Мен — Тәуелсіздіктің құрдасымын. Біз балабақшадағы тәрбиеден бастап, мектепте және жоғарғы оқу орнында білім алу барысында Тәуелсіздік ұғымын, оның тарихи, әлеуметтік мәнін жадымызға сіңіріп өстік. Тәуелсіздік-бұл әрине ой-сананың еркіндігі. Тәуелсіздік-бұл әркімнің азаматтық бостандығы. Конституциямызда белгіленген адамға тумысынан берілетін өмір сүру кепілдігі.
Діни наным-сенім бостандығы, демократиялық сөз бостандығы тағы да басқа еркіндіктерді таңдау екендігін жақсы білеміз. Ал осындай еркіндікке ұлт ретінде қалай жеттік. Біздің әке-аналарымыз, ата-әжелеріміз, ұлы бабаларымыз қазір біз өмір сүріп жатқан жарқын болашақ үшін қандай қиыншылықтар көріп, тар-жол тайғақ кешкендігі туралы аз ойлайтынымыз, тіпті оны білуге аса құштарлық танытпайтынымыз да жасырын емес. Тәуелсіздік бұл киелі ұғым. Кешегі Алаш қозғалысының басында жүрген Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін» деп жырласа, бүгін Елбасымыз «Болашақ тек жастардың қолында» деп үлкен сенім артып отыр.
Тәуелсіздік – бұл біздің өз еркімізше білім алып, өзіміздің сүйікті ісімізбен шұғылданумен қатар қазақ елінің ертеңі үшін, болашақ өз ұрпақтарымыз үшін де қолымыздан келгенінше бұдан да жақсы тұрмысты қамтамасыз етуге берілген мүмкіндік. Ондай мүмкіндікке жетудің алғы шарттары оқу, білім, ғылым үйрену, еңбек-қорлық, өз ісіңе деген кәсіби сүйіспеншілік. Рухани жағыңнан толысып кемелдену. Ол үшін ұлтыңның тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениеті мен өнерін білу, тілін, дінін құрметтеу басты өлшемге айналуы қажет деп ойлаймын.
Медет КӘДІРБЕКОВ,
Тарбағатай колледжі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Бесқарағай
Маңызды жоба жүзеге аспақ
Бесқарағай ауданына қарасты Канонерка тірек ауылының бүгінгі тірлігі ерекше атап өтерліктей. Тірек ауылдарын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысында ауылда көптеген оңды істер тұрғындар күшімен іске асырылып, өз нәтижесін беруде.
Әсел ҚАСЫМҒОЖИНА,
«Семей таңы».
Ауылдың әлеуметік — экономикалық жағдайына серпін беретін «Isun Plast» ЖШС пластик құбырлар дайындайтын жобасының негізінде жүйелі жұмыстар бұл күні мықтап қолға алынуда. Жобаның бас директоры Арман Жақиянов және оның серіктесі Арман Иман-ғазин сынды белсенді екі азамат бірлесе осы күні өз қаржыларына пластикалық құбырлар шығаратын зауыт салуда. Арман Жақиянов Бесқарағай ауданының тумасы, мамандығы бойынша орман шаруа-шылығының инженері. Ерекше айта кететін жайт, қос Арман тек іскер-ліктегі серіктестер ғана емес, өмірдің ыстық — суығын бірге көрген достар.
Олар ұсынған күрделі жобаның жалпы құны 68 миллион теңгені құраса, осы күні аталған қаражаттың 58 миллионы игерілген екен. Кәсіпкерлер ойға алған жоспарларын жүзеге асыру үшін көп тер төккендіктерін де жасырмады. Арман Жақиянов құбыр шығаратын құрылғыларды таңдап, Қытайда бір жарым жылдай болған. Қытай елінің 20-дан астам құбыр шығаратын кәсіпорындарын аралап, Шанхай қаласынан өзіне қажетті қондыр-ғыны 140 мың АҚШ долларына сатып алғандығын айтады. Зауытқа шикізатты, аз қысымды полиэтилен түйіршектерін Татарстан және Оңтүстік Кореядан алатын көрінеді. Себебі, мұндай шикізат біздің еліміз-де әлі шығарылмайтын көрінеді.
