Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров Абай облысына жұмыс сапарымен келді. Вице-министр алдымен Бизнес және сервис колледжінде Семей қаласы тұрғындарымен кездесті. Осыдан соң БАҚ өкілдерімен жүздесіп, сауалдарына жауап берді. Вице-министр сондай-ақ «Ақ Ұлпа аналары» қоғамдық бірлестігінің жұмысымен танысып, Alikhan Bokeikhan университетінде жастармен кездесу өткізді.
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Семей таңы»
Семей қаласы тұрғындарымен кездесу барысында Данияр Қадыров бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, жекелеген мәселелер бойынша түсініктеме берді.
Вице-министр өңірлерде Мемлекет басшысы тапсырмаларының жүзеге асырылу барысын қадағалап, тұрғындардың мұқ-мұқтажын тыңдау үшін жергілікті халықпен кездесулер өткізу маңызды екенін атап өтті.
– Министрлікте отырып көп мәселені шешу мүмкін емес. Қазір министрліктердің өкілдері облыстарды аралап, халықпен кездесуде. Семейден бұрын Павлодар қаласында болдық,– деді Данияр Қадыров.
Кездесуде семейліктер үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақтарға қатысты мәселелерлі көтерді. Азаматтардың бірі кәсіподақтардың гранттық ұтыс байқауларына қатысу мәселесін қарастыруды сұрады.
— Заң бойынша кәсіподақтарға гранттық ұтыс ойындарына қатысуға рұқсат етілмейді. Кейбір бірлестіктердің заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бірақ, негізінен, бұл мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қадағалайды, – деген Данияр Қадыров тұрғындар көкейінде жүрген өзге де сауалдарға жауап берді.
Осыдан соң Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Бизнес және сервис колледжінің базасында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кейін жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, сауалдарына жауап берді.
– Сапарымның басты мақсаты – халықпен кездесу. Мемлекет басшысының тапсырмасымен түрлі басқармалардың бірінші басшылары өңірлерді аралап, жергілікті жердегі жағдаймен танысып, тұрғындардың көкейкесті сауалдарына жауап беруде. Саладағы жаңалықтар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып отырады, негізгі сұрақтарға жауаптарды министрліктердің сайттарынан да табуға болады. Сондықтан бұл кездесулер есеп беру үшін ұйымдастырылмайды. Жиналысқа бөлінген уақыттың 75 пайызы сұрақ-жауап түрінде өтуі керек,- деген Данияр Қадыров журналистерді толғандырған мәселелерді тыңдады.
Жергілікті журналистердің сауалдары, негізінен, қазіргі күні талқыланып жатқан «БАҚ туралы» заң аясында өрбіді.
Вице-министр заң жобасында көзделген жаңашылдықтардың бірі туралы айтып берді.
– Қазір заң жобасы талқыланып жатыр, кейін Мәжілісте қаралады. Журналистердің мәртебесін айқындау мен олардың жұмысын көрсету үшін баспасөз картасы берілетін болады. Бұл картаны иеленген журналистерге мемлекет тарапынан біршама жеңілдіктер беріледі. Баспасөз картасы журналиске айтарлықтай артықшылық бере алатынын айта кеткен жөн. «Журналиспін» деген сөз мақтанышпен айтылуы керек. Блогерлерге келетін болсақ, әзірге біз халықаралық, соның ішінде алыс шет елдердің тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Бірақ бұл да жоспарда бар,- деп атап өтті Данияр Қадыров.
Вице-министр журналист кадрларын даярлау мәселесінің маңыздылығына да тоқталып өтті.
– Қоғамда журналист мамандығы бұрынғыдан да жоғары құрметке ие болуы қажет. Сондықтан кадр даярлау мәселесі өте өзекті. Қазір Білім және ғылым министрлігімен бірлесе ауқымды жұмыс істеп жатырмыз, – деді вице-министр.
Данияр Қадыров «Жанұя» отбасын қолдау орталығында да болды. Орталық директоры Анар Сүлейменова осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстармен таныстырып, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу туралы айтып берді.
Орталықта балаларға барлық жағдай жасалған. Дене шынықтыру, емдік жаттығулармен қатар, балалармен психолог маман жұмыс істейді.
Анар Сүлейменова келушілерге ыңғайлы болу үшін орталықты басқа ғимаратқа көшіруді жоспарлап отырғандарын айтты.
Вице-министр осы бағыттағы жұмыстарға еріктілерді тарту туралы ұсынысын айтты.
— Жапониядағы бейімдеу орталықтарында әр бала үшін маман бекітілген. Олар үнемі баланың қасында бірге болып, қолдау көрсетіп отырады. Бұл бағытта еріктілерді тартуға болады деп ойлаймын. Қазір еріктілер институты елімізде жақсы дамып келеді,- деді Данияр Қадыров.
Жұмыс сапары барысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі жастармен де жүздесті.
– Жастар санатының шегі 35 жасқа дейін ұзарды, еліміздегі жастардың саны 6 миллион адамға жетті. Қазіргі күні жастарымызға не керек? Әрине, ең алдымен – жұмыс, баспана қажет. Мен 2000-жылдардың басынан бері жастармен жұмыс істеп келемін, сіздерді қандай мәселелер толғандыратынын білемін. Менің сіздерге берер кеңесім — ешқашан артқа шегінбеңіздер, тек алға ұмтылыңыздар, жаңа нәрселерді байқап көруден қашпаңыздар. Қазір заман мүлде басқа, бұл — мүмкіндіктер заманы және оларды пайдалану керек, — дей келе Данияр Қадыров волонтерлік қызметті дамытудың маңыздылығына да тоқталды.
— Волонтерлік жұмыс сіздерге үлкен мүмкіндіктер береді. Жоғары оқу орындарына түсу кезінде еріктілер белгілі бір артықшылықтарға ие болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда волонтерлік қызметті дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті,- деді вице-министр.
Жастармен кездесу жастар саясатын дамыту үшін өте маңызды.
– Әр өңірде жастармен кездесудемін. Жастар — еліміздің болашағы. Сіздер, білім алумен қоса, төл мәдениетімізді, тарихымызды, ұлттық кодымызды да ұмытпауларыңыз керек. Мұның бәрі біздің тарихымыз, біз оны жадымыздан шығармауға тиіспіз, – деді Данияр Қадыров.
Жалпы, кездесу бейресми жағдайда, еркін сұхбат түрінде өтіп, жастар вице-министрмен ашық әңгімелесті.