Тарихы тасқа басылған киелі Тарбағатайдың күнгейінде жылдар бойы жырға айналар дүбірлі той өтті. Киелі Арқада туып, балалық, жастық шағы Үржар, Мақаншы өңірінде өткен, тағдырдың жазуымен жат жерден топырақ бұйырған арқалы ақын, әнші, сазгер Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы талай ғасыр куәгері болған Жайтөбенің баурайын сән –салтанатқа толтырды. Алты Алашта ән оздырған Әсеттің тойы болатыны жайлы ақпар күні бұрын таратылып, алыс –жақынға бірдей сауын айтылды. Ақын шығармашылығына арналған ғылыми – тәжірибелік конференция, мерекелік концерт, ақындар айтысы, ұлттық спорт жарыстарының барлығы Әсет тойының ажарын ашып, жиналған қонақтарды таң –тамаша етті. Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің өзі мұрындық болған торқалы той үш күнге созылып, баба рухына тағы бір мәрте тағзым етуге мүмкіндік туды.
Елде той болады дегенді естіп, редакция тапсырмасымен діттеген жерге келіп жеттім. Бірден көзге түскені ауыл шетінде бала күнімде талай асыр салып, қозы қайырып, бұзау баққан оты мол, шөбі шүйгін шалғынға тігілген ақ шаңқаң үйлер болды. Олардың ұзын саны алпысқа жетеді. Құдды бір ауыл шетіне жаңа бір ауыл көшіп келгендей. Сап түзеп, бір желінің бойына тігілген үйлердің әрқайсы осы өңірде туып –өсіп, елдің амандығы мен жердің бүтіндігіне бел шеше күш салған ақын, жырау, би, батырлардың есімімен аталыпты. Осының өзі көрер көзге қуаныш сыйлап, еліміздің Шығыс қақпасы атанған ауданның қасиетті де киелі екенін айтқызбай – ақ ұқтырғандай әсер қалдырады. Ал Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов пен жары Қарагөз Сүлейменова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жүрсін Ерман, академик Сейіт Қасқабасов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Ұлықбек Есдәулет, Несіпбек Айтов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, профессор Бауыржан Жақып, ҚР еңбек сіңірген әртісі, күйші – компазитор Секен Тұрысбеков, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәп, ақын Серікзат Дүйсенғазы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Дәукенова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Донеділ Қажымов, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманов, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Үдербаева сынды есімдері елге етене таныс тұлғалардың тойға арнайы келулері 150 жылдық мерекелердің шаралардың салмағы ауыр екенін дәлелдей түскендей. Айтпақшы, аталарының тойына Қарағанды облысы Ақтоғай ауданынан Әсеттің ұрпақтары мен көршілес Қытай Халық Республикасынан қонақтар келіп қатысқанын айта кеткеніміз жөн. Той алдында осы құрметті қонақтармен аудан әкімі Серік Зайнулдин арнайы кездесіп, салтанатты мерекелік қабылдау өткізді.
— Құрметті қонақтар, ардақты ағайын! Ақын Әсеттің тойы тек үржарлықтардың ғана емес, әуезді ән мен төкпелі жырды ұлық санайтын қазақ деген ұлы елдің ортақ қуанышы. Десе де Әсет өмірінің бір парасы біздің өңірде өткені, артына мұра болған талай туындыларының біздің өлке де дүниеге келгені бізге ерекше мақтаныш сезімін сыйлайды.
