ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өңірімізде «Туған жерге тағзым» акциясы 5 жылдан бері іске асырылып, аймақ бойынша талай игілікті істер атқарылып, көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны белгілі. Басқа аудандардағы сияқты Абай ауданында да 2009 жылдан бері «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша қыруар жұмыстар жасалынған. Мысалы, 2009 жылы 29 млн. 740 мың теңгенің 4 жобасы, 2010 жылы 49 млн. 350 мың теңгенің 6 жобасы, 2011 жылы 96 млн. 20 мың теңгенің 25 жобасы іске асырылса, 2012 жылы 71 млн. 560 мың теңгенің 31 жобасы, ал, 2013 жылы 177 млн. теңгенің 38 жобасы іске асырылған. Сонымен қатар, акция аясында барлық ауылдарда хоккей корттары да пайдалануға берілген. Мұндай жұмыстар биылғы жылы да өз жалғасын табуда. Жалпы, акцияның мақсаты – «елім, жерім» деген азаматтарды өздерінің кіндік қаны тамған жерлерін қолдауға шақыру болса, бұл орайда туып-өскен өлкелерінің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген азаматтардың да қатары аз емес екендігін байқауға болады.
Сондай азаматтардың бірі Ұлылар мекенінен түлеп ұшқан бұл күндері Ұлыбритания елінде тұратын, елден жырақта жүрсе де, жүрегі «туған жерім» деп соғатын атымтай жомарт жандар, меценат, «Тарбағатай-Мұнай» компания-сы директорлар кеңесінің төрағасы Медғат Құлжанов пен оның ұлы Шыңғыс Құлжановтың демеушілігімен Абай ауданының орталығы — Қарауыл ауылында «Шыңғыстау» спорт кешені бой көтеріп, өткен сенбі күні аталмыш ғимараттың ашылу салтанаты болды. Салтанатты шараға арнайы келген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Абай елінің бірқатар ауылдарында да болып қайтты.
«Шыңғыстау» спорт кешенінде бокс және күрес залдары, сонымен қатар, тоғызқұмалақ сыныбы мен спорттың басқа да түрлерімен айналысатын орындар, спортшыларға арналған арнайы монша да бар екен. Жалпы, спортшылардың жаттығуы үшін және үлкен жарыстар өткізуге мұнда барлық жағдай жасалынған. Өткен жылдың маусым айында басталған спорт сарайының құрылыс жұмысына Құлжановтардың демеушілігімен 120 млн. теңге қаржы жұмсалған. Заманауи үлгіде салынған екі қабатты сәулетті ғимарат алыстан көз тартып, Қарауыл ауылына айрықша көрік беріп тұрғанын ешкім жоққа шығара алмас. Ғимараттың ішкі жағы да әдемі безендірілген. Төрдегі қабырғаларға ауданнан шыққан спорт майталмандары мен олимпиада чем- пиондарының суреттері ілінген. Аталмыш спорт кешенінің директоры Қуат Қалиев алдағы уақытта бұл жерден талай спорт сәйгүлігінің тәрбиеленіп шығатынына бүкіл ел болып сенім білдіріп отыр-ғанын айтады.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен меценат «Тарбағатай-Мұнай» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Медғат Құлжановтың ұлы Шыңғыс Құлжанов және спорт майталмандары мен спорт ардагерлері, Абай елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан аймағымыздың қадірменді қа-риялары Хафиз Матаев пен Нәсен Сембаев та қатысты. Салтанатты шарада алғашқы болып сөз алған Бердібек Мәшбекұлы:
— Әр мемлекеттің болашағы оның білімді, денсаулығы мықты азаматтарына байланысты. Сондықтан, болашағын ойлаған мемлекет жастар үшін барлық жағдайын жасайды. Біздің елімізде бұл орайда қандай жұмыстардың атқарылып жатқандығын баспасөздерден, күнделікті өмірден өздеріңіз көріп жүрсіздер. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да бүгінгі күнде жүргізіп отырған саясаты – жастардың сапалы білім алып, спортпен айналысуына жағдай жасау. Бұқаралық спортпен айналысатын жастар санын көбейту мақсатында қабылдан-ған арнайы мемлекеттік бағдарламалар да бар екені белгілі. Ал, Абай елінде жаңадан ашылып отырған бұл спорт кешені спортқа әуес жас жеткіншектердің арманына қанат бітіріп, еліміздің абыройын асқақтатар даңқты спортшылар тәрбиелеуде мол септігін тигізеді деп ойлаймыз, — дей келе, — былтыр Абай ауданына жұмыс сапарымен келгенімізде Медғат Құлжанов: «жастарға арнап өзімнің туған жерім – Қарауылға спорт кешенін салып беремін» деп уәде берген еді. Міне, сол уәде орындалды. Медғат Құлжанов пен Шыңғыс Құлжанов сіздер үшін үлкен сый жасап отыр. Бұл біздің жастарымыздың болашағы үшін маңызды нысан, — деді өз сөзінде.
Сонымен қатар, аймақ басшысы 11 сәуір күні Өскемен қаласында үлкен тарихи оқиғаның бол-ғанын да айтты.
— Бірінші рет Өскеменнің үлкен мәдени кешендерінің бірінде Абай мен Шәкәрімнің симфониясы орындалды. Медғат Құлжанов өзінің қаржысына Ұлыбританияның белгілі композиторларының біріне осы симфонияны жазғызып, оны алғашында Ұлыбританияда қойғанын өздеріңіз баспасөз арқылы жақсы білесіздер. Одан кейін біз «Өскеменде, содан соң Семейде қояйық, ары қарай Астана мен көрші өңірлерде, сондай-ақ, көрші мемлекеттерде де қою жоспарымызда бар» деп ол кісіге өтініш білдірген болатынбыз. Өскемен жұртшылығы симфониямен жақсы қабылдап, өздерінің үлкен ризашылықтарын білдірді, — деген Бердібек Сапарбаев, — облыс басшылығының тарапынан да әр уақытта жастардың демалатын, спортпен айналысатын орындарының болуына көңіл бөлінеді. Ал, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында соңғы 5 жылдың ішінде 300-ге жуық спорт кешендері салынса, соның жартысынан көбісі өткен жылы пайдалануға берілді. Мысалы, Аякөз ауданында Төлеутай Сүлейменовтің демеушілігімен, ал, Жарма ауданында Дәулет Тұрлыхановтың жеке қаржысына дәл осындай спорт кешендері салын- ғандығынан да хабардар боларсыздар. Мұның барлығы жерлестеріміздің өзінің туған жерлерін ешқашан ұмытпайтындығының, соңдарынан өсіп келе жатқан ұрпақтардың келешегіне бей-жай қа-рамайтындығының дәлелі. Келешекте де мұндай жұмыстар жалғасын табатынына күмәніміз жоқ, — деді аймақ басшысы.
Сөз соңында абайлықтарды жаңа әрі зәулім ғимараттың ашылуымен құттықтай отырып, жұртшылық атынан Құлжановтар әулетіне алғысын айтқан аймақ басшысы табиғат ананың тосын мінез танытып, ұшқындап тұрған ақ қарын жақсылыққа балады.
Одан кейін сөз алған «Шыңғыстау» спорт кешенінің демеушісі, меценат Шыңғыс Құлжанов:
— 2012 жылы отбасымызбен Жидебайға, Абай еліне келіп, ел-жұртпен қауышқан едік. Сол кезде Қарауылдағы ескі спорт залды көріп, Абай ауданына жаңадан спорт кешенін салып беру туралы маған ой келген еді. Содан кейін ШҚО әкіміне ақылдасуға барғанымда Бердібек Мәшбекұлы менің жобама бірден қолдау көрсетіп, өзінің кеңесін айтқан болатын. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы, сонымен қатар, Бердібек Мәшбекұлының бастамасымен Шығыс өңірінде біршама жұмыстар атқарылып, спорт нысандары да көптеп бой көтеріп жатыр екен. Осындай игі шаралардың бастамашысы болып жүрген ШҚО әкіміне үлкен рахмет, — дей келе, — «Шыңғыстау» спорт кешенінің ғимараты өте әдемі салыныпты. Бұл орайда құрылыс компаниясына да үлкен рахмет айтқым келеді. Енді Абай елінің жастары осы спорт кешенінде жақсылап жаттығып, үлкен жарыстарда жеңіс биігінен көрініп, бүкіл әлемге еліміздің абыройын асқақтата таныта берсін, — деген тілегін білдірді.
Салтанатты шара барысында Шыңғыс Медғатұлынан кейін Абай ауданы спортының дамуына айрықша үлес қосқан Майдан Мұқанов сөз алды:
— Бүгін біздің ауданымызда үлкен мереке. Өйткені, облыс әкімінің бастамасымен 5 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ұлылар мекенінің түлегі Медғат Құлжанов бауырымыз бен оның баласы Шыңғыс Құлжановтың елден жырақта жүрсе де, өздерінің кіндік қаны там-ған, ата-бабаларының жатқан жеріне, туған өлкелеріне тағзым етіп, зәулім ғимарат салып беруі Абай халқы үшін үлкен сый болды. Бұл спорт кешенінің ерекшелігі онда жастар да, ересектер де өздерінің денсаулықтарын түзеп, спортпен шұғылдануына мүмкіндік бар. Ауданымызға осындай үлкен сыйлық жасаған Құлжановтар әулетіне алғысымыз шексіз. Алайда, бұл спорт кешені – тек Құлжановтар әулетінің ғана емес, бүкіл Шыңғыстау елінің рухын көтеріп тұрған еңселі ғимарат, — дей келе, – Медғат бауырымыз Абай мен Шәкәрімнің симфониясын жаздырып шығарыпты. Бұл да оның туған еліне деген үлкен құрметінің белгісі. Киелі өлкенің топырағынан жаралған осындай асыл азаматтарымыз аман болсын, — деді өз сөзінде.
{jcomments on}Абай ауданының дамуына зор еңбек сіңірген ақ-сақалдар Нәсен Сембаев пен Хафиз Матаев «Шыңғыстау» спорт кешенінің лентасын салтанатты түрде қиып, алғашқы жарыс басталып та кетті.
Салтанатты шара барысында спорт кешенінің ашылуына орай, тұсауы енді кесілген жаңа ғимараттың ішінде алғаш рет бокстан Аякөз және Абай ауданы командаларының жолдастық кездесуі өтті. Сонымен қатар, қазақ күресінен ерлер және әйелдер арасында ШҚО чемпионаты ұйымдастырылды. Екі қабатты ғимаратты аралап, спорт кешенінің жұмысымен танысып шыққан соң Бердібек Мәшбекұлы ШҚО чемпионатының ашылуына қатысты. Чемпионаттың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімі сәуір айының алдағы күндерінде Ақ- суатта қазақ күресінен Ырғызбай Досқанұлы атындағы халықаралық турнир өтетіндігін тілге тиек етіп, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің болашақта Абай елінен олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп шығаратындықтарын айтқанын жеткізді. Ал, оған өзінің күмәні жоқ екендігін, өйткені, Абай елінде Айбек Нұғмаров сияқты мықты спортшылардың аз емес екендігін айтты. Сөз соңында жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев пен Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков және меценат Шыңғыс Құлжанов жұртшылықпен бірге құрыш білекті, апайтөс балуандардың белдесуін тамашалады. Байрақты бәсекеде өңіріміздің әр аудан және қалаларынан барлығы 120-ға жуық балуан бақтарын сынады. Бозкілем төрінде облыс әкімінің алдында өнер көрсеткендердің бірі — жоғары салмақта белдескен Әділ Оразбаев пен Ержан Баймағұлов. Балуандардың екеуі де осал болмады. Алайда, Әділ қайта-қайта қарсыласынан айласын асырып отыр-ғанымен, әдіс нәтижесіз болды. Қорытынды есеп бойынша аздаған ұпай санымен Әділ Оразбаев жеңіске жетті. Жалпы, облыстық жарыс жеңімпаз-дары алдағы ел чемпионатына жолдама алды.
Бұл жерден кейін Кеңгірбай би ауылына атбасын бұрған облыс әкімі бастаған топ ондағы шағын футбол алаңының ашылу салтанатына қатысты. Кеңгірбай би ауылының жұртшылығы бір адамдай жиналып, басшыларды шағын футбол алаңының алдында қарсы алды. Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Абай ауданының гүлденуіне Шығыс өңірінің барлық аудандары тарапынан көмек көрсетілген. Соның ішінде шағын футбол алаңын салу Шемонаиха ауданының еншісіне бұйырса, алаңның құрылыс жұмысына аудандық бюджеттен 6 млн. теңге жұмсалған.
Кеңгірбай би ауылының жұртшылығымен жүздесу барысында Бердібек Мәшбекұлы Қарауылда үлкен спорт кешенінің ашылғанын, ол ғимараттың салынуына Абай өлкесінен шыққан Құлжановтар әулеті демеушілік көрсеткенін де айтып өтті.
— Осының барлығы еліміздегі бірлік пен ынтымақтың, Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасы. Елде тыныштық болса, барлығы болады. Ең негізгі біздің міндетіміз – тыныштықты, тұрақтылықты сақтау. Соның ұйтқысы болып отырған, баталы ақсақалдарымыз бен ақжаулықты аналарымыз, яғни, сіздерсіздер. Өйткені, біз әр уақытта үлкенді сыйлаған қазақпыз. Жастар соны ары қарай жалғастыруы керек. Жас ұрпақ үлкенге қалай қараса, кейінгі ұрпақтар да оларға солай қарайды, — дей келе, — ауылда осындай игі шаралар көп болсын. Елімізде амандық болып, дендеріңіз сау болсын, — деген тілегін жеткізген облыс әкімі ауа райының жайсыздығына қарамай, ауыл боп жиылып қарсы алып тұрғандары үшін жергілікті халыққа ризашылығын білдірді.
Ауыл тұрғындары да аймақ басшысына өңіріміздегі атқарылып жатқан жақсы істердің бастамашысы болып жүргені үшін алғыстарын айтты. Көпшіліктің ішінен сөз алған ақсақалдардың бірі:
— Еліміз бойынша облысымыз бірінші орында болса, облыс бойынша ауданымыз алдыңғы қатарда. Сол үшін сізге үлкен рахмет. Жасап жатқан игі істеріңізді ардагерлер қашанда қолдайды, — дей келе, ауылға енді тек мәдениет үйінің жетіспей тұрғанын айтып өтті.
Бұл да облыс басшылығының назарында тұрғанын, сәтін салса, Саржал ауылындағы салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысы биыл жаз бітетіндігін айтқан аймақ басшысы жұрттың алдында Тұрсынғазы Жантұяқұлына алдағы уақытта Кеңгірбай би ауылында салынатын мәдениет үйінің құжатын жақын арада дайындауды тапсырды. Мәдениет үйі ауыл халқының санына лайықталып салынуы қажет екендігін айтты облыс әкімі.
Шағын футбол алаңының ашылуына ақ жаулықты аналар қазақы салтпен шашу шашты. Ал, алаңның ашылуы барысында Бердібек Мәшбекұлының өзі де доп теуіп көріп, жұртшылықты елең еткізді. Аймақ басшысы тепкен үш доптың алғашқысы қақпа сыртына шығып кетсе, екіншісін қырағы қақпашы тосып алды. Ал, әкім бағыттаған соңғы доп қақпашыны қапы қалдырды. Доп тепкендегі ширақ қимыл аймақ басшысының аяқдоп спортына деген ынтасының ерекше екенін көрсетсе керек.
Кеңгірбай би ауылындағы сапарынан соң облыс әкімі Қарауылға келіп, аудандағы тірек ауылдарының бірі – Қасқабұлақтан 24 шақырым қашықтықта орын тепкен, 836,12 гектар аумақты алып отырған «Мақсұт» учаскесіндегі мыс кенін барлау мен өндіру жұмыстарын қолға алуды көздеген «Баст» ЖШС-нің жұмыс жоспарымен танысты. Қазіргі уақытта зауыттың біраз бөлігі ғана жұмыс істеп тұрған көрінеді. Онда әзірге 70-ке жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың барлығы да Шығыс өңірінің азаматтары екен. «Баст» ЖШС-нің директоры Мұхтар Асайтыновтың айтуынша, бүгінде аталмыш кен орыны өз жұмысын толыққанды бастауға әзір тұрғанымен, өндіріс орыны қуаттылығы 2000 кВт болатын, 3-дәрежелі ыңғайлы энергия көзіне тәуелді болып отырған көрінеді. Егер кен орыны іске қосылса, тағы да қосымша 100- ге жуық адамға арналған жұмыс орыны ашылмақ. Кәсіпорын басшылары арнайы мамандарды даярлауды да қолға алмақ. Ол үшін білікті оқытушыларды сырттан шақырмақ. Кәсіпорын қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, бұл кен орынына тартылған инвестиция көлемі 522 млн. теңге қаржыны құрайды екен. Аймақ басшысы бұл кәсіпорын аудан экономикасына бірден-бір кіріс әкелетінін, аталмыш мәселені жақын арада облыстық кеңесте қарайтындығын, одан кейін жобаның республикалық тексеріске жіберіліп, шешім содан соң ғана шығатындығын айтты. Егер барлығы ойдағыдай жүзеге асса, «Жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржы көзі тартылып, өндіріс аймағы толыққанды іске қосылатын болады. Сонымен қатар, Бердібек Мәшбекұлы кәсіпорын басшыларына жұмысқа тек жергілікті жұртшылықты жұмылдыруды қатаң тапсырды. Ал, білікті мамандар даярлауда да кәсіпорынға шығын келтірмей, «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқытуға мүмкіндіктері бар екенін еске салды. Бүгінде Қасқабұлақ маңындағы кен орынында бірқатар цехтармен қатар, жұмысшыларға арналған жатақхана, монша, асхана сияқты қажетті нысандар бой көтерген.
Одан кейін мәртебелі меймандар аудандық мәдениет үйінде «Қаламқас» халыaқ ән-би ансамблінің спорт жанашырларына арнаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Концерт барысында Қонысбек Байдашевтың орындауындағы Кентау Назарбековтың «Мен қазақпын» әніне көрермен қауым ерекше қол соқты. Сол сияқты ҚР еңбек сіңірген мәдениет үздігі Нұргүл Демесінованың орындауындағы «Бір келіншек» халық әніне театрландырылған көрініс те ерекше сән беріп тұрды. Жалпы, Ұлылар мекені – қай кезде де киелі өнердің ордасы болағаны белгілі. Сондықтан, бұл күні сахнада ән шырқаған жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілердің қай-қайсы болмасын жұртшылықты өнерлерімен тәнті етті. Сонымен қатар, сахнаның сәнделуі де, өнерпаздардың киім үлгісі де көрер көздің көркін қыздырарлықтай ерекше болғаны да көрермен назарынан тыс қалған жоқ.
Төлеген Жанғалиев бастаған «Ақсұңқар» ақындар мектебінің ақындары туған өлкелеріне арнаған өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Жұртшылық сахна төріне шыққан әр ақыны мен әнші-бишісіне деген ыстық ықыластарын білдіріп, қошеметтерін аямады. Концерт соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сахна төріне көтеріліп, Абай, Мұхтар, Шәкәрім сынды әдебиет алыптарын тудырған Абай елі – бүкіл қазақ халқы бас иетін қасиетті өлке екенін айтып өтті. Одан кейін «Туған жерге тағзым» акциясының мақсатын да қалың жұртшылыққа тағы бір мәрте түсіндіріп өтті.
— Әрине, елімізде қалталы азаматтар аз емес. Бірақ, өкінішке орай, олардың көбісі мұндай игі шараларды жасаудан шет қалып жатады. Ал, Медғат Құлжанов, Шыңғыс Құлжанов, Дәулет Тұрлыханов сияқты азаматтардың жасап жатқан осындай ауыз толтырып, зор мақтанышпен айтарлықтай жұмыстары басқа да азаматтарға өздерінің туған өлкелерінің гүлденуін ойлауға түрткі болады деп ойлаймыз. Ал, ақын-жазушыларымыз туған жеріне өздерінің шығармаларын, өнер адамдары әндерін, күйлерін арнаса, спортшыларымыз көк байрағымызды биікте желбіретіп, ел абыройын асқақтату арқылы туған жерінің мәртебесін биік қылып, жалпы, бәріміз де қай сала болмасын, қолымыздан келгенше ұлтымыз үшін, еліміз үшін бір адамдай еңбек етсек, еліміздің де мықты мемлекет болатыны анық, — дей келе, сөз арасында алдағы сенбі күні Өскеменнің тарихында бірінші рет Мұхтар Әуезов көшесінің мерекесі болатынын хабарлап өтті.
Сондай-ақ, 40 жылдық тарихы бар өнер ұжымына ризашылығын білдірген аймақ басшысы жұртшылық атынан Құлжановтар әулетіне Абай еліне сәулетті ғимаратты салып бергені үшін шексіз алғысын айта отырып, қазақтың жолымен Шыңғыс Медғатұлының иығына шапан жауып, зор құрмет көрсетті.
Ал, Шыңғыс Құлжанов осындай жоғары дәрежедегі салтанатты шараларды ұйымдастырып, қолға алған істерінің оңды шешілуіне қолдау көрсеткендері үшін Бердібек Мәшбекұлы мен Тұрсынғазы Жантұяқұлына ризашылығын білдірді.
Одан кейін облыс әкімі Абай еліне зор еңбектері сіңген Хафиз Матайұлы мен Нәсен Ыбырайұлына да салтанатты түрде шапан жауып, құрмет көрсете отырып, ақсақалдарға сый-сияпат жасады. Көне көз қарияларға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеген Бердібек Мәшбекұлы ақсақалдар қашан да кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті.
Осындай игілікті іс-шараның куәсі болған Хафиз Матаев:
— Ең алдымен Бердібек Мәшбекұлына алғыс айтар едім. Өйткені, білім, мәдениет, спорт, жалпы, қай сала болмасын, оның өңірімізді өркендету жолында аянып жатпағаны өтірік емес. Ал, екіншіден, Тұрсынғазы Жантұяқұлына да алғыс айтар едім. Себебі, Абай елі жылдан-жылға гүлденіп, көркейіп келе жатыр. Біраз жылдың ішінде мұнда қаншама өзгерістерге куә болдық. Бұл расымен де Тұрсынғазы Жантұяқұлы бастаған азаматтардың еңбегі екенін бағалау керек. Ал, Құлжановтар әулетіне өз атымнан да, көпшіліктің атынан да үлкен алғысымды айтқым келеді. Олардың туған жерге деген ықылас-пейілдері ерекше екенін осы істерінен-ақ байқауға болады, — дей келе, — өркендерің өссін, бақытты болыңдар, — деген ағалық ақ батасын берді.
Облыс әкімі Абай өлкесіне жасаған жұмыс сапары соңында ауданға қарасты Тоқтамыс ауылына атбасын тіреді. Ондағы жалпы құны 301,744 млн. теңге болатын, мемлекеттік «Ақ бұлақ» ауыз су бағдарламасы аясында салынып жатқан су құбыры желісінің жұмысымен танысты. Өткен жылдың мамыр айында басталған су құбырының желісі жоспар бойынша үстіміздегі жылдың маусым айында пайдалануға берілмек.
Нұрдәулет КӘКІШЕВ,
«Семей таңы»