Semeytany.kz – Абай облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды тазалық акциялары ұйымдастырылды. Соның бірі – 27 маусым күні Шүлбі кенті мен Бесқарағай ауданының Шипалы көлі маңында өткен «Таза жағалау» шарасы.
Акцияның мақсаты – су айдындарының жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазарту және табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру. Іс-шараға жастар ұйымдары, еріктілер мен жергілікті тұрғындар белсене атсалысты. Қатысушыларға арнайы қолғап пен қаптар таратылып, қалдықтар сұрыпталып жиналды.
Тазалық жұмыстарымен қатар, экологиялық тақырыптағы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға табиғатты қорғауға бағытталған жадынамалар таратылды.
Жастар ресурстық орталығының маманы Ерсінбек Өрлеубек бұл акцияның маңызын атап өтті:
– Бұл – бір реттік шара емес. «Таза Қазақстан» бастамасы арқылы біз қоғамда экологиялық жауапкершілік пен сананы қалыптастыруды көздейміз. Табиғат – біздің өміріміздің бір бөлігі. Оған жанашырлықпен қарау – әр азаматтың міндеті, – деді ол.
Шүлбідегі шарамен қатар, Шипалы көл маңында да белсенділер тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны жақсартуға үлес қосты.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып келеді. Табиғатты аялау – тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, әр тұрғынның ортақ парызы.