Бүгінде білікті маман болғысы келген кез келген өреннің арманы шетелдің беделді жоғары оқу орындарына түсіп, сапалы білім алу екендігі белгілі. Ал 1 жылдық оқу құнының өзі бірнеше ондаған мың доллар болатын Оксфорд, Кембридж, Ресейдегі ММУ сынды университеттерде баласын оқытуға кез келген ата-ананың қалтасы көтермейтіндігі тағы анық. Алайда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ мұндай шетелдік беделді оқу орындарында жастарымыздың білім алуына кеңінен жол ашылды. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы талай жастың арманына қанат бітіріп, әлемнің үздік оқу орындарында білім алуына мүмкіндік берді.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау мақсатында еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған. Бағдарлама магистратура, докторантура сынды академиялық оқудан, сондай-ақ әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды. Осы уақыттың ішінде «Болашақ» бағдарламасы еліміздің стратегиялық басымдықтарына негізделе отырып, дамудың бірнеше кезеңдерінен өтті. Оның түлектері бүгінде елімізде еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге үлес қосуда.
Бағдарлама жүзеге асырылып келе жатқан 28 жылдың ішінде 14 мыңнан аса стипендия тағайындалыпты. Стипендиаттардың 44,8 пайызы Ұлыбритания мен Ирландияда, 41,5 пайызы АҚШ пен Канадада, 6,4 пайызы Еуропа құрлығындағы елдерде, 5,5 пайызы Азия мен Океанияда, 2,2 пайызы Ресей Федерациясында оқып жатыр. Елбасы дәл осы жастар егемен елімізді өркендетіп, Қазақстанды заман талабына сай жаңғыртуға атсалысса екен деп тілейтіндігін де сән мәрте айтқаны есте.
Халықаралық бағдарламалар орталығының деректеріне сәйкес, түлектердің 40 пайыздан астамы экономиканың шынайы секторында, 20 пайызы білім және ғылым саласында, 7 пайыздан астамы медицина мен денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. «Болашақ» түлектерінің төрттен бірі ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың топ-менеджері болып жемісті еңбек етуде.
Сөз орайында айта кетсек, осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқу мүмкіндігіне 70-тен аса семейлік жас ие болыпты. Олардың арасында қаламыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері мен қазақ-түрік лицейін тамамдаған жастардың үлесі мол екен.
ШҚО Білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, аймағымыздан 200-ден аса адам шет елде оқып келген. Ал қазіргі уақытта облысымыздың 61 тумасы 15 мемлекетте білім алуда. Оның ішінде АҚШ, Канада, РФ, Литва, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Нидерланды, Австрия, Германия, Франция елдері бар.
Осы орайда «Болашақ» халықаралық стипендиясымен Англияда білім алып келіп, қаламызда жемісті еңбек етіп жатқан жастармен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
Нартай Советханұлы Шолтық (құжат бойынша Чултуков) Жарма ауданындағы Қапанбұлақ ауылында дүниеге келген. Ауылдың топырағына аунап-қунап өскен қазақтың қара домалақ қарапайым баласы «Болашақ» бағдарламасымен 2014 — 2016 жылдары Ұлыбританияның Брайтон қаласындағы Сассекс университетінде «білім беру жүйесін бағалау және диагностикалау» мамандығы бойынша тағылымдамадан өткен. Бүгінде Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектебінің эксперт-математигі, педагогика ғылымдарының магистрі.
— Нартай Советханұлы, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз, қандай мектепте білім алдыңыз?
— Мен Жарма ауданы Қапанбұлақ ауылында 1985 жылы дүниеге келдім. Осы ауылдағы орта мектепте оқыдым. Мектебіміз әуелде Қызылжұлдыз орта мектебі деп аталған. Кейінірек Тұрлыхан Хасенұлының аты берілді. Тұрлыхан атамыз – Алаш ардақтыларының бірі, қазаққа қалтқысыз қызмет еткен зиялы ұстаз, ақын, публицист жазушы. Біздің ауылдағы мектептің негізін қалап, ең алғаш мұғалімдік қызмет атқарғаны тарихтан белгілі. Бүкіл қазақтың мақтанышы — грек-рим күресінен әлем чемпионы Дәулет Тұрлыхановтың атасы.
