{jcomments off}Әр жылдың өз ерекшелігі, артықшылығы бар. Өтіп кеткен 2018, яғни жеті қазынаның бірі болып саналатын саналы жануар жылы жайлы сәуегейлер жағымды жорамал жасаған еді. Айтса айтқандай, өткен жыл еліміз үшін де, аймағымыз үшін де жақсы жыл болды. Ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрып, кездейсоқ келеңсіздіктер байқалған жоқ.
Өткен жылдың соңғы аптасында, 28 желтоқсан күні облыс әкімі Даниал Ахметов Семейде болды. Аймақ басшысы бұл сапарында көптен күткен бірқатар нысандардың аяқталуын өз көзімен көріп, тұсауын кесті. Жақсы істерді көріп, халықпен бірге қуанды. Жылды қорытындылай отырып, алдағы атқарылар істерді белгіледі. Жергілікті биліктің жұмысына баға беріп, болашаққа жоспар жасады.
Бұл күні аймақ басшысының қатысуымен іске қосылған алғашқы нысан — Семей қаласының халықаралық әуежайы. Сондай–ақ Даниал Кенжетайұлы жаңа балабақшаның ашылуында болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Семей әуежайы рейстер қабылдауға дайын
Қалаға келген жолаушылардың алғашқы пікірін қалыптастыратын әуежай — әр қаланың бетке ұстар қақпасы. 40 жылдай уақыттан бері жұтаң тартып, тозып тұрған Семейдің әуежайы соңғы екі жылдан бері жөндеуге жабылған болатын. Алматы мен Астанаға қатынайтын екі ұшақ та көзден бұлбұл ұшып, Өскеменге тәуелді болып қалған семейліктерге қолайсыздық туғызып жүрген осы мәселенің шешілгені өткен жылды аяқтар сәттегі жағымды жаңалықтардың бірі болды.
Сонымен, сүйінші, ағайын! Семей қаласының халықаралық әуежайының жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, әуежай өз аэродромында рейстер қабылдауға дайын. Жаңа әуежайдың қызметімен танысқан аймақ басшысы атқарылған жұмысқа оң бағасын берді.
— Қайырлы күн, құрметті қонақтар, жерлестер! Әуежайдағы жөндеу жұмысын қалай бастағанымыз есімде. Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын іске асыру мақсатында Семей қаласының халықаралық әуежайын қайта жөндеу жұмыстарынан өткізуге қомақты қаржы бөлінген болатын. Жарықтың көмегімен белгі беретін жаңа құрылғы орнату арқылы әуежайды халықаралық дәрежеге лайықтадық. Жөндеудің арқасында бұл нысан 400 тоннаға дейінгі жүк ұшақтарын да қабылдайтын болды. Әуежайдың ұшу-қону жолағы жаңартылып қана қоймай, жаңа күту аэробекеті бой көтерді. Бұл кешен сағатына 200 жолаушыны өткізе алады. Оның 80 пайызын ішкі рейс жолаушылары құраса, 20 пайызы сыртқы рейстерге тиесілі. Міне, еңбек өз нәтижесін беріп, жоспарланған жұмыстар мәресіне жетті. Енді семейліктер айшылық алыс жерлерге 1-2 сағатта ғана жететін болады. Әуежайымыз құтты болсын! Барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін,- деді Даниал Кенжетайұлы.
Семейдің әуе айлағы «Боинг» және «Эйрбас» сынды лайнерлерді қабылдауға қауқарлы. Мұнда ішкі және сыртқы рейстерге арналған күту залдары, сол секілді жүк терминалы қарастырылыпты. Жылыту әрі су құбырлары түгелдей жаңартылыпты. Әуежайдың ашылуынан Қазақстан және шетел авиакомпаниялары хабардар.
Әуежайға күрделі жөндеу жұмысын жүргізген мердігер кәсіпорын — «Терезе» ЖШС. Әуежай ғимараты заманауи үлгіге сай жөнделіп, ұшып-қону жолағы тұтастай жаңартылған. Қос қабатты бетоннан тұратын жаңа алаңның ұзындығы үш мың метрден асады. Күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен әуежай ендігі кезекте халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Ол жолаушылар және жүк әуе кемелерінің барлық түрлерін қабылдай алады.
Сөзіміздің басында айтып кеткендей, бұрын Алматы мен Астана бағытында ғана ұшақтар қатынайтын әуежайда алдағы уақытта, Қазақстан аймақтарынан бөлек, Ресейдің қалалары мен алыс-жақын шетелдерге де сапарлауға мүмкіндік туады деген жоспар бар. Сол секілді әуе қақпасының логистикалық әлеуеті де зор. Семей шаһары Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасының арасындағы дәлізде орналасқанын ескерсек, аталмыш нысан жүк тасымалының ілгерілеуіне сеп болары даусыз.
Әлемге Абайымен атақты, ядролық сынақ алаңымен танымал Семейдің әуежайының жаңартылуы Елбасы ерекше назарында ұстап отырған мәселелердің бірі туризмді дамытуға да мол мүмкіндік берері сөзсіз. Айтпақшы, әлеуметтік желілерде әуежайға ат беру жайлы да әртүрлі ұсыныс, пікірлер айтылып жатқанынан көпшілік хабардар болар. Облыс әкімі еліміздің рухани, мәдени астанасы Семейдің әуежайына қазақтың Бас ақынының атын беру жайлы халықтың ұсынысын қолдайды деген үміттеміз.
«Өрлеу» балабақшасы ашылды
«Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, балалар бақшасы — білімді ұрпақтың санасын қалыптастыратын алғашқы баспалдақ. Елімізде балалар бақшаларының көптеп салынуы, олардың талапқа сай болуы мемлекет бақылауында тұрған маңызды мәселелердің қатарында.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов Семейде болған осы сапарында Ұшақтар кентінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде 280 орынға арналып салынған «Өрлеу» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Балабақшада мемлекеттік тілде оқытатын 12 топ жұмыс істейді. Мекеме бүлдіршіндердің ой-өрісін дамытатын ойындарға арналған заманауи құралдармен жабдықталып, балалар көркем әдебиеттерімен қамтылған. Бүлдіршіндердің тәрбиесі мен білімін дамыту бағытында әдіскер, психолог, хореограф, орыс және ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері, логопед, дене тәрбиесі бойынша нұсқаушы, музыкалық жетекші, сурет мұғалімі жұмыс істейді.
Балабақша жұмысында «Step by step» тәрбиелік білім беру техноло- гиясы қолданылады. Күніне төрт уақыт тамақтану, түрлі ойындар мен іс-шаралар өткізу, серуендеу, күндізгі ұйқы, балаларға арналған бос уақыт қарастырылған.
Мекеменің құрылыс жұмыстарымен “Сəт — Транс” ЖШС айналысқан. Аймақ басшысы бұл нысан мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде салынған екінші балабақша екенін атап өтті.
— Бұған дейін дәл осындай балабақша Қарағайлы шағын ауданында бой көтеріп, пайдалануға берілген болатын. Бүгін тағы бір балабақша есігін айқара ашып отыр. Осылайша, біз семейлік бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен толық қамту мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Семей қаласының кəсіпкерлері мемлекеттік-жекеменшік əріптестіктің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады,- деді облыс басшысы Даниал Ахметов.
Жедел медициналық жәрдем ауруханасы
Денсаулық сақтау саласын дамыту қашанда маңызды саналған. Елбасы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында да денсаулық сақтау жұмысына ерекше тоқталған болатын.
Облыс әкімінің Семейге іссапары Жедел медициналық жәрдем ауруханасында жалғасты. Жедел медициналық жәрдем ауруханасындағы гибридті ота залын жабдықтау жұмыстары 2019 жылдың наурыз айында аяқталмақ. Сондай-ақ мұнда травматология институтының филиалы да ашылады.
— Еуразиялық экономикалық кеңістіктегі алғашқы гибридті ота залы Семейде болады. Травматология институтының филиалы да осында ашылады. Жуырда ғана мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған заманауи офтальмологиялық орталықтың ашылуына қатыстым. Семейде медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді,- деді Д.Ахметов.
Жедел медициналық жәрдем ауруханасының басшысы Ерлан Бүркітовтің айтуынша, ауруханаға 1 млрд. 235 млн. теңгеге құрал-жабдықтар алыныпты.
— 330 млн. теңгеге политравма және ортохирургия орталығының құрал-жабдықтары орнатылды және толығымен жұмыс істеп тұр. 10 маманымыз — 3 травматолог, 2 невролог, 2 кардиолог, 1 сәуле диагностикасы дәрігері, 1 функционал дәрігер және менеджер Англияда 3 айлық курстан өтті. Бірқатар дәрігерлер Астана қаласындағы медициналық орталықтардан біліктілігін шыңдап қайтты,- дейді аурухана басшысы Ерлан Бүркітов.
Соңғы үш жылда Жедел медициналық жәрдем ауруханасына, Ана мен бала орталығына және онкология орталығына жалпы құны 3,4 млрд. теңгені құрайтын құрал-жабдықтар сатылып алынған.
