«Дариға-ай» жастар театрының актерлері Рауан Сәлімов пен Естай Шәріпұлы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Қалалық әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде шаһар басшысы Ермак Бидахметұлы қос актерді арнайы құттықтап, төсбелгілерін тапсырды. Бұл қала әкімінің өнерге деген құрметі деп білеміз.
Әріптестеріміздің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болуы 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған театр ұжымы үшін жыл басындағы үлкен сый болды. Осыдан 20 жыл бұрын, 1999 жылы, Семейде тұңғыш рет «Дариға-ай» жастар театры ашылды. Театрдың ашылуына ұйытқы болған профессор, академик Дариға Тұранқұлова бастаған бір топ аға-апаларымыз М.Төлебаев атындағы музыкалық колледждің «Театр өнері» бөлімін енді ғана бітіріп жатқан жас түлектерге жол ашып, ұлттық рухта тәрбие беретін, өзге театрларға ұқсамайтын өзіндік стилі, бет-бейнесі бар жаңа театрдың тұсауын кескен болатын.
Сол жылдары дипломдарын енді ғана алған жас мамандар Рауан мен Естай театрдың іргетасын қалауға атсалысқандардың бірі болды. 20 жыл бойы театрымыздың киелі сахнасында сан түрлі образдарды сомдап, көрермендерінің ризашылығына бөленіп жүрген қос актердің еңбектері еленіп, театр мерейтойына орай марапатқа ие болып отыр.
Театр ұжымы атынан қала әкімшілігіне, сондай-ақ өнерге үнемі қолдау көрсетіп отыратын Ермак Бидахметұлына үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Әріптестерімізді құттықтай отырып, еңбектеріне шығармашылық табыстар тілейміз.
Г.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, театрдың әдеби бөлімінің меңгерушісі.{jcomments off}