Semeytany.kz — Аягөз қаласындағы №204 референдум учаскесінде «Айтаңсық» әжелер ансамблінің мүшелері дауыс беріп, елдік мәселеге бейжай қарамайтындарын көрсетті.
2026 жылғы 15 наурыз күні дауыс беру Аягөз қаласы, Абай бульвары, 12 мекенжайында орналасқан «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мәдениет үйінің ғимаратында ұйымдастырылды.
Қаланың мәдени өмірінде өзіндік орны бар «Айтаңсық» әжелер ансамблінің құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Өнер ұжымы референдум учаскесіне көтеріңкі көңіл-күймен келіп, өз таңдауларын жасады. Ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеп жүрген әжелердің бұл қадамы көпшілікке, әсіресе жас буынға өнеге болды.
Ансамбль мүшелерінің айтуынша, ел өміріндегі маңызды шешімдерге қатысу – әр азаматтың парызы. Олар қоғам үшін мәні зор саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.
«Айтаңсық» әжелер ансамблінің мүшесі Жаңылхан Құласбаева бұл күннің маңызын ерекше атап өтті.
«Бүгін елімізде маңызды саяси науқан өтіп жатыр. Біз үшін бұл – үлкен қуаныш. Болашақ ұрпақ үшін маңызды өзгерістердің бастамасы деп ойлаймыз. Біз, “Айтаңсық” әжелер ансамблінің мүшелері, арнайы келіп, бірауыздан дауыс бердік. Елдің ертеңі мен болашағы бәрімізге ортақ», – деді ол.







