Semeytany.kz — Мақаншы аудандық ауруханасының дәрігерлері Алакөлге демалуға келген Италия азаматы Пьянца Паолонидің өмірін аман сақтап қалған оқиға қоғамда кең резонанс тудырды. Осыған байланысты облыс әкімі Берік Уәли аудан тұрғындарымен кездесуде ақ халаттыларға ризашылығын білдіріп, Алғыс хат тапсырды.
Кездесуде аймақ басшысы операцияға қатысқан дәрігерлер мен мейірбикелердің жоғары кәсіби біліктілігін атап өтіп: «Ауруханадан шыққаннан кейін шетелдік азамат медициналық ұжымға шынайы алғысын білдіріп, “Қазақстан менің екінші отаным” деп тебіренді. Дәрігерлердің бұл қызметі құрметке лайық. Еліміздің абыройын көтерген сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді.
Мақаншы аудандық ауруханасының мамандары шұғыл операция жасап, пациенттің жағдайын тұрақтандырған. Шетелдік азамат емханадан шыққан соң ұжымға алғысын жолдап, жергілікті медицина қызметкерлерінің жеделдігі мен кәсібилігін жоғары бағалады.
Қазіргі таңда аурухананың жұмысы қалыпты режимде, қажетті медициналық көмекті көрсету жалғасуда. Облыс әкімдігі медицина қызметкерлерін қолдау шараларын әрі қарай да күшейтетінін мәлімдеді.






