Семей қаласы әкімі Бақытжан Байахметовтің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері жалғасуда. Шаһар басшысы бұл жолы Шүлбі, Новобаженово, Приречный ауылдық округтері тұрғындарының алдында есеп берді.
Шүлбі кенті
Шүлбі кентінде 3 мыңнан астам адам тұрады. Кентте бірнеше ірі құрылыс компаниялары және 80 орта және шағын бизнес кәсіпорындары жұмыс істейді. Ал Шүлбі су электр станциясы қаладағы ірі кәсіпорын болып табылады.
Жергілікті әкімдіктің биылғы жұмыс жоспарында:
— «Samruk-Kazyna Trust» КҚ есебінен Шүлбі кентінде спорт кешенінің құрылысы,
— Саябақтағы сахнаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу,
— Шүлбі кенті әкімдігі ғимаратының жанындағы алаңды абаттандыру,
— Футбол алаңының құрылысы,
-Үздік 100 жоба аясында воркаут алаңының құрылысы. Бұл жоба бойынша тиісті құжаттар дайындалды.
— Спорттың 9 түрі бойынша алаңдарды қамтитын көпфункционалды зал салу жоспарланып отыр. Аяқталу мерзімі – ағымдағы жылдың күз айлары.
2022 жылы көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту аясында шамдарды жарықдиодты шамдарға ауыстыру, сондай-ақ, жаңа кабельді орнату бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Сондай-ақ, тұрғындар қала әкімінен кентішілік жолдарды жөндеу мәселесін шешуді сұрады. Шүлбі кентінің кентішілік жолдары қанағаттанарлық жағдайда. Сонымен қатар, биыл «Ертегі қалашығы» балалар алаңына 49 млн.теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Алдағы уақытта жолдарды жөндеу мәселесі қаралатын болады.
Кездесу барысында тұрғындар Семей қаласының әкіміне сұрақтарын қойды.
Сейтқазы Оспанбаев кенттегі бұрылыстан өрт сөндіру бөліміне дейінгі шағын учаскені жарықтандыру жұмыстарын жүргізу туралы сұрақ қойды. Сейтқазы Оспанбаевтың айтуынша, онда 30 тірек қазіргі таңда орнатылған, бірақ жарық осы уақытқа дейін әлі жоқ. Бақытжан Байахметов қосымша тіректерді орнатқаннан кейін осы жылдың соңына дейін жарықтандыру орнатылатындығын айтты.
Тұрғындар кенттің аудан орталығы болғанын қалайды, өйткені кентке «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша да, моноқалалар бағдарламасы бойынша да мамандар жұмысқа келе алмайды.
«Бұл мәселе менің құзыретімде емес. Аталған мәселе бойынша маған бір нәрсе айту қиын. Жақын арада ауылдың мәртебесі анықталады деген ойдамын», — деп жауап берді қала басшысы.
Тұрғындар кенттегі абаттандыру қызметіне шағымданды. Көктайғақ кезінде кенттен Семейге және Өскеменге шығатын жолдарға құм себу жұмыстары жүргізілмейді. Облыстық маңызы бар жолдарды тазалауға конкурсты Бородулиха ауданының мердігері жеңіп алғаны белгілі болды.
«Егер орындалған жұмыстардың сапасына қатысты шағымдар болса, сапасыз қызмет көрсету туралы акт жасап, осы мәселені шешуді талап ету қажет. Сіздердің талаптарыңыз орындалмаған жағдайда, жұмыстарын дұрыс атқармайтын компаниялар алдағы уақытта жұмысқа жіберілмеуі үшін облыстық автожол басқармасына жүгіну керек», — деді Семей қаласының әкімі.
Евгения Диденко коттедж қалашығында орталық жылытудың жоқтығына шағымданды. Қазандықтар толық жүктелмеген. Көмірді тасымалдауға және сақтауға ешқандай жағдай жасалмаған.
