Semeytany.kz – Бестерек ауылында болған жол апатынан жарақат алған қыз Үржар аудандық ауруханасында бақылауда болғаннан кейін санитарлық авиациямен Семейдегі Медициналық университет госпиталінің балалар бөліміне жеткізілді, деп хабарлады Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Басқарманың мәліметінше, бастапқы кезеңде баланы бірден облыс орталығына көшіруге медициналық тәуекелдер болған. Дәрігерлердің тұрақты бақылауы мен тексерулерінен соң науқастың жағдайы әуе тасымалына жарамды деп танылып, арнайы бригада сүйемелдеуімен Семейге жеткізілген. Қазір ол мамандардың бақылауында.
Еске салайық, оқиға 19 тамызда Абай облысының Бестерек ауылында тіркелді: 55 жастағы жүргізуші жолдан шамамен 10 метр қашықтықта тұрған балаларды қағып кеткен. Салдарынан екі бала оқиға орнында, тағы бірі ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Үшеуі түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді. Кейін қаза тапқан балалардың жасы 2 мен 7 жас аралығында, жарақат алғандардың жасы 6–9 аралығында екені нақтыланды.