Абай облысында эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және ветеринариялық қызмет сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышев мәлімдеді.
Бүгінде облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында 805 931 бас ірі қара, 1 млн 294 мыңнан астам ұсақ мал, 434 578 бас жылқы, 651 бас түйе және 3 318 бас шошқа тіркелген. 2026 жылға арналған жоспар аясында 251 381 бас ірі қара, 455 576 бас ұсақ мал, 104 999 бас жылқы, 2 097 бас шошқа және 135 бас түйе есепке алынды.
– Эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жануарларды бірдейлендіру мен профилактикалық шаралардың маңызы зор. Биыл ауыл шаруашылығы және жабайы жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы 8,163 млн профилактикалық манипуляция жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 6,613 миллионы орындалды. Сонымен қатар 2,076 млн биологиялық сынама диагностикалық зерттеуге жеткізілді, – деді Ержан Барышев.
Ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту аясында биыл аудан орталықтарында 7 ветеринариялық станция, ауылдық округтерде 61 ветеринариялық пункт және 40 мал қорымымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Ал 2027 жылы қосымша 50 ветеринариялық пункт пен 78 мал қорымын салу жоспарланған.
Сонымен қатар ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Биыл 24 арнайы автокөлік сатып алынды. Оның ішінде қызметтік, мал тасымалдауға, дезинфекция жүргізуге және ветеринариялық препараттарды тасымалдауға арналған техникалар бар.
– Ветеринариялық мамандардың жұмыс жағдайын жақсарту және қызмет сапасын арттыру – негізгі міндеттердің бірі. Осы бағытта техникалық жабдықтау жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ ветеринариялық қызметті реформалау аясында мамандарға қосымша төлемдер мен үстемақылар енгізу мәселесі қарастырылуда, – деп атап өтті басқарма басшысы.






