"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

Әулет

09.12.2025
Әулет
4
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

2019 жылы жазылып, Шығыс Қазақстан облыстық “Дидар” газетінде жарық көрген бұл мақала қаламдас қауымның, көпшілік оқырманның жылы ілтипатына бөленгені есімізде. Халқымыздың мың жылдық мәдениетіндегі көзден көлегейленіп, тарихи-этнографиялық құндылықтары мен қазақ қоғамының ұмытыла бастаған салттары хақында ой толғаған мақалада қызықты тұжырымдар да айтылған. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әулеттік иниституттың мәні мен маңызына да тоқталады. Бұл бүгінгі қоғам үшін де өзекті мәселе деп білеміз.

Мақала өңіріміздің қадірлі ақсақалы, осы мақаланың кейіпкері Уәли Құрман-ғалиұлының дүниеден озғанына жыл толуына орай, алты жылдан соң сәл толықтырылып, қайта жарияланып отыр.

 

Әулет – дәстүрлі қазақ қоғамының құрылымында ерекше маңызға ие институт. Бұл тектік әлеует пен ұрпақ жалғастығын жүйелі дамытудың ұлттық моделі. Соның айғағындай боп қазақта «Қасқа айғырдың құлыны тым құрыса, төбел туады» деген пәлсапалық категория қалыптасыпты.

 

Сонымен қатар бұл — тек туыстық байланыстар жүйесі ғана емес, дәстүрлі қоғамның әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени архитектурасын қалыптастыратын негізгі тұғыр, басты іргетастың бірі. Қазақ қоғамындағы тәртіпті, әрбір қоғам мүшесінің өзіне тән міндеті мен жауапкершілігін осы иниститут ғасырлар бойы реттеп келді. Соның айғағындай боп қазақта «Қасқа айғырдың құлыны, тым құрыса, төбел туады» деген пәлсапалық категория қалыптасыпты.

Халық ақындарының:

Жақсыдан жаман туса да,

Жаманнан жақсы туса да,

Тартпай қоймас негізге, –

деп толғайтыны сондықтан болса керек. Қазақ әлеуметінің түпсанасында бұл дәстүрлі танымдық жүйе әлі жұмыс істеп тұр. «Атасының баласы» немесе «атасына тартқан» бала — біздің түсінігімізде құрметті оятатын дүниелер. Себебі қазақ отбасында ата мен әже – тек қарт буын емес, тәрбие жүйесінің ең биік инстанциясы. Қазақтың отбасылық мәдениетінің, әлеуметтік тұрақтылығының негізгі тірегі екенін халқымыздың мың жылдық жүріп өткен жолы, даму бағдары айқындап берген болатын. Іргесі бұзылмаған ұлттық құндылықтар салтанат құрған дәуірде қариялар тек жасы үлкен адамдар ғана емес, моральдық норманы сақтап, әулеттік шешім қабылдаушылар еді. «Қария сөзі» қазақ баласы үшін даналықтың бұлағы, жақсылықтың бастауы болатын.