«Қазіргі таңда, қазандықтардың жүктемесі тек 30 пайызды құрайды, қазандық өте қуатты. Алдағы уақытта оларды жаңғыртып, оңтайландыру жоспарда бар. Тағы бір нұсқа – жақын жерде модульдік қазандықтың құрылысы, ол қазір зерттелу үстінде. Онда жаңа қазандықты салу мүмкін емес. Биыл қазандықты жөндеуге 600 миллион теңге қарастырылған. Гидроқұрылысшылар кентінде 63 үй бар. Аталған аумақ бойынша 6 км жылу трассасының құрылысын қарастыруға болады. Ол үшін есептеулер жүргізу керек. Есептеулерді екі апта ішінде дайындап, содан кейін есептеу қажет. Аталған мәселені сіздермен алдағы уақытта тағы да талқылайтын боламыз», — деп жауап берді Бақытжан Байахметов.
Сондай-ақ, гидроқұрылысшылардың кентінде қоқыс шығару мәселесі де бар. Жалпы Шүлбі кенті бойынша қоқыс аптасына 3 рет, ал гидроқұрылысшылар кенті бойынша аптасына 1 рет арнайы жалға алынған техникамен шығарылатыны анықталды. Қоқыс шығару құны — бір адамға 100 теңгені құрайды.
«Қоқыс шығарудың ең төменгі құны осы кентте. Қалада қоқыс 195 теңгеден шығарылады, бұл аталған соммадан екі есе қымбат. Сондықтан тұрғындар үшін баға қолайлы. Учаскелік инспектормен бірге қоқыс шығаратын компания қоқыс шығаруға келісімшарт жасау жұмыстарын жүргізу керек», — деді қала басшысы.
Бейсен Лепсібаев қала әкімінен «Халықтан халыққа» қорының көмегімен салынып жатқан мешіт құрылысын аяқтауға көмек сұрады.
Қала әкімі құрылыс материалдары немесе жұмыс күші жағынан қандай көмек қажет екенін сұрады.
«Бұл сұрақтарды нақтылап, өздеріңіздің ұсыныстарыңызды дайындау қажет. Аталған қор қалада орналасқан, мен оның басшылығымен кездесуге және осы мәселені талқылауға дайынмын», — деді Бақытжан Байахметов.
Тұрғындар банкоматтар жұмысын тоқтатпаса да, Ұлттық банк филиалының жабылып қалғанына алаңдаушылықтарын білдірді. Бұл мәселе банктің облыстық филиалының басшылығымен талқылануда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасатын болады.
Есептік кездесуден кейін Семей қаласының әкімі азаматтарды жеке қабылдады.
Новобаженов
Новобаженов ауылдық округіне қарасты Новобаженово, Баженово, Бұлақ, Климентьевка ауылдарында 2150 адам тұрады.
Бұлақ, Новобаженово ауылдарының тұрғындарын ауыз сумен «Семей-Водоканал» МКК қамтамасыз етеді. Бұлақ және Новобаженово ауылдарындағы орталық сумен жабдықтау жүйелері 2018 және 2020 жылдары пайдалануға берілді. Баженово және Климентьевка ауылдарында 2021 жылы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін блокты-модульді станциялар салынды, алдағы уақытта пайдалануға беру жоспарланған.
Биыл ауылдық округ бойынша:
Бұлақ ауылының кентішілік жолдарын жарықтандыру жүйесіне жобалық-сметалық құжат дайындау;
Бұлақ ауылында шағын футбол алаңының құрылысына жобалық- сметалық құжат дайындау.
Новобаженово ауылындағы Мир көшесін жарықтандыру.
Бұлақ ауылындағы футбол алаңының құрылысы жұмыстары жүргізіледі.
Ауылдық округ әкімдігі футбол алаңын орнатуға сметалық есеп жасады. Оның жалпы сомасы 16,0 млн. теңгені құрайды. Аталған жұмыстар «100 үздік жоба» байқауына жіберілді.
