{jcomments on}Үміткерлерді қолдау — әр азаматтың парызы. Бесқарағай ауданында ҚР президенттігінен үміткер Н.Ә.Назарбаевты қолдайтын аудандық қоғамдық штаб құрылды. Ауданда қоғамдық штабтың құрылғанын аудандық әкімдікте өткен жиналыста аудан әкімі Н.Сыдықов мәлімдеді. Аудандық қоғамдық штабтың төрағасы болып белсенді әрі беделді азамат «Мукинов» шаруа қожалығының басшысы Қ.Мукинов тағайындалды. Сол сияқты штаб төрағасының орынбасарлары, қаржы бөліміне, материалды-техникалық жағдайға, ұйымдастыру шараларына, сенімді тұлғалармен жұмысқа, орталық, қалалық, аудандық штабтармен байланысқа, қауіпсіздік шараларына, заңгер, ақпараттық-талдау ісіне, қоғамдық қабылдауға, БАҚ ісіне жауапты адамдар тағайындалып, осы күннен бастап бұл топ өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруға дайын екендіктерін бір-ауыздан жеткізді. Аталмыш аудандық қоғамдық штаб «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының ғимаратында орналастырылды.
Штабтың негізгі мақсаты — президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сайлау науқанында қолдау көрсету, оның сайлауалды бағдарламасын түсіндіруге арналған насихат шараларын өткізу. Аудандық штабтың жұмысы сондай-ақ үміткерді қолдаумен айналысатын өзге де штабтармен жұмысты үйлестіру болмақ.
Әсел ҚАСЫМҒОЖИНА,
«Семей таңы»