Бір аңғарғаным, мектеп – адамның тұлға болып қалыптасуына әсер ететін негізгі орта. Мысалы, Тұрлыхан Хасенұлының мектебімізде мұғалім болғанын және оның қазақ қоғамының белсенді қайраткері, репрессия құрбаны екенін сынып жетекшіміз, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлнар Қанағатқызы (марқұм) көп айтатын. Менің бойыма дәл осы сабақтар керемет шабыт пен рух беретін. Дәулет ағамыз текті атаның ұрпағы ғой, үлкен атасы Хасен қажы өз заманында екі мәрте қажылыққа барып келген. Осы жайттың барлығы бала кезден бойға сіңісіп, ой түкпірінде дәл сол кісілердей елге, ұлтқа қызмет қылсам деген ұлы мақсатты ұялатқан. Оны іске асыру үшін аласапыран күш пен терең білім керек.
Өз басыма келер болсақ, мектепті «жақсы» деген бағамен тамамдадым. Математика, тарих және қазақ әдебиеті пәндерін сүйіп оқыдым. Бала кезімде журналист немесе заңгер болуды армандайтынмын. Бірақ өздеріңіз білесіздер, ол мамандықтарға мемлекеттен грант өте аз бөлінеді. Сондықтан ата-анамның ақылына көніп, математик болуды ұйғардым. Ата-ананың ақылын тыңдасаң, қор болмайсың, оған осы саланы таңдап, жеткен жетістіктерім дәлел. 2002-2006 жылдары Семейдегі Шәкәрім университетінде білім алдым. Өз факультетімде белсенді студенттердің бірі болдым. Факультет деканы Гүлназ Еженханқызының қолынан «Физика-математика факультетінің ең үздік студенті» деген алғыс хат алдым. Университеттегі ғалым-ұстаздарым жайлы әңгіменің өзі бір төбе. Оларға деген құрметім мен ілтипатым шексіз. Көпшілігі бақилық болып кетті, жандары жаннатта болсын, ал көз көрген тұлғалы ұстаздарыма зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін.
Адам өзінің шыққан тегін білмесе, ұстайтын тұтқасы болмайды. Әкем — Шолтықов Советхан Шаймұратұлы. Әкем де, анам да қарапайым адамдар. Арнайы оқыған жоғары білімі болмаса да, мен үшін білімнің қайнар көзі – әкем. Жатса-тұрса оқитыны кітап. Кез келген тарихшы мен әдебиетшіні аттан түсіріп кете алатын білімі бар. Сондай-ақ асқан күйші. Домбыраны өздігімен үйренген, Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін кәсіби түрде орындап береді. Бұл ғажап емес пе?! Қазіргі таңда кенже інімнің қолында Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Әкем әлі күнге көп уақытын кітапханада өткізеді, үйлерінің іргесінде орналасқан кітапханадағы кітаптардың барлығын оқып бітіріпті. Анам жайлы айтсам, Солтанайтегі Назигүл Қасенбекқызы, Семейдегі «Жүн-тері техникумын» бітіріп, ауылдағы дүкенде қарапайым сатушы болып еңбек атқарған. Менің математика мамандығын таңдауыма анамның есеп-қисапқа жүйріктігі әсер етті деп ойлаймын. Нағашы атам да мықты математик болған. Міне, осындай бір үйлесімділік. Әкем мені ауылдағы үйдің қара жұмысына қатты жекпей, оқуыма жағдай жасады. Үш шақырым жердегі мектепке күніне екі рет жаяу барып, жаяу келетінбіз. Нағыз жанкешті болыппыз, қысты күні шығыстан соғатын алай-дүлей боран мен сақылдаған сары аязға қарамастан сабаққа баратынбыз.
— Университет бітірген соң немен айналыстыңыз?
