Сәрсенбінің сәтінде Семей қаласына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов кезекті жұмыс сапарымен келді. Аймақ басшысы бұл жолғы сапарында қаладағы бірнеше әлеуметтік нысандар жұмысымен танысып, қалалық әкімдікте өткен жиынға қатысты. Әуежайдағы жөндеу жұмыстарынан бастап, қаланың қысқы маусымға дайындығын пысықтаған өңір басшысы шаһар тынысына тың серпін береді деп жоспарланып отырған «Өндіріс» индустриялды аймағына да аялдады. «Қарағайлы» шағын ауданындағы құрылыс қарқынын көзімен көрген Даниал Кенжетайұлы өңірлік онкологиялық диспансердің және Ертіс жағалауындағы көркейту, көгалдандыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сапар соңын қала активінің кеңейтілген кеңесінде қорытындылап, жергілікті атқарушы билік алдына тың тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімі алдымен Семей әуежайында жүргізіліп жатқан ұшып – қону алаңы мен аэробекет құрылысымен танысты. Әуежайдағы бұл жұмыстарды жаңғырту ісіне арнайы жоба қабылданып, ол 2016-2018 жылдарға бекітілген болатын. Оған жұмсалатын қаржы құны 10 млрд. теңгеден асады. Жоба қолға алынғалы атқарылған шаруалар аз емес. Мердігер мекеме өзіне міндеттелген жұмыстарды атқаруда. Қазірдің өзінде ескі ұшып –қону алаңын бөлшектеу мен жолақтарды қайта құю аяқталған. Жауапты мамандар атқарылған жұмыстың әрбір кезеңі арнайы зертханалардың тексеруінен өтетінін алға тартты.
— Әуе көлігі арқылы қатынайтын жолаушылар қауіпсіздігі біз үшін бірінші орында. Сол үшін тексеру, бақылау жұмыстарына атүсті қарай алмаймыз. Әр маман өз ісіне жауапты. Мәселен, жолаққа бетон құяр болсақ, оған сынақ міндетті түрде жүргізіледі. Сынақ мерзімі де аз уақыт емес. Ол 7 және 28 күндік болып екі мерзімге жасалады. Оған қосымша сынақ жүргізетініміз тағы бар. Алғашқы күндері құйылған бетонның беріктігіне қатысты біраз сұрақтар туындаған, алайда ол қазір шешілді. Енді оның иілгіштігі тексерілуде. Жолақты нығыздау жұмыстары үшін салынатын топырақтың жер үсті қабаты да жеке–жеке алынып, тексе-рістен өтеді. Бүгінгі таңда осылардың барлығы белгіленген стандарттарға сай деп толық сеніммен айта аламын, — дейді зертхананың жетекші маманы Ирина Чеглинцева.
Семей әуежайын қалпына келтіру жұмыстарымен отандық мамандардан бөлек шетелдік компания өкілдері де айналысып жатқаны баршамызға белгілі. Олардың атқарған жұмыстарының қорытындысын келер жылы көретін боламыз. Әуежайдың ұшып–қону алаңын аралай келе, облыс әкімі олардың да атқарып жатқан шаруаларына қанықты.
— Жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілді, барлығы орындалды. Мен осы жердегі қайта қалпына келтіру жұмыстары келер жылдың маусым айында аяқталатынына сенімдімін. Сол арқылы жолаушылар қауіпсіздігіне толыққанды жауап беретін 3 А дәрежелі әуежайдан қала мен жақын маңдағы аудан тұрғындары қалаған жақтарына еш алаңсыз сапарға шыға алады деп сенемін. Жаңа әуежай Семейді және қалаға қарасты өңірдің 40 жылдық түйіткілді мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Семей еліміздің рухани орталығы болудан бөлек, туристік әлеуеті күшті қалалардың біріне жатады. Шаһар аумағында киелі жерлер көп. Оған Абай, Достоевский, Невзоровтар отбасы атындағы мұражайлардың бар екенін ескерсек, рухани азық алу үшін басқа қалалар мен өзге мемлекеттерден келетіндердің саны аз болмауы тиіс. Сондықтан келер жылы семейліктер тағы бір кезекті инфрақұрылымға қол жеткізеді деп нық сеніммен айта аламын, — деді Даниал Ахметов өз сөзінде.
Әуежай басындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, жауапты тұлғаларға кезекті тапсырмаларын жүктеген Даниал Кенжетайұлы қала экономикасына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындары ашылады деп көзделген «Өндіріс» индустриялды аймағында болды. Әзірге бұл аймақта алты жоба қолға алынған. Солардың бірі – тежегіш қалыбын шығарумен айналысатын «Игеру» ШҚ» ЖШС. Серіктестік жетекшісі Ғаббас Ибраевтың сөзіне қарағанда, шойын жолға қажетті сайман, бөлшектерді шығаруға зауыттың күші жеткілікті көрінеді. Жалпы индустриялды аймақта инженерлік әрі электр желілерімен қамтамасыз етілген әкімшілік ғимарат бар. Дегенмен, әлі де 60 гектардан астам жер бос жатыр. Білуімізше, бұл жерлер жобаға қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлерді күтуде.
Осыдан біраз уақыт бұрын Семей үшін жылу жылдағы жырға айналғанын екінің бірі ұмыта қоймаған шығар. Сары аяз қысқанда, пәтердегі жылу «жыларман» күйге түсуші еді. Оның үстіне қаланы жылумен қамтамасыз етеді деген ескірген жылу қазандықтары шетінен істен шығып, шарасыздық танытатын. Алайда бұл мәселе де Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей араласуымен шешімін тапты. Қазір қала қандай аяз болса да «қыңқ» демейді. Семей тарихында жаңа жылу электр орталығы салынып, сол жағалауды қыстағы қыспақтан толықтай құтқарды. Кезекті жылу маусымы қарсаңында облыс әкімі шаһарымыздағы бірнеше жылу қазандықтарында болып, олардың қысқа дайындығын тексерді. Қазір Семейдегі №1 ЖЭО мен РК-1 қазандығындағы қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталу алдында тұр. Олардағы қалған жұмыстарды толықтай аяқтау үшін 4 млрд. теңгеден астам қосымша қаражат керек. Осыны ескерген қала және облыс басшыларының ендігі көздеген мақсаттары қалпына келтіру жұмыстары жобасы қолға алынған РК-3 қазандығында болып отыр. Аталмыш қазандық «Қарағайлы» атанған жаңа шағын ауданды толықтай жылумен қамтиды.
Әкім жылу орталығы мен қос қазандыққа жасаған сапарын Семей келбетіне өзгеше әр беретін «Қарағайлы» шағын ауданында жалғастырды. Қара-ғайлыда қызған еңбек, қайнаған тіршілік. Қала бойынша құрылыстың негізгі бөлігі осы ауданда жүруде. Бас — аяғы 2-3 айдың ішінде көпқабатты бірнеше үйдің көтерілгенін көріп, өзіміз де таңғалып қалдық. Жақын арада осы ауданда мемлекеттік — жекеменшік әріптестік қаржысына 320 балаға арналған бала-бақша құрылысы басталмақшы екен. Құрылыс компаниясы өкілдерімен жүздескен Даниал Ахметов атқарылған шаруаға ризашылығын білдірді. Дегенмен, ескертулер жасауды да ұмыт қалдырмады. Әрине ескерту, құрылыс компанияларына емес, құрылыс материалдарына қатысты. Семейге бұған дейін жасаған сапарында «Қарағайлы» жаңа аудан болатындықтан, онда салынатын үйлерге қажетті кірпіштің түрлі–түсті болғанын, сол арқылы шаһар ажарына ерекше сән енгізу керек екенін тапсырған еді. Берілген тапсырманы құрылысшылар мүлтіксіз орындағанымен, салынған кірпішке сын айтылмай қалмады. Неге десеңіз, көпқабатты үйдің астыңғы қабатына пайдаланылған көк түсті кірпіш уақыт өте келе түсін жоғалтып, ағара бас-тайды екен. Көзге ұрған кемшілікті бірден байқаған аймақ басшысы компания өкілдеріне сапалы кірпішті өзге өңірлерден, тіптен, Ресейден тасымалдауға рұқсат беретінін айт-ты. Әкім бұл әрекетін біз жергілікті кәсіпкерлердің табыс тауып, кәсіптерін дөңгелету үшін барлық жағдайды жасап отырмыз, дегенмен, олар бірінші кезекке сапаны қою керектігін ұмытып кетеді. Ал біз үшін сапа ерекше маңызға ие. Егер олар бәсекелестікке қабілетті болмаса, амал жоқ, өзге кәсіпорындармен жұмыс істеуге мәжбүр екенін түсіндірді. Бұдан бөлек әкім балабақша мен алдағы уақытта іргетасы қаланатын «Абай Арена» композициясымен үйлесім табатын көпқабатты үйлерді алдымен салуды ұсынды.