Әнші атамыздың кіндігінен тараған текті ұрпақтың дені біздің ауданда тұрады. Бүгінгі тойға сіздермен бірге оларда қатысып отыр. Әсетті іздеп Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Алматы облысынан, көршілес Қытай елінен меймандарымыз келіп отыр. Осыған қарап – ақ жалпы халықтық той демеске амалымыз жоқ. Ұлы ақын Абайдың шәкірттерінің бірі болған жыр дүлдүлінің мерейтойына ауданымыз үлкен дайындықпен келді. Әсет атамыздың атындағы қор аштық, Мақаншы ауылындағы мұражай алаңын абаттандыруға қомақты қаржы бөлдік. Ақынның бәйбішесі Тәтежан анамыздың бейітін таптық. Бейіт басын қоршап, тас орнаттық. Сонымен қатар ақын білім алған Бақты ауылындағы медресені де тауып, оның да басына тас қойып, шырша ағаштарын егіп, қоршау жұмыстарын жүргіздік. Әсет тойын өткізу қарсаңында Мақаншы ауылының келбетіне көптеген өзгерістер енді. Торқалы той иесі атында Мақаншыда көше, мектеп бар. Ұзақ уақыт жөндеу көрмеген көшеге арнайы қаржы бөлініп, жөнделді. Жуырда ауданымызға жасаған жұмыс сапарында аймақ басшысы Даниал Ахметов ақын мұражайына арнайы атбасын бұрып, алдағы уақытта да қолдау білдіретінін жеткізді. Сөз орайы келгенде айта кететін бір жайт, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы тойға сый ретінде Мақаншы ауылында салынатын 320 орындық жаңа мектепті тарту етіп отыр. Жаңа мектептің алғашқы іргетасы бүгін қаланды. Әрине, той халықтың қазынасы болғандықтан, оны лайықты деңгейде өткеру бір ғана адамның болмаса бір топ адамның қолынан келмейді. Сондықтан бабамыздың 150 жылдығын атап өтуде облыс әкімінен бас-тап, аудан тұрғындары, белді кәсіпкерлер, Үржарымыздан түлеп ұшқан танымал тұлғалар жұмылған жұдырықтай атсалыс-ты. Осы сәтті пайдалана отырып, аудан жұртшылығының атынан сіздерге басымды иіп, үлкен алғысымды білдіремін. Менің ойымша, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған рухани жаңғыруы — осы. Біз өткенімізді білмесек, тарихымызды таразылап, ертеңімізге бүгіннен бағдар жасамасақ, келешегіміз кемел болмасы анық. Бұл той бүгінгі буын мен ертеңгі ұрпаққа қажет. Елдігіміз бен бірлігімізді көрсететін бұл шарадан әрқайсымыз керегімізді аларымызға сенімдімін. Той-тойға ұлассын, барлықтарыңызға амандық, саулық, отбасы бақыты мен берекесін тілеймін, — деді аудан әкімі Серік Зайнулдин өз сөзінде.
Аудан басшысының құттықтауы Үржар өңірінің өсіп өркендеуіне, экономикалық –әлеуметтік дамуына қажырлы еңбек сіңірген 17 азаматқа «Үржар ауданының Құрметті азаматы» атағын берумен жалғасты. Араларында түрлі саланың өкілдері бар марапат иелерінің иығына оқалы шапандар жабылды. Әнші тойына орай арнайы жасалған «Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл» төсбелгісі де өз иелерін тауып жатты. Мерекелік медаль Әсет шығармашылығын насихаттауға сүбелі үлес қосқан 138 адамға табысталды. Ал ақын мерейтойына ат арытып, алыстан келген Жүрсін Ерман бастаған қазақ өнерінің, әдебиетінің бүгінгі марғасқаларына қомақты қаржылай сыйлықтар жасалды.
Аста-төк дастархан басына жиналғандар емен – жарқын әңгімелесіп, әрі ақын, әрі әнші, әрі сазгер болған сегіз қырлы бір сырлы талант иесі жайлы жылы лебіздер айтып, ел аузында жүрген көне естеліктерді қайта жаңғыртты.
— Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы қасиет ерекше қонған, құнарлы топырақ. Сол өлкеден әнші де, ақын да, биші де, күйші де, батыр да, би де, бай–бағлан да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де өсіп өнген. Аты алты Алашқа жайылған Әсетті айтпағанда, арыға бармай–ақ кешегі Алаш қозғалысының басшылары Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, тұңғыш қазақ прокуроры Ақбайдың Жақыбы, белгілі әнші Шашубай Қошқарбайұлын айтсақ та жетіп жатыр. Осындай ұлылардың жалғасы болған Мағауия Хамзин, Манарбек Ержанов, Күләш Бәйсейітоваларды да ұмыт қалдырмаймыз. Ақтоғай мен Үржар ертеден қоян – қолтық араласы бар, бір мақсат, бір мүддені көздеген өңір. Әсет бабамыздың тойын естіп, ақынның туған жерінен ел мен жердің сәлемін арқалап бір топ азаматтар келіп отырмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаты – елдегі тыныштығымыздың кепілі. Бабалар аңсаған баянды Тәуелсіздігіміздің арқасында өшкенімізді жағып, өткенімізді қайта тірілтуге мүмкіндік алып отырмыз. Береке – бірлігіміздің бүгінгі көрінісі – осы той. Қашанда тойсыз күні өтпейтін қазақтың байлығы да осы думанды күндер,-деді Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы мәслихатының хатшысы Рашид Әбеуов.