Бала күнім ғана емес, қазірдің өзінде көзі қарақты ел ақсақалдарының аузынан «атасына тартқан» деген сөзді естігенде кеудемде мақтаныш тұтанады.  Атам Құрманғали саятшы адам болған деседі. Артына нөкер ертіп, қолына құс қондырып, салтанатты ғұмыр кешкен. Мұндай тірлік кешкен адамның тұрмысы бақуатты болғаны өздігінен түсінікті. Саятшылық халқымыздың мың жылдық мәдени тәжірибесінен туған ерекше өнер ғана емес, ол табиғатпен үндесу, еркіндік, асқақ рух пен қоршаған ортаның өзіне айналу дағдысы болып қалыптасқан. Бүркіт, сұңқар, қаршыға, лашын, тұйғын баулу сырттай қарағанда аңшылық кәсібі болып көрінеді. Қазақ танымына тереңдеп бойлай бастасаңыз, бұл ежелгі өнердің тіпті де терең танымдық астары барын байқайсыз. Бұл — философиялық мәні бар мәдени-антропологиялық мектеп. Академик Әлкей Марғұлан осы бекзат өнер хақында «Саятшылдықтың әсіресе қазақ халқының тарихында, мәдени дамуында маңызы зор болғаны белгілі. Қазақ тілінде осы саятшылдыққа байланысты туған мың жарымдай сөз бар, олар қазір де небір тарихи жазбаларда, көркем әдебиетте кеңінен қолданылады. Саятшылдықты халық ежелден өнердің бір түрі деп бағалаған. Оны пайда табу немесе күнкөріс көзі санамаған. Саятшылық өнер арқылы халық табиғатпен қоян-қолтық араласып, оған жақындығын сезінетін, енді осы сезім сейілсе, бір кезде дамып, қанат жайған халық мәдениетінің де бір бөлшегі ұмытылғаны емес пе» деген қорғасындай ауыр сұрақ қояды. Демек, атам Құрманғали бүгінде сиреп кеткен болмысы бөлек ұлттық мәдениеттің бірегей сақтаушысы, мәдени дәстүрді жалғаушы еді. Оны, әрине, ес біліп, етек жапқан азамат жасымызда ұғындық.

Абыз жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Ұзын Құрманғали бетті, беделді азамат еді. Мына Беріктің түр-тұлғасы сол атасына аумай тартқан» дегенін талай естігенім бар. Әркім өзімен теңдес адамдармен тамыр болып, андаласатыны — қазақта ежелден бар дәстүр. Бастауын көне түркі заманынан, тіпті одан да ескі дәуірлерден алатын бұл көне қоғамдық категория гендік туыстыққа емес, этикалық антқа, адал келісімге, бауырластық сертке негізделеді. Алайда ол қандық туыстықтан жоғары тұрады. Анданың қазақ түсінігінде салмағы ерекше. Бұл қатынас ру, тайпа, тіпті әлеуметтік статустан да жоғары тұрады. Қажет болса, ру бір жақта, андалар бір жақта болған. Бізге аңыз болып жеткен мұндай мысалдар өте көп. Тіпті дәстүрлі қазақ қоғамында балаға бәсіре темірден бәсіре тайға дейін енші бөлгенде қостан дайындап, бір данасын баланың андасы үшін сақтаған.

Осының өзі-ақ анда ұғымының қандай ардақты болғанын ұқтырса керек. Қазақтың белгілі қабырғалы ақыны Несіпбек Айтұлының атасы Айт ақсақалмен менің атам Құрманғали андаласып, андалықтың серті ретінде бір-біріне бүркіт сыйлаған. Атамның қасқыр алатын үйдей қара бүркіті туралы хикая бала кезімнен құлағыма сіңген. Сол үйдей қара бүркіт достықтың куәсі екенін кейін білдім. Себебі анда – әр ердің ар-намыс кодексінің бір бөлігі. Баба қазақта анда сыйлаған сыйлық — тәңірі берген мәртебе.

Күллі табиғаттың тілін біліп, аспанның серісі – қыранды қолына қондырған біздің халық адалдық пен ант түсінігіне де ерекше жауапкершілікпен және құрметпен қарағаны байқалады. Атамыз Құрманғали ақсақалдың өзімен жолдас болған бүркітімен арасындағы қимас хикаялар көп. Үй алдында тұғырда отырған томағалы бүркітке әлдебір қонақтың қасқыр алатын төбеті таңға жуық абайсызда шапса керек. Бүркіт оны бүріп өлтірген. Бірақ арпалыс кезінде ит топшысын шайнап жіберіпті. Енді аң алуға жарамайтын серігімен атам Құрманғали қимай қоштасыпты. Тарбағатайдың бір биік шыңына апарып, бір бағланды сойып алдына қойып, аяқбау, томағасын алып, еркіндікке жіберді. Саятшылықтың талай қызығын көрсеткен сол қыранымен қоштасуы атамыздың бүкіл қызығымен қоштасуындай болып, жанына батқанын атамыздың жанына ерген інісі Шайхсіләм ақсақал жырдай қылып айтып, сағынып отырушы еді.

