Белгілі фольклортанушы, шежіреші, жазушы Зейнолла Cәнік пен оның ұстазы, шежіреші, өлкетанушы Бейсенғали Садыханұлының «Қаракерей Қабанбай батыр. Аңыз, зерттеу, қиссалар» (Алматы: Жазушы, 1991. 58-б.) атты жасыл кітабы Қазақстанда тәуелсіздік таңымен жарыса жарық көргенде сарқылмас бұлаққа кезігіп, мол олжаға кенелгендей болдық. Өйткені бұған дейінгі әр жерде жарияланған үзік-үзік аңыз-әңгімелердің орнын енді толымды мағлұмат, толыққанды деректерге толы кітап басты. Күні бүгінге дейін Қаракерей Қабанбай туралы ондаған еңбек жазылып, жүздеген баяндама жасалса да, бүкіл қабанбайтанушылар ішінен Зейнолла Cәнік пен Камал Әбдірахманды бөле-жара атар едік. Өйткені Кәмекеңнің Талдықорған облысының басшыларына жолығып, 1991 жылы елде алғашқы болып, Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойын өткізу туралы ұсыныс айтқанын, тойды өткізуге бір кісідей атсалысқанын білеміз. Кейін Қабанбай бабамыздың кесенесінің салынуына ұйытқы әрі бас дерекшісі болды. Кесене шырақшысы бола жүріп, бас батыр туралы әрбір деректің шынайылығын тергеп-тексеріп, ақиқатына жетпей тынбайтын тынымсыз еңбегімен айрықша көзге түсті. Зерттеуінің нәтижесі ретінде 2001 жылы «Хан батыр – Қаракерей Қабанбай» атты кітап шығарды. Оны бірнеше рет толықтырып, қайта бастырды. Әлі де ізденісін жалғастырып, ауық-ауық мақала жариялап жүр.
Ал Зейнолла Cәнік еңбегінің ерекше екенінің бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Зекең – Қабанбай батырдың тікелей ұрпақтарының бірі. Сондықтан балалық шақтан бастап көнекөз қариялардың аузынан даңқты қолбасшының ерен ерліктері, өнегелі істері туралы талай-талай әңгімені, тарихи жыр-дастандарды естіп өсті. Ес біліп, есейе келе Қабанбай батыр туралы басқа да деректерді жинастыруы, осы айтылғандардың қайсысы ақиқат, қайсысы құр дабыра деп тергеп-тексеріп, ой жүгіртуі заңдылық. Міне, осы кезде Қытайда мәдениет төңкерісі басталып, Зекеңнің туыстарының бәрі Мақаншыда болған соң «Совет Одағының қағып кеткен шегесі», «шетелдің тыңшысы» деп айыпталып, қаладан ауылға жер аударылып, 7-8 жыл бойы азапты ғұмыр кешті. Ақыры ел арасына келген соң уақытты бос өткізбей, көнекөз қариялардың аузынан қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты ежелгі қисса-дастандарды жазып алумен, жазылғандарын жинастырумен шұғылданды. Кейін ақталып, баспадағы қызметіне қайтып оралғанда сол қолжазбаларды іріктеп-сұрыптап, жарыққа шығарды.
