Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен 29 қазанда республика көлемінде «Мен қазақша сөйлеймін» атты акция басталды. Осындай акциялардың бірі 2 қараша күні қалалық Достық үйінің мұрындық болуымен «Ақшың» корпорациясында өтті.
Биыл елімізде алғаш рет бастау алған аталмыш акцияға Рымбек Байсеитов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжі және Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері, Достық үйінің 22 этномәдени орталығының өкілдері, Тілдерді оқыту орталығы және қала тұрғындары қатысты.
— Шараның мақсаты — қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Сондықтан, ұлты мен дініне қарамастан, әр қазақстандық мемлекеттік тілді білуі керек. Тұрғындардың акцияны дұрыс түсініп, белсене қатысып жатқаны бізді қуантады. Алдағы уақытта Семей силикат зауыты мен Татар өнер мектебінде, Рымбек Байсеитов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінде, Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияда осындай акцияларды ұйымдастырмақпыз,- дейді Достық үйінің директоры Берік Көпбаев.
Акция барысында студенттер «Ақшың» корпорациясындағы сатушылармен тілдесіп, олардың қазақ тілін білу деңгейін байқады, тұтынушылармен мемлекеттік тілде сөйлесуге шақырды.
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы»