Semeytany.kz – Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтай мүшесі Рауан Кенжеханұлымен кездесу өткізді.
Кездесуде ұйымның Абай облыстық филиалының жұмысын жандандыру, бірлескен жаңа жобаларды қолға алу, өңірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тетіктері жан-жақты талқыланды.
Рауан Кенжеханұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі бағыттары мен ағымдағы жобалары туралы айтып, қазақ тіліндегі заманауи контентті дамыту, қазақ тілінде жасанды интеллектінің дәл әрі сапалы жұмыс істеу мүмкіндіктерін күшейту жөнінде пікір білдірді. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің интернет кеңістігінде, әлемдік цифрлық платформаларда және Google жүйесінде кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету, білім саласын цифрландыру үдерісінде қазақ тілінің үлесін арттыру мәселелеріне тоқталды.
Аймақ басшысы Берік Уәли кездесуде айтылған ұсыныстар мен бастамалардың маңызды екенін атап өтіп, оларды аймақтағы тіл саясатын іске асыру барысында ескеретінін жеткізді.





