Бүгінгі сұхбатты дайындау үстінде есіме 2013 жылдың тамыз айы орала берді.
Мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесі — «А» корпусының қатаң сынынан өткен резервтегі кадрлар билікке келіп жатқан сәтте Тарбағатай ауданына тағайындалған әкіммен байланысқа шығып, «А» корпусы: ашық әңгіме» айдарына сұхбат беруге ұсыныс жасадық.
Басшылар да әр түрлі болады. Сұхбат алуға тілші барса, «сауалыңды тастап кет, ойланып, жазбаша жауап берейін» деп шіренетін шенділер де бар. Төртінші билік барса, төрін ұсынатындар да жоқ емес. Ділдабек Тәжібайұлын соңғыларының қатарына жатқыздық. Тілші сауалына тігісін жатқызып, тыңғылықты жауап беру де кез келген мемлекеттік қызметкердің қолынан келе бермейтінін көріп жүрген біз алғашқы сұхбаттан кейін Тарбағатайға тағайындалған жаңа әкім өз ісін білетін, алдағы жұмысына жасаған жүйелі жоспары бар басшы екен деген ой түйдік.
Содан бері де ЖЕТІ ЖЫЛ уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде Ділдабек Оразбаевтың атқарған жұмыстары көз алдымызда. ЖЕТІ ЖЫЛ уақытта Тарбағатай өңірінің өсіп — өркендеуі жолында Ділдабек Тәжібайұлы көп еңбек етті.
Ауыл шаруашылығының тәжірибелі маманы, экономика ғылымдарының кандидаты Ділдабек Оразбаев өткен жылдың сәуір айында Аягөз ауданына басшылыққа тағайындалған болатын. Біздің бүгінгі сұхбатымыз бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспары жайлы болмақ.
— Ділдабек Тәжібайұлы, Аягөз ауданын басқарған бір жыл қалай өтті!?
—Бір жыл уақыттың қалай тез өте шыққанын байқамай да қалыппын. Бір ауданды басқарып, ойыңдағы жоспарлардың орындалуы үшін 3 жыл да, 4 жыл да аздық етеді, ең кемі 5 жыл уақыт қажет. Күн сайын өзгеріп жатқан өмір, жаңа мемлекеттік бағдарламалар мен олардың орындалуы, халықтың сұранысын қанағаттандыру немесе қанағаттандыра алмау сияқты жағдайлар бізді бір қуантып, бір өкіндіріп жатады.
Облыс басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру міндетін жүктеді. Ал кез келген ауданның даму деңгейі индикаторлық көрсеткіштерімен анықталады. Осы мақсатта 2019 жылы ауданымызда талай істер атқарылды.
— Ділдабек Тәжібайұлы, осыдан жарты ғасырға таяу уақыт бұрын шұбартаулық жастардың замандастарын қой шаруашылығын өркендетуге шақырған бастамасы кеңінен қолдау тапқаны есімізде. Ұлттық кәсіпті өркендетуге жасалған осы бастаманың мал басын көбейтуге қосқан үлесі көп болды. Бүгінгі таңдағы Аягөз, Шұбартау өңіріндегі мал шаруашылығының жайына тоқтала кетсек…
— Иә, кезінде Одақты дүр сілкіндірген ол бастама есімізде. Ол бастама шалғайдағы Шұбартаудың жарық тартылмаған алыстағы ауылдарына жарық әкеліп, теледидар қосылып, жолсыз жерлерге жол тартылып, өңірді жаңғыртуға үлкен септігін тигізгені жайлы ауылдағы ағайын аңыз қылып айтады.
Соңғы жылдары ата — бабамыз «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып…» деп қасиет тұтқан ұлттық кәсіп — қой шаруашылығын өркендету жұмысының қарқыны баяу… Әрине, бұл орайда қой етіне сұранымның төмендігінің де әсері бар екендігі белгілі. Елімізде қой терісіне де сұраныс аз. Жүн өңдейтін кәсіпорындар жоқ деуге болады. Бір кездері ақтылы қой өргізген Шұбартаудың сайын даласы қазір сол Шопан ата түлігін іздеп жетімсіреп тұрғандай көрінеді… «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» дейтін даналық ескірген заманда өмір сүріп отырғанымыз өкінішті… Мәселен, 2015 жылы облыс көлемінде қой саны 2 млн бас болса, өткен жылғы мәлімет бойынша, оның саны 1,7 миллионға дейін кеміген. Қонақ келсе, қораға жүгіретін қазақ келешекте қой іздеп, Жаңа Зеландия мен Австралия жаққа жаутаңдап қала ма деген қауіп те жоқ емес… Бұл қой шаруашылығы туралы… Жалпы, мал шаруашылығымен айналысуға ниеті бар кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан ұсынылып отырған түрлі бағдарламалар көп.
Бүгінгі таңда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аудандағы 8 шаруа құрылымы қаржы институттарынан 4 пайызбен несие алып, шетелден асыл тұқымды ірі қара малын сатып әкелді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы несие алған шаруалар да 1 191 бас ұсақ мүйізді мал басын сатып алды. «Қарапайым заттар экономикасы» несие бағдарламасы арқылы да 16 шаруа құрылымы несиеге қол жеткізіп, оның 5-уі ірі қара, қой және жылқы малдарын сатып алса, 11 шаруа құрылымы бүгінгі күні мал басын іздестіруде.
Малдың көбеюі — халықтың әл-ауқатының жақсаруының кепілі. 2019 жыл-дың қорытындысы бойынша, ауданда ірі қара мал саны – 88344 бас, қой-ешкі –176220 бас, жылқы – 41511 бас, құс саны 35764 басты құрады.
2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 24039,9 тонна тірі салмақтағы ет, 8888,0 тонна сүт, 4823,4 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 2019 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 30970,3 млн теңге болып, облыстың даму рейтингісінде 4 орынды иелендік. (мал шаруашылығы өнімі бойынша аудан 1 орында )
Облыс бойынша өндірілген өнімінің 5,2 пайызы біздің ауданымыздың үлесіне тиесілі. (Облыс — 593 млрд 417 млн теңге)
Ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында өтетін жәрмеңкелерде ет және сүт өнімдері қолжетімді бағамен сатылады. Шаруаларға жеңілдік жасалған, олар жәрмеңкеде орындарға салық, басқа да төлемдер төлемейді.
Өткен жылы ауыл шаруашылығының өсімі 2018 жылмен салыстырғанда 115 пайызға көтерілді. Жұмыс орындарын ашуға бағытталған 50-ден астам мемлекеттік бағдарламалар бар. Өткен жылы бұл бағдарламаларды түсіндіру мақсатында 3 топ құрып, ауыл-ауылдарды аралап, халықпен жұмыс жүргіздік. Нәтижесі бар. Өкінішке орай, биыл әлемді жайлаған індет бұл ісімізге бөгет болып отыр. Шектеу шаралары аяқталған соң жұмысты жалғастыратын боламыз.
— Сіз Тарбағатай ауданына басшылық жасап тұрғанда ел тарихы, жер тарихы деген мәселеге көп мән беріп, осы орайда талай игілікті істер атқарғаныңыз белгілі. Аягөз — абыздар мен аңыздар елі. Даналар еліндегі рухани жаңғыру жұмысына тоқталсақ…
— Қазақтың қай аймағын алсақ да тұнып тұрған тарих. Сол қалың тарихымыз жұп-жұқа оқулыққа ғана сыйып кететін уақыт бүгін артта қалды. Бүгінгі ұрпаққа өнегелі іс, өшпес мұра қалдырған тарихи есімдер, дана билер мен дарынды ақын-жыраулар Аягөз өңірінде жеткілікті. Шұбартау — Шақантай батыр, Жобалай би, Байқотан би, Бегеш шешен дүниеге келген өңір. Келешекте осы батыр, шешен, билерімізге, Дулат Бабатайұлына ескерткіш қою жоспарымызда бар.
