Көрме орталығы қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеріп жатыр. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 3682 шаршы метрді құрайды. Мұнда ірі көрмелер, мәдени және іскерлік іс-шаралар, конференциялар, форумдар мен қоғамдық кездесулер өткізу жоспарланған.
Жобаның сыйымдылығы – 120 адам. Мердігер ұйым өкілдерінің мәліметінше, қазіргі уақытта ғимараттың іргетасын құю жұмыстары аяқталған.
Құрылыс алаңын аралаған облыс әкімі нысанның белгіленген мерзімде әрі сапалы салынуы қажеттігін атап өтті.
«Көрме орталығы – Түркістан облысының «Абайға құрмет» акциясы аясында өңірімізге жасап отырған ерекше тартуы. Бұл – өңірімізге қажетті нысандардың бірі. Үлкен көрмелер мен маңызды шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр екен. Мердігер ұйым орталықты келер жылдың қыркүйегінде пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Игі бастамаға қолдау көрсеткен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке өңір жұртшылығы атынан алғыс білдіреміз», – деді Берік Уәли.
Айта кетейік, Көрме орталығын 2027 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарланған.









