"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

АЩЫ… БІРАҚ АҚИҚАТ…

11.01.2019
16
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

Бесқарағай ауданының әкімі Дәулет Батырбаевтың назарына!

Жаңа жылдың демалыс күндерін пайдаланып, ел жаққа бет алдық. Бағытымыз —  Бесқарағай ауданының орталығы. Көлік терезесінен ақ мамыққа малынған бойшаң да сымбатты қарағайлар қатарына сүйсіне қарап отырып, Канонеркаға қалай жетіп қалғанымызды байқамай қалыппын. Жасыратыны жоқ, қаланың бір текті, шулы тірлігінен сәл де болса сергіп қалғандай болдым. Бесқарағай ауданындағы жол бойында {jcomments off}орналасқан үлкен ауылдардың бірі — осы Канонерка. Байырғы қазақ ауылдарына қарағанда орыс халқының өкілдері басымырақ тұратын елді мекендердің айырмашылығы байқалатынын мойындауымыз керек…

Кеңес заманының өзінде жасыл желекке малынып тұратын ауылдардың бірі осы Канонеркада бүгінгі таңда шамамен 1800-дей халық мекендейді екен. Орталық көшесінің бойында бірыңғай жасыл түске боялып, қаз-қатар сап түзеген дүңгіршектерге өткен — кеткен жолаушылардың тоқтамай кететіні сирек. Бұл жол аудан орталығын, көршілес Павлодар облысын басып өтіп, Астанаға дейін жалғасып жатыр. Осы жердің негізгі тауары саңырауқұлақ — жергілікті тұрғындар үшін қосымша табыс табудың бір көзі. Бесқарағайлықтар орманнан саңырауқұлақ теріп, оны делдалдарға жарты бағасына сатады екен. Саңырауқұлақ маусымы өткен кезде өнімнің бір келісі қалада 800 теңге тұрса, оны ауыл тұрғындары делдалдарға жарты бағасына, яғни 400 теңгеден беретін көрінеді. «Маусым кезінде бұл тауардың бағасы тіпті екі есе арзандап кетеді»,- дейді канонеркалықтар. Делдалдарға көтерме бағаға өткізгеннен қалғанын жергілікті тұрғындар тұздап, шыны ыдыстарға салып, жыл бойы қияр, қырыққабат, сәбіз, картоп сынды өз бақшаларында өсірген өнімдерімен бірге осы жерде саудалайды. Айтпақшы, біздің ұлттың өкілдеріне жат кәсіп пе екен, кім білсін, әйтеуір, саңырауқұлақ саудасының белсенділерінің қатарынан өз қаракөздерімізді байқамаппыз…

— Канонерка ауылының тұрғындары арасында бұрын жергілікті ұлт өкілдері бірен-саран ғана болатын. Қазір олардың саны 50 пайызға жуық. Қалаға жақын болғандықтан, алыс ауылдардан көшіп келіп қоныстанғандар есебінен өз қандастарымыздың қатары көбейіп келеді,- дейді саңырауқұлақ саудасы жанында бізбен кездесіп қалған ауылдағы ағайынның бірі. Канонеркадағы бұрын таза орыс тілінде білім беріп келген орта мектепте осыдан 5-6 жылдай бұрын қазақ сыныптары ашылған көрінеді. Өзге ұлттың өкілдері мемлекеттік тілді үйренбеді деп өкпе артамыз–ау, өкінішке орай, өз ағайындарымыздың арасында балаларын орыс мектебіне беретіндері әлі күнге тоқтамай тұрғанын қынжыла жеткізген ақсақалдың әңгімесі де бізді ойландырып тастады.

Бесқарағай ауданындағы ауылдардың атаулары Канонерка, Кривинка, Глуховка, Малая Владимировка, Долонь, Мостик, Черемушка, Грачи, Карамурза, Букебай, тағысын тағы, осы типтес болып кете береді… Осыдан бір айдай уақыт бұрын аудан әкімімен кездескен кезде өңірдегі ономастика саласындағы олқылықтарды қалпына келтіру жұмысы жайлы қойған сауалымызға жарытымды жауап ала алмағанымыз осы сапарда ойымызға тағы бір мәрте оралды. Бесқарағайда таза қазақ ауылдары саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі — бұрынғы Семияр ауылы. Қазір Жетіжар деп аталатын осы ауылдағы білім ордасы бұл күндері «Семиярка орта мектебі» болып өзгеріссіз қалыпты. Бұл ауыл — Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың туған жері. Өкінішке орай, туған жерде батыр перзентін есте сақтарлықтай еш белгі жоқ. Орта мектепке осы батыр ауылдастарының атын беру жайлы ұсыныс ауыл тұрғындары тарапынан жергілікті билікке қанша айтылғанымен, жауапсыз қалып келе жатқан көрінеді…

Аудан орталығы Бесқарағай ауылына кіргеннен байқағаным — көшелерде бағдаршамдар орнатылғанымен, бірде-біреуі жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұл барды бағалай алмау ма, әлде елдегі басшының салғырттығы ма?

Әдетте, желтоқсан айында, еліміздің бас мерекесі қарсаңында қаланың да, ауылдың да көшелерінде Тәуелсіздігімізді паш ететін, оқыған жанның отаншылдық сезімін оятатын баннерлер ілінетін. 16 желтоқсан мерекесінен бері аз ғана уақыт өткенімен, Бесқарағай ауданының орталығынан патриоттық тақырыпта «менмұндалап» тұрған ешқандай белгіні байқамадық.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың 7 қыры» атты ұлтты ұлы істерге жұмылдыруды мақсат еткен еңбектерін халыққа жеткізу тұрғысында аудандық әкімдік мүлде жұмыс істемейтіндей көрінді… Елбасымыз «ұлттық код» деп атаған төл мәдениетіміз бен озық салт-дәстүрлерімізді көзінің қарашығындай сақтап, қорғайтын басшы да, қосшы да бұл ауданда жоқ сияқты.

Айтпақшы, өтіп кеткен 2018 жылы Бесқарағай алғашқылардың қатарында ауданның 90 жылдығын тойлады. Аудандардың 90 жылдықтарын тойлаулары жайлы өз пікірімізді біз өткен жылы газет бетінде жариялағанбыз. 2018 жыл аудандардың құрылғанына той жасайтын емес, кеңестік саясаттың зұлым жоспарымен жүргізілген   байларды   тәркілеп, жазалау науқанының, қазақ халқының басына түскен ауыр қасіреттің, Голощекиннің әйгілі Кіші қазан революциясының 90 жылдығы болатын. Ендеше, сол ұлт басына төнген қасіретті аза тұтатын жылы Бесқарағай (тағы бірқатар аудандар) бәйгеге ат қосып, той жасады. Бесқарағайда туып-өскен генерал да, ғалым да, дәрігер де, бұрынғы шенеунік те, қысқасын айтқанда, бүгін елге белгілі тұлғаға айналған ығай мен сығайлар бас қосты. Алыс-жақыннан жиналғандарға арналып қонақасы берілді. Жиналғандар бірінен кейін бірі жарыса сөз сөйледі. Олар әкімді, әкім оларды мақтады… Өкінішке орай, сол қасіретті жылдарды, солақай саясаттың құрбаны болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алу жайлы ауыз ашқан жан болмады. Сол тойға жиналған осы топырақтан шыққан кәсіпкерлер мен мықтылар осындай «мерекені» пайдаланып, мәрттіктің майданына түсіп, елге қажетті бір жыртыққа жамау болса да бүгін үндемес едік… Өкінішке орай,  тоқсан жылдыққа арнап жасалған дарақы тойда ел есінде қалатын, тұрғындар игілігін әлі талай  жыл  көретін ғибратты істердің ізі де байқалмады.

Бесқарағайға барған сайын аудан орталығындағы екі қабатты бұрынғы универмаг үйінің қаңырап бос жатқаны да назарымыздан тыс қалған емес. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аумалы-төкпелі заманда жекенің меншігіне өткен  бұл ғимараттың бос  тұрғанына  жиырма жылға жуық уақыт болған. Бұрынғы Семеновка, бүгін Қарабас аталатын ауылда да осындай екі қабатты универмаг үйінің бос тұрғанына көп уақыт болған. Аталған ғимараттар қазір ауданнан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Теміржан Әділовтің меншігі дейді бесқарағайлықтар.