«Абай Арена» кешенінде
Аймақ басшысы Даниал Ахметов осы жолғы сапарында Қарағайлыға да соқпай кетпеді. «Абай Арена» кешенінің құрылыс жұмыстарын және ауданды абаттандыру жұмыстарын тағы бір мәрте пысықтады. Атқарылған жұмыстар туралы мердігер мекеме «Азия» фирмасы» ЖШС директоры Сәуле Досқұжанова баяндады.
Естеріңізге сала кетейік, 5 мың адамға арналған «Абай Арена» мәдени спорт кешенінің құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталған болатын. Бүгінде үш блоктан тұратын кешеннің ғимаратына жылу жүйесі тартылған.
— Мен мұнда бір ай бұрын ғана болдым. Сол аралықта көп жұмыстар атқарылыпты. Ғимаратқа жылу берілді. Бір жылдан кейін Семей қаласында тамаша мәдени-спорттық кешен есігін айқара ашады. Бұл семейліктерге үлкен сыйлық болғалы тұр. «Абай Арена» барлық қазақстандықтарды қызықтыратыны сөзсіз. Семейлік тұрғындар бос уақыттарын өткізу үшін осында ағылатын болады,- деді Даниал Ахметов.
Газетіміздің өткен санында осы ауданнан қысқы Спорт сарайының салынатыны туралы оқырмандарды хабардар еткен едік. Бұл Мұз сарайы да облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен бой көтермек. Семейде қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында салынатын нысанда хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, керлинг, коньки және басқа да сайыс түрлері өтеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар жылдың төрт мезгілінде де мұндағы қосымша залдарда қысқы спорт түрлерінен жаттығулар өткізуге болады.
Аймақ басшысы айтқандай, нысан мемлекеттік–жекеменшік әріптестік негізінде тұрғызылады. Жобаны астаналық «Medeo Invest» жүзеге асырмақ. Мұз сарайы Назарбаев Зияткерлік мектебі жанында орналасады деп күтілуде.
Спорт академиясы
Аймақ басшысы Даниал Ахметов қаламыздағы Спорт академиясына барып, Жапония мемлекетінен келген маман Саэ Ишид баптайтын «Алтай-4» волейболшылар командасымен кездесті. Команда 14-17 жас аралығындағы 30 қыздан құралған.
— Біз әлемдік аренада мықты командалардың бірі «Алтай» волейболшылар клубын құрдық.
Осыдан 3 жыл бұрын әлемдегі мықты клубтардың бірін құруды жоспарлағанда, кейбір кәсіпқой спортшылар күмәнмен қараған болатын. Биылғы жылы қыздар құрамасы Әлем чемпионатында 5-ші орынға ие болды. Мұнда волейболшыларды Жапония, Сербия, Ресей мемлекетінен келген білікті бапкерлер жаттықтырады. Келешекте негізгі ұлттық құрама болуды және 2020 жылғы Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсетуді мақсат етіп отырмыз, — деді Даниал Ахметов.
Спортшылар құрамының дайындық қарқынын көрген Даниал Ахметов бапкерге алғысын білдіріп, тек жоғары нәтиже күтетінін айтты.
— Келесі жылдан бастап сіздер автоматты түрде «Алтай-3» кәсіби клубының мүшесі боласыздар. Сондықтан көп жұмыс істеу керек. Бапкерлеріңіз — өз ісінің шебері. Осы тамаша мүмкіндікті жібермей, көп нәрсені үйреніп, көп жаттығып, жақсы нәтиже көрсету қажет. «Алтай» Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатысатын негізгі ұлттық волейбол командасы болатынына сенімдімін,- деді Даниал Ахметов.
«Алтай» волейболшылар клубы» ЖШС 2017 жылы 1 қаңтарда құрылған. Клубтың басты бағыты — спортшыларды іріктеу және Қазақстан Республикасы құрама командасының лайықты резервін дайындау. «Алтай» волейболшылар клубында 6 команда бар. Оның ішіндегі «Алтай — 4» командасы осы жылдың қыркүйек айында құрылған болатын.
Міне, облыс әкімі Даниал Ахметов жыл соңында Семейде болған сапарын осылай қорытындылады. Атқарылған істер аз емес. Алдағы жылға жасалған жоспар да ауқымды. Аймақ басшысының Семейді көркейтуге ынтасы зор екендігі қала тұрғындарының назарында. 2019 жылы да жоспарлы жұмыстар жүйемен іске асып, ел игілігіне қызмет етсін деп тілейік.
Қуандық НӘДІРБЕКҰЛЫ, «Семей таңы»