Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәжіліс депутатының “Өскемен маңындағы жерді толық иемденіп алған” деген сөзін жоққа шығарды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әкім депутаттың сөзі “мәдениетсіздік” деп отыр. Айтуынша оның басында бірде-бір шаршы метр жер жоқ.
“Бұл жала сөз. Мен ол кісіге ештеңе айта алмаймын. Себебі оның депутаттық мәртебесі бар. Бірақ оның сөзі мәдениетсіздік. Менің баспасөз қызметім және жер комитеті бұл мәселеге байланысты нақты жауап берген болатын”, — деді Даниал Ахметов.
Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс отырыстарының бірінде депутат Берік Дүйсембинов «Өскеменге барсаңыз, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, ал Павлодарға барсаңыз Бақауовтікі. Астананың маңайында Өмірзақ Шөкеевтікі. Оны айтуға бәрі қорқып отыр», — деген еді.