Ендеше, құрметті Әділов мырза, Сізге қояр сауалымыз: ауылдың  ажарын  кетіріп, реңін қашырып тұрған осы  ғимаратты не сүріп тастап, не жөндеп қалпына келтіру жоспарыңызда бар ма? Қарабастағы жекешелендіріп алған бұрынғы универмаг үйін Мәдениет үйі етіп жөндетіп, жерлестеріңізге сыйға тартсаңыз, «депутатымыз тым болмаса бір пайдалы іс істеді» деп сайлаушыларыңыз қуанар еді… Ойланарсыз… Мәселе меншіктің түрінде емес, соған иелік ететін адамның түсінігінде, азаматтығы мен кісілігінде деп ойлаймыз …

Бесқарағай ауданы, қай Владимир екенін кім білсін, әйтеуір, осы есімге тәуір–ақ тәуелді. Олай демеске амал жоқ. Үлкен Владимировка деп бір ауылға берілген атау аздық етті ме екен, кім білсін, Кіші Владимировка атты ауыл тағы бар… Ал осы елді мекендердегі мектептердің атаулары азаттықтың таңы атқанына 27 жыл өтсе де селт етпей, Владимирдің құрметіне аталған күйі әлі күнге қасқиып тұр. Бесқарағай ауданындағы мектептер бүгінгі таңда — Большая Владимировская ОМ, Кіші Владимировка ОМ, Березовка ОМ, Долонь ОМ, Глуховка ОМ, Канонерка ОМ, Кривинка ОМ, Семеновка ОМ, Сосновка ОМ… болып аталады… Білім беретін шаңырақ өз атауын түземесе, ұрпақ санасында отаншылдық рухын қалай көктете алады?

Аудан орталығы Бесқарағай ауылында автовокзал үйінің жоқтығы — халыққа қолайсыздық туғызып жүрген, жергілікті билікке қанша айтылғанымен, шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Жекешелендіру науқаны кезінде аудан орталығындағы бұрынғы жап-жақсы автовокзал ғимараты сатылып кеткен екен. Қазір жолаушылар автобусты ауылдың сыртында, далада қарсы алады. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың сақылдаған сары аязында ашық аспан астында, паналайтын қалқа жоқ, жол бойында көлік күтудің азабын жолаушы ғана түсінер. Ал әкім мен оның командасы қоғамдық көліктің қызметін пайдаланбайтындықтан, халықтың мұңын қайдан түсінсін… Дәулет Батырбаев мырзаға сауал: осы мәселеге байланысты қандай да бір қадам жасалды ма? Аудан әкімі ғана емес, ауданнан сайланған облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, «Нұр Отан» партиясының жергілікті белсенділері осы орайда не дейді екен? Біздің ойымызша, билік пен халық арасында байланыс дұрыс жолға қойылмаған. Бірлік жоқ жерде берекенің болмайтындығының тағы бір дәлелі осы емес пе?

Айтпақшы, Бесқарағай ауданының сайтына кіріп, бүгінгі басшылық туралы қажетті ақпараттарды іздеу үстінде таң қалдырған жағдайлар да аз болған жоқ. «Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі  ведомствоаралық комиссияның дербес құрамы» деп аталатын тізімге көз жүгіртіп отырып, осыдан бір жылдан артық уақыт бұрын басқа ауданға әкім болып кеткен Нұржан Төлеужанұлы Тоқсейітовтің, әкімнің басқа қызметке ауысып кеткен орынбасары Ерболат Еренұлы Рахметуллиннің, зейнет демалысына кеткеніне екі жылдан асқан Руфия Ногайшиновна Кисамиеваның тізімде әлі күнге тұрғанын көріп таң қалдық. Уикипедия ашық энциклопедиясындағы деректерде де Бесқарағай ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов болып жазылған қалпы өзгермепті… Аудан басшысының әлеуметтік желіге кіріп, аталған мәселеге мән беруге уақыты жоқ делік, ал ішкі саясат бөлімі қайда қарап отыр?

Ішкі саясат әкімдіктердегі атқаратын жұмысы ең жауапты бөлімдердің бірі болғандықтан, саяси тұрғыдан сауатты, жаңашыл, өжет басшыны қажет ететіні белгілі. Бесқарағай аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінің бүгінгі басшысы Әсемгүл Қалтаева осы лауазымға қандай қабілетімен лайық деп танылып тағайындалды екен?..

Соңғы бірнеше айдан бері аудан әкімінің идеология жұмыстары бойынша орынбасары қызметін Бауыржан Баталов атқарады. Өмірбаян деректеріне қарасақ, Бауыржан Жекенұлы — қатардағы ауыл мұғалімінен бастап мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өткен тәжірибелі басшы. Бедел еңбекпен келеді. Өкінішке орай, елуді еңсерген азамат Бауыржан Баталовтың халқына сіңірген еңбегі жайлы ел аузында жүрген ерекше пікірді естімеппіз. Өзіміз де Баталовтың бойынан басшыға тән харизманы байқаған емеспіз. Керісінше, желтоқсан айының ортасында редакцияға қоңырау шалған (есімін белгісіз қалдыруды қалады…) тұрғын үй кезегінде тұрған бесқарағайлықтардың бірі баспана алудан үміті үзілгенін, пәтер әкімдіктің қызметкерлерінен аспайтынын ашына баяндап, аудан әкімінің екі орынбасары — Бауыржан Баталов пен Нұрлан Борсықбаевтың қызметтік пәтерге ие болғанын, аталған шенеуніктердің бірі өзінің үйін жалға беріп, мемлекеттен тағы баспана алғандығын, әділеттіктің жоқ екендігін айтып ренжіген. Егер аталған мәселеден аудан әкімі бейхабар болса, анықтап, таяуда тұрғындар алдында беретін дәстүрлі есебінде жауап бере кетер деген үміттеміз. Бұл алдағы уақытта біздің де қадағалауымызда болады.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында халқымыздың озық дәстүрлері мен рухани құндылықтарын жастардың бойына сіңіру арқылы отансүйгіштікке баулуды тапсырып отыр. Бұл орайда қоғамның белсенді мүшелері қазына қарттарымыздың ой-пікір, ақыл-кеңес, өмірлік тәжірибелерінің тәрбиелік мәні зор екендігі белгілі.

Аталған ауданға Нұрлан Бәтташұлы Сыдықов басшылық жасап тұрған шақта Ардагерлер үйі ашылып, қарттардың бос уақыттарында бас қосуларына қолайлы жағдай жасалған болатын. Бүгінгі таңда сол ардагерлер бас қосатын орталықтың аты бар да, заты жоқ. Ішіндегі сол кезде ардагерлерге арнап қойылған жабдықтар да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен… «Дәулет Батырбаев басшылыққа келгелі аудандық әкімдік пен қарттар арасындағы байланыс үзілген. Парламент депутаттары немесе облыстық деңгейдегі лауазымды басшылар келсе, өтініш-тілек, арыз-шағымымызды айтқымыз-ақ келеді. Өкінішке орай, халықпен кездесу ұйымдастырмайды. Келгендерді Достық үйінен қайтарады. Ауданда мемлекеттік тілге құрметтің жоқтығы қынжылтады. Тілдер орталығы сертификатты оқығанына да, оқымағанына да жазып бере салады. Жиналыстар қазақ тілінде емес, орыс тілінде өтеді»,- дейді аудандағы мемлекеттік тілдің жанашыры Аманжол Шакеров ағамыз.

Ақсақалдары  ауылдың адвокаты да, тәртіп сақшысы да, соты да, биі де болған халықпыз. Ел ішіндегі тентегін тыйып, бұзақыларын бұғаулап, елдің бірлігін сақтап, кем-кетігін сыртқа шығармауға барын салатын, салиқалы сұхбат құрып, ұрпақтың болашағына алаңдайтын, қиындыққа тап болғандарды көп болып көтеруге, жұрт болып жұмылуға ұйымдастыратын абыз ақсақалдар Бесқарағайда да жоқ емес. Алайда ауданда билік пен аға ұрпақтың арасында байланыс жоқ. Күрмеуі шешілмеген мәселелер ақсақалдардың алқалы отырыстарында талқыланатын, бүкіл ауыл үлкеннің алдына шықпай, «ақсақалдар не дер екен?» деп құрметтеп тұратын халықтың ұрпағы емеспіз бе? Өкінішке орай, бүгінгі таңда  Бесқарағай ауданында даланың иісі сіңген дара қарттарымызға, дана қарттарымызға жасалған құрмет осындай. Қазына қарттардың аудан әкімі Дәулет Батырбаев мырзаға қажеті жоқ болып отыр.

Ауданда Малая Владимировка деген ауыл бар. Бұл — Кеңес Одағының Батыры  Иван Ильич Корневтің туған жері. Владимирдің орнына туған ауылын Отан үшін от кешкен батырдың есімімен атайтын кез келді емес пе?

Ұлы Отан соғысы кезінде Бесқарағайдан майданға аттанған үш батырдың тағы бірі — Сергей Алексеевич Елистратов. Большая Владимировка орта мектебі осыдан он жылдай уақыт бұрын Сергей Елистратовтың атында болатын. Неге екенін кім білсін, кейіннен жоқ болып кетті… Осы мәселенің мәнісін де Дәулет Батырбаев мырза түсіндіре кетсе екен деген өтінішіміз бар.