Ізгі тілекке толы құттықтау сөздердің соңы әсем әнмен көмкеріліп отырды. Келген қонақтың көңілін аулап, ауылдың алты ауызымен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Оларға жауап ретінде қонақ кәде жасағандар да аз болмады. Бүгінгі қазақ ақындарының атынан сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Үржар ауданының Құрметті азаматы Несіпбек Айтұлы Әсет шығармашылығы әлі де терең зерттелмей жатқанын айтып, ақынның заманы Тәуелсіздіктен кейін туғанын тілге тиек етті.
— Бабамыздың аруағы бүгін бір аунап түсіп жатқан шығар. Аты аңызға айналған арысымыздың бүкіл саналы ғұмыры шекараның арғы – бергі жағында өтті. Кіндік қаны бізде тамғанымен, тағдыр айдап, жат жерден топырақ бұйырды. Рухы бізбен бірге, Тарбағатайдың бөктерінде. Аспанда ұйып тұрған секілді. Әсет жайлы зерттелмеген қатпар –қатпар тың деректер алдағы уақытта жарыққа шығып, өсіп келе жатқан жастардың санасына, жүрегіне ізгілік нәрін себеді деп ойлаймын. Ендеше, бүгінгі той баршамызға қайырлы, құтты болсын. Осы тойдың өтуіне себепкер болып, ұйымдастырып, басы –қасында жүрген аудан әкімі Серік Зинабекұлына, оның жанындағы әріптестеріне, аудан халқына үлкен алғысымды айтамын, — деді от тілді, орақ ауызды ақын.
Ел құлағын елең еткізіп, еріксіз мойын бұрғызған аталы сөзді кешегі бандыны қуған Хамитті, аспандағы аққуға ән қосқан Біржан салды, турашылдығымен топ жарған Құнанбайды сомдаған Досхан Жолжақсынов айтты.
— Бүгін міне, әннің туын тіккен бабамыздың тойы тойланып жатыр. Бұл той бүгінгі ұрпақтың еншісіне бұйырған екен. Құдайға мыңда бір шүкір. Дей тұрғанмен, бұл той көрер көзбен естір құлақтан гөрі, көкірекке түйетіндей той болса екен деген ниетіміз бар. Бүгінгі көш шыны керек, руханият, рухани биіктігіміз осындай ұлы әнші, күйші, жазушыларымызбен өлшенеді. Осындай өлшемді заманына қарай көтерер ұрпақ бүгін дұрыс құлақ бұрауын келтірсе дейміз. Бұл тек зерттеліп қана қоймай, күнделікті ақпарат құралдарымызда, теледидарда жарнамалануы керек. Сондағы біздің айтарымыз не, тойдың ғибраты неде? Елбасымыз атап өткен рухани жаңғыруы бір бөлек. Қазақта руханият көмескіленбек емес. Өйткені біз әр кезеңде дәл осындай ұлыларымызды ұлықтап келе жатырмыз. Бірақ оның арттағы ұрпаққа берері не, біз осыған ерекше мән беруіміз керек сияқты. Ал тойдың осындай қасиетті өлкеде өтіп жатқанына, оның өтуіне мұрындық болып отырған көзі ашық, көкірегі ояу, бойында қазақылығы басым Серік Зинабекұлы сынды азаматтардың бар болғанына шүкіршілік айтамын. Сондықтан да тойымыз құтты болып, келешек ұрпаққа үлкен өсиет болсын, — деп түйді өз ойын Қазақстанның Халық әртісі.
Бұл кеште мәртебелі қонақтардың барлығына сөз тиді. Тіптен Әсет жайлы ыстық лебіздер қатары тойдың екінші күні Мақаншыдағы ақын ескерткішінің басында өткен шарада да толастаған жоқ.
— Бала кезімде Ұлытаудағы бір совхозға барып жүргенімде қойшы кісі Әсеттің қоштасуынан бір ауыз өлең айтты. Сондағы айтқаны:
Үйінде Ғафаридің жатып алдым,
Алмасты мүсәтір деп татып алдым.