— Университетті бітіргеннен кейін маған оқу орны Павлодар облысындағы Шарбақты ауылындағы мектепке жолдама берді. Бірақ мен туған ауылымда қызмет еткім келіп, өз мектебіме бардым. Алайда өз мектебімде бос орын болмады. Еңбек жолымды аудан орталығы Қалбатау ауылындағы Абай атындағы көпсалалы мектеп-гимназиясынан бастадым. Бір қызығы, кейбір адамдар аудан орталығындағы білім ордасына мені «бірдеме беру» арқылы кіріпті деп ойлайды екен. Жасыратыны жоқ, көпшілікте «мемлекеттік қызметке пара беру арқылы ғана орналасуға болады» деген түсінік қалыптасқан ғой. Әрине, олай да орналасуға болады, егер сен өзіңе сенімсіз болсаң. Мен бұл стереотипті бұзған адаммын. Адам білімімен және жақсы қасиетімен кез келген ортадан өзіне тиісті орнын ала алады. Әкем «Өзің жақсы болсаң, екі кісілік орын бар», «Маңдай термен, адал еңбекпен келген атақ пен абырой ешқашан текке кетпейді»,- деп үнемі айтып отыратын. Жетістікке адал еңбекпен, маңдай термен жетуді әкем мен анамнан үйрендім. Сол тәрбиені өзіме өнеге етіп, қазір үшінші білім ордасында қызмет етудемін. Біреу сенер, біреу сенбес, солардың ешқайсысына пара да, басқа да нәрсе ұсынған емеспін. Әр адам өзінен бастауы керек. Жағымпазданбай, Абайдың сөзімен айтқанда, «пайда ойламай, арды ойлап» еңбекке кірісер болсақ, даму да, өркендеу де, қызмет те болады. Жақсы емес пе, ешкімге кіріптар болмай өмір сүрген.
2008 жылы Семейдегі Т.Аманов атындағы №16 мектепке ауыстым. Қазір бар қазаққа Dauletten деген атпен танымал Дәулет Мұқаевқа және оның сыныптастырына мұғалім болу бақыты бұйырды. Шынын айту керек, басында олардың есептерін тексеруге жүрексінетінмін. Бірақ мені шыңдаған осы оқушыларым болды. Төлеубай Аманов есімі әлемге әйгілі математик қой. Сол мектепте «Амановшылдар клубын» құрып, өте мықты ізбасар шәкірттер шыңдап үлгердім. Қазір шәкіртім Тұрсынғазин Нұрғазы өзіммен әріптес, зияткерлік мектептің олимпиадалық мектебінде жетекші. Тортаева Назерке – қазақ-түрік лицейінде белді математик, Амантаева Арайлым — №16 мектептің мығым математигі. Мұқаев Дәулет пен Искаков Бауыржан деген оқушыларым PhD оқып жатыр.
Жаратқанның бұйрығымен, жүректің қалауымен, 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Назарбаев Зияткерлік мектебінде қызмет етіп келемін. Шыққан белестерім аз емес, бірақ алар асулар одан да көп деп ойлаймын. Бірақ бір нәрсені ешқашан ұмытпау керек – сенің үлкен белестерді бағындыруыңа себепкер жандар өте көп, соларға тағзым етіп жүру керек. Ұстазым — профессор Қажи Нұрсұлтанұлының бір айтқаны бар: «Еңбек ету – басты міндет. Білгеніңді үйретуден асқан бақыт жоқ ұстаз үшін. Айтқаныңды қағып алып, нұсқаған жолыңды ұстанған шәкірт үшін аянбау керек. Оны қызғыштай қорғап, сақтау керек. Менің өмірлік ұстанымым — осы», — деп. Менің де қазіргі өмірлік ұраным осы болар.
— «Болашақ» бағдарламасына қалай іліктіңіз?
— Ауылда өскен балалардың шет тілін меңгеру жағынан қайтсе де қиналатыны рас. Мен университетке түскенде «My name is Nartay» деп айтуды да білмейтін едім. Белсенді болғанымның арқасында, шәкіртақыдан қағылмау үшін шет тілдер факультетінде оқитын қыздардан сұрап, өз әрпмізбен жазып, жаттап алатынмын. Сөйтіп жүріп ағылшын пәнін «жақсы» деген бағаға аяқтадым. Университетті бітірген соң ағылшын тілін керек қылмадым. Бірақ зияткерлік мектепте ағылшын тілін білудің қажеттілігі қатты сезілді. 2011 жылы күзде іссапармен Сингапур еліне барғанымызда, түк түсінбей қайттым. Сол кезде қайтсем де ағылшын тілін меңгерем деген мақсат қойдым.
2013-2014 жылдардағы талап бойынша физика және математика пәні мұғалімдері ағылшын тілінен IELTS-тан 3,5 балл алса, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуына мүмкіндік барын көргенде, менің ағылшын тілін үйренетін мүмкіндігім осы деп, даярлана бастадым. Қайтсем де «Болашаққа» ілінуім керек деп ойладым. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ. Плеерге ағылшын тіліндегі подкастарды жазып алып тыңдап жүрдім. Сөйтіп жүріп IELTS-тан межелі балл алдым. Содан кейін «Болашақ» бағдарламасының психологиялық тестінен өттім. Одан әрі қазақ тілі, Қазақстан тарихы және мемлекеттік бағдарламалар бойынша емтихан тапсырдым. Комиссия мүшелеріне оқушыларыма математика пәнін жоғары деңгейде оқытқым келетінін және ағылшын тілін үйренгім келетінін айтып, барлық сынақтардан сәтті өттім. Сөйтіп, Ұлыбританияның шығысында орналасқан Брайтон қаласындағы Сассекс университетінен «Білім беру жүйесін бағалау және диагностикалау» мамандығы бойынша тағыламдамадан өтуге жолдама алдым. Бұл жетістігіме жеткенде түйген ойым – мақсатың айқын болып, әрекеттерді дұрыс жоспарласаң, алынбайтын асу, бұзылмайтын қамал жоқ. Көпшілік ойлағандай, бай-манаптың ғана балалары емес, тіреуі жоқ болса да, тілеуі мен ниеті дұрыс қарапайым, еңбекқор адамның қолы жететін белес екенін айтқым келеді. Осы орайда менің шетелден білім алуыма гарант болып, сенім артқан Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымына алғысым шексіз.
Британияға барғанда менің көңілім қатты түсті. Біріншіден, біз олардан екі жүз жылдай артта қалып қойғанбыз. Екіншіден, Қазақстанда үйренген ағылшын тілім ол жақта іске жарамай қалды. Өз тілдерінде өте жылдам сөйлейтін ағылшындарды түсінбей қиналдым. Қиналғандығым сонша — қайтып кетем бе деген де ой келді. Бірақ, «Ерді намыс өлтіреді» демекші, сынуға, жығылуға намысым жібермеді. Ел-жұртың үміт артып білім грантын беріп отырғанда, сол сенімді ақтай алмай қалсам, ең үлкен өкініш болатын еді. Қиналып жүргенімді аңғарған университеттегі оқытушылар маған көбірек көңіл бөліп, тілдік дағдымды жетілдіру үшін бар мүмкіндікті жасады. Сол үшін ол ұстаздарыма да алғысым шексіз.
— Британиядағы оқыту жүйесінің қандай ерекшелігін байқадыңыз?
— Бір жарым жылдық білім іздену іссапарымызда шама-шарқымызша Британ мектептеріндегі білім жүйесіне тереңірек үңілуге тырыстық. Мұнда 16 жасқа дейін әрбір бала негізгі білімді тегін алуға міндетті. Негізгі мектепті, яғни «11-ші жылды» (біздіңше, 9-шы сынып) бітіргенде, «Негізгі мектепті бітіргені үшін сертификат» емтиханын бүкіл мектеп түлектері тапсырады. Бұл емтихан қорытындысы түлекке колледжге немесе жоғары мектепке (A level) жолдама береді. Себебі міндетті деп саналатын үш пәннен (математика, ғылым (физика+биология+химия), ағылшын тілі) емтихан нәтижесі «С» деңгейден (50%-дан) төмен болса, оқушы Британиядағы ешбір колледжге немесе жоғары мектепке түсе алмайды. Ал мектеп оларды қайта даярлауға міндетті емес. Емтиханнан құлаған оқушылар ақылы түрде немесе өз беттерімен оқып, қайта тапсыра алады. Бұл емтиханды Мемлекеттік емтихан орталығы ұйымдастырады және мектеп мұғалімдері мүлдем қатыспайды. Оқушы артық қимыл жасаса, бірінше рет ескерту беріледі, екінші рет қайталанса, жұмысы жарамсыз етіліп, емтиханнан шығарылады.
Колледж немесе жоғары мектеп оқымаған адамға университет есігі жабық. Бұл жердегі колледж — кәсіптік білім алу, ал жоғары мектеп — университеталды даярлық. Біздің жүйемен айтқанда, 10-11 сыныпта (ол жақта 12-13 сынып) тек үздік оқушылар қалады да, университетке түсу мүмкіндігінге ие болады. Ал университетке түсу үшін таңдау мамандығы пәндерінің барлығынан дерлік жоғары балл алу қажет.
Баса назар аударатын бір жайт, Британияда негізгі мектепті бітіргендерге міндетті пәндерден болатын емтиханның 2 деңгейлілігі – «базалық деңгей» және «жоғары деңгей» қарастырылған. Мысалы, оқушы музыка немесе басқа да шығарашылық мамандықты таңдаса, математикадан, басқа да міндетті пәндерден базалық деңгейдегі емтихан тапсырады. Яғни, болашақтағы мамандығына қатысы жоқ қиын есептерге уақыты мен энергиясын шығын қылмайды.
Британиядағы жоғары мектептің ұтымды жағы – оқушы екі жылда бар болғаны 4-5 пән ғана оқиды. Яғни, болашақта университетте оқитын таңдау мамандығына сәйкес пәндер тереңдете оқытылады. Бізге де осы жүйені енгізу керек деп ойлаймын. Себебі барлық адамның қабілеті бірдей емес. Гуманитарлық және математикалық бағыттарға бейім адамдар болады. Кей оқушыларға «дифференциалды теңдеулерді» қанша жерден түсіндірсең де қабылдай алмайды. Сондықтан болашағын шығармашылық мамандықпен немесе спортпен байланыстырып отырған оқушының қиын есептерді шешуге уақыты мен күшін кетірмей, мектеп бітіру емтиханында (ҰБТ-да) математикадан базалық деңгейді ғана тапсырту керек. Сонда болашық спортшы, музыкант, тағы басқа мамандыққа барар кезде оның аттестатында жаңағы күрделі пәннен жақсы баға болады. Жақсы бағаның баланың өзіндік бағалауын жоғарылату үшін маңызы зор.
Дегенмен қазір еліміздегі білім жүйесі де біртіндеп өзгеріп келеді. Түлектерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға, емтихан кезінде калькулятор қолдануға рұқсат берілді. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасын табады деп сенемін
— Ұлыбритания елінде болған екі жыл ішінде не түйдіңіз?
— Әрине, бұл кез менің өмірімнің маңызды бір кезеңі болды деп айта аламын. Біріншіден, Британия шын мәнінде демократиялы ел екенін көрдім. Ешкімнің жеке басының құқығына қол салуға болмайды. Бұл заңмен қорғалған. Заң бәріне ортақ. «Танысы бардың шансы бар» немесе «Күштінің арты диірмен тартады» деген түсінік ол жақта жүрмейді. Барлығы тең құқылы.
Екіншіден, Британия — нағыз жасыл желекті ел. Еңбектеген баласынан бастап еңкейген қариясына дейін табиғатты қатты аялайтын халық екен. Көзбен көрмеген адам түсінуі қиын. Бала кезімде әкем «Қазына аралы», «Он бес жасар капитан» секілді британ жазушыларының әңгімелерін айтқанда, көз алдыма қарақшыларды, теңізді, кемені, ғаламат табиғатты елестететінмін. Британияға барғанымда тура сол әкем суреттеген табиғатты, теңізді, орманды көрдім.
Үшіншіден, бұл елде адамдар спортқа өте бейім. Спортпен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған. Өз басым сол жерде аптасына 3 рет жүгіруді әдетке айналдырған едім, қазір қазақстандық қалыпқа түсіп кеттім. Өкінішке орай, біздің қаламызда жүгіруге мүлде жағдай жасалмаған. Арнайы жұмсақ төсеніштері бар жүгіретін жолақтар мен велосипед жүруге арналған жолдар да жоқ қаламызда. Біздегі адамдардың көбі таңертең не кешке көпірде жүгіріп жүреді. Алайда көліктерден шығатын улы газды көп мөлшерде жұту арқылы адам, керісінше, денсаулығына зор зиян келтіреді. Сондықтан қала әкімдігіне ұсыныс — салауатты өмірді қалыптастыру үшін спорттық-әлеуметтік инфроқұрылымдарды күшейту керек. Жүгіру алаңы не жолағы көлік жолынан алыс болу керек.
Төртіншіден, Британияда «патриот бол» деген идеологиялық тұрғыдағы әңгімелер мүлдем айтылмайды. Соған қарамастан ағылшындар өте патриот және қонақжай. Мысалы, жергілікті халық (ағылшындар) шетелден келген азық-түлік пен киім-кешекті тұтынбайды. Өзге елдерден жеткізілген тамақ өнімдері ұзақ жолдан келетіндіктен сапасы төмендейді, сондықтан арзан. Сондықтан да ағылшындар, 2-3 есе қымбат болса да, отандық өнімдерді ғана тұтынуды жөн санайды. Меніңше, Отанға деген адалдық пен сүйіспеншілік осы. Өз өнімдерін тұтыну арқылы отандық өндіріске зор үлес қосып отыр. Отаншыл болу деген осы болар.
— Еліміздегі білім беру жүйесіне көңіліңіз тола ма?
— Толады, не толмайды деп жауап бергенім дұрыс болмас. Себебі сүйінетін де, күйінетін де тұстар бар. Мысалы, бүгінгі күні ата-аналар оқулықтағы тапсырмалардың, білім жүйесінің қиын екенін айтып көп шағымданып жатқанын әлеуметтік желілерден көріп жатамыз. Қазір ғылым мен білім, технология өте жылдам қарқынмен дамып келеді. Сондықтан білім саласына да үлкен өзгерістер керек және ол өте мобилді әрі заманауи болу керек. Өздеріңіз білетіндей, Назарбаев мектептерінің негізінде көптеген өзгерістер орта мектептерге енгізіліп жатыр. Әрине, белгілі бір жағдайларда бұл өте ауыр соғуы мүмкін. Бірақ солай екен деп шегіншектей бермеуіміз керек. Біз болашағы болжаусыз, өте қарықанды дамып жатқан бұлыңғыр заманда өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі үйренгенің ертеңге жарамай қалып жатқанда, одан кейін не болатынын ойлаудың өзі қиын. Мысалы, тракторшы оның қалай жүретінін білсе, жетіп жатыр. Ал сол тракторды жасап шығу үшін көп білім керек. Дәл сол секілді, негізгі мақсат сол тракторды өзіміз жасап шығарғымыз келсе, бұдан да қиын білімді меңгеруге тура келеді. Тағы бір мысал айтайын. Қазір мұғалімдер жаппай бейнелі сабақтарымыздың барлығын You-Tube видеохостингі сайтында сақтаймыз. Ал оның иесі кім? Ондағы сабақтар жойылып кетсе, кім жауап береді? Кез келген уақытта Google ол хостингті жауып тастауы мүмкін ғой. Яғни, қаншама жасалған еңбекті бір сәтте бұғаттап тастауы ықтимал. Сол кезде «әттең» деп сан соғып қалмау үшін де, өзіміздің программистер өсіп шығып, тәуелсіз видеохостингтер, тәуелсіз сақтау орындарын жасау керек. Біз тек дайын өнімді тұтынушы ғана болып отырмыз. Сондықтан да экономикалық тұрғыда әлсіз елміз. Бүгінгі білім жүйесінің мақсаты – өзі зерттеп, өзі танып, өзі өнім жасай алатын ұрпақты тәрбиелеу. Сол үшін де ол күрделі. «Білгенге маржан, білмеске арзан, надандар бәһра ала алмас»,- деп Абай атамыз айтпақшы, түсінбейтін адамдарға бұл жүйе құнсыз болып көрініп тұр.
Тағы бір аңғарғаным, көп ата-аналар БЖБ (бөлім бойынша жиынтық бағалау) мен ТЖБ-ны (тоқсандық жиынтық бағалау) өздері орындап беріп, баланың болашағына зиян келтіріп жатыр. Бұл баланың білімге деген бейқамдығына алып келеді. Бала, «үштік» баға алса да, өзіне жүктелген тапсырманы өзі орындап үйренуі керек. Адал бағасын алу керек. Осылайша, бейсаналы түрде балаларымызды бойкүйездікке, жалғандыққа үйретіп жатырмыз. «Жығылғанға жұдырық» демекші, онлайн оқыту тіпті керемет болды. Бір нәрсені түсіну керек. Оқимын деген оқушыға қазір мүмкіндік көп. Мәселен, тек You-Tube арқылы ғана ғаламат білім үйренуге болады. Үйде отырып әлемдік білім алуға болады, бастысы, ниет керек. Сондықтан еліміздегі білім жүйесіне шынайылық, академиялық адалдық керек. Оны жасайтын сіз бен біз. «Білімдінің күні жарық» деген сөз бар ғой қазақта. Дегенмен біліміне жүгінген мықты ұрпақ өсіп келе жатыр. Аз, әрине, бірақ бар. Ертең ел тізгінін солар қолға алғанда, жалған білімділер жағаға шығып қалады. Мен ол күннің алыс емес екеніне сенемін.
— Өзіңіздің соңғы оқыған кітабыңыз қандай?
— Уақытым бола тұра, бала кезімде көп кітап оқымағаныма өкінемін. Қазір кітап оқуға уақыт таппай қаласың. Мені ерекше тебіренткен шығармалардың бірі — Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесі». Міржақып Дулатұлы мен Ахмет Байтұрсынұлының мысалдарын балаларыма оқытып, астарын, айтайын деген ойларын талдап беремін. Сөз саптаулары мен астарлы ойлары керемет қой. Балалар жан-жануарларға телініп берілген мысалдарды тікелей түсінеді. Ал оның астарында қаншама терең ой жатқанын түсіндіру маңызды. Соңғы рет Қабдеш Жұмаділовтің «Академиктің көз жасы» романын және шәкіртім Дәулет Төлеутайдың «Бизнеске бағыт» кітабын оқып шықтым. Қабдеш Жұмаділов анам жағынан маған өте жақын нағашы болып келеді. Ол кісінің тілінің көркемдігі мені тәнті етті.
— Алда қандай мақсаттарыңыз бар?
— Көптен бері қазақ тілінде оқушыларға арналған математика пәнінен сапалы интернет платформа жасауды ойлап жүрмін. Сол ой көкейімнен кетпейді. Пандемия бұл идеяны міндетті түрде іске асыру қажеттігін көрсетті. Балаларда таңдау көп болу керек. Бастысы, сұраныс бар. Мәселен, менің «Nartay Kazakh» деген You-Tube арнамдағы сабақтарым 800 мыңдай қаралым жинапты. Сондықтан ақырындап бастамасын қолға алып жатырмын. Бұл жайында ешкімге айтпаған едім, сіздерге сырыммен бөлісіп отырмын.
— Сізді өнерге жақын деп естіп жатырмыз?
— Өнер демей-ақ қоярмыз, бәлкім. Өнер – қастерлі әрі өте биік ұғым. Менікі бар болғаны қызығушылық болар. Иә, аздап домбыра да шертемін, ыңылдап отырып гитарамен ән айтатыным бар, қолқалаған жерде. «Ән айтқанның бәрі әнші емес, ән шығарғанның бәрі Шәмші» емес деген сөз бар ғой. «Өнерлі» деп қайталанбас тұлғаны, ал «өнер туындысы» деп өлмейтін мұраны айтар едім. Сондықтан өнерді құрметтеп, оны бағалай алатын жандардың қатарынан боламын дегенім дұрысырақ шығар. Рас, ән айтып, күй тыңдағаннан жан дүнием ерекше рақаттанады. Жастық жалынмен, дос-жаранның қолдауымен, «Сыр тамшылары» атты өлеңдер мен әндер жинағым жарыққа шыққан. Өз саламда, яғни математикадан да жазған біраз еңбектер бар. Бірақ, көпшіліктің керегіне айналатын өнер туындысы болуы үшін, көп жұмыс істеу керек. «Ғалымның хаты өлмейді» дейді ғой халқымыз. Бәлкім, сол өлмейтін бір із қалдыру менің түпкі арманым болар!? Лайым әркім өз арманына жетсе деймін.
-Нартай Советханұлы, уақыт тауып, бізге сұхбат бергеніңізге алғыс білдіремін. Қызметіңізге жеміс тілеймін. Мақтан тұтар шәкірттеріңіз көп болсын!
Сұхбаттасқан Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы»