Абай облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқушы орындарының тапшылығын азайту және білім сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта өңірде 311 мектеп жұмыс істейді, онда 99 657 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, облыста 375 мектепке дейінгі ұйым бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова хабарлады.
Айжан Құрманованың мәліметінше, облыстағы 375 мектепке дейінгі ұйымда 24 002 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 186 балабақша мен 189 шағын орталық бар. Қазіргі уақытта 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 100 %-ға жеткен. Жыл басынан бері 692 орындық 12 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылған.
Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – педагог кадрлардың тапшылығы. Биылғы оқу жылында облыс мектептеріне 154 мұғалім қажет. Әсіресе, шағын жинақты мектептерде математика, физика, химия, информатика және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары.
— Кадр тапшылығын шешу мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта 96 жас маман қабылданды. Оның біреуі тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, 65 маман көтерме төлем алды. Сондай-ақ 21 педагогтің тапшылығы зейнеткер мұғалімдерді тарту арқылы шешілуде, — деді Айжан Құрманова.
Спикер оқушы орындарының тапшылығына да тоқталды. Оның айтуынша, облыстағы 32 мектепте 6,3 мың орын жетіспейді. Ең жоғары тапшылық Семей қаласында тіркелген. Мұнда 17 мектепте 4,3 мың оқушы орнына қажеттілік бар.
— Бұл мәселені шешу мақсатында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында бір ауысымда 3 мың, екі ауысымда 6 мың орынға арналған бес мектеп салынып, оқу процесі жүргізілуде. Сонымен қатар, Семей қаласындағы №30 және №4 орта мектептерге 500 орыннан қосымша ғимарат салу жобалары іске асырылуда, — деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, 2026–2027 жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында 1 400 орындық, Ақсуат және Екпін ауылдарында 300 орыннан екі мектеп салу жоспарланған.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарын цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта облыс мектептері 100 пайыз жылдам интернетпен қамтамасыз етілген. Интернет сапасын жақсарту үшін 116 ауылдық мектепке Starlink жабдығы орнатылған.
Брифинг барысында білім сапасы мәселесі де қозғалды. Биылғы оқу жылында облыс мектептеріндегі білім сапасы 66,4 %-ды құраған. Ал 2026–2027 оқу жылының бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 64 % болған. PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелері бойынша жаратылыстану бағытында 425 балл, математикалық сауаттылық бойынша 409 балл, оқу сауаттылығы бойынша 384 балл тіркелген.
Сондай-ақ биыл білім беру нысандарын күрделі жөндеуге 1,5 млрд теңгеден астам сомаға шарттар жасалған. Бұдан бөлек, облыстағы 141 мектепте 237 жоба бойынша жалпы құны 1,5 млрд теңгеден асатын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.