Екіншіден, бұған дейін тарих ғылымында қазақ халқы кітап, шежіре жазбаған, тек атадан балаға айтып отырып ауыздан ауызға тараған, халық жадында солай сақталған деген пікір үстем болып келді. Ал қазақ тарихшылары М.Х.Дулат, Қ.Жалайырдың, Ш.Уәлихановтың еңбектері отырықшы елдердің арасында өмір сүріп, солардың салтын ұстанған соң ғана жазылған деп түсіндірілді. Бұл пікірдің ұшқарылығын Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» кітабын оқыған адам айқын аңғарады. Ол қазақ арасында ұзақ жыл өмір сүргенін, найманның айтулы шежірешілерінің ауыл сыртындағы төбеге жиналып, бірі өткен тарихты баяндап, қалғандары соны тыңдай отырып, сәл қиыс кетсе, түзететінін, отырғандардың бәрі жан-жақтан пікір айтып, талқыға салатынын, әбден көптің талқысынан өткен шежірені ғана хат танитын біреуі қағазға түсіретінін тілге тиек еткен. Зекең, міне, сол Қ.Халиди айтқан көзі ашық, көкірегі ояу шежірешілермен сұхбаттасқан, тәлім алған ғалым еді. Кешегі алаш арыстарының көзін көрген ғалым Омар Хаймолдиннің сөзімен айтсақ, «хат танығанмен, қара танымайтын қаланың қаратаяқ ғалымы» емес, қазақы таным мен дәстүрлі ғылымды ұштастыра білген нағыз ғалым болатын. Атадан балаға ұласып, бір-біріне аманаттап тапсырып, жалғасып отырған шежіреші, өлкетанушы, тарихшылар тізбегінің соңғы тұяғы (Дәрiбай молда – Маусымбай шежiрешi – Бейсенғали Садықан – Зейнолла Сәнік тізбегі) әрі шежірешілер мектебінің заңды мұрагері.
Үшіншіден, Зейнолла Cәнік – ҚХР-дың астанасы Бейжіңнен оқып, ханзу тілін жақсы меңгергендіктен, Қытай мұрағаттарындағы қазақ тарихы туралы деректерге де қол жеткізе алатын еді. Төртіншіден, жәдитше мен қадымшаны білгендіктен, араб әліпбиімен жазылған көне қолжазбаларды да қиналмай, еркін оқи алған көрінеді. Бесіншіден, баспада редакторлық қызмет атқара жүріп, көне қолжазбалармен жұмыс істеу, іріктеп-сұрыптау машығын меңгерген. Осы артықшылықтарының арқасында Зейнолла Cәнік арғы беттегі өзіне дейінгі бүкіл шежірешілер мен тарихшылардың қолжазбасын жиыстырып, өңдеп-жөндеп, жетпей жатқан тұстарын өзі толықтырып, Қабанбай батырдың ерен ерлігін, соғыс стратегиялары мен тактикаларын сипаттайтын кітап шығарды. Бұған ұстазы, шежіреші, Бейсенғали Садыханұлының еңбегі де сіңгендіктен, кітап екеуінің атынан шықты.
Басқаны қайдам, өз басым Зекеңнің ұстазы Бейсенғали Садыханның еңбектерінде жазылғандай, бұрын-соңды қазақ шежірешілерінің өзінен кейін осылай шәкірт сайлап, бір-біріне аманаттап қолжазбалар қалдырғанын еш жерден естімеппін де, оқымаппын. Мәселен, Б.Садықан (1911-2001) өзіне Маусымбай ұстазының қолжазбаларды қалай тапсырғанын былай жазады:
«1931 жылғы қазанның 16-сы күні еді. Біз Шәуешек ауданының Сәнгүң деген жерінде отырғанбыз… Аяқ астынан біздің үйге әкемізге немерелес болып келетін Маусымбай шежiрешi келіп түсе қалды. Астында тыртысқан жарау көк аты бар. Әке-шешем құшақ жая қарсы алып, қошеметтеп түсіріп алды. Менің жиырма жастарға келіп қалған кезім болатын. «Ана қоржындағы алтынды ала кел», — деді. Қанжығадан шешіп қарасам, кітап екен, үйге ала кірдім…». Міне, осы алтын қазынаны Маусымбай шежiрешi Бейсенғали Садықанға аманаттай отырып, өлеңмен бар оқиғаны баяндап, былайша өсиет айтады (өлең көп ықшамдалды):
…Жинаған алтындай қып асыл сөзім,
Шашылып әр орында төгілмесін…
Осы оймен алып келдім жиып-теріп,
Анықтап кетейін деп қолдан беріп…
Бар-жоғы қолымдағы осы ғана,
Амал не, сақтай алмай алдым төгіп.
Зерттеген көп ғалымның еңбегі еді,
Еш адам өндіре алмас жерден егіп…
Бұл тарих қалып еді Дәрібайдан,
Табылар ондай сөздің мәні қайдан?!
Тарихын он алты ұлттың баян қылып,
Таратып беруші еді арғы жайдан.
Ал ендеше! «Тарихын он алты ұлттың баян қылып» деуіне қарағанда Дәрібай молдадан қалған тарих тек қазақтікі емес, қазақтың айналасындағы басқа да ұлттардың өткен өмірін тілге тиек еткен болды ғой! Ол кездегі тарихшылардың көбі бір халықтың тарихымен ғана шұғылданбаған. Мәселен, жоғарыда есімі аталған Қ.Халид — өздігінен ұзақ ізденіп, Ферғана, Алты шаһар (Қашғар), Шын мен Қытай, моңғол-татар, моңғол-қалмақ, қырғыз, төрелер тарихын жазған ғалым. Ендеше, Дәрібайдан қалған, арғы жағы Кәрібай ақын мен Ақтайлақ биге ұласатын тарихтың төл тарихпен шектелмейтініне таң қалудың қажеті шамалы.
Маусымбай шежiрешiнің руы – Қаракерейден тарайтын Мұрын. Ол өзінің шәкірті әрі немере ағасының баласы Бейсенғали Садыханға Найманның ішіндегі Төлекатай шежіресін тапсырып тұрып, былай депті:
Бұл тарих маған қалды Ақтайлақтан,
Етеді ұғып, білсе, жастар мақтан.
Бес Байыстың төртеуін жазды Ақтайлақ,
Келелі өлең қылса, бір-бір дастан.
Бері қарай Сары мырзадан мен құрадым,
Анықтап қал келгенше тұс-тұс жақтан.
Әкелдім бір үмітпен, балам, саған.
Бар-жоғым қолымдағы осы тапқан.
Осы тұста «Төлекатай шежіресін жазған Ақтайлақ кім?» деген заңды сұрақ туады. Ақтайлақ – қазақтың XVIII – XIX ғасырларда өмір сүрген атақты биі, соңында хаты қалған ақыны, шежірешісі. Қазақ шежіресінде Байыс бабамыздың Ташкентте билік жүргізгені, билік одан баласы Сыбанқұлға, одан Жанкөбек Сыбанқұлұлына, одан оның баласы Нар дауысты Нарынбайға (Ташкентті билеген), одан оның баласы Қу дауысты Құттыбайға (Бейжіңге елшілікке барған), одан Байқара би Құттыбайұлына (1716-1791 жылдар), одан Сары Арқаға барлық қожаларды әкелуші Сыбан Ақтайлақ би Байқараұлына (1742-1838 жылдар) ауысқаны айтылады. Төлекатайдан Ақтайлақ биге дейін санасақ, 11-ұрпаққа дейін билік үзілмеген қаракөктің тұқымы болып шығады.
1991 жылы Алматыдан әдебиетші ғалым Серікқазы Қорабайдың алғысөз, түсініктемесімен, Ақтайлақ бидің шежіресі оның өлеңдері, нақыл сөздерімен бірге жеке кітап болып басылып шыққан. Төлекатайдың төрт ұлының бірі – қара ормандай Қаракерей. Одан Мейрам, Мейрамнан Байторы, Байторыдан Байыс туады. Ақтайлақ бидің таратуынша, Бес Байыс дегендер мыналар: Ақметқұл (Ақымбет), Сыбанқұл (екеуінің анасы бір), Мәмбетқұл, Сары мырза (Мұрын), Бәйжігіт. Бес Байыстың төртеуін Ақтайлақ би жазыпты да, бесінші Сары мырзаны (Мұрынды) Маусымбай таратыпты. Бұлардың бәрі 1823 жылға дейін бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана іргесін мекендеген.
Маусымбай шежiрешi бұдан әрмен өзін кәрілік жеңіп, сырқаты меңдегенін, көру қабілетінің төмендегенін, сөзден де жаңыла бастағанын термелей келе былай дейді:
Тайлақтан жалғасы боп маған қалды,
Бес Байыс екеумізбен тамамдалды…
Құраған бұл тарихты бір мен емес,
Беремін өсиетпен саған кеңес,
Әр түрлі ел ішінде сөз таралып,
Болғанбыз талай-талай қызыл өңеш…
Ойпырмай, осы өлең жолдары манағы Құрбанғали Халидтің кітабындағы сөздермен қалай үндес? Ол да «Тауарих хамсада» найманның айтулы шежірешілерінің ауыл сыртындағы төбеге жиналып, бірі өткен тарихты баяндап, қалғандары соны тыңдап, талқыға салатынын, әбден ел талқысынан өткен шежірені ғана қағазға түсіретінін тәтпіштеп жазбай ма? Мен сол «жиналған мәліметтердің қаймағын қалқып алып, осы кітапты жаздым» демей ме Қ.Халид. Маусымбай да «Құраған бұл тарихты бір мен емес, Әр түрлі ел ішінде сөз таралып, Болғанбыз талай-талай қызыл өңеш» деп отыр ғой! Бұған қоса Қ.Халид найман арасында жиырма жылдан астам уақыт тұрып, қазақтың көнекөз қарияларымен, айтулы шежірешілерімен мәжілістес, пікірлес болдым деген еді. Сол айтулы шежірешілерінің бірі осы Дәрібай молда немесе Маусымбай шежiрешi (1847-1933) емес екеніне кім кепіл?! 1843-1913 жылдар арасында өмір сүрген, Аягөз қаласында туған, Бақты (қазіргі Абай облысы Мақаншы ауданына қарасты ауыл) мен Шәуешекте тұрған Құрбанғали Халидтің 1847 жылы туып, шамамен 1932-33 жылдары қайтыс болған Маусымбай шежiрешiні көрмеуі, мәжілістес болмауы мүмкін бе? Сонау Қарағанды, Қарқаралы өңіріндегі көнекөз қариялардан хат арқылы шежiре алдырған Құрбанғали ақсақалдың өзі тұрған Мақаншы не көрші Ақсуаттан бастап Жармаға дейінгі жерді жайлап отырған мұрын руының өкілі, іргедегі Маусымбай шежiрешiмен пікірлеспеуі қисынға сыя ма!?
Жә, сонымен Зейнолла Сәнік қабанбайтануға тағы қандай үлес қосты? Тәуелсіздік жылдары қаһарман қолбасшының мағлұматтары Қазақстан мен көршілес елдердің архивтеріндегі деректермен толықты. Алайда осынау ірі тарихи тұлғаның өмірбаяны, қайда туып, қайда қайтыс болғаны, қайда жерленгені туралы да әлі таласты пікірлер бар. Тіпті Астанадан 34 шақырым төбешіктегі Қабанбайдың Ақмоласына жерленгені қыруар дерекпен жан-жақты дәлелденсе де, осыған күмәнданатындар бар екен. Біреу-екеу ғана емес, қырық айғақты алға тартсаң да, қасарыса қарсы шығатын қыңыр мінез бе, әлде жоқ жерден дау туғызуға әуестік пе, ол арасын ажырата алмадық. Бас қолбасшының осы жерге жерленгенін дәлелдейтін мол деректің бірнешеуін Зейнолла Сәнік 2004 жылдың соңында «Қазақ тарихы» журналының тiлшiсiне берген «Ұлттың төрт тағаны түгел болсын» деген сұхбатында және “Арқадағы ақырғы түсел және Ақымбет Үсенбай би” мақаласында ұсынған болатын.
Мұнда автор ұстазы Б.Садыханұлының жоғарыдағы мақаласында айтылған мәселелерді одан ары індетіп, жіліктей таратады. Яғни мақаланың атынан-ақ байқалып тұрғандай, 1823 жылы қазіргі Қабанбайдың Ақмоласында отырған Ақымбет Үсенбай бидің ауылында өткен Бес Байыс елінің (Байжігіт- Мәмбет – Қожақұл да соның ішінде) ақырғы түселін (сиезін) егжей-тегжейлі сипаттайды. Ал осы түселдің 1823 жылы қазіргі Астана маңында өткенін Қазақ Аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі, ғалым Ғалия Алпысбаева Ресей деректерімен айғақтап, бекіте түседі. Қаракерейдегі Бес Байыс елінің Қытайға қашан және қалай көшкенін Зекең көптеген дереккөздерге сүйене отырып, нақтылайды. Кейін осыны Камал Әбдірахман басқа да ондаған деректермен бұлтартпастай етіп шегелеп, шегендеп тастады. Бұдан артық не керектігін ұға алмадық.
Сөз соңында Қабанбай батырдың азан шақырып қойған аты Ерасыл емес, Ізбасар деген пікір туралы бірер сөз. Бұл жорамалды айтқан марқұм Мұқтар Мағауин екен. Оны Фейсбукте қайта қоздатушыларға Камал Әбдірахман жетеліге жетердей етіп жауап берді. Кәмекең қазақтың ұлттық рухын көтеруге орасан зор үлес қосқан Мұқтар ағамыз қанша мықты жазушы әрі ғалым болғанымен, қабанбайтанушы емес, яғни бұл мәселемен арнайы айналыспаған, сондықтан жаңылуға құқылы, оған ешкім ренжімейді, өйткені табан тірер айғағы – «Қ.Халидтің «Тауарих хамсасының» әбден тозығы жеткен парағын Қытайдағы бір зерттеуші қате оқыған» деген болжамы солқылдақ деген еді. Мұқаңның бұл пікірін кезінде Қабдеш Жұмәділов те қолдамапты. Әлгі кітапты қате оқыды деп Мұқаң меңзеген, бірақ есім-сойын атамаған Б.Садықанұлы да, З.Сәнік те, қарсы пікір айтушы Қ.Жұмәділов те болжам айтушыдан араб әліпбиін артық білмесе, кем білмейді депті. Оның үстіне Қабанбай батыр қайтыс болған 1770 жылдан кейін бас қолбасшының жылдық асында, дәлірегі 1771 жылы шығарылған хисса-дастандарда, яғни Қ.Халид дүниеге келерден 72 жыл бұрынғы шығармаларда Қабанбай батырдың азан шақырып қойған аты Ерасыл деп көрсетілген депті. К.Әбдірахманның жазбасына пікір қосқан Қабанбайдың тікелей ұрпақтары атамыз туралы хисса-дастандарды ертеден тыңдап өстік, оларда баяғыдан Ерасыл деп жырланады дейді. Жөн сөз. Біз де осы пікірді қостаймыз. Оған да қанағаттанбағандар табылса, Қабанбай батыр туралы бүкіл хисса-дастандарды қолжазба қорындағы түпнұсқасынан оқып салыстырсын демекпіз. Әрине, оған білім, білігі жетсе. Тағы біреулер сол үш жүз пәленше жылдан бері Ерасыл аты неге қайта қойылмаған депті. Біздіңше, қойылған да шығар, бірақ ол адамы атаққа шықпаған соң ұмытылады да. Оның үстіне азан шақырып қойған есімі Ерасыл болғанмен, тарихта Қабанбай болып қалды ғой. Сондықтан Қабанбай деген есім көбірек қойылуы мүмкін. Абылайдың азан шақырып қойған есімі Әбілмансұр емес пе!? Одан кейін дүниеге келіп, тарихта қалған қай Әбілмансұрды білетін едіңіз? Солай, адамның бір есімі «Ұмытшақ». Ұмытылып, халық жадынан өшіп қалған қазынамыз қаншама. Тағы біреулер «қазақ сын есімнен ат қоймаған, Ерасыл деген тым-тым заманауи ат» депті. Онда ежелгі жыр-дастандардағы Ер Көкше, Ер Сары, Тоқсары, Сары (мырза), Қоңыр деген есімдерді қайда қоямыз? Қысқасы, қабанбайтануға бүкіл ғұмырын арнаған З.Сәнік пен К.Әбдірахманның бұлтартпас айғақтарын мұқият әрі қайыра оқиық та, бүйректен сирақ шығара бермей, қыруар дерекпен жан-жақты дәлелденген тарихи шындыққа тоқтайық!
Әбділдабек САЛЫҚБАЙ,
жазушы, зерттеуші






