Аптаның сейсенбісінде «Теплокоммунэнерго» МКК-де қала әкімі Айбек Кәрімовтің қатысуымен жиын өтті. Маңыздылығы сол, мекемеге жаңадан оңалтушы басқарушы тағайындалды. Басқосуға жинал-ған мекеме қызметкерлері мен БАҚ өкілдері алдында жаңа басшы Ерлан Оразаевты таныстырған қала әкімі соңғы кездері мекемеде туындаған бірқатар күрделі мәселелер, атап айтқанда кәсіп-орын қызметкерлеріне тиесілі қордаланып қал-ған еңбекақы қарызы және осы тығырықтан шығу жолында жасалып жатқан шаралар жайында да түсінік беріп өтті.
Өз сөзін Айбек Мүталапханұлы «Теплокоммунэнерго» мекемесінің қазіргі ахуалы қаржы тарапынан туындағанынан бастады. Оның ішінде дебиторлық қарыз бен жұмысшылар жалақысына берешек жағдайды біршама қиындатып тұрғандығын жасырмады.
— «Теплокоммунэнерго» мекемесінің бүгінгі таңда шешуін күткен өзекті проблемасы дебиторлық қарыз және жалақыға берешек мәселелері. Бұл — қаражатты ұтымды пайдаланбаудың нәтижесінен туындап отыр. Жиналған қаражат бірінші кезекте еңбекақы қарызын жабуы тиіс болатын. Өкінішке орай, қараша айының жалақысы берілмеген, кәсіпорын басшылығының бұл тараптағы жұмысы біз күткен деңгейден табылмады. Сондай-ақ, кадр саясаты нашар жүргізілген. Кейбір штаттық бірліктерді ашу кезінде кәсіпорын мүддесі ескерілмеген. Біз бұған бірнеше мәрте назар аудартқанымызбен «Теплокоммунэнерго» басшылығы тарапынан ескерілмеді. Осы жағдайлар мекеме басшысы Исламбек Қараханның жұмыстан босатылуына себеп болды, — деп атап өтті қала басшысы.
Сонымен қатар, жиын барысында мекеме жұмысшылары тарапынан наразылықтар туындағаны жайлы да айтылды. Басшылық бірінші кезекте қарызды жабу мәселесімен жұмыс істеуге тиіс болғанымен, жүзеге аспаған. Жергілікті билік берешекті жабудың барлық механизмдерін қарастырғанымен – бұл жұмыс орындалмады. Сондай-ақ, мекеме қызметкерлері жоғары орындарға кәсіпорынға мүлде қажетсіз, жалақысы аса жоғары штаттардың ашылғанын айтып, мәселе көтерген. Түптеп келгенде басшылықтың ауысуына ұжымның өзі бастамашы болған.
Жалпы, мекемедегі ахуал үкіметтің, облыстық және қалалық биліктің қар-қынды қолдауына қарамастан өзгеріссіз, күрделі күйінде қалған.
— Қалалық, облыстық және республикалық бюджеттен қарызды жабуға, көмір алуға аз қаражат бөлінбейді. Электр энергиясы үшін берешекті өтеуге қалалық қазынадан қаражат бөлеміз. Кредиторлық қарыз үшін қомақты көлемде қаржылық жәрдем де көрсетіп келеміз. Сонымен қоса, берешектерді жабу үшін дебиторлық қарыздарды жинау жұмыстары да күшейтілген болатын, — деді қала әкімі. — 2013 жылдың желтоқсан айында барлық ведомстволар мен әкімдіктің күш салуымен, қарыздың 406 млн. теңгесін жинадық. Бұл жұмыста өткен жылмен салыстырғанда ілгерілеушілік бар. Қынжылтарлығы – кредиторлық қарызды жабуға үлгере алмай жатыр. Бұл арада ескерілуі тиіс бірнеше жайт бар. Біз электр энергиясын өндіре алмай келеміз. Бұл жұмыс 2014 жылға жоспарланған болатын. Біз 12 мегаватқа ар-налған ресейлік және 6 мегаваттық «Сименс» турбиналарын алдық. Бұл жұ-мыстар ағымдағы жылы жүзеге асырылатын болады.
Жиын барысында Айбек Кәрімов «Теплокоммунэнерго» мекемесінің жаңа оңалтушы басқарушысы Ерлан Оразаевты таныстырды. Ерлан Мүбаракұлы осыған дейін осы мекемеде абоненттік қызмет бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
— Ерлан Оразаев кәсіпорындағы қызмет пен құрылымды жақсы біледі. Қазір біз оның алдына бірқатар нақты тапсырмалар қойып отырмыз. Мекеменің жаңа басшысына бірінші кезекте қарызды жинауды, жалақыға берешекті өтеу үшін тиісті шаралар қабылдауды, электроэнергия, көмір және салық мәселесін мерзімінде шешіп отыруды, мекемелер мен ұжымдар алдындағы кредиторлық қарызды жабуды тапсырамын. Негізгі бағыт осы. Ал біздің ай са-йын жинайтын мекеменің қызмет көрсеткені үшін төленетін қаржы кредиторлық қарызды толығымен жаба алмайды. Сол себептен бұл орайда қалыптасқан ахуалға мұқият қарау қажет. Егер кәсіпорын жұмысына салмақ түсіретін штаттар болса шаралар қабылдануы керек. Бізде оңалтудың бағдарламасы, кестесі бар. Ол міндетті түрде сақталуы тиіс, — деп тапсырды қала әкімі.
Өз кезегінде жаңадан тағайындалған оңалтушы басқарушы Ерлан Оразаев мекеме жұмысын ілгері бастырып, кәсіпорынның өз қарыздарын уақытында жабуы үшін нақты қадамдар жасайтынына сендірді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың жұмыс жоспарын ұтымды ұйымдастыратынына сенім білдірді.
— Мен өзіме жүктелген бұл жауапкершілікті айқын сезінемін. Сонымен қатар, кәсіпорынның бүгінгі таңдағы ахуалына да анық баға бере аламын. Мекеме алдына және менің алдыма қо-йылған міндеттемелердің дер кезінде және сапалы орындалуы үшін бар күш-жігерімді салатын боламын. Бірінші кезекте жалақы мәселесіне байланысты қалыптасқан әлеуметтік ахуалды шешу, екіншісі барлық жеткізушілермен есептесу. Сонымен қатар, қаржылық мәселелердің дұрыс шешілуі үшін темірдей тәртіп қалыптастыру қажет. Бұл жай айтылған сөз емес, нақты факт. Бұл фактілермен құзырлы органдар айналысуы тиіс. кәсіпорынның оңалту кезеңіндегі барлық шаруашылық-қаржылық жұмыстарына толықтай тексеру жүргізілетін болады. Кәсіпорында бес жыл аралығында, оңалту кезеңінде басшылық бірнеше рет ауысқанымен, тек бір ғана рет аудиторлық тексеріс жүргізілген екен. Ұжым оңалту жоспарын орындауға барынша ниетті. Сол себепті өте үлкен әрі күрделі жұмыс күтіп тұр. Біз әрбір тиын мен әрбір қадамымызға жауап беруге даярмыз. Қиындықтар кездесуі мүмкін, бірақ барлығына әзірміз, — деді Ерлан Оразаев.
Ерлан Мүбаракұлы мәлім еткендей, сараптамалық топ қорытындысына сәйкес кәсіпорынның экономикалық тұрғыдағы тиімділігін арттыру жолдары айқындалған. Бұл өз кезегінде жылу есептеу тәсілін реттеуге мүмкіндік береді. Жалпы түсімнің 15 пайызына тән. Яғни, айына 60-70 млн. теңге деген сөз. Ол үшін есептегіш құралдар орнату қажет. Бүгінгі күні қаладағы үйлердің 80 пайызы ғана есептегіш құрылғылармен қамтылған. Екінші жол – есептеу әдістемесін өзгерту. Мөлшер бойынша бұл 20-40 миллион теңгеге жылу жүйелеріндегі жылудың жоғалуын қысқартуға көмектеседі немесе 5-10 пайыз. Жүзеге асыруға шамамен бір жыл мерзім кетеді. Үшіншісі – жылудың мөлшерден тыс жоғалуын төмендету. Нәтижесінде шамамен 5 пайыз, яғни, 20 миллионға үнем болады. Сонымен қатар, ендігі арада қойылатын есептегіш құ-рылғылар артық шығынды 10 пайызға кемітеді.