Құдайдан тура келген ажалым жоқ,
Ажалды бес сом беріп сатып алдым, — дегені еді. Міне, бұл менің Әсет туралы естіген алғашқы мағлұматым болатын. Әсеттің тірісінде қағажуды көп көріп еді, әлі де көріп келе жатыр деп еді бір кісі. Сол рас сияқты. Аспанды әнге толтырған Әсеттің қадіріне әлі жетіп болғанымыз жоқ. Ардақтап болғанымыз жоқ. Мына 150 жылдық соған себепкер болып жатқан шығар. Әсеттің бізге жеткен азғантай әндерінің өзі қандай байлық, үлкен қазына. Олар бірі — біріне ұқсамайды. Ал Әсет әндерінің биіктігі, тереңдегі қазаққа құдайдың берген олжасы ғой. Әсеттің айтыстары қандай? Әсет пен Ырысжанның айтысы нағыз классикалық айтыс. Болмаса Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы дегеніңіз жауһар туынды. Екеуара айтысты әрине, өзі ауырып жатқан Кемпірбай шығармағаны анық, Әсеттің өзі жазғаны болар. Таңдайыңды қақтырады, басыңды идіреді. Әсет — тағдырлы адам. Әсеттің өмірбаяны қасіретті өмірбаян ғой. Сондықтан осындай әндер, жырлар шығып тұрған шығар. Әсет – қол жетпейтін асу. Созсаң қолың жетпейтін асудың тойы құтты болсын. Әсеттің тойы тарқамасын, жалғаса берсін. Сол Әсеттің қадіріне жетіп отырған ел жұртқа басымды иіп, тағзым етемін. Кешелі бері осы тойдың өтуіне себепкер болып отырған Серік Зинабекұлының еңбегін айтып жатырмыз. Шындығы сол, ел басқарған азаматтардың ел есінде, артында қалатын істері осы ғана. Басқа шаруашылық жұмыстар қазір қажет болғанымен, уақыт өте ұмытылып кетеді ғой. Мұны ақынын іздеген әкімнің Әсетке жасаған, қала берді халыққа жасаған құрметі деп білемін, — деді айтыс жанашыры Жүрсін ағамыз.
Дәл осындай ыстық ықыласқа толы сөзді Семейдегі Абайдың мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби – мемориалдық қорық музейінің директоры Болат Жүнісбеков те айтып, Құсмілия Нұрқасым ағамыз «Әсетке арнау — тойбастар» әнін тарту етті. Ескерткіш басына жиналғандар ақын рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды, естелік суретке де түсті. Соңынан біртуар өнер иесінің атындағы мұражайды аралап, ондағы құнды жәдігерлермен танысты.
— Әсет мұражайы ақынды әспеттеу, оны жарыққа шығару мақсатында құрылған еді. Негізінен тума талантты туған халқымен қайта қауыштыру жұмыстары өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастау алады. Мұражайға алғаш жиналған жәдігердің саны – 62 ғана еді. Ұлы Қожекенің, қызы Сәмөгейдің үйінен алынған, Әсеттің әйелі Тәтежанның, әнші заманындағы адамдардың ұстаған дүниелері мен бүгінде көзі тірі ақын ұрпақтарының тұтынған заттары біздің мұражай үшін құнды жәдігерлер болып отыр. Бүгінде мұражай мемориалдық тұрғыда ғана емес, әдеби – жазба үлгіде толығып, жәдігерлер саны мыңнан асып жығылды. Мұражайда алғашқы жылдары Әсет өмірі мен шығармашылығы бір ғана жерге топтастырылған болса, бүгінде оның аясы кеңіді. Бүгінде Әсет өскен орта, өмірі бір залды қамтыса, келесі бір зал әншінің Қытай жерінде өткен жерін қамтып отыр. Ал соңғы залымыз Әсет шығармалары, зерттелуі мен таралуына арналып отыр. Мұражай құрылғалы көптеген істерді атқарды. Мәселен, бізге жеткен ақын өмірінің тарихында Әсеттің қарындасы Әсекейдің болғаны жайлы ешкім білген жоқ. Мұражай 2003 жылы Әсекейге қатысты, одан өрбіген ұрпақ жайлы деректерді тауып отыр. Бүгінде ақынның жиендері Үрімжі қаласының маңындағы Фукаң ауданында тұрады. Ақынның дүниеден өткен жылы да біраз талас тудырған. Бірі 1922 жыл десе, енді бірде 1923 жыл дестік. Біз соңғы зерттеуімізде бабамыздың 1923 жылдың 24 шілдесінде дүниеден өткенін анықтап отырмыз. Бұл да соңғы жыл еншісіндегі зерттеуіміздің нәтижесі. Қазір ақынды көзімен көрген адамдар жоқ. Олар әлдеқашан дүниеден өтіп кетті. Сондықтан болар, көп дүниені Әсетке теңушілер көбейіп кетті. Біздің алдағы уақытта Құлжаға жасайтын сапарымыз басы ашық сұрақтарға жауап береді деген ойдамыз, — дейді Мақаншыдағы мұражай жетекшісі Әбен Разуев.
Мұражайды аралай жүріп Әсеттің тікелей ұрпақтарымен жүздестік.