Новобаженово ауылының Советская көшесін орташа жөндеуге 95 млн. теңге және Мир көшесін жөндеуге 47 млн. теңгеге сметалық есептер жасалған. Бұл мәселе болашақта бюджет мүмкіндіктеріне қарай шешілетін болады.
Новобаженово ауылы тұрғындарының «Халық Банк», «Каспий Банктің» терминалдарын орнатуға қатысты сұраулары «Каспий Банкке» жіберілді. Алайда бұл өтініш қанағаттандырылмады. Себебі терминал орнатуға халық саны сәйкес келмейді. Қазіргі таңда тұрғындар Новобаженово ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан Шүлбі кентіндегі банкоматтарды пайдаланады.
Тұрғындар Бұлақ және Новобаженово ауылдарының мектептеріндегі қазандықты жөндеу мәселесін көтерді. «Бұлақ ЖОМ» КММ қазандығында ағымдағы жөндеу 2016 жылы 3,8 млн.теңгеге жүргізілген. Қазіргі таңда, 2 қазандық бар, олардың біреуі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. «А.Ибраев атындағы ЖОМ» КММ қазандығында ағымдағы жөндеу 2018 жылы 3,7 млн. теңгеге жүргізілді. Қазіргі таңда, ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін 2 қазандық бар.
Жоғарыда көрсетілген мектептердің қазандықтарын жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттамалар бар, оның ішінде Бұлақ мектебі бойынша 4,0 млн.теңге, А.Ибраев атындағы мектепке 10,3 млн. теңге бөлінді. 2022 жылдың екінші тоқсанында Семей қаласының білім бөлімі жалпы сомасы 14,3 млн.теңгеге қаражат бөлуге бюджеттік өтінім беретін болады.
Кездесу барысында тұрғындардың сұрақтарына жауаптар берілді. Тұрғындар мал жаюға арналған жер телімдері егістік алқаптарына пайдаланылып жатқандықтан, жайылымдық жерлер жетіспейтінін айтып шағымданды.
Бұл мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы бөлімі тиісті жұмыстар жүргізді. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында әкімдік Новобаженов және Көкентау округтерінің жерлерінен жалпы ауданы 9738 га жайылымдық алқаптарды ұсынды. Сонымен қатар, Бұлақ елді мекенінің жерлері қосымша жайылымдық жерлер есебінен кеңейтілді, жалпы ауданы 2507,2729 га. Осылайша, талап етілетін 18 мың гектардан тағы бірнеше мың жайылымдық жерді қарастыру қажет.
Бұл шағымға орай жауап берген дақылдар егумен айналысатын «BI Agro Group» ЖШС басқарушы директоры Азамат Аубакиров компания тек суармалы жерлерді пайдаланып отырғанын жеткізді.
Қала басшысы Бақытжан Байахметов бұл мәселе бойынша ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырма берді.
«Жалпы, ауыл тұрғындарының барлық өзекті мәселелері біртіндеп шешілетін болады. 2022 жылы Семейдің ауылдық округтерін қолдауға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жыл сайын ауылды қолдау шараларының ауқымы кеңейе береді», — деп түйіндеді кездесуді Семей қалсының басшысы.
Приречный
Приречный ауылдық округіне қарасты Приречное, Гранитное, Жарқын, Мұздыбай, Шөптіқақ, Күлтөбе ауылдарында 2236 адам тұрады.
Округ тұрғындары ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Приречное, Гранитное, Мұздыбай, Жарқын, Күлтөбе ауылдарында, Жыра жер телімінде сумен жабдықтау жүйесі бар, Шөптіқақ елді мекенінің тұрғындары блокты-модульді жүйенің құдықтарын және тасымалданатын ауыз суды пайдаланады.
Округтегі ірі қара мен ұсақ мал басы 14 мыңнан, жылқы 5 мыңнан асады.
2021 жылы облыстық және республикалық бюджет қаражаты есебінен Приречное ауылының көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілді және жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Алдағы кезеңде:
Приречное ауылының мәдениет үйін қайта жаңарту;
Приречное ауылы Октябрьская көшесіндегі жол құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірлеу;
Мұздыбай ауылында жарықтандыру құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірлеу;
Жарқын ауылындағы жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірлеу;
Гранитное ауылының су құбыры желілерін қайта жаңарту;
Жарқын ауылындағы көшелерді жарықтандыру қондырғысын орнату;
Мұздыбай ауылының медициналық пункт ғимаратын жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Кездесуде Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Жарқын ауылының тұрғыны мал дәрігерінің жоқтығына шағымданды. Қажетті анықтамаларды алу үшін 4 мың теңгеге қалаға көлікпен баруларына тура келеді. Сондай-ақ, ол медпункт ашу туралы өтініштерін де айтты.
Ауылдық округте барлығы 5 мал дәрігері жұмыс істейді. Қала әкімі «Жоламан» көтерме-тарату орталығының мүмкіндіктерін қосымша іске қосуды тапсырды. Округ тұрғындары Жоламан базарының ветпунктіне жүгініп, сол жерден қажетті анықтама ала алады. Сонымен қатар, Бақытжан Байахметов ата-аналарға балаларын мал дәрігері мамандығына оқытып, мамандар тапшылығын шешуге болатынын айтты.
Медпункт ашуға қатысты мәселеге келсек, шаһар басшысының айтуынша, ауыл тұрғындарын алдымен қаладағы Юность шағын ауданындағы емханаға бекіту қажет. Содан кейін бекітілген адамдар санының өсуіне байланысты ауылдық округтегі емхана құрылысын қаржыландыруға қол жеткізілуі мүмкін.
Көпбалалы ана Жаңылаппас Жолдасова жеке тұрғын үй құрылысы үшін заңмен белгіленген 10 сотық жерді ала алмай жүр. Қала әкімі көпбалалы ананың мәселесін шешу жолдарын қарастыруды жер қатынастары бөліміне тапсырды.
Жұмағазы Құмаров қаладан ауылға көшкісі келетіндер туралы айтты, бірақ оларға баспана қажет. Бақытжан Байахметов «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша банкке хабарласуға кеңес берді.
Мұздыбай ауылының тұрғыны Құралай Ахметова ұялы байланыстың жоқтығына шағымданды. Ол мүгедек баласына көмек қажет кезде дәрігерге хабарласа алмайтынын айтады. Ауыл әкімінің айтуынша, ұялы байланыс 2023 жылы орнатылады. Зейнеткер Бейбіткүл Досымханова қала әкіміне Мұздыбай ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап ескерткіш орнату туралы өтінішін білдірді. Сондай-ақ, Приречное ауылындағы тұрғындардың демалатын орнын абаттандыруды сұрады.
Ауылдық округ әкіміне осы мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеуге тапсырма берілді. Жергілікті тұрғындар мұндай жобаларға белсенді түрде қатысуға дайын екендерін жеткізді.
Ауылдық округтегі басты мәселелерінің бірі — жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі.
«Бұл мәселені тек ауыл шаруашылық кооперативін құру арқылы ғана шешуге болады. Бұл мәселелер жеке шешілмейді. Ол үшін сіздер өздеріңіз жұмыс жүргізіп, ауыл шаруашылық кооперативінде тұрғындар саны барынша көп болуы үшін талқылау жүргізулеріңіз қажет. Көптеген мәселелерді бірлесе отырып шешуге болады, соның ішінде далада малды суаруға арналған құдықтар қазуға болады», — деп атап өтті Семей қаласының әкімі.
Кездесуден кейін Бақытжан Байахметов азаматтарды жеке қабылдады.
Әзірлеген Анар АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Семей таңы»