Семей өңірлік онкологиялық диспансеріне атбасын тіреген әкім медицина мекемесіндегі түйткілді мәселенің қалай шешіліп жатқанына назар аударып, істің барысына қанықты.
Биыл қаланы көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Қала көшелері жылдағыдан гөрі гүлге көмкеріліп, көрер көзге жақсы әсер сыйлайды. Семейдегі тұрғындар көп жиналатын бірнеше алаңдар мен аллеялар, Ертіс жағалауы ерекше кейіпке енді. Егер бір ғана Ертіс жағалауын айтар болсақ, жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, субұрқаққа жүргізіліп жатқан жұмыстар аяқталуға шақ қалды. Дегенмен, әкім көңіліне жекелеген жүгіру жолағының жоқтығы мен Street workout жүйесі ұнамайды. Сол себептен Даниал Кенжетайұлы жауапты мекеме басшыларына жеке жүгіру жолағын ойластырып салу мен Қарағанды да өндірілетін Street workout –тан гөрі іргедегі Өскеменнен сапалы өнімге назар аударуды ескертті. Жағалауда қаланы көркейту, абаттандыру жұмыстарымен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Әленов таныстырды.
— Қаланы көркейту, абаттандыру жұмыстарында ауқымды 8 жоба қолға алынған. Соның ішіндегі ең үлкені – дәл осы біз тұрған жағалау. Сіз берген тапсырмалар кезегімен орындалуда. Жағалауға көрік беретін субұрқақты 30 қыркүйекте іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жағалаудың төменгі жағына 700 метрге брусчатка төселсе, жоғары жағына көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Негізінен Семейде өндірілетін неолиттік материалдардан 5 баспалдақ салынды. Біз бұл материалды цемент өніміне қарағанда ұзаққа шыдайды деген ойдамыз. Балалар үшін алаңқай жасадық. Жалпы, дәл осындай балалар алаңы қаланың өзге 7 жеріне орналасатын болады. Осы бағыттағы жұмыстар теміржол вокзалы маңы, Әуезов алаңы, Ауған жауынгерлеріне арналған ескерткіш маңы, 72-ші ықшам ауданда, Невзоровтар отбасы мұражайы алды мен орталық алаңдағы субұрқақта қосымша жүргізіліп жатыр, — деді бөлім басшысы Марат Әленов.
Сапар соңы қалалық әкімдікте өткен кеңесте қорытындыланып, Семей қаласы әкімінің орынбасары Николай Ушаковтың есебі тыңдалды.
