Semeytany.kz – Абай облысының әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданы Достық ауылдық округінде бой көтеріп жатқан «Eurasia Agro Semey» ЖШС-нің ет комбинатының құрылыс алаңында болды.
Кәсіпорын етті қайта өңдеу, консервілеу және азық-түлік өнімдерін шығаруға бағытталған. Жоба іске қосылғаннан кейін бір ауысымда 100 бас ірі қара мен 1000 бас ұсақ мал союға мүмкіндік туады. Сонымен қатар тәулігіне 3 тонна шұжық және 5 тонна консерві өнімдерін өндіру жоспарланған. Жалпы өндірістік қуаты 11 400 тонна дайын өнімге жетеді.
Жобаның инвестициялық құны – 7,7 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Нысанды биылғы қыркүйек айында пайдалануға беру көзделіп отыр.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында 50 жұмысшы мен 10-нан астам техника еңбек етуде. Әкімшілік-тұрмыстық корпус, негізгі өндірістік цех және қазандық ғимаратында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін 250 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Аймақ басшысы өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістердің маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа ет комбинаты бұрынғы Семей ет комбинатының брендін қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұнда қалдықсыз өндіріс жүйесі енгізіліп, сүйек майы өндіріліп, тері өңдеу жұмыстары да қолға алынбақ.