— Әсеттің ұлы Қожекеден тараған бес бала қазір үлкен шаңыраққа айналды. Өсіп-өнді, ұрпағымыз жалғасып отыр. Әсет атамыздың ерекше дарынды қасиеттерінің бір пұшпағын бойыма дарытқан мен ғанамын. Маған атамның әншілігі қонған сияқты. Неге десеңіз, бала күнімнен әкем жанынан тастамай, ән салғызып, домбыра, гармонь тарттыратын. Сол арынмен мен мектеп бітіре сала Семейдің М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің вокал сыныбына түстім. Оқуды аяқтасымен 8 баланың ішінде жолдамамен консерваторияға жіберілдім. Алайда әкем Мақаншыдағы жаңадан құрылған Әсет ата атындағы «Інжу — маржан» ансамблінде ән айтуымды сұрады. Өзім опера әншісі едім. Негізі бір жыл ғана боламын деп келгем, алайда тағдыр мені осы туған өлкемде мәңгіге қалдырды. Осы жерде отбасын құрдым, келін атандым. Алдымда екі бірдей не отбасын, не өнерді таңдау тұрды. Мен ата–ана тәрбиесін көргендіктен өнерді жылы жауып қойып, отбасын таңдадым. Оған еш өкінбеймін, екі баланы дүниеге әкелген бақытты анамын. Атамның барлық әндерін жатқа білем. Бірақ қанша жерден білімді, опера әншісі болсам да оны орындай алмаймын. Атамның әндерінің әрқайсы өте жоғары биіктікті, тембрді, дауысты талап етеді. Оны жай ғана тұрып орындау мүмкін емес. Болашақта атамның бойындағы ерекше қасиеттер келешек ұрпағымыздың бойынан табылар деген ойдамын. Ал республика көлемінде аталып жатқан тойға келер болсақ, бұл біз үшін бір жағынан мақтаныш болатын болса, бір жағынан қорқыныш сезімін де сыйлайды. Қорқатыным – біз бұл сынды көтере аламыз ба, жоқ па міне, осында. Өз басым әнші атамның бүгінгі ұрпақтарының атынан елімізге, халқымызға, жерлестерімізге, аудан атқамінерлеріне, аудан әкімі Серік Зайнулдинге осы тойдың өтуіне белсене атсалысқаны үшін жүрекжарды алғысымды айтқым келеді, — дейді ақынның немересі Ләззат Қожекеқызы.
Бір бойында ақындық, әншілік, сазгерлік, орындаушылық қасиеттері астасып жатқан тұлғаның 50-ге тарта ән жазып, 20-дан астам айтыс құрып, 30-ға жуық қисса–дастандар мен 500-ге жуық өлең толғауларын халқына сыйлауы Әсеттің өз заманын қойып, бүгінгі өнерсүйер елдің өзі мойындаған іс екенін айтпасақ та түсінікті. Десек те шашасына шаң жұқпас тұлпардың шығармашылығы толықанды зерттеліп болды деп айта алмайсыз. Бұл жайында «Әсет шығармалары – дәстүр мен жаңашылдық» атты республикалық ғылыми–тәжірибелік конференцияда кеңінен айтылды. Екі сағатқа созылған конференцияда «Әсеттің әдеби мұрасының зерттелуіндегі өзекті мәселелер», «Әсеттің ән мұрасы», «Әсет әндері хақында», «Әсет Найманбайұлы шығармашылық ғұмырбаянының белгісіз беттері», «Әсет Найманбайұлы мұражайы тарихынан», «Әсет Найманбайұлы мұрасын музейлендіру» тақырыбындағы 9 баяндаманың өзі талант иесін толық тануға аздық еткені жасырын емес.