— Алдағы жылу маусымында қалаға қарасты №1 ЖЭО мен 16 қазандық тұрақты жұмыс жасап тұруы үшін барлық қажетті жұмыстар атқарылды. Кеткен кемшіліктер мен қателіктер түзетілді. Бүгінге дейін ол жерлердегі дайындық 95 пайызды құрайтын болса, жылу жүйелерінің дайыны 96 пайыз. Жылу қазандықтарына қажетті көмірді жеткізу үшін «Қаражыра» ЖШС-мен екіжақты келісімшарт жасалды. Жылу қазандықтарына алғашқы көмір 21 тамыздан бастап әкелінді. Мәселен, №1 ЖЭО қоймасында 50 мың тонна көмір бар. Қала бойынша бір қабаттан жоғары 1421 үй бар болатын болса, олардың 1069–ы орталық жылу жүйесіне қосылған. Міне, осы үйлердің 81 пайызы, яғни, 865 –і жылуды қабылдап алуға толықтай дайын. Оларға қажетті көмір қоры 10 628 тоннаны құрап отыр. Көмірді жеткізіп беру үшін конкурс өткізілді. Келісімшарт жасалып, 5962 тоннасы тасымалданды. Денсаулық сақтау мекемелері де қысқа 100 пайыз дайын. Бір сөзбен айтқанда, қала алдағы жылу маусымына тыңғылықты дайындықпен келіп отыр, — деді Николай Ушаков.
Қала әкімінің орынбасары бұдан бөлек қала көлемінде жүргізіліп жатқан құрылыс, жол жөндеу жұмыстарына да тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, құрылыстың басым көпшілігі 47 гектар аумақты алып жатқан «Қарағайлы» шағын ауданында жүргізіліп жатыр екен. Болашақта бұл ауданда көпқабатты 100-ге жуық үй салынады. Ауданда үйден бөлек әлеуметтік маңызы зор нысандар бой көтеріп, мектеп, балабақша, спорт кешені құрылысы да қарқын алмақ. Қазірдің өзінде 513 пәтерлі 9 қабатты 6 үйдің құрылысы жанданып тұр.
— Биыл қала көшелерін жөндеуде үлкен көрсеткіштерге қол жеткіздік. Осы мақсатта 1 млрд. 260 млн теңге бөлінді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 553 млн. теңгеге артық. Бөлінген қаржы есебінен қала орталығындағы М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Мұхамедханов, Б.Мо-мышұлы, Шмидт, Абай, Ж.Шәйжүнісов, Шәкәрім даңғылы сияқты 8 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бір ғана Шәкәрім даңғылына 904 млн. 942 мың теңге бөлінді. Бүгінгі таңда қала көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 290 млн. теңге бағытталды. 1 қыркүйекке дейін қала бойынша 70-тен артық көше жөндеуден өтті, — дейді қала әкімінің орынбасары.
Бұдан кейін сөз алған Даниал Ахметов Семей қаласы үшін табысты жыл екенін айтып, шаһарды көркейту, көшелерді жөндеу бойынша ілкімді істердің атқарылғанын атап өтті. Дегенмен, қаланың дамуы, көркеюі бір ғана адамға байланысты емес, көп болып жұмыла еңбек еткенде көрінетінін еске салды.
