Жұма, 14 желтоқсан күні Абай атындағы театрда ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға қала әкімі Ермак Сәлімов, мәслихат депутаттары, кәсіпорын және мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
«Тәуелсіздік күні – қазақ елінің бас{jcomments off}ты мемлекеттік мерекесі. Бұл – еліміздің тарихындағы айрықша күн». Осылай деген қала басшысы Ермак Сәлімов еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы дамуы тікелей Елбасымыздың сындарлы саясатының нәтижесі екенін ерекше атап өтті. Еліміздің жетістіктеріне тоқталған қала әкімі Семей өңірінде де айтарлықтай экономикалық – әлеуметтік өсімге қол жеткізілгенін, бүгінде тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандарды салу қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.
Мерекелік кеште Ермак Сәлімов бірқатар семейліктерді марапаттады. Семей қаласының Құрметті азаматы атағы әділет генерал-майоры Жақсылық Байтұқбаевқа, мемлекеттік орган қызметкері Мейрамхат Айнабеков пен машина құрастыру зауытының директоры Нұрлан Омаровқа берілді. Сондай-ақ «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі Қалалық Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Гүлжан Қуанышеваға тапсырылды.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Қаламыздың өнер ұжымдары Тәуелсіздік мерекесіне арнайы дайындаған бағдарламаларын ұсынды.
Қуандық НӘДІРБЕКҰЛЫ.