QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігі Азияның үздік университеттерінің QS Asia University Rankings 2027 рейтингін жариялады. Аталған рейтингке Азияның 26 елі мен аумағынан 1722 университет енген. Осындай бәсекесі жоғары академиялық кеңістікті қамтыған халықаралық рейтингте Шәкәрім университеті бір жыл ішінде 41 сатыға жоғарылап, 452-ші орыннан көрінді, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.
Университет рейтингке қатысқан жоғары оқу орындарының 73,9 пайызынан озып, Орталық Азия университеттері арасында 27-орынға тұрақтап отыр. Бұл – университеттің білім беру мен ғылым саласындағы жүйелі жаңғыруының айғағы.
2024 жылғы рейтингте 601-650 орындар аралығында болған оқу орны кейінгі үш кезеңде өз позициясын үздіксіз жақсартып, бүгінде Азияның үздік 500 университетінің қатарына қосылды. Азияның Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Үндістан секілді білім мен ғылымы дамыған елдерінің жетекші университеттерімен бір кеңістікте бәсекеге түсіп отырған өңірлік жоғары оқу орны үшін бұл ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістік. Қол жеткен нәтиже – бүкіл университет ұжымының, оқытушылар мен білім алушылардың қажырлы еңбегі мен тынымсыз ізденісінің жемісі. Соңғы жылдары университет дамуында сапалық өзгерістер орын алып, халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Рейтинг нәтижелері университеттің бірқатар бағытта айтарлықтай ілгерілегенін көрсетеді. Атап айтқанда, студенттердің халықаралық академиялық ұтқырлығы бойынша Азияда 52 орынға ие болып, ең жоғары көрсеткіш – 100 балл жинады. Шетелдік оқытушылардың үлесі бойынша 195-ші орынға көтеріліп, өткен жылмен салыстырғанда 37 сатыға алға жылжыды. Академиялық бедел көрсеткіші бойынша 265 орыннан, ал жұмыс берушілер арасындағы беделі бойынша 325 орыннан көрінді.
Әсіресе, академиялық және жұмыс берушілер арасындағы бедел көрсеткіштерінің өсуі ерекше мәнге ие. Өйткені, бұл өлшемдер университеттегі білім беру мен ғылыми қызметтің сапасына, түлектердің кәсіби даярлығына және олардың еңбек нарығындағы сұранысына берілген бағаны білдіреді.
Аталған нәтижелердің негізінде білім беру бағдарламаларын жаңарту, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу бағытындағы жұмыстар жатыр. Университет шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестікті нығайтып қана қоймай, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты тереңдетуге, қолданбалы зерттеулердің нәтижелерін тәжірибеге енгізуге басымдық беріп келеді.
Бұл үдерістің Абай облысы үшін де стратегиялық маңызы зор. Өйткені өңірлік университеттің дамуы – жергілікті адами капиталды нығайтудың, жаңа технологияларды игерудің және экономиканың түрлі салаларына білікті мамандар даярлаудың маңызды тетігі. Шәкәрім университеті білім мен ғылымды өңірлік дамумен ұштастыра отырып, инженерлік, аграрлық, цифрлық және зерттеушілік бағыттардағы мүмкіндіктерін арттыруға ұмтылуда.
Халықаралық рейтингтегі жоғары нәтиже университеттің алдағы дамуына тың мүмкіндіктер ашып, жаңа міндеттер жүктейді. Ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру, халықаралық ынтымақтастықты тереңдету және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу – алдағы кезеңнің басым бағыттары. Өйткені академиялық беделдің биіктігі жаңа білім мен технологияны дамыту, қоғам сұранысына сай шешімдер ұсыну және елдің өркендеуіне нақты үлес қосу арқылы айқындалады.
Азияның үздік 500 университетінің қатарына ену – Шәкәрім университетінің ұжымы үшін жаңа белестерге бастайтын меже. Осындай ауқымды рейтингтегі жоғары көрсеткіш университеттің халықаралық әлеуетінің артып келе жатқанын әрі өңірлік жоғары оқу орнының да әлемдік академиялық кеңістікте өз орнын қалыптастыра алатынын көрсетеді.
Алдағы міндет – қол жеткізген жетістікті сақтап қана қоймай, білім сапасы мен ғылыми әлеуетті одан әрі нығайту арқылы орнықты өсімге қол жеткізу. Өйткені университеттің шынайы табысы оның рейтингтегі орнымен ғана емес, даярлаған мамандарының білімімен, ғылымға қосқан үлесімен және туған өңірінің өркендеуіне тигізген пайдасымен бағаланады.