Бесқарағайдың мақтаныш етер перзенттері аз емес. Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратов, ақын Михаил Балыкин, композитор  Төлеген Мұхамеджанов, Болат Қабылбаев, Жолан Дастенов, актер Ментай Өтепбергенов, Римде өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері Құсман Косанов, жетпісінші жылдары Мюнхен Олимпиадасына қатысқан Анатолий Бадранков және Анатолий Микетенко, жеңіл атлетикадан КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы Александр Довбенко сияқты есімі республикаға кеңінен танымал талантты тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті топырақ.

Менің туған ауылым Бөденелі Ертістің сол жағалауында орналасқан. Бесқарағайдағы саусақпен санарлықтай таза қазақ ауылдарының бірі. Ауылымды еске алсам, тәубешіл, болашаққа деген сенімі мол, ашкөздігінен де қанағаты басым, жақсылыққа жаны құштар, көңілі даладай дарқан, дастарқаны жиылмаған, той-думаны тыйылмаған пейілі кең ата-анамның замандастары көз алдыма келеді. Бұл бір ауылдың адамдарының ғана емес, бүкіл қазақтың болмысы… Дәл қазір ол жақта да мақтанатындай ештеңе жоқ сияқты. Қанша уақыт өтсе де өспеген ауылдардың бірі. Өшпегеніне де шүкір дейтін перзенттерінің біріміз… Аудан орталығынан шалғайлау жатқан туған ауылым жайлы әңгіме тізгінін таяуда жеке мақалада еркін жіберермін…

Құрметті Дәулет Бахитұлы! Осы мақалада өзіңізге сайын дала төсінде төрт түлігін өргізіп отырған  нағыз еңбекқор адамдар мекендейтін Бесқарағайдың бүгін төмен қарап, «қызаратын» тұстары аз емес екендігін жеткіздік. «Досың жылатып айтады білсін деп, дұшпаның күлдіріп айтады «жүрсін!» деп» дейді дана халқымыз. Бесқарағай ауданының тұрғындары тарапынан редакция поштасына келіп жатқан хаттар көп. Телефон арқылы байланысқа шығып, арыз-шағым айту фактісі де соңғы кездері тым жиілеп кетті. Желтоқсан айының 11 күні ауданға әкім болып келгеніңізге бір жыл толды. Осы уақытта «Мынаны істедім!» деп көрсетерліктей нақты қандай ісіңіз бар? Аудандардағы жас әкімдердің бірісіз. Әдетте, жас басшылар бүгінгі қызметін ертең бір саты жоғарырақ тұрған баспалдаққа шығудың жолы деп қабылдайды. Сол үшін жастық жалынын аямай жұмыс істейді. Ақиқатты айтайықшы, бүгінгі жұмысыңызға өзіңіздің көңіліңіз тола ма?

Әкім мырза! Біздің мақсат — сын айту емес, сол айтылған сыннан қорытынды шыға ма деген үміт… Жоғарыда жазылған жағдайларға Сіз және ауданда басшылықта отырған басқа да азаматтар биліктің емес, халықтың көзімен қарап, әркім өзінің еліне деген жанашырлығын іс-әрекеттерімен дәлелдер деген үміттеміз. Бізде басшы көп болғанымен, ұлттың рухани әлемін кеңейту ісіне жаны ашитындар аз. Жергілікті әкімдердің қызметі бюджет қаржысын игеру, салық жинау, мемлекеттен бөлінген ақшаға жол жөндетіп, су тарту сияқты жұмыстармен шектеледі. Майқы би: «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді…» деген өсиет қалдырған екен! Өз құндылығын жоймай бүгінге жеткен өсиеттердің бірі! Бесқарағай ауданының рухани тұрғыдан жаңғыруы мәселесіне бүгінгі Сіз бастаған биліктің мән беріп отырмағаны байқампаз халықтың назарынан тыс қалған жоқ. Ауыл — ұлттың бесігі. Ендеше, еліміздің болашағы үшін қуатты ауыл керек! Ұлт ұлағатынан нәр алған ауылдардың перзенттерін әлі де ұзақ тербету қажет екендігін Сіз бен біздің естен шығармағанымыз дұрыс қой.

АВТОРДАН:

Бесқарағай ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігін бізбен байланысқа шығып көмек сұраған оқырмандарымыздан жеткен ақпараттарды негізге алып және өзіміз көрген-түйгендерімізді сараптай отырып баяндадық.

Одақтың одағай саясаты салдарынан ана тілі мен ұлттық дәстүрінен ажырап қалған өңірге халықтың озық дәстүрі мен тілін құрметтеуге қабілетті, іскерлік қасиеті мол, өресі биік, ауылдың тұрмысы мен шаруасын жетік білетін, ең бастысы, ұлтына жаны ашитын азамат басшылық жасауы керек. Жоғарыда айтылған жағдайларды шешуге ұлттық дәстүрден бейхабар, ана тілінің «уызына жарымай», асфальтта өскен Дәулет Батырбаев сияқты әкімнің қабілеті жетер ме екен?

Таяу уақыттарда «Семей таңы» және «Вести Семей» газеттерінің көшпелі редакциясы Бесқарағай ауданын аралап, халықпен кездесуді жоспарлап отыр. Кездесу биліктің қатысуынсыз, БАҚ пен бұқара арасындағы ашық әңгіме түрінде болады деп ойлаймыз. Ендеше, мақаланың жалғасын газеттің алдағы сандарынан күтіңіздер, ардақты оқырман!

Риза Молдашева, ШҚО мәслихатының депутаты.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысының прокуратурасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жалған қорытындылар жасалғанын анықтады

18.09.2025
Түркістан облысының прокуратурасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жалған қорытындылар жасалғанын анықтады

Жетісай ауданында атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі-АӘК) тағайындау үшін жергілікті атқарушы органмен құрылған комиссия «атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес» деген...

Толығырақ...Details

Қаза тапқандар бар: Қарағандыда пойыз бен Mazda соқтығысты

18.09.2025
Қаза тапқандар бар: Қарағандыда пойыз бен Mazda соқтығысты

Semeitany.kz - Қарағанды облысында жолаушылар пойызы мен жеңіл көлік соқтығысып, үш адам оқиға орнында қаза тапты. Оқиға 17 қыркүйек күні...

Толығырақ...Details

Биыл 855 мыңнан аса отбасыға 404,3 млрд теңге жәрдемақы төленді

18.09.2025
Биыл 855 мыңнан аса отбасыға 404,3 млрд теңге жәрдемақы төленді

Semeytany.kz - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың басынан бері көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға орта...

Толығырақ...Details

Семейге 200 орындық балалар ауруханасы, жаңа емханалар мен стадион салынады

18.09.2025
Семейге 200 орындық балалар ауруханасы, жаңа емханалар мен стадион салынады

Semeytany.kz - Абай облысында 79 жоба әзірленіп, оның 33-і даму жоспарына сай кезең-кезеңімен іске асады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде...

Толығырақ...Details

Жапонияда партия тізгінін жасанды интеллектке бермек

17.09.2025
Жапонияда партия тізгінін жасанды интеллектке бермек

Semeytany.kz – Жапонияда жаңадан құрылған «Жаңғыру жолы» (Path to Rebirth) партиясы жетекшілік қызметті жасанды интеллектке жүктейтінін мәлімдеді. Мұндай шешім партияның...

Толығырақ...Details

Германиямен меморандум: Абай облысының студенттері үш айлық тағылымдамаға барады

17.09.2025
Германиямен меморандум: Абай облысының студенттері үш айлық тағылымдамаға барады

Semeytany.kz - Абай облысы Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі Германияның «MICHEL METALLBAU GmbH & Co. KG», «A&E NENASCHEW GMBH...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

Абай облысы Түркістандағы «Орталық Азия – Корея» форумында өңір әлеуетін таныстырды

2 часа бұрын

Түркістан облысының прокуратурасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жалған қорытындылар жасалғанын анықтады

3 часа бұрын

Қаза тапқандар бар: Қарағандыда пойыз бен Mazda соқтығысты

5 часов бұрын

Биыл 855 мыңнан аса отбасыға 404,3 млрд теңге жәрдемақы төленді

5 часов бұрын

Семейге 200 орындық балалар ауруханасы, жаңа емханалар мен стадион салынады

6 часов бұрын

Жапонияда партия тізгінін жасанды интеллектке бермек

18 часов бұрын

Германиямен меморандум: Абай облысының студенттері үш айлық тағылымдамаға барады

18 часов бұрын

Бір аптада екі бас жүлде: Абай театры халықаралық сахналарда топ жарды

18 часов бұрын

Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынды

19 часов бұрын

Киелі жерлер — өзара құрмет пен халқымыздың мәдени саналуандығының символы — Президент

19 часов бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС