Semeytany.kz – Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар өтініш-ұсыныстарын қарады.
Жеке қабылдау барысында азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау тетіктері, арендалық үйлерді жекешелендіру тәртібін өзгерту сияқты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ аудан орталығында тұрақты ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу, құрылысы тоқтап тұрған ет комбинатының жұмысын қайта жандандыру жөнінде де ұсыныстар айтылды.
Берік Уәли көтерілген мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, аудан әкіміне және тиісті басқармаларға әрбір өтініш бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Аймақ басшысы тұрғындармен ашық диалогты жалғастырудың, жергілікті жерде шешімін табатын мәселелерді созбалаңға салмай қараудың маңызды екенін айтты.
Облыс әкімінің жеке қабылдауына дейін жауапты басқарма басшылары да Аягөз ауданының тұрғындарын қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді. Осылайша, аудан жұртшылығы өздерін толғандырған мәселелерді сала мамандарына тікелей жеткізуге мүмкіндік алды.





