Еңбек ету, мамандық таңдау, атқарған жұмысы үшін лайықты ақы алу – әр адамның негізгі құқықтарының бірі. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бұл мәселелерге ерекше назар аударылған. Ата Заңның 27-бабы азаматтардың еңбек ету еркіндігін, қауіпсіз жұмыс жағдайын, еңбегі үшін кемсітусіз сыйақы алуын және демалу құқығын қорғайды.
Әр адам жұмыс пен мамандықты еркін таңдауға құқылы
Конституцияның 27-бабының бірінші тармағында әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар екені жазылған.
Бұл азаматтың қай салада жұмыс істейтінін, қандай мамандықты таңдайтынын және кәсіби бағытын өзі анықтай алатынын білдіреді. Ешкімді өз еркінен тыс белгілі бір жұмысқа мәжбүрлеуге болмайды.
Сонымен қатар Конституцияда еңбекке мәжбүрлеп тартуға қатысты нақты ерекшеліктер қарастырылған. Атап айтқанда, мұндай жағдайға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісі негізінде, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.
Еңбекақы төлеуде кемсітушілікке жол берілмейді
27-баптың екінші тармағы азаматтардың еңбек жағдайы мен еңбекақысына қатысты құқықтарын айқындайды.
Оған сәйкес мемлекет қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларына, атқарған жұмысы үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға және әлеуметтік қорғалуға кепілдік береді.
Яғни жұмыс беруші қызметкердің еңбегіне ақы төлеу кезінде кемсітушілікке жол бермеуі керек. Әрбір жұмыскер қауіпсіз ортада еңбек етіп, атқарған жұмысы үшін тиісті сыйақы алуға құқылы.
Бұл талап еңбек қатынастарындағы әділеттілікті қамтамасыз етуге және жұмысшылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы дау қалай шешіледі?
Кейде еңбек қатынастары барысында жұмыс беруші мен қызметкер арасында келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Мәселен, еңбекақыны төлеу, еңбек жағдайы немесе басқа да мәселелер бойынша ортақ келісімге келе алмауы ықтимал.
Конституцияның 27-бабының үшінші тармағында жеке және ұжымдық еңбек дауларын заңда белгіленген тәсілдермен шешу құқығы танылған.
Бұл норма қызметкерлердің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауына мүмкіндік береді. Еңбек даулары заңнамада көзделген тәртіппен қаралып, тиісті шешім қабылдануы тиіс.
Демалыс та – конституциялық құқық
Ата Заңның осы бабы тек еңбек ету мәселесін ғана емес, адамның тынығу құқығын да қамтиды.
27-баптың төртінші тармағына сәйкес жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндері, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепілдік беріледі.
Бұл әрбір қызметкердің жұмыстан тыс уақытта тынығуына, денсаулығын күтуіне және отбасына көңіл бөлуіне жағдай жасауға бағытталған.
Осылайша, Конституция азаматтардың еңбек ету құқығымен қатар, олардың демалу және әлеуметтік қорғалу мүдделерін де назардан тыс қалдырмайды.
Еңбек құқығын білу не үшін маңызды?
Конституцияның 27-бабы – еңбек қатынастарындағы азаматтардың негізгі құқықтарын айқындайтын маңызды нормалардың бірі. Ол әр адамның жұмыс орнын еркін таңдауына, қауіпсіз жағдайда еңбек етуіне, атқарған жұмысы үшін кемсітусіз сыйақы алуына және демалуына құқықтық негіз қалыптастырады.
Сондықтан әрбір азамат өзінің еңбек құқықтарын біліп, жұмыс берушімен қарым-қатынаста заң талаптарының сақталуына мән бергені жөн. Өйткені еңбек ету – тек міндет қана емес, сонымен бірге заңмен қорғалатын адамның негізгі құқықтарының бірі.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Конституциясы, 27-бап.