— Әсет жайлы деректерді жинаған адамдар өткен ғасырдың басында да болған. Мәселен, 1920 жылы Әбубәкір Дибаевтың басқаруымен Жетісуға, Лепсі, Қапал уезіне экспедиция шыққан. Сол экспедицияға Ілияс Жансүгіров те қатысқан. Сол сапарында Ілияс Әсеттің 2-3 өлеңін жазып алған. Соның ішінде «Арғынмын, Әсет атым, арындаған» деп басталатын әні де бар. Ол бүгінде әдебиет және өнер институтының сирек қолжазбалар қорында сақтаулы. Кейін 1924 жылы Сәкен Сейфуллин «Таң» журналына Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуын жариялады. Ал 1930 жылдары Әсетке қатысты көптеген материалдар шыға бастады. Алайда сол кездегі аумалы –төкпелі заманға байланыс-ты Әсет шығармашылығы біраз уақытқа жабылып қалады. Кейін 1968 жылы Балтабай Адамбаев пен Сейділда Ордалиев екеуі Әсеттің жұқа әрі кішкентай тұңғыш жинағын шығарды. Солай бола тұрса да Әсет шығармалары хрестоматияларға бірде кіріп, бірде кірмей қалып жүрді. Оның басты себебі – сол кездегі Қытаймен екі арадағы саясатқа байланысты ма деймін. 1988 жылы осы аудандағы Жарбұлақ ауылының тумасы, ғылым докторы Болатжан Абылқасымов Бексұлтан Нұржекеев екеуі Әсеттің шығармалар жинағын құрастырды. Әсет шығармаларына Тәуелсіздік алғаннан кейін көбірек көңіл бөліне бастады. Өзім 1992 жылы «Әсет Найманбайұлының әдеби мұрасы көркемдік, жанрлық, текстологиялық мәселелері» деген тақырыпта диссертация бекітіп, оны 2000 жылы жазып, қорғадым. Бірақ Әсет шығармаларында даулы тұстар өте көп. Оның басты себебі – сол замандағы әдебиет заңдылығына сәйкес. Оны қарапайым тілмен айтар болсақ, бір ақынның шығармасын басқа біреуге апарып телу. Міне, осы заңдылықты Әсет шығармалары да басынан өткерген. Біздің тағы бір ескерусіз қалдыратын дүниеміз – Әсеттің насихатшылдығы. Өйткені, Әсет Абайдың, Шәкәрімнің өлең, жырларын жүрген жерінде айтып жүрген. Сондықтан көпшілік ел Әсеттің аузынан естіген соң олардың авторы Әсет деп келген. Қытайдағы қандастарымыз арасынан Жұмаділ Маман, Зейнолла Сәнік, Асқар Иген сынды жзушы, қаламгерлер еңбегі ұлы дарын иесін тағы бір қырынан ашып көрсетуге септігі тиді. Тіптен, Қытайда «Бейжің» ұлттар баспасынан Әсеттің 2 томдық шығармалар жинағы да жарық көрді, — дейді филология ғылымдарының кандидаты, І.Жансүгіров атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, әсеттанушы Сайлау Қожағұл.
Әсет бабамыздың өмірі мен шығармашылығы, артына қалдырған мол мұрасы толыққанды ашылып, халыққа жетпей отыр десек те, ақынның шоқтығы биіктігі өткен ғасырдың өзінде –ақ айтылып кеткен. Мәселен, қазақ музыкасын зерттеуші белгілі ғалым, әйгілі компазитор Ахмет Жұбанов: «Орындауы келіссе, Әсет әндері қазақ сахнасының төрінен көрінеді» десе, Әсетті алғаш көріп тыңдаған Ілияс Жансүгіров: «Біздің, бізге жақын замандарда атын естіген әншілеріміз: Біржан, Ақан, Әсет, Мұхит, Естай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Ыбырайлар болса, осылардың әндері деген әннің өзі де бір – бірінен бөлек-бөлек жатады. Айталық, Біржан аспанға өрлеп, даурығып салады. Әсет аспанға да өрлейді, жерде де жорғалайды… Бұлар дала музыкасының әрі актері (салушысы), әрі авторы (шығарушысы). Бұлардай ойдан ән салушы енді жоқ. Ендігі жерде ел әнін тыңнан салушыны есту қиын болар» деп пікір білдірген. Конференцияда әншінің сан қырлылығы ашып айтылып, жеке –жеке талдау жасалды. Тіптен, арынды ақынның Қытай жеріндегі өмірі, шығармашылығынан жинақталған соны деректер мен кітап болып басылып шыққан жинақтары жайлы ақпаратты Қытай тұратын қандас жазушы Асқар Иген баяндап берді. Конференция аясында Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин сөз алып, Әсет тойымен барша жұртшылықты құттықтаған облыс әкімі Даниал Ахметовтің құттықтауын оқып берді. Аймақ басшысы торқалы тойға тарту ретінде мақаншылықтарға 320 орындық жаңа мектептің құрылысын сыйлағаны жайлы осы жерде де айтылды. Осыны естігенде зал толы халық шу ете қалды.
Дауылпаз ақынның Үржар, Мақаншы өңірінде өмір сүріп, баға жетпес құнды туындыларын осы жерде дүниеге әкелгенін екінің бірі біледі. Сондықтан болар, ел аузынан Әсет жайлы түрлі деректерді жиі естіп жатамыз. Бабамыздың торқалы тойы қарсаңында Мақаншыдағы Әсет мұражайы бөлімінің жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Әбен Разуев «Әсетті танып білдік пе?» атты кітап жазып шыққан. Кітапта ақынның ата-тегінен бастап, отбасы, ұрпақтарына дейінгі мәліметтер, зерттеулер мен естеліктер, Әсеттің белгісіз әндері мен өлеңдері, Әсеттану, ақын рухына арналған жергілікті және өзге ақын, әншілердің өлең –жырлары, әуезді әндері енгізілген. Мұқабасы қалың, 253 беттен тұратын құнды кітаптың жарық көруіне осы ауылдың тумасы, белгілі меценат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед мырза демеушілік жасаған. Кітаптың таралымы мың дана. Бұл да елін сүйген азаматтың ақын тойына қосқан сүбелі еңбегі деп білеміз. Танымдық тағылымы мол конференция соңы «Ән салсаң Әсеттей сал, әуелетіп» атты мерекелік концертіне ұласты. Мақаншы ауылдық мәдениет үйінде өткен концертке ҚР еңбек сіңірген әртістері Секен Тұрысбеков, Гүлнар Дәукенова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Қажымов, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманов, «Астана опера» театрының солисті Махмұт Тойкенов, аудандық «Інжу маржан» халық аспаптар оркестрі, «Дедімай — ау», «Інжу» ансамблдерінің өнерпаздары өнер көрсетті.
Той көрігі ақындар айтысында қызды. Бабалар көзі мен сөзі болған айтысты қайта тірілтіп, елмен қайта қауыштырған қара нар Жүрсін Ерман бастап келген 14 ақын шұрайлы сөзден жыр төкпелеп, көрерменнің делебесін қоздырды. Республикалық айтысқа Қарағандыдан Мақсат Аханов, Аягөзден Қазыбек Байжұманов, Ақсуаттан Серік Қалиев, Астанадан Иранғайып Күзембаев, Әсем Ережеқызы, Үржардан Серікбек Туғанов, Керекуден Аспанбек Шұғатаев, Алматыдан Рүстем Қайыртай, Қанат Мырзахан, Ринат Зайытов, Тараздан Аруна Керімбек, Рай Дөңбаев, Қызылордадан Ержеңіс Әбдиев, Шиеліден Мейірбек Сұлтанхан сынды сөз сүлейлерінің қатысуы Әсет бабамыздың 150 жылдық мерейтойы мәртебесін одан әрі аспандата түсті. Төрт сағаттан артық уақытқа созылған айтыста әр ақын еркін көсіліп, Әсет ақынның тойын, шығармашылығын ғана сөз етіп қойған жоқ, бүгінгі ел мен жердің жайын да ұмыт қалдырмады. Жарасымды әзілдер мен ұтымды ұтқыр ойлар ақындарға дем беруші көрерменнің көңілінен шығып жатты. Айтыс қорытындысы бойынша, әділқазылар алқасының шешімімен жүлделі үшінші орын Әсем Ережеқызы, Мейірбек Сұлтанхан, Аспанбек Шұғатаев сынды 3 ақынға беріліп, әрқайсына 500 мың теңгеден жүлде табысталды. 2 орынды қарағандылық Мақсат Аханов жеңіп алып, 700 мың теңгені иемденді. Ал бірінші орын мен жүлдеге тігілген 1 млн. теңге белгілі ақын Ринат Зайытовқа бұйырды. Әсеттің 150 жылдық тойында астаналық Иранғайып Күзембаевтың жұлдызы оңынан туып тұр екен. Жас ақын айтыс-та бас жүлдеге ие болып, «Лада гранта» автокөлігін тақымына басты.Бұдан бөлек ақындар айтысын ұйымдастырып оған төрелік ететін қазылар алқасына Үржар ауданы әкімінің алғыс хаты мен айтысқа белсене қатысқан ақындарға ақшалай сыйлық табыс етілді.
Қас қарая Мақаншы ауылдық мәдениет үйінің жаздық сахнасында аудан өнерпаздарының қойған гала концерті өтіп, қасиетті өлкенің аспаны әуезді әнге тұнып тұрды.