Өндіріс орнына ыңғайлы аумақты Канонерка ауылынан тапқан екі дос біршама жылдардан бері қаңырап бос тұрған қос қабатты ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, ішіне құбыр шығаруға қажетті құрал-жабдықтарды орнатып қана қоймай, құрылғыны сынақтан өткізіп, алғашқы құбырларын дайындап көріпті. Канонерка күре жолдың бойында орналасқан ауыл болғандықтан, кәсіпорынның орналасқан жері де ыңғайлы. Оның үстіне бұл ауыл Семейге де жақын. Алдағы уақытта өнімдерін тасымалдауға, тұтынушыға жет-кізуге қолайлы деуге болады. Кәсіпорынды қамтамасыз ететін жеке инфрақұрылым да қарастырылған. Ауыл тұрғындарымен арада электр энергиясына қатысты мәселе туындамауы үшін бөлек жоғары кернеулі желі тартылып, су құбыры да жүргізілген.
-Құрылыс жұмысы басталған кезде жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселе зауыттың экологияға тигізер кері әсері бар жоқтығын анықтау еді. Қалдықсыз жұмыс жасайтын құрылғы болашақта тек электр қуатын ғана тұтынады. Кәсіпорынға қажетті шикізат шеттен әкелінетін болады. Өндірісте талапқа сай дербес су тазарту жүйесі де құрылған. Ауыл тұрғындарының алаңдауларына еш негіз жоқ. Бесқарағай ауданында өнеркәсіп саласына серпін беретін алғашқы өндіріс орны болмақ. Бұрын барлық жерлерде темір құбырлар пайдаланылғанымен, заманауи үрдіске біздің де көшкеніміз жөн деп ойлаймын. Себебі, пластик құбырлардың тиімділігі сол, елу жылға дейін пайдалануға болады. Аязды күндері ішіндегі суы қатып қалған жағдайда темір құбырлар жарылып кетсе, пластик құбырлар аздап созылады да, су ерігеннен кейін қалпына келеді. Сондай-ақ оларды ауыстыру темір құбырлардан қарағанда әлдеқайда оңай. Егер бір жерінен ақау табылса, құбырдың бәрін қопармай-ақ қажетті жерді ғана ауыстыруға болады. Тағы бір ерекшелігі металл құбырларды дәнекерлеу керек , ал пластик құбырдың ішінде дақ пен тот тұрмайды. Олардың салмағы да жеңіл,бағасы да арзан. Бүгінде мұндай құбырлар кең қолданыста, — дейді қос кәсіпкер.
Кәсіпорын келесі жылы іске қосылады деп күтілуде. Іске қосылса, 70 — ке тарта адам жұмыспен қамтылады. Өндіріс басшылығының сөзіне сүйенсек, зауыт тәулі-гіне 6 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Ауыз суға және кәріз суларына, газға арнал-ған құбырлардың диаметрі 160 мм-ден бастап 400 мм-ге дейінгі қалыңдықтағы 45 түрін әзірлеу көзделіп отыр.
«Isun Plast» ЖШС бас директоры Арман Жақияновтың айтуынша, мұндай кәсіпорын облысымыз бойынша Семей және Өскемен қалаларында ғана бар екен. Мемлекет ұсынған «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруда ауданымыз үшін бұл зауыттың пайдасы орасан зор болмақ. Жалпы, елімізде мұндай полиэтилен құбырларына деген сұраныс жоғары. Еліміз бойынша жоғары сұраныстың әзірге жетпіс пайызы ғана өтеліп отыр. Демек бұл өндірістің аудан экономикасын дамытудағы таптырмас пайда көзі деуге болады. Алдағы уақытта кәсіпорын өз өнімдерін Шығыс Қазақстан, көршілес Павлодар және Қарағанды облыстарына, сонымен бірге шекаралас Ресейдің Алтай өлкесі мен Новосібір қаласына жөнелтуді де жоспарға алып отырған көрінеді.
