іздейтінін айтады. «Мәселен, өзіміздің елімізде немесе басқа елде отырған есірткі қылмысымен заңсыз айналысатындар мен таратушылар кез келген қызға немесе жігітке белгісіз бір нөмірден қоңырау шалып, «Жеңіл ақша тапқыңыз келе ме? Сіздің бір күнде 3 сағат қана уақытыңыз кетеді, оның ақысына бір апталық жұмысыңызға 100 мыңға дейін қаражат алуға мүмкіндігіңіз бар. Алайда тыйым салынған заттарды таратумен айналысатындықтан, жұмысыңызды ешкімге білдірмей, тыныш, ұқыпты атқаруыңыз қажет», – деп ескерте отырып, ұсыныс тастай алады. Ал жеңіл жолмен тез ақша тапқысы келген жастар, әсіресе студенттер мұндай ұсыныстан бас тарта алмай, келісіп жатады. Осылайша, түнгі уақытта «граффити» жазуларымен белгілі бір мекенжайларда орналасқан ескі ғимараттарға, үйлердің аулаларына, гараждарға синтетикалық есірткіні сататын сайттарды көрсететін белгі тастап кетеді. Сосын өзінің «атқарған жұмысын» фотоға түсіріп, тапсырма берушіге есеп ретінде жібереді. Артынан оның есепшотына ақша түседі. Бірақ ол осы арқылы есірткіні заңсыз жарнамалағаны және насихаттағаны үшін, Қылмыстық кодекстің 299-1-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай қылмысқа барған адам 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жалпы, синтетикалық есірткінің заңсыз айналымын жүргізетін жастарды осындай қылмысқа итермелейтін тапсырыс берушілер шетелде, мәселен, Ресейде отыруы мүмкін. Себебі, Ресейде мұндай есірткі түрінің таралғанына көп жыл болды», – дейді Гаухар Серікқызы. Семей қаласы полиция басқармасының есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері қаланың Жастар ресурстық орталығының, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бірге есірткіні заңсыз жарнамалау мен насихаттаудың алдын алу үшін кезең-кезеңмен рейдтер өткізіп, ғимараттарда, үй аулаларында, кіреберістерінде т.б. жерлерде жазылған, көрсетілген белгілерді өшіреді, акциялар ұйымдастырады.

«Жалпы, біздің бөлім тек есірткі қылмысын ғана анықтап, тіркемейді, сонымен қатар жастар арасында алдын алу шараларын жүргіземіз, жоғары оқу орындарында, колледждерде, мектептерде лекция оқимыз. Есірткіге қарсы түрлі марафондар, спартакиадалар, турнирлер өткіземіз. Бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат береміз. Осы арқылы біз қала тұрғындарын есірткімен күрес бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабардар етіп отырамыз. Осы ретте айтарым, Семей қаласы полиция басқармасының есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімі барлық ата-аналарды, аталар мен әжелерді өздерінің балалары мен немерелерінде артық ақша пайда болды ма, жоқ па, міне, осыған мән беруге, олардың ақшаны қайда жұмсағандарын қадағалап отыруға шақырады. Мәселен, балаңызда сіздің қалтаңыз көтермейтіндей смартфон пайда болса, мұндай жағдайға бейжай қарамай, айрықша назар аудару қажет. Себебі ол заңсыз әрекеттің жетегінде жүруі, қылмыскерлердің құрығына ілінуі әбден мүмкін», – деді Гаухар Еспаева.

Синтетикалық есірткі адамға тез әсер етеді

Нарколог дәрігерлер шегетін немесе егетін «дәстүрлі» есірткімен салыстырғанда, синтетикалық есірткінің тартқызар зардабы ауыр екенін алға тартады. Олардың айтуынша, бұл – табиғи есірткінің синтетикалық аналогы. Ол адам ағзасына айтарлықтай күшті әсер етеді. Қанда 7 күндей сақталады. Ақ немесе сары түсті ұнтақ түрінде болады. Мұндай есірткіні тұтынатындар тез шаршап, жиі ентігіп қала береді. Кейбірінің өмірі 5 жылдан аспауы мүмкін. Нәтижесінде өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін немесе жүйке жүйесі аурулары диспансеріне түседі. Себебі, олар нашақор болып қана қоймай, жүйке жүйесі ауруына да шалдығады. «Әлемде синтетикалық есірткінің түрі өте көп. Айырмашылығы – олардың құрамындағы қоспалар мен сұйықтықтардың мөлшерінде және қандай тәсілмен дайындалатынында. Оны қылмыскерлердің өздері әзірлеген нұсқаулықтары бойынша кез келген адам жасай береді. Ішіне крахмал, тіпті кір жуатын химиялық ұнтақтарға дейін қосады. Яғни, оның құрамы жиі өзгеріп тұрады. Бірақ мұндай есірткіге қосылатын ең басты ұнтақ – амфетамин қоспасы. Мұндай есірткі түрін иіскеуге, шегуге, я болмаса тамырға егуге болады. Синтетикалық есірткілер адамға 10-15 есе қатты әрі тез әсер етеді. Жастарда 5 рет тұтынғаннан кейін, ал орта жастағы азаматтарда 2-3 рет қолданғаннан кейін-ақ тәуелділік пайда болады. Яғни, тәуелділікке әр түрлі факторлар әсер етеді. Жасқа, ағзаға, оған дейін қандай да бір басқа есірткі түрін тұтыну, тұтынбауына байланысты тәуелділік пайда болады. Мұндай есірткіні қолданушылардың өмір сүру ұзақтығы да әр түрлі болуы мүмкін. Әрине, егер адамда қосымша ауру түрлері болса, синтетикалық есірткі одан әрі ушықтырып жіберері анық», – дейді наркологиялық диспансердің нарколог дәрігері Елена Рындя. Оның сөзінше, Семейде синтетикалық есірткіні тұтынушылар алғаш рет диспансерге 2020 жылдан бастап келе бастаған. Ал өткен жылы 10 шақты адам диспансер көмегіне тұрақты түрде жүгінген. «Бізді есірткінің осы түріне тәуелді азаматтардың күн санап көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Биыл олардың саны 30-40 адамға жетті. Олардың арасында тек қана синтетикалық есірткіні тұтынғандар да, я болмаса,кезінде басқа психотроптық заттарды қолданып, кейін қызығушылықпен, жаңа әсер алу үшін есірткінің осы түріне «көшкендер» де бар. Жас ерекшеліктеріне келер болсақ, олар 18 жастан бастап 45 жасқа дейінгі азаматтарды құрайды. Бірақ басым көпшілігі — 18 жастан 30 жасқа дейінгі жастар. Қазір бірінші орында көп тұтыну жағынан «жылдамдық», екінші орында «меф» деп аталатын синтетикалық есірткі түрлері тұр. Мұндай жандар жақындарының да мазасын алады. Себебі, 3 гр есірткі үшін 15-20 мың теңгедей ақша кетеді. Оны өздері таппаған кезде, туыстарынан сұрап қана қоймай, кредит алуға, тіпті әкешешесінің үйін сатып жіберуге дейін барады»,– дейді нарколог дәрігер. Семей қалалық наркологиялық диспансердің стационарында қызмет ететін 7 жылдық тәжірибесі бар нарколог дәрігер Юрий Коляко да синтетикалық есірткінің бірнеше түрге бөлінетініне тоқталды. «Есірткінің табиғи және синтетикалық түрі болады. Осыдан 20-30 жыл бұрын, негізінен, табиғи есірткі түрлері кездесетін. Қазір осы есірткілер химиялық жолмен дайындалатын болды. Соның нәтижесінде «тұз», «жылдамдық» деп аталатын синтетикалық есірткі түрлері пайда болып, кең тарала бастады. Олардың адамның психикасына әсер етуі ұқсас. Синтетикалық есірткінің «дәмін татқан» адамның өзіне деген сенімділігі артып, бойындағы әлдебір қабілеттеріне сене бастайды, «жаңа идеялар» келеді. Бір уақытта бірнеше істі атқарып тастайтындай құлшыныс пайда болады. Бірақ оның әсері, ұзақтығы психотроптық затты шегуіне, тамырға егуіне байланысты әр түрлі болады. Бүгінде «синтетикалық катинон» кең тарала бастады. Дәл қазір Семей қаласында біздің көмегімізге жүгінушілер қатары әлі де аз. Стационарда ем қабылдап жатқандар саны аптасына шамамен 1-2 адам. Бірақ үлкен қалаларда, Астана, Алматы, Павлодар шаhарларында 6-7 жыл бұрын тарала бастады. Ал Ресейде 10-15 жыл бұрын етек жайды», – дейді Юрий Коляко. Оның айтуынша, синтетикалық есірткіні, көп жағдайда, 16-17 жастағы жасөспірімдер мен 40- 45 жасқа дейінгі азаматтар жиі тұтынады. Себебі егде жастағы азаматтар күні бүгінге дейін өздері қолданып келген есірткіні басқа есірткі түрімен ауыстырғысы келмейді екен. «Синтетикалық есірткіні пайдаланған адамның бойында алғашында энергия пайда болып, белсенділігі артады. Психотроптық заттың бұл түрі адамды ұйқысыздыққа душар етеді, соның кесірінен есірткіні тұтынушы 2-3 күнге дейін ұйықтай алмайтындай күйге түседі. Ал бойындағы күшін жоғалтқаннан кейін галлюцинация пайда болады. Яғни біреу есік қағып тұрғандай, әлдебіреу оны сырттан аңдып, бақылап, қарап жүргендей, үйде арнайы жазатын құрылғылар орнатылғандай, құлағына түсініксіз дауыстар естілгендей күйде болады. Депрессияға түседі, ашуланады, тіпті біреулерге зиянын тигізуі мүмкін. Мұндай адамдар наркологиялық диспансерге ауыр күйде түседі. Егер дер кезінде мамандарға барса, белгілі бір уақыт ішінде емделуге болады», – дейді нарколог дәрігер.

P.S. Арман биыл синтетикалық есірткіні үш ай бойы пайдаланған. Кейін санасын улаған ойлардан, депрессиядан арылу үшін құрылыс саласына жұмысқа орналасып, еңбек етуге тырысады. Бірақ екі айдан кейін шыдай алмай, ескі әдетіне қайта басады. Соның кесірінен отбасы теріс айналады. Бастығы жұмыстан шығарып жібереді. Қазір наркологиялық диспансердің стационарында ем қабылдап жатыр.

Бүгінде бұл жерге Арман сияқты көмекке жүгініп келген жандардың саны арта бастаған. Ал тәртіп сақшылары қанша күрескенімен, азаматтардың санасын улайтын «синтетиканың» таралуын тежей алар емес. Себебі қулығына құрық бойламайтын әккі қылмыскерлер мен заңсыз есірткі айналымын ұйымдастырушылар оны жасау тәсілдері мен саудалау жолдарын күн сайын түрлендіріп келеді…

Ләйла НАУАН,
«Семей таңы»

Мақалада: ҚОҒАМДЫ ЖАЙЛАҒАН ДЕРТТЕН АЙЫҒА АЛАМЫЗ БА?

Ұқсас жаңалықтар

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

07.05.2025
Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

Жезқазғанда Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне жаңа арнайы техниканы тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға әкімдік, ТЖД өкілдері, ардагерлер, қызмет қызметкерлері...

Толығырақ...Details

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

06.05.2025
Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

Төтенше жағдайлар министрлігінде дағдарыстық жағдайларда басқарудың тиімділігін арттыруға, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған...

Толығырақ...Details

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

06.05.2025
Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

ҚР Көлік министрлігі мен «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ инвестиция мәселелерін нақтылау, іске асыру кезеңдерімен және әуе айлағын одан әрі дамытуға...

Толығырақ...Details

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

06.05.2025
Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

Қазақстан Республика Туризм және спорт министрлиги 2024 года жылдың қорытындысысынша еліміздегі ең танымал спорт түрлері туралы деректерді ұсынды. Статистика бұқаралық...

Толығырақ...Details

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

05.05.2025
5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

Бүгін біз жаңа өмірдің бастауында тұратын жандарды — акушерлерді құрметтейміз! Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 370 мыңға жуық босану қабылданады,...

Толығырақ...Details

ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

05.05.2025
ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

Қазақстан ТЖМ ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздікті нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Осының шеңберінде жергілікті атқарушы органдарды өртке қарсы қорғауды нығайтуға...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

Заманауи техниканы ауылға беру: ТЖМ қауіпсіздік стандарттарын теңестіреді

2 дня бұрын

Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

3 дня бұрын

Алматы әуежайын дамытуға 362 млн доллар жеке инвестиция тартылады

3 дня бұрын

Еліміздегі ең танымал ТОП-10 спорт түрі

3 дня бұрын

5 МАМЫР — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АКУШЕРЛЕР КҮНІ

4 дня бұрын

ТЖМ ауылдық жерлерде қауіпсіздікті нығайтады

4 дня бұрын

Биылғы құрылыс маусымы аясында бірқатар жол құрылысы басталады

4 дня бұрын

Қазақстандық оқушы Азия-Тынық мұхиты аймағының ең мықты лингвисі атанды

4 дня бұрын

Семейлік шекарашылар “Бірлік жарысы” марафонына қатысты

7 дней бұрын

Әуежайдың террористік қауіп-қатерге дайындығы тексеріледі

1 неделя бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС