«Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарай шығарып салады» деген тәмсілге кеше мен бүгін немқұрайды қарамаған. Келісті, сымбатына сәні сай киіне білген адам әрдайым жұрт назарынан тыс қалмайды. Ал қалауыңызға сай ұнатқан үлгідегі киімді төрткүл дүниенің кез келген бұрышынан тапсырыс арқылы алдыруға бүгін мүмкіндік мол. Өкінішке орай, Қазақстанның өнімдері емес… Біз бүгін еліміздегі жеңіл өнеркәсіп жағдайы мен халық күнделікті тұтынатын киімдердің қайсысы өз елімізде өндіріледі деген сауалға сараптама жасамақпыз.
СӘЛ ШЕГІНІС…
Тақырыпты Қазақстанда ежелден жеңіл өнеркәсіптің отаны болған өзіміздің Семейдің өткенінен бастаған жөн болар.
Семейде Одақ тұсында тауарлары тек өзіміздің тұтынушыларымызбен шектеліп қалмай, экспортқа да өтімді болған кәсіпорындар көп болған. Тоқыма киімдері де, жейделер де, шұлық та, қолғап та, аяқ киім де өз қаламызда өндірілетін.
Алаштың отаны Семейдегі зауыт-фабрикалардың тарихы Ұлы Отан соғысы жылдарынан басталады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған бетте Украинадан Қазақстанға 70 кәсіпорын көшірілді. Қазақ жеріне қоныс аударған зауыт-фабрикалар, негізінен, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларына орналастырылды. Қазақстан қалаларына осы кәсіпорындармен бірге келген жұмысшы мамандар отбасымен еңбекке кірісті. Дәл осы кезде тек Семей қаласында ғана 9 фабрика мен зауыт іске қосылып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында Харьков электротехника зауыты,
Подольск механика зауыты, Запорожье ферроқорытпа зауыты, Днепропетровск вагон жасау зауыты, «Большевичка» тігін фабрикасы, Киев, Азов және Артем зауыттары негізінде құрылған Семей аяқ киім фабрикасы, Крупская атындағы «Красный кожевник», «Пимокат» артельдері, Донбастан келген Володарский атындағы тігін фабрикасы, тағы да басқа өндіріс орындары бар.
Семей қаласы Ұлы Отан соғысы жылдары ірі мобилизациялық орталық болып саналған. ССРО-ның барша халқымен бірге семейліктер де «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен өмір сүріп, еңбек етті. Ер-азаматтардың майданға аттанғанына қарамастан, кәсіпорындар жұмысы толастамай, соғыс жағдайына тез арада бейімделе білді. Соғыс жылдары біздің жерімізге қоныс аударылған өндіріс орындарының базасында басқа жаңа кәсіпорындар салынып, тауар өндіру ауқымы кеңейтілді.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1941 жылдың тамыз айында Семей қаласының өнеркәсіп орындары өнім шығарудың алпыстан астам түрін игерген екен. Семейліктер майданға тон, пима, тоқылған қолғап, шұлық жинап жіберіп отырған. Соғыс басталған тек 1941 жылдың күзінде ғана Семей қаласындағы кәсіпорындар майданға 62 түрлі өнім жөнелтіпті.
Семей аяқ киім фабрикасында тек 1942 жылы ғана 435 мың 400 жұп аяқ киім шығарылған. Семей облысы соғыстың тек алғашқы жылдары ғана майданға 71 вагон әр түрлі азық-түлік және 11 мың жеке адамдардың жөнелтілімдерін жіберіпті.
Украинадан келген үш фабрика (Киев, Азов және Артем) негізінде Семей аяқ киім фабрикасы құрылып, майданға аяқ киім жөнелтіп отырған. Сондай-ақ Крупская атындағы «Красный кожевник», «Пимокат» артельдері, Донбастан келген Володарский атындағы тігін фабрикасы, басқа да кәсіпорындар арнайы тапсырмаларды абыроймен орындаған.
Ол кездегі Үкімет тапсырмасы қатаң болды. Тәжірибелі мамандар жаңа орынға өздері енді қоныстана бастағандарына қарамастан жұмыс күшін арттыру үшін жастарды оқытып, кәсіпорындағы техниканы меңгеруге үйрете бастады. Көп кешікпей жұмысшы саны 600 адамға дейін жеткен. «Большевичка» тігін фабрикасы соғыс жылдары жоспарларын 120-150 пайызға дейін орындап, Одақ бойынша жоғары көрсеткішке жетті.
«Большевичка» тігін фабрикасы Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі бейбіт уақытта да ел экономикасын еселеуге ерекше ықпал еткен кәсіпорынға айналды. Тек Семей қаласында бірнеше филиалдары мен цехтары жұмыс істеген кәсіпорынның ерлер мен балаларға арналған жейделері өз елімізбен шектелмей, шекара асатын. Бүгін «Большевичка» негізінде қайта құрылған «Мирас» тігін фирмасы әскерилер мен басқа да салаға арнаулы жұмыс киімдерін тігетін кәсіпорын ретінде ғана жұмыс істеп тұр.
Семейде сырт киімдік трикотаж, шұлық, тігін, қолғап тоқыма және галантерея бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар болған. Бұл өнеркәсіп орындары халықтың осы тауарларға деген мұқтажын қамтамасыз ететін қуатта жұмыс істеген. Өкінішке орай, жаппай жекешелендіру кезінде жекенің қолына өтіп кеткен бұл фабрикаларды бүгінгі ұрпақ тек тарихтан ғана біледі.
САПАЛЫ КИІМ ӨНДІРУ ҮШІН ЕҢ БАСТЫ ҚАЖЕТТІЛІК — ТАБИҒИ ӨНІМ
Сапалы киім мақта, жібек сияқты өсімдіктен және тері, жүн, былғары өнімдерінен алынады. Қысы қатаң әрі ұзақ, жазы ыстық біздің еліміздің тұрғындары үшін жасанды тері мен матадан тігілген киімдердің пана болмайтыны белгілі. Сондықтан таза қой терісі мен табиғи жүнінен дайындалған киімдердің қажеттілігі — күн тәртібінен түспейтін мәселе.
Бүгінгі таңда елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамыту басым бағыттардың бірі екендігі жиі айтылғанымен, әлі де қарқын алай алмай отырған сала. Отандық жеңіл өнеркәсіпті өркендету бағытында қолға алынып жатқан шаралар жоқ емес. Атап айтар болсақ, кәсіпкерлерге салықтан жеңілдіктер беру, пайызы төмен несиелендіру, жаңа кәсіпті меңгеруге оқыту, гранттар, мемлекеттік инвестициялар берудің әр түрлі жолдары қарастырылған. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан қолдау болса да отандық тауар өндіруде айтарлықтай жетістіктерге жете алмай отырмыз.
Жеңіл өнеркәсіптегі басты саланың бірі — тоқыма өнеркәсібі. Негізінен, ауыл шаруашылық өнімдеріне тікелей тәуелді сала. Мақта, жүнді өңдеу арқылы жібек маталары мен тоқыма өнімдері, киіз шығарылады. Тоқыма маталары жүн мен мақтаға химиялық талшықтар қоса отырып жасалады. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанда тоқыма өнеркәсібінің негізгі үлесі Шымкент қаласына (36,3 пайыз) және Түркістан облысына (22,4 пайыз) тиесілі болып отыр.
Қ қазір Қазақстан бойынша жеңіл өнеркәсіппен айналысатын 1044 кәсіпорын бар екен. Осы кәсіпорындарда шамамен 12 мыңдай адам жұмыспен қамтылған. Соңғы жылдары осы тауар өндірушілер тарапынан сапасы жоғары маталарға сұраныс артыпты. Сұраныстың артқанын тауар өндірудің қарқын алғаны деп бағалауға болар еді. Алайда бұл кәсіпорындардың өнім өндірудегі үлесі ауыз толтырып айтарлықтай еместігін экономикалық сараптамалардан байқап жүрміз. Шетелдік тауарларға бәсекелес болуға және экспортқа үлес қосуға әлі қауқарсызбыз. Қазақстаннан тоқыма бұйымдары мен мақта-матадан тігілген киімдерді экспорттау жұмысы жоққа тән. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің тұралап қалып отыруының басты себебі өңделмеген шикізат, яғни жүн, мақта, терінің шекара асып кетіп жатқандығында. Өзіміздің тауар өндірушілерімізге қажетті материалдарды шет елдерден алу өндіріс өнімділігін арттыруға айтарлықтай қолбайлау екені анық.
Елімізде тауарға тәуелділіктен арыла алмай отыруымызға тағы бір кедергі — көрші елдерден келіп жатқан арзан контрафактілік өнімдер. Қазақстанға жеңіл өнеркәсіп тауарлары, негізінен, Қытай, Түркия және көрші Қырғыз бен Ресейден келеді. Киім тігу ісі бойынша көрші Өзбекстан мен Қырғызстан, Ресейден әлдеқайда қалып қойдық.
Осы жерде бірнеше жыл бұрын Қырғызстанға барғанда өзімді таңғалдырған бір көрініс есіме түсіп отыр. Бішкектегі «Дордой» атты базарда әр саудагердің кішкентай ғана тігін цехын ашып алғанын көзімізбен көрдік. Күндіз-түні толассыз жұмыс істейтін цехтар тіккен киімдерін сол жерде қаптап, жан-жаққа жөнелтіп жатыр. Шағын цехтың қарқыны үлкен фабриканың өнім өндіргені сияқты екен. Қырғыз ағайынның тірлігіне қызғана да қызыға қарағанымды жасырмаймын!
Қырғыздардың осы тірлігінен кейін біз жалқаумыз-ау деген ой да қылаң берген… Оны да мойындау керек шығар. Біз тауарды өзіміз өндіргеннен гөрі шекара асып барып, қап арқалап қайтқанды жеңіл көреміз. Кәсіпорын ашудың оңай еместігі түсінікті… Тауарды шығаруға ниет болса да «оны кімдерге сатамыз» деген сауал тежеп қалады. Оның себебі түсінікті. Қытай мен қырғыздың арзан тауарына бәсекелес болу күмән туғызады.
Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің шикізат базалары жеткілікті екендігіне қарамастан, барды ұқсата алмай отырмыз. Оңтүстіктің мақтасы мен төрт түліктен алынатын жүн мен тері өзімізде өңделген жағдайда қазақстандықтарды ғана сапалы киімдермен қамтамасыз етіп қоймай, еліміздің экспорт әлеуеті де кеңейе түсер ме еді… Дүние жүзінде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын елдердің басында Үндістан, Қытай, Түркия тұр. Сапалы киімді Түркия, Италия, Қытайдан алмай-ақ өз елімізде өндіруге мүмкіндіктің молдығына қарамастан, қазақстандықтар біздің шикізаттан жасалған шет елдің киімін киіп жүр. Бұл — экономикадағы ең бір «шешімін таппаған» сала…
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы жоспарлы экономикада негізгілердің қатарына жатқызылған жоқ. 1990 жылдардың басында оның құрал-жабдықтарының 70 пайызы ескі болатын. Нарықтық экономиканың бүгін «экономикалық дағдарыс» деп аталып жүрген жылдарында кәсіпорындардың тынысын ашу жұмысы мүлде қолға алынбады. Көрші Қытай елінен тасымалданған арзан, сапасыз тауарлар «толқыны» Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін тіпті басып тастады. Кәсіпорындар заманауи құрылғылармен жабдықтау тұрғысынан әлсіз болғандықтан өнім өндіру жұмысы алғашқыда баяулап, кейін мүлде тоқтады. Ал зауыт-фабрикалар жекенің қолына өтіп, қазір сол кәсіпорын ғимараттары базарларға айналған. Ал сақталып қалған жұрнағы болса әскерилер мен полицияға аяқ киім мен формаға тапсырысты орындаумен шектеліп отыр.
ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПКЕ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР ЖАСАУ — ҚАЗАҚСТАН ИНДУСТРИЯСЫ ҮШІН ҚАЖЕТТІЛІК
Жалпы, жеңіл өнеркәсіптің күнделікті тұрмысқа қажетті 13 саласы бар екен. Олар тоқыма, тігін, мақта-мата, былғары, тері илеу салалары. Бұл кәсіптер экономикалық тұрғыдан қолайлы сала болып табылады. Өйткені тамақ өнімі сияқты емес, өңделген шикізат та, өндірілген тауар да тасымалдауға қолайлы, бұзылып немесе сақталу мерзімі өтіп кетеді деген қауіп жоқ. Тігін және тоқыма өнеркәсібіне қажетті шикізат елімізде жеткілікті. Ең бастысы, үнемі сұранысқа ие, халық тұтынатын тауарлар.
Қазақстанның оңтүстінде шамамен отыздай мақта өңдейтін шағын кәсіпорындар бар екен. Өкінішке орай, бұрынғы Алматы мақта-мата комбинаты да дағдарыс жылдарының құрбаны болған. Шымкентте шағын кәсіпорындар жұмыс істейді. Алайда өңделген матасы киім өндірісі тұрмақ, төсек жабдықтарын тігуге де жарамай отырғанын мойындауымыз керек.
Жүнді бастапқы өңдеу фабрикаларының бірі Семейде болған еді. Кейіннен жекенің қолына өткен алып кәсіпорын жұмысын мүлде тоқтатқалы да жиырма жылдай уақыт болыпты. Өскеменде жасанды талшықтардан (КШТ) мата тоқылатын. Қазір қаладағы осы аттас мөлтек аудан ғана кешегі алып кәсіпорынның болғандығынан хабар беріп тұр.
Былғары, аяқ киім және тері өңдеу өнеркәсіптері — бір-бірімен тығыз байланысты сала. Кезінде Қазақстанда тері өңдеумен Петропавл, Тараз, Рудный мен Семейдегі зауыттар айналысқан. Өнімдерінің сапасы да Одаққа танымал болатын. Семейдегі Тері-былғары комбинаты елімізде қой терісін өңдеу арқылы өнім шығаратын (тон, ішік, бас киім), Шымкенттегі «Қазақиталкаракөл» қаракөл терісін өңдейтін бірден-бір ірі кәсіпорындар болған. Өкінішке орай, бұл өндіріс орындарын да экономикалық дағдарыс жұтып қойды.
Айтпақшы, Семейдегі «Роза» ЖШС бүгінгі таңда қой өсірушілер үшін дәтке қуат болып тұр. Кәсіпорын дайындаған киізден жасалатын аяқ киім, пима қысы қатты көрші ресейліктер тарапынан сұранысқа ие. Бұл пималар, негізінен, ауылдағы шаруа адамдарының қажеттілігін қанағаттандыратыны белгілі. Ал «Армани», «Берберри», «Версаче», «Гучи», «Диор» «Кальвин Клайн», «Валентино», «Макс Мара», «Босс», «Роберто Кавалли» секілді Еуропаның танымал брендтерінің өніміне таңдау жасайтын талғампаз тұтынушының пиманы қажет ете қоймасы белгілі.
ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ КИІМДЕРГЕ ЗӘРУМІЗ
Киімнің қазақтың болмысын ашатын замануи үлгідегі брендін қалыптастыру бұл күнде арманға айналды. Бұл орайда көрші қырғыз ағайын да бізден озып тұр. Біз ойланып жүргенде, қырғыздар киім өндірісінен әлемдік аренаға шығып кетті. Қырғыздар кәдімгі шыт, жібек, кендір, атлас матаның қиығынан түсін үйлестіре құрап, заманауи үлгідегі киімдер тігіп жатыр. Тауарлары сәнді, ыңғайлы. Шикізатты өздері өндірмесе де олар киімдерімен халықаралық деңгейде танымал болып қалды.
Біздің дизайнерлер киімге ұлттық ою-өрнектерді салу арқылы заманауи үлгідегі киім шығаруға талпыныс жасап жүр-ау. Өкінішке орай, бірінен бірі көшіріп алғандай әсерде қалдырады. Аида Кауменова, Құралай Нұрқаділова сияқты атақты дизайнерлердің жұмыстарынан күнделікті киюге ыңғайлы, ұлттық нақыштағы дұрыс киімді көруге зармыз. Айтпақшы, бұл дизайнерлер дайындаған киімдердің бағасы да қарапайым халықтың қалтасына шақ емес.
Жасыратыны жоқ, этнодизайнның бағытын өзгерткені қуантады. Бұрын Наурыз мейрамында, той-томалақтарда әже–апаларымыз киетін киімдерді бүгін жастар да жат көрмейді. Қазақтың оюланған ойы, шындап келгенде, нағыз ұлттық өнердің туындысы емес пе?! Өкінішке орай, оюымыз қазір қырғыз бен қытайдың ойыншығына айналды. Қытай мен қырғыз біздің оюды киімге салып, өзімізге сатып, қызығын көріп жатыр. Айтпақшы, осы жерде айта кеткен артық болмас, ХХ ғасырдың басындағы нәубеттер ұлттық киімнің өзіндік белгісін түгелдей жойып жіберген. Одақ тұсында түрлі мәдени шаралар үшін сахна киімдерін өрнектей бастаған орыс дизайнерлері (қазақ дизайнері болмаған кез) текемет пен сырмақтың оюын тауып алып, ұлттық өрнек деп, киімге жапсыра берген ғой. Осы үрдіс дәстүрге айналып кетті… Бүгінгі ұлттық киімдерімізге қолданып жүрген айдақ-сайдақ, тым ірі, қошқар мүйіз, талғамсыз өрнектер — ойын оюмен өрнектеген қазақ халқының сырлы өнеріне, нәзік талғамына жасалған қиянат. Неше жыл бойы рухани жаңғырамыз деп әлемге жар салдық. Жаңғыру ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртудан басталатынын, әлемдік мәдениет кеңістігіне төл құндылықтары арқылы бойлап енген ұлт қана өзіндік сипатын сақтап қала алатынын ескермегенімізді мойындауымыз керек.
Ұлттық нақышта тігілген әдемі киімді қыз-келіншектеріміздің кигісі-ақ келеді. Өкінішке орай, өзімізде өндірілген бүгінгі тұрмысқа қолайлы ұлттық нақыштағы киімдер жоқтың қасы. Өйткені нағыз ұлттық киім шығармашылық ізденісті, еңбектенуді, рухани құндылықтарды жаңғыртуға деген жанашырлықты талап етеді. Ал ондай еңбекпен өндірілген сұраныстан тыс қалмайтыны анық. Кәсіпкерге тез тігіліп, тез сатылатын табыс көзі тиімді болғандықтан еріксіз қытай мен қырғыз тауарына көз сатады…
Кезінде Шымкентте «Восход» деп аталатын тігін фабрикасы болғанын аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Костюмдері денеге қонымды, сәнді ғана емес, бағасы да қарапайым халық үшін қолжетімді болатын. Бір таныстарымнан естіген мына әңгімені айта кеткен артық болмас. Шымкенттік шенеунік шет елде, уақыт тауып қымбат киім сататын дүкендердің біріне кіреді. Көп костюмдердің ішінен таңдап жүріп ең әдемісін сатып алмай ма… Елге келген соң шетелдік костюмін достарына көрсетіп мақтанады. Костюмнің іші-сыртын егжей-тегжейлі қарап шыққан бір досы «әй, мынау біздің «Восходтың» костюмдеріне ұқсайды» екен деген соң, жиналғандар жаппай астарындағы тігілген белгісіне үңіледі. Ағылшын әріптерімен «Восход» фабрикасы, Шымкент» деген сөзді оқыған олар достарының экспортқа шыққан шымкенттік костюм алып келгенін көріп таң қалған екен. Бүгін сәнді киінгенді қалайтын шымкенттіктер Сайрам ауданындағы «Golden Nomad» – «Алтын Адам» сауда белгісімен костюм тігетін фабриканың өнімін пайдаланады.
Бұл кәсіпорынның «Алтын адам» брендімен шығаратын ерлер костюмі талғампаз тұтынушылардың көңілінен шыққан отандық өнімдердің қатарында. Отандық нарықта сапалы киімімен енді таныла бастаған фабрикада жұмыс істейтін шеберлерді де шетелдіктер оқытқан екен. Тігін машиналары мейлінше автоматтандырылғандықтан сәнді киімдерді көп және сапалы етіп тігуге қолайлы жағдай жасалған. Алғашында фабрикада бір ауысымда 50 костюм тіксе, қазір он еседей артқан. Қоймада қалып қойып жатқан киім жоқ. Тігілген өнімінің барлығы сатылып кетеді. Бұл тұтынушының көңілінен шығатын сәнді киім дайындалып жатқандығының айғағы деп ойлаймыз. Шығарып жатқан өнімі сапалы болған соң, фабрикаға тұрғындардан тапсырыс көптеп түсетін көрінеді. «Алтын адам» соңғы жылдары ер балалар мен қыз балаларға арнап мектеп формасын тігуді қолға ала бастады. Өкінішке орай, шикізаттың өзімізде өндірілмеуі «Атын Адамның» да қадіріне нұсқан келтіріп тұрғандай.
Қазақстанда отандық тауар өндіруде жақсы жетістіктермен көзге түсіп жүргендердің бірі — Нұрсұлтан Мағзомов. Шет елде кәсіпкерлік сырларын меңгерген ол өз еліміздегі бүгінгі жағдайды байқап, отандық киім брендін шығаруға бел буған. Қазір оның Қазақстан бойынша 10 бутигі бар екен. Тіпті Ресейден де ашыпты. «Мәскеуден келген кезде импорттық костюмдердің қымбат екенін байқадық. Ал арзан бағадағы киім ұнамады. Содан соң осыны неге өзіміз тігіп алмаймыз деген ой келді. Басында он шақтысы ерлер костюмін тігіп байқап көреді. Қызыққандар, сұрай бастағандар көбейген соң, отандық киім шығаруға түбегейлі бет бұрдық», — дейді кәсіпкер.
Отандық бренд қалыптастыруға ниеттілердің қатары көбейіп келе жатқаны да үміт күттіреді. Соңғы кездері қазақстандықтардың көңілінен шығып жүрген «AIZHANI» брендін жасаушы — Айжани Нұрланова. Жас дизайнердің өзі: «Сапасыз костюм тіккім келмейді. Тауарым өтімді болу үшін итальяндық мата алдырамын. Ал костюмді өзіміздің тігіншілер тігеді. Сондай-ақ отандық бренд ретінде кейбір костюмдерді Ыстамбұлда тіктіртемін, Қазақстандағы жұмысы сапалы фабрикаларға да тапсырыс беремін. Жеке фабрикам жоқ. Құдай қаласа, оған жететін күн де алыс емес деп ойлаймын»,- дейді.
Біздің елімізде жеңіл өнеркәсіп неге кенжелеп қалды? Шикізаттың өзімізде өңделмеуі екенін егжей-тегжейлі айтып кеттік. Біздің ойымызша, бұл салаға тағы бір кедергі болып отырған мәселе — мемлекеттік деңгейде баса мән берілмей отыр. Жеңіл өнеркәсіпті қолға алғысы келген кәсіпкерлер маркетингті дұрыс жасамайды. Компаниялардың ішкі және сыртқы нарықтарда айқын жоспары жоқ. Әлемдік нарықтағы сала бойынша өзгерістерді ескермейді.
Қазір сонау жылдары атынан ат үркетін кәсіпорындар қатарында болған АХБК-ның өнімдері, «Большевичканың» жейделері, өзімізде дайындалған қолғаптар мен шұлықтар аңызға айналды. «Сол фабрикаларды сақтап қалуға болар еді…» деп өкініш білдіретіндер аз емес. Соңғы жылдары азын-аулақ отандық киім тігетін цехтар ашылып, олқылықтың орны біршама толғандай болды десек те, бұл әлі теңізге тамған тамшыдай ғана…
Ел экономикасын көтеруде жеңіл өнеркәсіптің ықпалы зор. Сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан халықтың жағдайын жақсарту үшін де бұл сала қажет. Нәзік жандылар арасындағы жұмыссыздықты жоюдың тиімді жолы да жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту екені сөзсіз.
Дәл бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Португалия, Түркия сияқты дамыған елдерде 12-20 пайызды құраса, Қытай, Үндістан, Түркия, көрші Қырғызстан мен Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіп тауарының экспорты ел экономикасын өркендетуге үлес қоса түсуде. Соңғы жылдары қырғыздардың ішкі өніміндегі жеңіл өнеркәсіп үлесі 30 пайыздан асқан екен. Ал Қазақстандағы қайта өңдеу саласындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі небәрі 1,2 пайызды құрап отыр. Бұл — кешегі кеңес дәуірінде жеңіл өнеркәсібі жарты әлемді аузына қаратқан Қазақстанның бүгінгі көрсеткіші.
Елімізде шикізаттық және қайта өңдеу индустриясын өркендету де уақыт көтермейтін мәселе. Бұл – мемлекет тұрақтылығының кепілі, экономиканың маңызды саласы.
Бір сәт үстеріңіздегі шетелдік киімдерді шешіп тастап, отандық өнімдерді ғана қалдырып көріңізші…
Тыр жалаңаш қаламыз ба деген үрей басым…