Semeytany.kz – Семей қаласында дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталып, аралас-командалық сында Абай облысының спортшылары топ жарып, чемпион атанды. 10–13 қараша аралығында өткен жарыста еліміздің барлық өңірлерінен келген 569 дзюдошы 14 салмақ дәрежесінде белдесті.
Жарыстың жалпы командалық есебінде Маңғыстау облысы 3 алтын, 1 күміспен бірінші орынға ие болды. Абай облысының спортшылары 2 алтын, 4 күміс, 3 қола медальмен екінші орынға тұрақтады. Үздік үштікті 2 алтын және 2 күміс жүлде еншілеген Атырау облысы түйіндеді.
Абай облысының құрамасы аралас-командалық кездесулерде Жамбыл, Жетісу, Қызылорда облыстары мен Астана қаласының командаларын қатарынан жеңіп, шешуші белдесулерде де мықтылығын көрсетіп, ел чемпионы атағын жеңіп алды.
Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері енді алдағы халықаралық турнирлерде ұлттық құрама сапында Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алады.







