Semeytany.kz — Абай облысының әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданы Жиенәлі ауылдық округіне қарасты Бөкенші ауылында жаңадан салынған өрт сөндіру пунктінің жұмысымен танысты.
Жаңа нысан ауылдық елді мекендерде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Пунктте екі өрт сөндіру көлігіне арналған көлікжай, диспетчерлік орын, санитарлық бөлмелер және қажетті құрал-жабдықтар қарастырылған.
Өрт сөндіру бекетінің құрылысы биыл сәуір айында басталып, қазіргі уақытта толық аяқталды. Пунктте 2 техника қызмет көрсетеді. Штат саны – 4 қызметкер.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бекеттің ауыл кіреберісінде, жол бойындағы қолайлы жерде орналасуы төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Берік Уәли Бөкенші ауылы үнемі назардағы елді мекендердің бірі екенін айтып, алдағы уақытта да әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.