Тарбағатай
«Ақниет» — әмбебап орталығы атына сай
Хамза СӘТИЕВ,
«Семей таңы»
Тарбағатай ауданының орталығы — Ақсуат ауылы жылдан-жылға, күннен-күнге көркейіп, көріктене түсуде. Абаттандыру жұмыстары мықтап қолға алынған бұл ауыл қала келбетіне лайық сән түзеп, сәулеттеніп, танымастай болып өзгеріп келеді. Облыс аудандары ішінде ең алғашқы болып ақсуаттықтар орталық алаңға (биіктігі 18 метр) «Бәйтерек» орнатты. Міне, Тарбағатай ауданындағы «Ең үздік жас кәсіпкерлер» атағын жеңіп алған Бақытбек Төлеубеков пен зайыбы Мейрамгүл екеуі «Ақниет» сауда және халыққа қызмет көрсету орталығын ашты. «Ақниет» қызмет көрсету орталығының ашылу салтанатында Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Оразбаев, әкімнің орынбасары Сәумен Жақаев, қарт ұстаз Қанаш Мырзатаева, кәсіпкер Бақытбектің әкесі Мереке Төлеубеков құттықтау сөз сөйледі. Гүлсім апа кәсіпкер балаларына батасын берді.
Аудан әкімі Ділдабек Тәжібайұлы құттықтау сөзінде Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға шақырған бастамасына үн қосып, өз ризығын өзі теріп жеп, өзінің игілігін өз қолымен жасап отырғандардың қатары Ақсуатта да көп екенін айта келіп, халықты жұмыспен қамтуға, аудан орталығын көркейтіп, көгалдандыруға Бақытбек сынды азаматтардың лайықты үлес қосып отырғанын айтты. Елбасы атап көрсеткендей, әлемдегі дамыған, өркениетті отыз елдің қатарына қосылу тек қана өнімді, нәтижелі еңбектің арқасында мүмкін болатынын, жастарды еңбекке тәрбиелеудің маңыздылығын айта келе, Бақытбек пен Мейрамгүлдей еңбексүйгіш жастарды тәрбиелеген Мереке ақсақал мен Оралтай апаға алғыс сезімін білдірді.
«Ақниет» сауда және халыққа қызмет көрсету орталығы шын мәнінде сәулетті дүние. Іші кірсе шыққысыз. Төменгі қабаты сауда — саттыққа арналса, екінші қабаты шаштараз, компьютер және электрондық аспаптарды жөндейтін сияқты алуан саланы қамтитын жеке-жеке орындарға бөлінген.
— Ақсуаттың орталығында жүрсең өзіңді бейне бір қалада жүргендей сезінесің. Ал, «Ақ- ниеттің» іші үлкен қалалардағы сәулетті орындардан артық болмаса, кем емес екен, — дейді аудан тұрғындары.
Жылдың үздік сынып жетекшісі анықталды
Тарбағатай аудандық білім бөлімі әдістемелек кабинетінің ұйымдастыруымен Қар-ғыба ауылындағы Гагарин атындағы орта мектепте «Жылдың үздік сынып жетекшісі — 2013» аудандық сайысы өтті. Оған ауданның әр мектебінен ең таңдаулы деген, жаңа технологиялық әдіс-тәсілдермен жұмыс істейтін тәжірибелі ұстаздар келіп қатысты.
Бұл шараны өткізудегі басты талап — ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, ҚР Үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, осы салада жинақталған тәжірибелерді кеңінен тарату, шәкірттерге білім берудің сапасын арттыру, тәрбиенің рөлін көтеру, жалпы орта білім беру жүйесін жетілдіру болды.
Байқауға қатысқандар педагогикалық қызметтің тиімділігі мен нәтижесін, мұғалімнің кәсіби шеберлігін, өздігінен ізденіс дәрежесін, жаңашылдығын дәлелдейтін 4 түрлі сынақ кезеңінен өтті. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені С.Сейфуллин атындағы орта мектептің мұғалімі Әлия Абзалбекова жеңіп алды. 1 — орынды Өкпеті орта мектебінің мұғалімі Анар Қапорова иеленді. 2 — орын Ақмектеп орта мектебінің мұғалімі Алуа Шағыраеваға, 3- орын Құйған орта мектебінің мұғалімі Гүлнар Теміршеноваға берілді.
Сынып жетекшілерінің аудандық байқауын аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Н.Құрманғалиева қорытындылап, қазіргі заман талабына сай жаңашылдықпен, іздене жұмыс істейтін ұстаздардың жетістігіне ризашылық сезімін білдірді. Әлі де болса кәсіби шеберлікті шыңдау, біліктілікті арттыру қажеттігін айтып, жеңімпаздарды марапаттады, ескерткіш сыйлықтар тапсырды.
Маржан КАЖИАКБЕРОВА,
Тарбағатай аудандық білім беру
бөлімінің әдіскері
Абай
Жәрмеңкеден жақсы көңілмен тарасты
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында аудан көлемінде қарапайым тұрғындардың қалтасы көтеретіндей бағадағы жәрмеңкелер үнемі өтіп отырады.
Таяуда аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің тікелей қадағалуының нәтижесінде азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында ауыл тұрғындарына арналған жәрмеңке ұйымдастырылды. Аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің арнайы шақыртуын қабыл алған «Ертіс» ӘКК Ұлттық Компаниясы» АҚ «Тұрақтандыру қоры» тарапының ұйытқы болуымен Қарауылдың орталық алаңында жәрмеңке болып өтті. Көпшіліктің көңілін сергіткен жәрмеңкеде картоп, сәбіз, орамжапырақ, қызылша сынды күнделікті тұтынатын көкөністердің бір келісі 55 теңгеден саудаланды. Ал, күріштің келісі 145 теңгеден, майдың келісі 280 теңгеден саудалануы тұрғындар үшін үлкен көмек көзі болғаны анық сезілді. Жәрмеңкеге тұрақтандыру қоры тарапынан әкелінген 3 тонна картоп, 3 тонна орамжапырақ, 1 тонна сәбіз, 0,5 тонна қызылша, 250 келі күріш, 50 литр өсімдік майы әп-сәтте өтіп кетті. Сауда көрігін қыздырған ауыл ағайынының көңіл — күйінен — ақ жәрмеңкенің халық үшін пайдасы зор екендігін анық аңғаруға болады. Иә, қолжетімді бағамен осындай жәрмеңкелердің өтуі аудан халқы үшін үлкен көмек.
Зайсан
Зайсандықтар — нұрлы болашақ жолында
Аудан әкімі А.Оңдақановтың тапсырмасымен аудандық ішкі саясат бөлімі (бөлім бастығы З.Дүйсенбаева) 2017 Зайсан шекара әскери бөлімімен бірлесіп (шекара ортядының командирі, подполковник Е.Каиппаев) өнерлі жастардың басын біріктіріп, «Зайсандықтар — нұрлы болашақ жолында» атты керуен сапарын ұйымдастырып, ауданның ірі-ірі елді мекендерінде, көрші Тарбағатай ауданының Ақсуат, Ақжар ауылдарында өнер көрсетті.
