Тіл – ұлттың рухани негізі, мәдениеті мен тарихының айнасы. Ана тілін сақтау, оны күнделікті өмірде қолдану және кейінгі ұрпаққа жеткізу – қоғамның ортақ міндеті. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында әр адамның ана тілі мен төл мәдениетін пайдалану құқығы арнайы бекітілген.
Ата Заңның 9-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі екені көрсетілген. Сонымен қатар мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді.
Ал Конституцияның 22-бабы әр адамның тілдік және мәдени таңдау еркіндігін айқындайды. Оған сәйкес, әр азамат өзінің қай ұлтқа жататынын анықтауға, оны көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы. Сондай-ақ әр адамның ана тілі мен төл мәдениетін қолдануға, қарым-қатынас жасау, тәрбие беру, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауға құқығы бар.
Бұл нормалар еліміздегі этносаралық келісім мен өзара құрметті нығайтуға бағытталған. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері өмір сүріп жатқандықтан, олардың тілдері мен мәдени ерекшеліктерін құрметтеу қоғамдық татулықтың маңызды негізі саналады.
Ана тілін дамыту тек білім беру мекемелерінің жұмысы емес. Отбасында баламен ана тілінде сөйлесу, кітап оқу, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және мәдени мұраны сақтау да осы бағыттағы маңызды қадамдар болып табылады.
Тіл мен мәдениетке қатысты конституциялық нормалар әр азаматтың өз болмысын сақтап, еркін дамытуына мүмкіндік береді. Бұл – ел бірлігін нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға негіз болатын маңызды құқықтық кепілдіктер.







