Өскемен қаласында тамыз айының басында трамвайлар уақытша қатынамайды. «Өскемен қалалық көлік компаниясы» ЖШС мәліметіне сүйенсек, тамыз айының басында қалаға рельстердің жаңа партиясы жеткізілмек.
Сол кезде ескі трамвай жолдарын ауыстыру жұмыстары басталып, қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтайды.
«Бұл ретте барлық жұмысты небары бес күннің ішінде аяқтауға тырысамыз. Содан кейін трамвай қозғалысы қайтадан жанданатын болады», — дейді осы арайда БАҚ өкілдеріне пікір білдірген компания директоры Михаил Чайка.
Айта кетейік, күн сайын Өскеменде трамвайлармен жалпы саны шамамен 13 мыңға жуық адам қатынайды екен. Сонымен қатар, қаладағы трамвай желілері соңғы 40 жылдың ішінде алғаш рет жаңартылып жатыр.
«СТ» ақпарат