Бүгінде екеуі де жоқ. Шайхсіләм ақсақал жыл басында ғана мәңгіліктің сапарына аттанды. Қазыналы қарттарымыз күн санап азайып барады.

Қазақтың ант ұғымын ерекше қастер тұтқанының бір белгісі — Құдаймен анттасу. Бұл – сирек болатын, ерекше құбылыс. Себебі құдаймен анттасу рухани жауапкершіліктің ең сакралды категориясы. Бұл — жай уәде емес, әлемдік тәртіп алдында өзін міндеттейтін киелі рухани келісім. Баласыз адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып, Жаратқаннан тілейтін немесе мойнына кісесін салып жалбарынатын тылсым рәсім қазақ арасында әлі бар. Шыңғыс қағанмен он сегіз жыл соғыстан жеңілген найманды қырғыннан аман алып қалу үшін Кетбұға бидің «Қарала белдік мойнымда, сауға, Шыңғыс, сауға» деп тартқан күйін Таласбек аға Әсемқұлов бізге жеткізді. Қазақтың күй қазынасына әкеліп қосты. Біздің әулетте сондай ерекше оқиғаның болғанын ауыл ақсақалдарының аңызынан талай естідім. Құрманғали атам жалғыз қызы Күләннан кейін ұзақ уақыт бала сүймепті. Әжеміздің бойына біткен баланың бәрі шетіней берсе керек. Сосын  атам мойнына кісесін салып Құдайдан ұл тілеп, қазақтың ежелден келе жатқан ескі дәстүрін жасаған көрінеді. «Шыр еткен сәбидің маңдайынан иіскеген соң жанымды тарт» деп тілепті. Құдай тілегін қабыл етті. Әкем Уәли қырқынан шыққаннан кейін, атам ауырмай-сырқамай өмірден озыпты. Қазақтың осы тылсыммен жалғасқан ғажайып дәстүрі жайында Қабдеш аға үнемі айтып отырады. Атамыз мойнына кісесін салып тілеп алған сол тағдырлы баладан бүгінде біз өрбіп отырмыз.

Адамның балалық шағы өмірдің ең аяулы кезеңі ғой. Балалық шағың қазақтың ескі ауылында өтсе, бұл тіпті де сәруар сағынышқа айналары хақ. Менің бал күнім шығыстағы Ақсуаттың Ойшілік деген ертегідей шағын ауылында өтті. Әке-шешеміз — қарапайым адамдар. Еңбектің, нысаптың және тәубенің қадірін тым жақсы түсінген, бастарынан ыстық-суық көп өткен жандар. Шешеміз біз оқитын мектептің қоңырауын соғатын және тазалық жұмыстарымен айналысатын. Біз де сабақтан қолымыз босаған әредікте анамызға қолғабыс жасайтынбыз.  Бұл ешқашан да бізге намыс саналған емес. Біз анамыздың сол жұмысын отанға үлес қосу деп қабылдадық. Ал анамыз өз жұмысын жақсы көретін. Бүгінде мектеп жасындағы балалардың, тіпті көптеген адамдардың сондай қарапайым еңбек адамына деген көзқарасын көріп, қынжыламыз. Бұл біздің жас ұрпақтың еңбекке деген көзқарасын дұрыс қалыптастыра алмағанымызды, арысын айтсақ, дұрыс тәрбие бере алмағанымызды білдірсе керек.

Әкем мен анамның отасқандарына қырық жылдан асты. Әкем де еңбекқор кісі. Бізді бала кезімізден еңбекке баулыды. Егін суартып, кірпіш құйдырды, мал бақтырды. Жанына алып жүріп, өмірге үйретті. Қазақта «Қасқыр күшігін қарпып сүйеді» дейтін асқақ мақал бар. Әкемнің қаталдығының арғы жағына жасырынған бізге деген махаббатын ойласам, осы мақал есіме орала береді. Әкеміз жыл сайын қыркүйек айында жалақысының сексен пайызына газет-журналға жазылатын. Пошташы Бейсен ағамыз «Мәскеуден шығатын «Новая время» журналын осы ауданда тек сенің әкең ғана жаздырып алады» деп күлетін. Тек ол ғана емес, күллі Совет Одағындағы белгілі басылымдардың бәріне жазылатын («Известия», «Правда», «За рубежом», «Советский спорт»). Алматыдан жарық көретін мерзімді басылымдарды түгел жаздырып алып оқитын. Облыстық және аудандық газеттер екібастан. Біз бала күнімізден осы басылымдарды оқып өстік.

Анам — мейірімді жан. Бармағынан өнер тамған шебер. Анамның жүн түтіп, оны ұршықпен иіріп, түрлі түсті қылып бояп тоқып беретін қолғаптары, мойынорағыштары мен кеудешелерінің жылуы әлі жүрегімде. Анам сол әдемі қолөнеріне өзінің ыстық ықыласы мен толқыған мейірін қоса тоқитын еді. Бүгінде үлкен азамат болсақ та,  анамның әжім басқан жүзіне,  маңдайына уақыттың салған аяусыз іздеріне қарап отырып, сол риясыз аяулы кездерді сағынамын. Сондықтан да анамның сол кездегі ұршығы,  тоқыма таяқшалары мен бізін әлі күнге әулетіміздің қымбат естелігі ретінде сақтаймыз.

Анам мен әкем бүгінде бауырынан өрген бес құлыншағының ғана емес, тұтас әулеттің қазыналы қартына айналды. Немере сүйіп, жиендерін қызықтап, үбірлі-шүбірлі үлкен әулеттің басқалқасы болып отыр. Халқымыздың «Қазыналы қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген сөзі осындайда айтылса керек. Анда-санда әулетіміз бас қосып, арқа-жарқа болғанда мұнар арасындағы өткен дәурен,  аяулы адамдар туралы қызықты естеліктер айтылып, біздің сарайымызды ашып, санамызды жаңғыртатыны бар. Мен ондай сәттерді ештеңеге айырбастай алмаймын. Біздің тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық кодты жаңғырту дегеніміздің бір бастауы осы қазыналы қарияларда жатыр. Әмәнда, ауыл мен ата-әжеден балаларымыздың кіндігін үзбегеніміз абзал.

Ауыл — бәріміздің де алтын бесігіміз. Мен көктей шолып өткен жоғарыдағы шағын естеліктің, санамызда сәулесі ойнаған қызықты кездердің бәрі де сол ертегідей ауылда өтті. Бүгінде азамат болған біздер ауылымызға кішкентай болса да көңілімізді білдіріп, перзенттік парызымызды өтегіміз келеді. Бұл – ауылдан шыққан барлық баланың асыл арманы. Біз де ел десе жүрегі елжірейтін бірнеше азаматтың ықыласымен туған ауылымыздағы өзіміз оқыған мектепке кішкене ғана сый жасадық. Ауыл мектебінің үш сыныбын заманауи үлгідегі құралдармен жабдықтадық.

Өзімнің балалық дәуренім мен өскен ортамды бүгінгі қырықтан асқан жігіттің көзімен шолған сайын қазақтың тәрбие институттарының, отбасылық дәстүрінің өте ізгі және озық болғанын ойлап,  таңданысым арта түседі. Әулет дәстүрі, әже институты, нағашылық дәстүр, ағалық институт және осының ең биігінде тұрған ақсақалдық институт бізді мыңжылдықтардың дауылы мен жауынынан аман алып өткеніне еріксіз иланасыз. Қазақ өмірінің жазусыз заңдарына айналған «ағайынның азары болса да, безері болмайды»,  «ағаңмен араз болсаң  да, арыңмен араз болма» немесе «көптен кеткен көмусіз қалар» деген қорғасындай ауыр кодекстердің бәрі осы әулеттік институттың шеберханасынан суарылып шыққан болаттай өткір сөздер екенін кештеу болса да білген сияқтымыз.