— Жерлестерімізде белсенді өмірлік ұстанымы болуы керек. Біз Семейдің көрікті әрі әдемі болғанын бәріміз қалаймыз. Бұл жерде сырттан қарап, «мынау былай емес, былай болғаны дұрыс, мынау қате, неге осылай етпес-ке» деп арзан ақыл қосып, қол қусырып қарап отыратындардың түкке қажеті жоқ. Бұл ескіліктің сарқыты. Заман қазір оны көтермейді. Егер ортақ үйіміз сұрықсыз болмасын десек, келіңіздер, бірлесіп жұмыс жасайық. Тасадан тұрып тас атқанды қоялық. Бұл жерде атқарушы билік, қоғамдық кеңес, түрлі дәрежедегі халық сайлаған депутаттар бар. Бірлесіп жұмыс істеңіздер, кеткен кемшілік болса түзетіңіздер. Біз биыл алғаш рет қыс маусымына уақытында әзір болып отырмыз. Дегенмен, бұл да мені қуанта алмайды. Өйткені 15 қыркүйекке дейін дайындық құжаты толықтай әзір тұруы керек. Мемлекеттік субсидия арқылы берілген 2 млрд. теңгеге ағымдағы жылы жылу трассалары жөнделетін болады. Қосымша тағы 2 млрд. теңгеге су желісін қалыпқа келтіреміз. Осы арқылы алдағы 5 жылдың ішінде біз толықтай қаланың инфрақұрылымын жақсартамыз. Семей жаңа қалыпқа енеді, өзгереді. Осыған байланысты басшыларға қойылатын талап та күшейеді. Тағы бір ерекше атап өтерім – Семей соңғы рет жаз маусымында ыстық сумен 1997 жылы қамтамасыз етілген. Арада 20 жыл өтті. Енді бұл іске де нүкте қоятын кез келді. Біз №1 ЖЭО-ғы қазандықты ауыстыруға және РК-1 негізгі жұмыстарды аяқтауға қаражат бөлеміз. Оның негізінде қуаты 12 мегаватт болатын турбинаны іске қосамыз. Ал келесі жылы №1 ЖЭО- да дәл осындай қуат көзі қосылса, сатып алынған электр энергиясын қолданбаймыз. Ал үнемделген қаражат жазды күні қалалықтарды ыстық сумен қамтамасыз етуге жұмсалады. Қаланы көркейту, көгалдандыру жұмыстарына көңілім толады. Әрине бұдан да жақсы етіп жасауға болар еді. Абаттандыруға 600 млн. теңге бөлінді. Қала тарихында болмаған 23 шақырым жол жөнделді. «Гордорстрой» мекемесі өз жұмысын тиянақты орындап шықты. Келер жылы тағы қосымша 25 шақырым жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Менің ойымша, Семейде жөнделмеген жол қалмайтын сияқты. Құрылыс өз деңгейінде жүргізілуде. «Қарағайлы» шағын ауданында болып, атқарылған жұмыстармен таныстым. Жаман емес, жекелеген тапсырмалар берілді. Құрылысшылар алдағы уақытта оны ескеретініне күмәнім жоқ. Қала өсіп келеді. Ал қала өскен сайын, жұмыста жандана беруі керек, — деді жиынды қорытындылаған Даниал Ахметов.
P.S Айтпақшы, әкім өз сөзін аяқта-ғаннан кейін, жиналған қала белсенділеріне «Маған қояр сұрақтарыңыз бар бар ма»,- деп сауал тастады. Отырғандар ортасынан өзін қоғам белсендісімін деп таныстырып жүрген Николай Исаев суырылып шығып, ананың басын бір шалып, мынаның басын бір шалып, әлденені сөз қылды. Мұқият тыңдаған аймақ басшысы сауал жолдаушыға «Сіз қайда тұрасыз?» деп қарсы сұрақ қойғанда «В Семипалатинске» демесі бар ма? Даниал Кенжетайұлы: «Жоқ, сіз Семейде тұрасыз. Бұл — маңызды мәселе. Қайталап айтамын, сіз Семейде тұрасыз» деп қайтара есіне салды. Өзгені қайдам, өзіме ұнағаны әкімнің «сіз Семейде тұрасыз» дегені болды. Расымен, Семипалатинск деген атаудың тарих қойнауына кеткенін Исаевтың әлі күнге білмейтіні ме? Білмейді емес, әрине, біледі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қала атауына қатысты өзі қол қойған Жарлығының күшіне енгеніне де 10 жылдың жүзі болды емес пе? Жасыратыны жоқ, Алаштың рухани астанасының атын бұрмалайтындар әлі де көп. Десе де, облыс басшысының ескерте айтқан сөзі жиын аяқталмай жатып әлеуметтік желілерге тарап кетіпті. Оны да көз көрді. Бұл еліміздегі өзге ұлтты өзекке тебу емес, керісінше, баршамызға ортақ өз қаламызды сыйлауға бет бұрғызу деп түсінгеніміз жөн. Төрелігін ел айтсын!
Ермек ИСАБАЕВ, «Семей таңы»