Semeytany.kz — Қазақстан өңірлерінде күзгі жиын-терін қарқынды жүріп жатыр. Астық және дәнді-бұршақты дақылдардың биылғы болжамды егіс алқабы 16 млн гектардан асады. Бүгінге дейін соның 7,8 млн гектары немесе 48,3%-ы жиналып, 11,6 млн тонна астық бастырылды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, дәнді дақылдардан бөлек, шаруалар 293 мың тонна майлы дақыл жинады. Картоп өнімділігі гектарына 234 центнерді құрап, жалпы өнім 1,2 млн тоннаға жетті. Көкөніс бойынша орташа өнімділік гектарына 288,8 центнер: нәтижесінде 2,4 млн тоннадан астам өнім алынған.
Нақтырақ айтқанда, қырыққабаттан гектарына 357,4 центнер өнімділікпен 385 мың тоннадан астам, пияздан гектарына 422,7 центнер өнімділікпен 637 мың тонна, сәбізден гектарына 294,4 центнер өнімділікпен 187,2 мың тонна жиналды.
Ауыл шаруашылығы ведомствосы егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде, агротехникалық мерзімдерге сай жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жиын-теріннің негізгі бөлігі алдағы апталарда жалғасады.