Әулет аман болса, ел аман. Әр әулет – жұрттың бір-бір уығы. Уығы мықты елдің ғұмыры да ұзақ болмақ. Сондықтан ежелден қалыптасқан әулет институтын дамыта түскеніміз абзал. Қазақтың ізгі дәстүрлері мемлекеттің негізгі ұстын-тірегі болса, біз «күн сөнгенше сөнбесіміз» анық.

Ұқсас жаңалықтар

Абай облысы мәслихатының ХХХІІ сессиясы өтті

09.12.2025
Абай облысы мәслихатының ХХХІІ сессиясы өтті

Абай облысы мәслихатының кезекті отыз екінші сессиясы өтті. Отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, облыстық...

Толығырақ...Details

Жаңасемей ауданында 19 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді

09.12.2025
Жаңасемей ауданында 19 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жаңасемей ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде аудан аумағындағы 32 елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған...

Толығырақ...Details

Абай облысында биыл орманды қорғауға жаңа буындағы тікұшақтар тартылды

08.12.2025
Абай облысында биыл орманды қорғауға жаңа буындағы тікұшақтар тартылды

Абай облысында биылғы өрт қауіпті маусымының қорытындылары шығарылып, табиғи өрттердің саны артқаны атап өтілді. Өрттердің басым бөлігі найзағайдың әсерінен орын...

Толығырақ...Details

Депутат әскерге бармаған жастарды дрон операторы ретінде оқытуды ұсынды

08.12.2025
Депутат әскерге бармаған жастарды дрон операторы ретінде оқытуды ұсынды

Semeytany.kz – Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев әскерге шақырылуға жарамды жастардың жартысынан азы ғана қызметке алынатынын айтып, әскери борышын өтемегендерді дрон...

Толығырақ...Details

Дмитриевка ауылында өрт сөндіру пункті ашылып, ауылдар қауіпсіздігі күшейді

08.12.2025
Дмитриевка ауылында өрт сөндіру пункті ашылып, ауылдар қауіпсіздігі күшейді

Semeytany.kz – Абай облысының Бородулиха ауданына қарасты Дмитриевка ауылында «ВостокЛесИндустрия» ЖШС базасында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды. Нысан Дмитриевка және...

Толығырақ...Details

Аягөз аудандық ауруханасында заманауи реанимация бөлімі ашылды

08.12.2025
Аягөз аудандық ауруханасында заманауи реанимация бөлімі ашылды

Semeytany.kz – Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз қаласындағы орталық аудандық аурухана жанынан бой көтерген жаңа реанимация бөлімшесінің жұмысымен танысты....

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

Абай облысы мәслихатының ХХХІІ сессиясы өтті

36 минут бұрын

Әулет

43 минуты бұрын

Жаңасемей ауданында 19 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді

3 часа бұрын

Абай облысында биыл орманды қорғауға жаңа буындағы тікұшақтар тартылды

19 часов бұрын

Депутат әскерге бармаған жастарды дрон операторы ретінде оқытуды ұсынды

21 час бұрын

Дмитриевка ауылында өрт сөндіру пункті ашылып, ауылдар қауіпсіздігі күшейді

21 час бұрын

Аягөз аудандық ауруханасында заманауи реанимация бөлімі ашылды

22 часа бұрын

Берік Уәли Шынқожа ауылындағы әлеуметтік нысандарды аралады

22 часа бұрын

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Мен әжемнен үйренген Абай сөзі» байқауы өтті

3 дня бұрын

Абай облысында Қазақстанның полиэтностық қоғамы туралы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

3 дня бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС