Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында су ресурстарының тапшылығын болдырмау және қолда бар суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды.
Президенттің айтуынша, су ресурстарын сақтау – елдің тұрақты дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдіктерге суды пайдалану тәртібін күшейтіп, оны ысырап етуге жол бермеу тапсырылды.
Мемлекет басшысы әсіресе су құбырларындағы шығынды азайту, көлік жуу орындарында ауыз суды орынсыз пайдалануды тоқтату қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар су тұтыну саласындағы тарифтік реформаны соңына дейін жеткізу міндеті қойылды.
Жолдауда ауыл шаруашылығындағы су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мәселесіне де назар аударылды. Президенттің пікірінше, жаңа суармалы алқаптарды игеру кезінде заманауи технологияларды қолдану өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте суды тиімді пайдаланудың озық тәсілдерін енгізу айрықша маңызды.
Тағы бір маңызды бастама – Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру. Цифрлық құралдар арқылы су қорын толық есепке алу және оның пайдаланылуын бақылау жоспарланып отыр. Бұл жаңа өндіріс орындарын орналастыру мен су ресурстарын жоспарлауда негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Су мәселесі – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, қолда бар ресурсты ұқыпты пайдалану және заманауи технологияларды енгізу елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды қадам болмақ.






