Semeytany.kz – Жетісу облысындағы «Алажиде» әскери полигонында 23 қыркүйек күні мерзімді қызметтегі сарбаз оқу-жаттығу барысында оқ жарақатынан көз жұмды. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, жауынгерлік дайындық сабағы кезінде қаруды қолдану қағидаларының сақталмауы салдарынан сарбаз ауыр жарақат алып, қайтыс болған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Лауазымды тұлғалардың тарапынан немқұрайдылық немесе бақылаусыздық анықталса, кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылатыны атап өтілді.
Қорғаныс министрі бұл істі ерекше бақылауға алған. Қарулы күштер мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып, барлық қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.