Тойдың үшінші күні жиналған ел Жайтөбенің етегіндегі атшабарға қарай бет алды. Бұл жерде қазақ күресі мен теңге ілу жарысы өту жоспарланған. Теңге ілуге 10 спортшы қатысып, қарабұлақтық епті жігіт Құрманғазы Диқамбаев бәрінен озып шығып, жүлдеге тігілген тоңазытқышты ұтып алды. Ел назары теңге ілуге ауған шақта атшабардың екінші бұрышында балуандар белдесуі басталып та кеткен еді. Боз кілемге бұла күші тасыған 16 балуан шығып, кім мықтыны анықтауға кірісті. Араларында «Қазақстан барысы» жобасының жеңімпазы Мұхит Тұрсынов пен жүлдегері Руслан Әбдіразақов бар. Тартысқа толы белдесулерде 3 – орын үшін мақаншылық Дәулет Мақабаев пен Мұхит белдесу керек болатын, бірақ семейлік балуанның ескі жарақаты сыр беріп, жүлде Дәулеттің еншісіне тиді. Дәулет ұйымдастырушылар тіккен теледидарға ие болды. Тойдың түйе балуаны үшін өткен финалда Руслан Әбдіразақов пен Қарабұлақ ауылының тумасы, белгілі балуан Саят Шәмшиев қарсылас атанып, ұпай санымен кілем қожайыны жеңіске жетті. Осылайша, Әсет Найманбайұлының 150 жылдық тойының түйе балуаны атағын Саят Шәмшиев жеңіп алды. Саят бұл атақпен бірге «Лада Гранта» автокөлігінің иесі атанды. Ал Русланға тоңазытқыш бұйырды.
Тойдың сәнін келтірер бәйгені де үржарлықтар жоғары деңгейде ұйымдастырды. Сол үшін жаңа атшабар салып, оның барлық талаптарға сай болуын кірпік қақпай қадағалады. Тіптен, сақтық шаралары, бұра тартушылыққа жол бермеу үшін арнайы бейнебақылау мен фото түсірілімдер жасалды. Жарыс жолына алдымен 7 жарым шақырымға шапқан құнандар шықты. 26 жүйрік қатысқан бұл топтан Үржар ауданының Жаңа Тілек ауылының тұрғыны Ерғазы Имашевтің қосқан жүйрігі озып келді. Екінші орынды науалылық Қанат Турлиннің, үшінші орынды аягөздік Талған Толқынбайдың құнандары еншіледі. Жүлдегерлерге тоңазытқыш, теледидар, газ пеші табысталды. Топ бәйге 15 шақырымға жіберіліп, оған 28 сәйгүлік қатысты. Жүлдегерлер қатарынан қараталдық Әлихан Қонаевтың, аягөздік Талған Толқынбайдың, талдықорғандық Жеңіс Смаиловтың жүйріктері көрінді. Оларға да тоңазытқыш, кір жуғыш машинасы, теледидар берілді. 7 жарым шақырымға жіберілген жорға жарыста 31 аттың ішінен қарабұлақтық Серікқали Ішпекбаевтың, мақаншылық Төлеген Жирентайдың, келдімұраттық Ерғали Оспановтың қосқандары үміттерін ақтады. Аламан бәйге 25 шақырымға жіберілді. 10 айналымнан тұрған жарыстың алды болып талдықорғандық Жеңіс Смаиловтың «Бұрқан» есімді жүйрігі алдына қара салмады. Топтан озған Бұрқан науалылық кәсіпкер Ержан Рахметовтің тойға тіккен «Нива» автокөлігін ұтып алды. Автокөліктің кілтін «Нұр Отан» партиясы ШҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов табыс етті. Жүлделі екінші орын тағы бір талдықорғандық Ербол Сәдуақасовтың «Атаман» есімді тұлпарына бұйырды. Ал үшінші орын қараталдық Әлихан Қонаевтың «Кербез» атты жүйрігіне тиді.
Бәйге бітісімен ақын ұрпақтары мерейтойға келген қонақтарға ас берді. Осылайша, Үржар, Мақаншы өңірін дүбірге толтырған Әсет тойы да өте шықты. Сөз соңында айтарым, соңғы 25 жылда біздің елде дәл осындай ауқымда үлкен той өтпепті. Әлі есімде 1991 жылы Үш Жүздің хан батыры Қаракерей Қабанбайдың 300 жылдық тойы аталып өткен болатын. Сәні мен салтанаты жарасқан сол тойдан кейінгі думанды күндердің жалғасын Әсеттің 150 жылдығын да көрдік. Той – халықтың қазынасы. Ендеше, бейбіт заманда базарымыз тарқамасын. Ұлыларымызды ұмытпай, дәріптеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыра берелік. Әсет тойының дүбірі талай жерге жетіп, талай жерде жыр болып айтылар.
Ермек ИСАБАЕВ, «Семей таңы»