Бұл керуен сапарының елді мекендерді аралаудағы басты мақсаты — жастарға және жеткіншектерге патриоттық тәрбие беру, елін, жерін сүюге, отаншылдыққа тәрбиелеу. Ауданның ішкі саясат бөлімінің маманы Сымбат Қамиев барлық кездесуге жиналған қауымға «Қазақстан — 2050» Стратегиясын және оның басым бағыттарын, Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХҮ съезінде қабылданған «Нұр Отан — Нұрлы болашақ жолында» атты саяси Доктринасын жан-жақты түсіндіріп, маңызды да, мағыналы хабарлама жасады. Сондай-ақ, 2017 әскери бөлім қызметкері Хакім Темірғалиев Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекарасының құрылу тарихы, әскери мамандықтың түрлері туралы әңгімелеп, шекара өмірінің тыныс-тіршілігінен бейнекөріністер көрсетті. Керуен сапары мүшелерінің құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Совет Сәлиев, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Илхам Нығыметжановтар бар. Ақжар ауылындағы кездесуде өнер тарланы И.Нығыметжанов жиналғандарға 1963 жылы осыдан 50 жыл бұрын қазақтың түңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың басшылығымен М.Әуезовтың «Қаракөз» және Ш.Айтматовтың «Жәмиләсін» осы Ақжар сахнасында дайындап, Мәскеуге апарғандарын айта келіп, осы кезде бақилық болған әріптестері Ораз Кә-кеев, Рәшида Түгелбаева, Мұқатай Абдуллин, Еркін Шілебалдина, Бағдат Рахметова, Мырзахан Қабимолданов, Шоқан Мұхамадиев, Сәкен Серікбаева, Тоқтасын Масалимов, Әнуархан Қайырбаев, Қанапия Әлпиев, Тоқан Батыр- баевтарды 1 минут үнсіздікпен еске алды. Сапар барысында аудандық мәдениет үйінің жастары мен 2017 әскери бөлімінің «Шекара ырғақтары» ансамблі барлық жерде жиналған қауымды өз өнерлерімен тәнті етті. Виктор Малинкин, Жазира Қыдырмолдаева, Нұрлыбек Тұрысбеков, Тимофей Ситдиков, Ержан Құмарбеков, Татьяна Винокурова, Азат Шынаров, Қайрат Қитатов, Дастан Кеңесбек тағы басқалары өз өнерлерімен көрермендердің қошеметіне бөленді. Барлық мекендерде де ауыл әкімдері, ауыл ақсақалдары жылы лебіздерін білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі. Бұл сапардың жастарға берер тағылымы мол болды деп есептейміз.
Айшықты істерімен айқындалған Айнабұлақ
2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес Айнабұлақ елді мекенінде (ауыл әкімі М.Көшербаев) су жүйесіне қайта жаңарту жұмыстары 2012 жылы басталып, бөлінген 129,46 млн. теңге қаржы толығымен игерілген болатын.
Өткен жылы құрылыс жұмыстарының 51 пайызы орындалса, биыл республикалық және жергілікті бюджеттен 161,7 млн. теңге қаржы бөлініп, бекітілген кестеге сәйкес жұмыстарды аяқтау, нысанды пайдалануға беру жоспарлы жүргізілуде. Қазіргі уақытта су сору станциясындағы суды қосу, насостарды, КТП, мұнара қою жұмыстары аяқталды. Тартуға жоспарланған 11 шақырым су құбырлары толық тартылып бітті. Жаңа жылда ауыл тұрғындары толықтай таза сумен қамтамасыз етіледі. Ауыл округінде демеушілердің көмегімен 2 шағын саябақ орнатылды. Бюджет қаражаты есебінен хоккей алаңына — 900 мың, балалар ойнайтын алаңға — 789 мың, саябақтарды көгалдандыруға — 2 млн. 234 мың, Қайнар ауылындағы екі көшені жарықтандыруға — 1 млн. 120 мың, Жаңатұрмыс ауылында — 1 көшені жарықтандыруға — 784 мың теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды. Айнабұлақ ауылында бір неше мүсіндер қойылып, 600 түп ағаш көшеттері, 8 гүлзарға гүлдер егілді. Тұңғыш Президент күніне орай Айнабұлақ ауылында жаңадан шағын футбол алаңы ел игілігіне берілді. Оған жергілікті бюджет есебінен 8 млн. теңгенің үстінде қаражат жұмсалды. Нысандардың ашылу салтанатты жиынында аудан әкімі А.Оңдақанов, аудандық мәслихат хатшысы Д.Ыдырышев, «Сайхан» спорт клубының директоры Д.Әбілханов, 2011 жылы өткен қысқы Олимпиада ойындарының алаугері Д.Сасбаев, ауылдық округ әкімі М.Көшербаев жұртшылықты спорт алаңының ашылуымен құттықтады. Жаңа нысанның ашылуына орайластырып, спортпен шұғылданатын ауыл жастарына аудан әкімі футбол доптарын сыйға тартты. Лента қию рәсімін ауыл ақсақалдары Т.Мырзабеков пен М.Теміржанов орындап, ауыл әжелері шашу шашты. Келешекте Айнабұлақ, Қайнар ауылдарының тұрғындары көгілдір газды пайдаланып, шағын елді мекендер Шүршітсу, Талды, Сартұмсық тұрғындарына таза ауыз су скважинасын орнату бірінші кезектегі жоспарда тұр. Қорыта айтқанда, Айнабұлақта ауыз толтырып айтатын айшықты істер бар.
Аякөз
Ақшәуліде әлеуметтік нысандар ашылды
Ақшәулі ауылдық округінде жаңа Мәдениет үйі мен спорт кешені ашылды. Аудан бюджетінен бөлінген 31 млн. теңге қаражатқа заманауи талаптарға сай етіп салынған Мәдениет үйі мен спорт кешенінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары С. Ысқақов құттықтау сөз сөйледі. Ақшәулі ауылдық округінің тұрғындарын пайдалануға беріліп отырған мәдени-рухани және спорт ғимараттарының ашылуымен құттықтады.
Жаңа ғимараттар лентасын ауыл ардагерлері Кәбір Әсетаев, Қамал Қабышева және аудан әкімінің орынбасары Сейілбек Ысқақов қиғаннан кейін, ауыл ардагерлері мен мерекеге арнайы келген қонақтар, жаңа ғимараттың ішін көріп, аралады.
Осы мәдениет үйі мен спорт кешенін салу барысында ауылдық округтің азаматтары «Көктөбе» ЖШС-і (төрағасы Орынбай Омаров), ұстаз Рауан Берікханов, қазір Алматыда тұратын осы ауылдың түлегі Ерлан Шәріпов демеушілік жасады. Ерлан бүгінгі мерекеге арнайы келіп, жерлестерін құттықтап, сыйлығын тапсырды. Мыңбұлақ, Ақшатау ауылдық округтерінің әкімдері Ақшәулі ауылының қуанышына ортақ болып, арнайы келіп, ақ тілектерін білдірді. Өзі осы ауылдық округте ұзақ жылдар әкім болған Ақшатау ауылдық округінің әкімі Таңатар Аманов оңды өзгеріске қуаныш білдіріп, сыйлығын да ұсынды.
Мерекелік салтанатта ауыл әкімі С.Мұстафин Ақшәулі ауылы тұрғындарының игілігі үшін салынған Мәдениет үйі мен спорт кешені құрылысына бюджеттен қаражат бөлген аудан әкімшілігіне және игі іске атсалысқан ауылдастарына ризашылығын білдірді.
-Ауылымыздағы Абай Авленов бастаған мектеп ұжымы, Асқар Нұрмағамбетовтың басшылығындағы аурухана, клуб меңгерушісі Бейісхан Бекбаевқа ұйымшылдық танытқан ауыл кәсіпкерлеріне, бюджеттен қаражат бөлген аудан әкімшілігіне, барлық Ақшәулі азаматтарына рахмет, — деді әңгімеге тартқанымызда ауыл әкімі Серікхан Мұстафин.
Жаңадан ашылған спорт кешенінде грек-рим күресінен аудандық турнир өтті. Оған қала және ауыл мектептерінен палуандар қатысты. Турнирде жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
С. САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