Айбек Кәрімов мекеме басшысына тағы бір мәселені реттеуді тапсырды. Ол ескірген техникалық желілер болып отыр.
— Қаладағы жылу желілері ескіргенін айта кету керек. Бізде жобалық-сметалық құжаттамалар бар, бұл орайда үкіметке республикалық бюджет есебінен желілерді жаңғыртуға өтініш жасадық. Барлық қажетті құжаттарды даярлап, ұсындық. Апаттар мен жылуды жоғалтуға желілердің ескіруі себеп болады. Бүгінде кәсіпорын алдындағы басты міндет – қаржылық мәселені реттеу. Кәсіпорынға қарасты барлық жылу беретін нысандар жұмысы тұрақты, — деген қала басшысы технологиялық желі бойынша шамалы мәселелер тек желілерде және ТЭЦ-1, РК-1 реконструкциялық жобаларында ғана бар екендігін, мекеменің жұмысы, әсіресе қаржы саласына байланысты ақпарат мейлінше ашық болуы қажеттігін, «Теплокоммунэнерго» басшысының айына ең кем дегенде бір рет жылу беру нысандарының директорларымен кездесіп, қаражаттың қайда жұмсалып жатқаны жайлы есеп беріп отыруы керектігін де атап өтті.
— Біздің негізгі үмітіміз — биылғы жылы орнатылатын турбиналарда болып отыр. Соның есебінен электр энергиясын өндіретін боламыз. Өз электр энергияңды өндіру – шығындарды үнем- деуге септігін тигізеді. Бұл 300-ден 800 миллионға дейінгі аралықты қамтиды. Ал оның есебінен біз өз шығындарымызды жабатын боламыз.
Егер қарыздың жалпы көлемінен электр энергиясы үшін берешекті алып тастасақ, көрсеткіш әлдеқайда төмендейді. Бүгінгі таңда электр энергиясын беретін мекеме алдындағы қарыз 500 миллионнан асады. Ал жалақы үшін берешек 150 миллионды құрайды. Қараша айы үшін 68 млн. берілуі тиіс болса, желтоқсан айы үшін 78 млн. өтелуі керек. Біз ақпан айында еңбекақы үшін берілетін бұл қарыздарды толығымен өтеп шыға аламыз. Жергілікті билік тарапынан көрсетілетін көмектерді тағы да қарастырмақпыз.
Қала әкімі, сондай-ақ, жалақыларын өтеп беруді сұраған жұмысшылар өтінішінің орынды екендігін де айтып өтті.
— Бұл жерде жылу беру нысандарының директорлары отыр, біз жұмысшылармен де жиі кездесеміз. Олар өз қызметтерінің салмағын, жүктелген жауапкершіліктің жоғары екендігін айқын сезінеді. Қандай жағдай болмасын әрдайым түсіністік танытады. Жалпы бұл уақытша ғана қиындықтар. Жұмысшылардың талап-тілектері орынды. Олардың еңбек-ақыларын уақыт ұзартпастан толық төлеп беруге тиіспіз. Олардың талабы әділ. Кәсіпорын басшылығы мен жергілікті атқарушы билік тарапынан қарыздарды өтеу мен дебиторлық қарыздарды жабуға бағытталған қарқынды жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл мәселеде тұрғындар түсіністік пен қолдау танытады деп сенемін, — деген Айбек Кәрімов жиын соңында мекеменің жаңа оңалтушы басқарушысына жемісті еңбек тілеп, өз қызметінде тек оң нәтижелерге қол жеткізетіндігіне сенім білдірді.
Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ,
«Семей таңы»