Абай облысында кәсіпкерлік қызметтің заңдылығын, ашықтығы мен әлеуметтік жауапкершілігін бағалауға бағытталған «Адал кәсіпкер – 2026» өңірлік байқауының қорытынды марапаттау рәсімі өтті. Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы алғаш рет ұйымдастырған байқауға өңірдің қалалары мен аудандарынан 50-ге жуық өтінім түсіп, марапаттау рәсімінде адал кәсіпкерлік қағидаларын берік ұстанған бизнес өкілдері марапатталды.
Байқау 29 қазан – Кәсіпкерлер күніне орай «Заң мен Тәртіп» идеологиясы аясында өткізілді. Оның басты міндеті – кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тек экономикалық нәтижелер тұрғысынан ғана емес, заң талаптарын сақтау, еңбек қатынастарындағы жауапкершілік, салықтық тәртіп және қоғам алдындағы міндеттерді орындау тұрғысынан да баға беру. Осы арқылы заңға бағыну мен адал жұмыс істеуді бизнесті жүргізудің негізгі қағидалары ретінде насихаттау.
Байқау жеңімпаздарын анықтау кезінде қатысушыларды талаптар бойынша қарастырды. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің салық пен бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешектің болмауы, еңбек заңнамасының сақталуы, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік қызмет барысында елеулі заңбұзушылықтарға жол бермеу, әлеуметтік жауапкершілік және іскерлік беделі ескерілді.
Байқауға Абай облысында кемінде екі жыл бойы тіркеліп, нақты кәсіпкерлік қызметін жүзеге асырып келе жатқан бизнес субъектілері қатысты. Үміткерлерді бағалау жұмысына Кәсіпкерлер палатасымен қатар, тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысты. Бұл қатысушылардың қызметін белгіленген талаптар аясында жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді.
Марапаттау рәсімінде сөз алған Абай облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңестің төрағасы Ә.С. Дускужанов кәсіпкерлік саласындағы адалдық пен жауапкершіліктің маңызына тоқталып, байқау жеңімпаздары қатарындағы ірі кәсіпорындардың өкілдеріне дипломдар мен арнайы кубоктарды табыстады. Орта және шағын бизнес санаттарындағы жеңімпаздарды Палата директоры М.А. Сүйчинов марапаттап, кәсіпкерлердің жетістіктері мен жауапты бизнес жүргізу тәжірибесіне тоқталды. Шағын бизнес өкілдеріне дипломдармен қатар, кәсіпкерлік қызметін дамытуға ынталандыру мақсатында ақшалай сыйлықтар берілді.
Марапаттау рәсімінде кәсіпкерлік саласының дамуына және бизнес бастамаларды қолдауға атсалысып жүрген Палата жанындағы салалық кеңес төрағалары да назардан тыс қалған жоқ. Оларға кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін шешуге, салалық бағыттарды дамытуға және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, «Адал кәсіпкер – 2026» байқауын өткізуге Абай облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес мүшелері демеушілік қолдау көрсетті. Бұл қолдау өңірдегі адал кәсіпкерлік қағидаларын дәріптеуге және заң талаптарын сақтай отырып жұмыс істейтін бизнес өкілдерін ынталандыруға бағытталған бастаманың жүзеге асуына мүмкіндік берді.
Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, бизнестің құқықтық мәдениетін арттыруға және жауапты кәсіпкерлік тәжірибесін кеңінен таратуға бағытталған шараларды жалғастыруды көздейді. «Адал кәсіпкер» байқауын өткізу тәжірибесі осы бағыттағы жұмысты одан әрі дамытуға, өңірдегі іскерлік ортада заңдылық пен ашықтық қағидаларын нығайтуға негіз болмақ.