Аягөз өңірінде дүниеге келген даналардың қатарында Әз Тәуке заманында «Жеті жарғыны» жазуға үлес қосқан атақты билердің бірі Нар дауысты Нарынбай би бар. Ал оның ұлы Қу дауысты Құттыбай – Абылай ханның сенімді серігі болса, одан өрбіген Байғара мен Ақтайлақ та ұлысқа төрелік айтқан қазақ тарихындағы қабырғалы билер.
Дала даналарын дүниеге әкелген осы елге қызмет ету — мен үшін мәртебе.
Аягөз өңірі қазақ халқының «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» лиро-эпостық жыры арқылы әлемге махаббат мекені ретінде танымал. Қызметке тағайындалғаннан кейін, елмен, жермен алғашқы танысу кезінде Таңсық темір жол бекетінен 10 шақырымдай жердегі Аягөз өзенінің бойында орналасқан махаббат мазарын арнайы барып көрдім. Осы сапарда есіме Үндістандағы әлемдегі ең керемет ескерткіштердің бірі Тәж Махал оралды. Бірі үнді, ал екіншісі қазақ халқының ауыз әдебиеті аңыздарының желісіне негізделгенімен, екеуі де мәңгілік махаббаттың символы болғандықтан шығар, қалайда бір ұқсастықты байқағандай болдым. Тәж Махалды көру үшін үнді жеріне жыл сайын мыңдаған туристер келеді екен. Қозы мен Баянның махаббат кесенесін көрген сәтте-ақ бұл жерді де керемет туристік орталыққа айналдыруға болады деген ой түйген едім. Еліміздегі бүгінгі жағдай көп жоспарларды жүзеге асыруға бөгет болып тұр.
Елбасы — ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне енген Қозы Көрпеш — Баян сұлу кесенесінің маңайын абаттандыру мен көгалдандыруға тиісті министрліктен рұқсат алып, жөндеу жүргізуді биылғы жылдың жоспарына енгізіп отырмыз.
Өңіріміздегі басқа да тарихи — мәдени ескерткіштерге халықты тарту, туризмді дамыту мақсатындағы жұмыстар қолға алынатын болады.
— Бүгінгі Аягөз — бұрынғы Шұбартау ауданымен қосылған аймағымыздағы ірі өңірлердің бірі. Ел аузында «Шұбартаудың шері» деген атқа ие болып, қордаланып қалған проблемалардың қатарындағы ауқымдысы жол мәселесі болатын. Өзіңіз ауданға басшылыққа тағайындалғанда Шұбартау өңірін өркендетуді қолға алғалы жатыр деп естіген едік… Шұбартаудың шері азайды ма?
— Иә, өзім осы ауданға басшылыққа тағайындалған алғашқы күннен Шұбартау өңірін ерекше назарыма алдым. Бұрынғы аудан орталығы болған Баршатастан бастап барлық ауылдық округтер мен елді мекендерді аралап шықтым. Шұбартау өңірінен жақынды да, жатты да бауыр тұтып қарсы алатын, өзінің меймандостығымен, еңбексүйгіштігімен ерекшеленетін халықты көрдім. Бұл өңірде қазақтың қасиетті тілі де, салт-дәстүрі де қаймағы бұзылмаған күйінде сақтаулы.
Шұбартаулықтармен кездесу кезінде айтылған өтініш те, тілек те, билікке өкпе-наз да көп болды. Ауылдық округтерді аралай бастағанда көптеген балабақша, шағын орталықтарда бала санының аздығын байқадым. Мысалы, Баршатас ауылдық округіндегі шағын орталық 50 орынға арналғанымен, 10 ғана бүлдіршін барып жүр екен. Орталық жабылса, қаншама адам жұмыссыз қалады. Ал балаларына күтуші жоқтықтан жұмысқа шыға алмай үйде отырған аналар қаншама. Бала санының аздығынан жабылудың аз-ақ алдында тұрған бұл орталықтың жұмысын жандандыруды ауыл әкіміне тапсырдым. Бүгінде шағын орталыққа шамамен 40-қа жуық бала барады.
Өткен жылдарда осы Шұбартау өңіріндегі бірнеше елді мекенді болашағы жоқ ауылдар қатарына жатқызып, картадан алып тастау жайлы да мәселе көтерілгенін жасырмаймыз. Қазақтың әр ауылын ұлтымыздың бір бөлігі деп қарауымыз керек. Сондықтан да ұрпағын өсіріп, ұлттық кәсіпті нәсіп етіп отырған ауылдарды жоғалтуға болмайды.
Жаңа өзіңіз айтып кеткендей, Шұбартаудың ең басты шері — жол мәселесі. Баршатас пен Аягөздің арасындағы 175 шақырымдай жолдың 100 шақырымнан артығы жөнделді. Таяу уақытта тағы 15 шақырымдайы жөнделеді. Бұл мәселе келесі жылы толық шешіледі. Биыл сондай-ақ Баршатас пен Малкелдінің арасындағы жол да жөнделеді. Таяу жылдары Аягөз, Баршатас, Малкелді бағытындағы жол проблемасы шешіледі.
— Бір кездері Шұбартау жеріндегі «Ақтоған» су бөгеті бірнеше кеңшардың суармалы жеріне құнар беріп, мал азығымен қамтамасыз еткенін білеміз. Қазір ше?
— Қазір жасыл энергетиканың қуатын пайдалану арқылы шалғайдағы шаруа қожалықтарын суландыру жұмыстары қолға алына бастады. Бүгінгі күнге ауданда 205 шаруа құрылымдары өздерінің жайылымдық жерлерінен 195 құдық қаздыртып, осы жайылымдарды суғару бағдарламасы арқылы мемлекет тарапынан 216 млн 400 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы (субсидия) алды. Облыс бойынша 1-ші орындамыз.
Сонымен қатар жайылымдылық жерлерінде құдығы бар шаруа құрылымдары бүгінгі күнге 517 күн сәулесі панельдерін құрды. Осы сатылып алынған күн сәулесі панельдерінің шығындарының 80 пайызын мемлекет 1 млрд 292 млн 500 мың теңгені құрайтын қайтарымсыз қаржы — субсидия арқылы төледі. «Жайылымдарды суғару» бағдарламасы бойынша ауданымыз республика көлемінде алдыңғы қатарда. Облыста 1 — орында.
Ауданға басшылыққа тағайындалғаннан кейін Қосағаш ауылына барғанымда ауыл халқы өзіңіз айтқан Бақанас өзеніндегі «Ақтоған» су бөгетін қалпына келтіру туралы өтініш айтты. Бұл су бөгеті Одақ тұсында Шұбартаудың бір емес, бірнеше ауылын мал азығымен қамтамасыз етіпті. Аудан тарағаннан кейін шұбартаулықтар «Ақтоғанмен» қош айтысқан екен. Баршатас, Қосағаш, Мәдениет, Бидайықтың, Байқошқар ауылының жерін сумен қамтамасыз еткен Бақанас өзенінің бойындағы дайын тұрған су бөгетін неге қалпына келтірмеске? Бұл мәселе бойынша республикалық су ресурстары комитетімен байланысқа шықтық. Біздің осы істі қолға алып жатқанымызды естіген Қосағаштың екі тумасы байланысқа шығып, шамамен 10 млн теңге тұратын жобаны дайындау қаржысын өз мойындарына алды. Қазір жоба жасалып жатыр. Дайын болған соң «Ақтоған» су бөгетін қалпына келтіру жұмысы басталады. Бұл жоба 6 мың гектардан астам жерді көлдетіп суландыруға мүмкіндік береді. Су бөгеті — үлкен стратегиялық объект. Бидайық, Өркен, Айғыз ауылдық округтерінде де кезінде су бөгеттері болған екен. Ең бірінші «Ақтоғанды» іске қосып алған соң басқаларына да кезек келеді деп ойлаймын.
— Көп балалы жанұяларға қамқорлық жасау, оларды баспанамен қамтамасыз ету — мемлекеттің ерекше назарында ұстап отырған мәселелердің бірі. Осы орайда Аягөз өңірінде қандай жұмыстар бар?
— Көп балалы аналарға қамқорлық жасап, баспанамен қамтып, әлеуметтік көмектер беруді жалғастыра береміз. Жалпы, ауданда 250-ге жуық жағдайы төмен отбасы бар. Бұл отбасылар әрдайым назарымда. Ауданда арнайы қор құрылған, жұмыстар басталғаннан кейін кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізетін боламыз. Қорға түскен әр тиынның жұмсалуы бақылауда болады.
Аудан бойынша үй кезегіне тіркелген 167 отбасы бар. Бүгінгі күні көп балалы 11 отбасы облыстық «Парыз» қоры арқылы, 23 отбасы «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақтау банкісі арқылы баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл Солтүстік мөлтек ауданында бой көтеріп келе жатқан тұрғын үй аз қамтылған көп балалы отбасыларға беріледі.
Жалпы, көп балалы жанұялар біздің тұрақты назарымызда. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Аягөз қаласында екі бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта төртінші-бесінші қабаттары салынып жатқан нысанды пайдалануға беру 2020 жылдың маусым айына жоспарланған болатын. Елдегі шектеу шараларына байланысты пайдалануға беру мерзімі кешіктірілуі мүмкін.
— Сіз Тарбағатай өңірінде ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуде көп жұмыстар атқарғаныңызды білеміз. Аягөз өңірі ауыз сумен қалай қамтамасыз етілген?
— Биылғы жылдың өзінде 250 млн теңгеге жуық қаражатты ауыз суға бөліп отырмыз. Биыл Тарбағатай, Ақши ауылдарының тұрғындарына 24 сағат су берілуін қамтамасыз етеміз. Ақшәулі ауылында осы жылы іске қосамыз, Мыңбұлақта да сумен қамтуды бастаймыз деп отырмыз. Бүгінгі күнге ауыз суы жоқ 2 ауыл ғана бар, олар Малкелді және Байқошқар. Осы 2 ауылға жоба әзірленуде.
Мемлекеттің бізге жүктеп отырған негізгі тапсырмасы — халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Осы міндеттің қатарына халықты таза ауыз сумен қамту да кіреді. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта жүйелеп, біртіндеп жолға қоятын боламыз. Бүгінде аудандағы 50 елді мекеннің 32-сі, яғни 64 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.
Аягөз қаласында 108 көше бар болса, оның 74-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл қалған 34 көшені орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргіземіз.
Жалпы, қалада болсын, ауылда болсын тұрғындар бірдей жағдайда өмір сүрулері керек. Ауылдық округ әкімдеріне арнайы тапсырма берілген. Ел аралап, халықтың жай-күйімен танысу барысында басым көпшілігіне судың тәулік бойы берілмейтінін білдім. Қазір осы олқылықтарды жою үшін «СУ» мекемесі жұмыстар жүргізуде.
Нарын, Тарбағатай, Ақши, Қосағаш, Мәдениет, Бидайық, Баршатас сынды ауылдық округтерде су 2-6 сағат көлемінде ғана берілетіндіктен қазір тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ Қосағаш ауылында топтық су беру жүйесі орналасқан. Бұл жерден Мәдениет, Бидайық ауылдарына су барады. Бұрындары су 3-5 сағат уақытқа ғана берілетін. Қазір қосымша 5 ұңғыма қазылып, су беру уақыты 10-12 сағатқа жетті. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 24 сағатқа жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 2019 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Баршатаста ауыз су тәулік бойы беріле бастады.
— Өңірде жарықтандыру, жол жөндеу жұмыстары қалай жолға қойылған?
— Алғаш ауданға басшылыққа келгенде барлық деңгейдегі әкімдерге көше жарықтарын кезең-кезеңмен энергоүнемдегіш шамдарға ауыстыруды тапсырған болатынмын. Бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Ал жол жөндеу жұмыстарына келер болсақ, қала бойынша 8 көше асфальтталып, 35 көшеге меморандум арқылы қиыршық құм төселді. Шаһарда 38 көшеге асфальт жабындысы төселген, 35 көшеге қиыршық тас төселді. Үстіміздегі жылы тағы 7 көшеге асфальт жабындысын төсейтін боламыз.
Аягөзде За линией деген мөлтек ауданы бар. Аягөзде апатты жағдай орын алғанда, сол мөлтек аудандағы Кіші Аягөз өзені бойындағы жүргіншілер көпірін су шайып кеткен болатын. Тұрғындар тарапынан жаяу жүргіншілер көпірі салынса деген өтініш түскен еді. Қазір аудан бойынша 11 көпір салынып, қолданысқа берілді. Оның ішінде Аягөз қаласы бойынша жоғарыда айтқан Кіші Аягөз өзені үстіне 5 көпір, Мамырсу ауылдық округінде 6 автокөлік жүретін көпір салынды. Биыл Кіші Аягөз өзеніндегі 2 автокөлік жүретін көпірді күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлаудамыз.
— Сіз жайлы «ауылды қалаға айналдыра білетін әкім» деген пікір бар. Бұл жай айтыла салған сөз емес. Ақсуат, Тарбағатай өңірін қалай түрлендіргеніңіз, гүлдендіргеніңіз көпшіліктің көз алдында. Аягөз өңірі жайлы бұл орайда не айтуға болады?
— Азды–көпті жұмысымызды байқап, жақсы пікір айтқан халыққа ризашылығымды білдіремін. Қызмет еткен жерімізді көркейту- біздің міндетіміз. Бұл орайда Аягөз өңірінде де қолға алынып жатқан жұмыстар аз емес.
Қопа ауылдық округінде «КазМинералс Ақтоғай» кен байыту комбинатының демеушілігімен балалар ойын алаңы мен хоккей қорабы орнатылды. Аягөз бен Ақтоғай кентінде ойын және футбол алаңдары салынды. Қажымұқан, А.Көшкімбаева көшелеріне минифутбол, баскетбол, волейбол алаңдары мен стрит воркаут алаңы орнатылды. Қабанбай батыр – Нұралинов көшесіне бюджет есебінен және Аягөз локомотив жөндеу депосымен жасалған меморандум аясында саябақтар жасалды.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Шынқожа ауылдық округінде балалар ойын алаңы жабдықталып, саябақ абаттандырылды. Тарбағатай ауылдық округінде де балалар ойын алаңы жасалып, еңбек ардагерлеріне мемориалдық тақта орнатылды.
Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен Нарын ауылдық клубының алды абаттандырылып, аудандық мәдениет үйінің жылу жүйесі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Ақтоғай кентінің мәдениет үйі жөндеуден өткізілді.
Шұбартау өңірі — атақты композитор Еркеғали Рахмадиевті, жазушы Мұхтар Мағауин мен ақын Несіпбек Айтов сияқты таланттарды түлеткен қасиетті топырақ. Бұл елде бос уақыттарында өнерді жандарына серік еткен адамдар әлі де аз емес. Оларға қолдау көрсету мақсатында Қарағаш және Малкелді ауылдарына музыкалық аспаптар, Нарын, Мыңбұлақ, Тарбағатай, Баршатас, Өркен, Айғыз және Емелтау ауылдық округтерінің әжелер ансамбльдеріне 53 дана ұлттық киімдер алынды. Қалған ауылдардағы әжелер ансамбльдеріне де толығымен ұлттық киімдер әперетін боламыз..
Ардагерге құрметпен қарауымыз керек. Ауылдарда ардагерлер бас қосатын жер жоқ болғандықтан, ауыл әкімдеріне ардагерлер бөлмесін ашуды тапсырдым. Бүгінде Нарын, Мамырсу, Сарыарқа және Ақтоғай ауылдық округтерінде Ардагерлер бөлмелері жұмыс істеп тұр.
— Аягөздегі білім беру саласына тоқталсақ…
— Ауданымызда бес бастауыш, отыз бес орта мектеп бар. Мектептерде гимназия, лицей сыныптары оқушыларға тереңдетілген білім береді, жас өрендер өнер мектебі мен жасөспірімдер мен балаларға арналған спорт мектебінде және жас техниктер станциясында тәлім алады.
Мектептерге жергілікті бюджет есебінен IT-сыныптар ашу мақсатында 23 кабинетті дайындау үшін қажетті қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаз, компьютерлік жабдықтар мен интерактивті тақталар сатылып алынды.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, аудандағы екі мектепте алты «Жас сарбаз» сыныбы ашылған.
Өткен жылы аудан бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 502 түлектің орташа балы – 96,6, ал ең жоғарғы көрсеткіш 137 балл болды.
Ауданда мектеп жанында маусым айында екі ауысыммен жұмыс істейтін «Балдәурен» лагері ұйымдастырылды.
Жасөспірімдерге өз жерінің тарихын таныту мақсатында қазақтың бас ақыны Абайдың жеріне, Қозы мен Баянның, Дулат Бабатайұлы, Шақантай батыр, Қасабай батыр, Жобалай батыр, Бегеш, Байқотан, Байғара мен Ақтайлақ билердің кесенелеріне саяхаттар ұйымдастырылды.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында 3 күндік спорттық туризм жарысы өткізілді. Өткен жылы шілде — тамыз айларында жаңадан пайдалануға берілген Тарбағатай ауылдық округіндегі интернат ғимаратында жұмысын бастаған лагерьде 560 оқушы, Тарлаулы ауылдық округіндегі лагерьде 280 оқушы денсаулығын нығайтып, демалып қайтты. Ауданымыздағы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, көп балалы, қоғамның қолдауды қажет ететін тобына жататын отбасылардың балалары тамыз айында «Алакөл» жазғы сауықтыру орталығында демалды.
Мамырсу ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы негізінде «Еркетай» жекеменшік балабақшасы, аудан орталығындағы Оңтүстік қалашықта 190 орындық шағын орталық ашылды. Сондай-ақ Қарағаш аулындығы Ж.Жабаев атындағы орта мектепте, Майлин ауылындағы орта мектепте шағын орталықтар ашылды. Ендігі кезекте Бозай елді мекенінде шағын орталық ашу жоспарлануда.
Елдегі төтенше жағдайға байланысты біздің аудандағы мектептер де қашықтықтан оқытуға көшкен. Бұл орайда қажетті жағдайлар жасалған.
— Ділдабек Тәжібайұлы, сынды қалай қабылдайсыз?
— Әкім де адам. Ендеше, сын айтса, қуанамын десем, сенбессіздер. Сынды мен де барлық адамдар сияқты қабылдаймын. Кемшілігін бетіне басу кез келген адамға ауыр тиетіні рас. Алайда, әділ сын айтылса, оны қабылдай білуіміз керек. Кей кездері өзіміз байқамай, назар аудармай жүрген кемшіліктерімізді көруге, түзетуге, деңгейімізді көтеруге, көңіл аударуға қажет нәрсенің бірі сын деп ойлаймын. Сын арқылы біз шыңдаламыз. Сондықтан ақиқатты айтқан адамдардың пікірін дұрыс қабылдаймын, ал сын айтудың жөні осы екен деп дәлелсіз сөйлеп немесе арыз жазып жұмысқа бөгет жасайтын адамдардың әрекетін әркімнің ар алдындағы таразысының еншісіне қалдырған жөн шығар.
— Ділдабек Тәжібайұлы, сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Риза АСАНҚЫЗЫ{jcomments off}