10 тамыз – ұлтты ұйыстыратын, қазақ халқын ауызбіршілік пен біртұтастыққа үндейтін қастерлі күн. Себебі 10 тамыз 2020 жылдан бері еліміздің мерекелік күнтізбесінде Абай күні деп белгіленген. Осыған орай, Қазақстанның жер-жерінде түрлі рухани-мәдени шараларды ұйымдастыру игі дәстүрге айналып келеді. Қазақ жұрты осылайша ғұлама ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы Абай рухына тағзым етіп, құрмет көрсетеді.
Семей шаһарында Абай күнін атап өту ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Оған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен қаланың ардагерлер қауымы қатысты. Салтанатты шарада сөз алған облыс басшысы: — Хакім Абай – қайталанбас дара тұлға, ұлт мақтанышы. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыз бен жаһан жұртының рухани асыл қазынасы болып қала береді. Бүгін Абай күнін Абай елі — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жаңадан құрылған облыс алғаш рет атап өтеді. Қалың ел, қайран жұртын адастырмаған ұлы Абайға деген халқымыздың көңілі де ешқашан айнымайды, – деді. Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін ісшараға қатысушылар мен қала қонақтарына 1985 жылы ашылған Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайының экпозициясы таныстырылды. Мұнда келген жандарға музей тарихы, Юлий Невзоровтың басынан өткен оқиғалары жайлы жан-жақты ақпарат берілді. Қазақстандағы ең бай көркемөнер туындылары жинақталған, бейнелеу өнерінің асыл қазынасына айналған бұл мұражай тарихи мұраларымен құнды. Мұражай қорында 5000 өнер туындысы сақталған. Ондағы коллекцияның маңызды бөлігін Невзоровтар отбасының әйгілі жинағы құрайды. 1988 жылы Невзоровтар отбасы орыс, кеңес, шетелдік өнердің 569 туындысын мұражайға сыйға тартады. XVIII ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы орыс кескіндеме және графикасының бай коллекциясы Кеңес Одағының 15 қаласында көрсетіледі. Юлий Невзоровқа коллекция әкесі мен атасынан мұраға қалған, кейін оны өзі толықтырып, зерттеп, зерделеп, бір жүйеге келтіреді. Бұдан кейін ұлы ақынның туған күнін атап өту аясындағы іс-шаралар Абайдың «ЖидебайБөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдебимемориалдық қорық-музейінде жалғасты. Оған Абай облысы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, облыстық мәслихат хатшысы Қуаныш Сүлейменов, Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев және бірқатар бизнес өкілдері қатысты. Музей қорында 21 мыңнан аса жәдігер, ғылыми кітапханасында 16 мыңға тарта басылым сақталған. Олардың ең құнды және маңыздылары музей экспозицияларынан орын алған. Музей экспозициясымен танысу «Абай және оның дәуiрi» залынан басталды. Аталған зал үш бөлмеден тұрады. Онда қойылған экспозицияларда ақынның өмiр сүрген ортасы – ата тегi, тұрмыстiршілiгi, сол кезеңдегі саяси-әкiмшiлiк құрылым мен халықтың әлеуметтiк хал-күйi жан-жақты қамтылған. Ал «Абай бейнелеу өнерiнде» деп аталатын галерея залында ұлы ақынның мүсiн және бейнелеу өнерiндегi көркем тұлғасы белгiлi қылқалам шеберлерiнiң туындылары арқылы жан-жақты ашылған. Мұражайдағы безендiрiлуi өзгеше тағы бiр зал ақынның атақты «Жаз» өлеңiне арналған. Онда шебер сипатталған қырсахараның жазғы келбетi үлкен панорама болып кескiнделген, ортада алты қанатты ақшаңқай ақ орда бейнеленген. Зал этнографиялық сипатымен көрермендердi қызықтырып, үлкен әсерге бөлейді. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай мұражайы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа технологиялармен жабдықталған. Ондағы құнды дүниелер тек Абай ғана емес, Шәкәрім мен Мұхтар, Абайдың ақын шәкірттері жайлы да сыр шертеді. Бұл күні мұражайға келген меймандар ғимаратты аралап, онда қойылған туындылармен танысып, рухани сусындады.
«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 16 наурызында Қазақстан халқына Жолдауында Абай облысын құруды ұсынды. «Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған», — деген еді Президент бұл орайда. Осылайша, Президент Жарлығымен елімізде жаңадан құрылған үш облыстың біріне хакім Абайдың есімі берілді. Бұл да ұлы ақынды – бүкіл Алаштың Абайын ұлықтаудың, ұлан-ғайыр қазақ жерін осындай ірі тұлғалардың есімімен ұрпақ санасында жаңғыртудың бірден-бір үлгісі екен сөзсіз. Демек, ендігі міндет – жаңадан құрылған облыстың өсіп, өркендеген, ішкі инфрақұрылымы жаңарып, жанданған аймаққа айналуына елдік тұрғыда атсалысу. Биыл шілде айында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездескен кезде, осы үдеден шығу мақсатында аймақтан шыққан кәсіпкерлермен басқосу өткізіп тұру туралы идеясын ұсынған еді. «10 тамызда біз Абайдың туған күнін атап өтеміз. Бұл ұлы ақынның есімімен аталатын аймақ құрылғаннан кейінгі Абайға көрсетілген алғашқы құрмет болмақ. Бұл есте қалатын шара болуы керек. Осы орайда біз бұрынғы Семей облысында және Семейде дүниеге келген жерлестердің басын қосып, форум өткізуді ұсынып отырмыз»,- дей келе, аймақ басшысы форумға түрлі салада табысқа жеткен, жаңа облыстың қалыптасуына үлес қосуға ниетті бизнес өкілдері шақырылатынын жеткізген болатын. Осылайша, өткен сәрсенбі күні, 10 тамызда Семей шаhарында Абай күнін атап өту аясында кәсіпкерлердің басын қосқан облыстық деңгейдегі алғашқы бизнес-форум өтті. Бұл жиынға алысжақын шет ел мен республикамыздың әр өңірінде табысты қызмет атқарып жүрген 100-ден астам кәсіпкер онлайн және офлайн форматта қатысты. Форумда сөз алған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев үлкен жиынға арнайы шақыртуды қабыл алғаны үшін бизнес өкілдеріне ризашылығын білдірді. — Дана халқымыздың «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың!» деген ұлағатты сөзі бар. Туған жер, өскен орта – әр азаматтың Отанға, халқына деген патриоттық сезімінің бастауы, азамат болып қалыптасуының көзі. Алыстап кетсе, сағынатұғын, топырағын сүйіп, табынатұғын «қара шаңырақ», балалық мекен, достық орта, жастық шақтың куәсі – кіші отан, туған өлке әрқайсымызға ерекше ыстық. Сондықтан туған жерге табаны тиген әр азамат бүгін ерекше толғаныс үстінде отыр деп есептеймін. Халқымызда «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмас» деген аталы сөз бекерге айтылмаса керек. Осылайша, қай жерде жүріп, қандай қызмет атқарсаңыздар да «елім, жерім» деп туған жерге деген перзенттік парызды нақты іспен дәлелдеп жүрсіздер. Біз сіздермен мақтанамыз, жас ұрпаққа үлгі етеміз. Бүгінгі басқосудың да басты мақсаты – осы,- деді форумның ашылуында аймақ басшысы. Осылай деген Нұрлан Тельманұлы бұл бизнес-форумның бизнес-қоғамдастықпен тиімді диалог орнату, жаңа бизнес пен инвестициялық мүмкіндіктерді іздеу, өңірлерді дамыту жобаларын жүзеге асыру үшін қажетті ресурстарды тарту мақсатында алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. — Біз бәріміз бүгін туған күнін бүкіл Қазақстан атап өтіп жатқан ұлы Абайдың киелі жерінің тумасымыз! Ендеше, кездесуіміздің дәл осы күні өтуі өте маңызды. Өйткені ұрпақтар сабақтастығы, мәдениеттің жаңғыруы мен экономиканың дамуы біздің құнды бағдарымыз болмақ. Біздің салтдәстүріміз, мәдениетіміз, тарихымыз, рухы түрлі сынақтардан сынбайтын халқымыз бар. Абайды да, Шәкәрімді де, Мұхтарды да осы жер сыйлады. Мұнда алғаш рет телеграф, баспахана ашылды, театр өнері, мұражай, кітапхана ісі дүниеге келді. Семейде тұңғыш кәсіптік білім беретін оқу орны есігін айқара ашты. Ал, ең бастысы, біздің жерімізде тұңғыш үкімет – Алашорда құрылды. Бұл — қазақ футболының туған жері… Өңірімізді «бірінші» деген сөзбен байланыстыратын тағы да ондаған мысал келтіруге болады. Бірақ біз бір ғана тарихпен өмір сүрмеуіміз керек. Қасиетті Абай топырағында ұрпағымызды мадақтауға әлі талай мүмкіндік болатынына сенімдімін, — дей келе облыс әкімі мұндай форум Семей қаласын, оның ерекшеліктері мен динамикасын көрсететін бірегей мүмкіндік екенін атап өтті. — Биыл наурыз айында орталығы Семей қаласында орналасқан Абай облысы құрылды. Мемлекет басшысы жылумен қамтамасыз ету, ЖЭО-3, әлеуметтік нысандарды, соның ішінде мектептер мен ауруханаларды, сондай-ақ жолдарды салу сияқты инфрақұрылымды қалпына келтіру мен аймақты дамытуға қатысты бірқатар мәселені жүйелі түрде шешуді тапсырды,– деді өз сөзінде Нұрлан Тельманұлы. Аймақ басшысының айтуынша, 2022 жылдың 7 айының қорытындысына сәйкес, әлеуметтікэкономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика сақталған: өнеркәсіпте өсім 25,4%-ға, ауыл шаруашылығында 17,1%-ға жеткен, бұдан бөлек, 111,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бөлшек сауда айналымы 9,1%-ға өскен. Ендігі мақсат – жыл соңына дейін осы өсу қарқынын сақтап тұру. Нұрлан Ұранхаев сондай-ақ болашақта облыстың металлургия, тамақ және өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы дамыған үлкен аймаққа және туристік орталыққа айналатынына сенім білдіре келе, бұл бағыттағы тактикалық қадамдардың айқындалғанын атап өтіп, қатысушылардың назарына облыстың стратегиялық даму бағыттарын ұсынды. Біріншіден, бұл – металлургия, тамақ, өңдеу өнеркәсібі мен экономиканың аграрлық секторын дамыту. Осы орайда 2025 жылға дейін таукен өнеркәсібінде 5 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл ретте Абай облысы қолданыстағы сауда және көлік дәліздерін жетілдіру және жаңаларын құру үшін қолайлы географиялық орынға ие. Сонымен қатар облыс әкімі алдағы уақытта 82,5 миллиард теңгеге «Семей қаласының айналма жолы» автожолының құрылысы жоспарланып отырғанына, бұл халықаралық және өңірлік транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретініне тоқталды. Мәселен, «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасы аясында болашақта «Бақты — Аягөз» темір жолын, сондай-ақ Семей қаласында құрлық портын салу жоспарлануда, бұл мультипликативті нәтиже береді және жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды дамытуға ықпал етеді. Форум барысында Нұрлан Тельманұлы облыста тарихи-мәдени, сакралды, экологиялық туризм дамығанын, медициналық туризмді жандандыру үшін алғышарттардың бар екенін тілге тиек етті.
— Бұл, бірінші кезекте, Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орны – Семей медициналық университеті, Курчатов қаласындағы ең ірі Ұлттық ядролық орталық, Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығы. Сондай- ақ туризмді дамыту картасының ТОП-10-дығына енгізілген Алакөл жағалауындағы туристік демалыс аймағы, «Шүлбі су қоймасы», «Шошқалы» сынды еліміздің бірегей емдеу орындарында емдеу-сауықтыру туризмін дамытудың әлеуеті бар, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Нұрлан Ұранхаев облысты мәдени тұрғыда дамыту айрықша басымдыққа ие екенін атап өтті. Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, биыл Ақсуат ауданындағы мұражайдың құрылысы аяқталса, Семей қаласындағы Приречное кентіндегі мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта облыста 3,8 миллиард теңге қаржыға 12 ауылдық клубтың құрылысы мен қайта жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2024 жылға қарай Семей қаласындағы музыкалық театр кешенінің құрылысын қаржыландыру Үкімет тарапынан қолдау тапқан. Бұған қоса, Абай музейіне ұлттық мұражай мәртебесін беру мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуын мерекелеу аясында түрлі мәдени шаралар өткізу көзделген. Аймақ басшысы форум аясында қаланың тарихи ғимараттарының (телеграф, Мусиндер диірмені, көпес үйі, ғибадат орындары) сәулеттік келбетін сақтау мақсатында тарихи және мәдени ескерткіштерге талдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, мәдениетті дамыту саласында да, басқа салаларда да атқарылып жатқан осы және басқа да шаралар әлемнің дамыған елдерінің қатарынан лайықты орын алу бағытында жүзеге асырылатынын жеткізді. Бұдан кейін Нұрлан Ұранхаев форумға қатысушыларға сөз тізгінін берді. Бұл күнгі жиынға онлайн форматта қатысқан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаев Ресей Қазақстанның экономикалық серіктесі екенін айта келе, екі елдің сауда-экономикалық байланысын нығайтуда, халықтың әл-ауқатын арттыруда ортақ жобаларды іске асырудың маңызы зор деген ойын жеткізді. Бұл ретте елшіліктің алдағы уақытта да екі жақты байланыстың дамуына үлес қосатынын айтты. — Дана халқымызда «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген ұлағатты сөз бар. Ендеше, мұндай маңызды форум ортақ шешім қабылдауға сеп болатыны сөзсіз, — деді Ермек Көшербаев. Бұл күні форумға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Төтенше және өкілетті елшісі Әлібек Бақаев та ZOOM платформасы арқылы қатысып, өз ойын жеткізді. Форумда Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі — жерлесіміз Ерболат Сембаев сөз сөйледі. Ерболат Сембаев жиналғандарды Абай облысының құрылуымен құттықтап, Италия мен жаңадан құрылған облыс арасындағы байланыстың дамуына барлық жағынан мүмкіндік жасалатынын айтты. — Жаңадан құрылған облыстың әр кірпішін қалау мен аймақты дамыту — Абай облысының басшысына жүктелген үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Мен өзім осы жердің тумасы ретінде Абай облысының болашағына кәміл сенемін және ұлы ақынның кіндік қаны тамған киелі жердің өсіп-өркендеуіне Қазақстанның азаматы әрі Қазақстанның Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі ретінде өз үлесімді қосуға дайынмын. Биыл Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың құрылғанына 30 жыл толады. Өткен 30 жыл ішінде екі ел арасында жоғары деңгейдегі экономикалық әрі саяси қарым-қатынас орнады. Осы уақыт аралығында Италияның Қазақстанға салған инвестициясы 15 млн АҚШ доллларын құрады. Еліміздің Италияға экспорты биылғы жарты жылдықта 2,2 есеге өсті. Мұнда, әрине, Абай облысы кәсіпкерлерінің де үлесі бар, – деді Ерболат Сембаев. Сондай-ақ ол Абай облысы ежелден аграрлық, тамақ, жеңіл өнеркәсіп салаларында дамыған өңір екенін және осы бағытты одан әрі дамыту үшін Италияның аталған салалар бойынша көшбасшы компанияларын тартуға мүдделі екенін жеткізді. — Бұл аймақта біріккен кәсіпорындар ашып, инвестиция тартуға және Италияға экспорттауға аянбай қызмет етуге дайынбыз. Жалпы, Абай облысы мен Италия арасында алтын көпір орнатуға бар күшімізді саламыз және оның нәтижелі болатынына кәміл сенемін, — деді Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі. Түркияның «Siterm» компаниясының басшысы Атилай Закарья Нұрлан Ұранхаевты Абай облысының әкімі болып тағайындалуымен құттықтап, ауқымды форумды ұйымдастыруда бастама көтергені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Түркия тарапы аймаққа инвестиция құюға дайын екенін, бұл ретте жаңа жұмыс орындарының ашылғанын қалайтынын, сондықтан бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. — Абайдың туған күні құтты болсын, құрметті ағайын! Түбі бір түркі халқы қазақ халқымен қашанда бірге. Аймақ халқын өңірдің Абай облысы болып жаңадан құрылуымен құттықтаймын! Семей қаласына қаржы жетіспейтінін қанша жыл байланыста болғандықтан білемін, сондықтан біз бұл қалаға инвестиция құюға дайынбыз. Нұрлан Тельманұлының бастамасын қолдап, жұмыс орындарын ашуға көмек қолын созуға әрдайым дайын екенімізді айтқым келеді, — деді Атилай Закарья. «KAZ Minerals Management» ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов Абай облысына арнайы келгенін, бизнес-форумға қатысуды үлкен мәртебе санайтынын атап өтті. — Жаңадан құрылған облысқа Абай есімінің берілгені қуантады. Семей қаласында қайтадан экономика, ауыл шаруашылығы, білім салалары дамиды, шын мәніндегі рухани-мәдени орталыққа айналады. Біздің компанияға бірнеше кәсіпорын қарайды, олардың алғашқыларының бірі – Орлов кеніші. Онда 2300-ге тарта адам жұмыс істейді. Бүгінде Жезкент ауылы жылдан-жылға кеншілер дәстүрі жалғасын тауып келе жатқан мекен саналады. Даңқты Орлов кеніші тарихымыз болса, Ақтоғай – жаңа индрустрияландыру жобалары іске асатын орын. Мемлекет басшысы өз сөзінде бізде қоғам мен мемлекет алдындағы мәселелерді кәсіпкерлермен бірлесе шешу өте жақсы жолға қойылғанын атап өткен еді. Біз, міне, бүгін осы мақсатта бас қосып отырмыз, — деді Эльдар Валерьевич. Жас кәсіпкер, меценат, «Assyl tas group» ЖШС директоры Дулат Тастекеев Нұрлан Тельманұлының бастамасымен аймақтың өсіп-өркендеуіне, дамуына үлес қосуға ниетті Абай облысы азаматтарының, жерлестердің, кәсіпкерлердің басын қосқан форумның маңыздылығына тоқталды. — Құрметті жерлестер! Бүгін біз ұлы данамыз, хакім Абайдың туған күнінде бас қосып отырмыз. Баршаңызды жаңадан құрылған Абай облысының жүрегі, Алашорданың астанасы – Семей қаласының төрінде көргеніме шын жүректен қуаныштымын. Осыдан бірнеше ай бұрын, баршамыз білетіндей, Президент Жолдауында дәл осы жаңалықты, яғни бұрынғы Семей облысының Абай облысы болып қайта жаңғыратынын естіген кезде көңіліміз босап, қуанғанбыз. Бүгінгі форумда отырған азаматтардың басым көпшілігі осы сезімде болды деп ойлаймын. Барлығымыз осы Семей өңірі, Абай облысының тумаларымыз. Яғни, бұл – біздің кіндік қанымыз тамған жер. Осыдан 25 жыл бұрын облыс мәртебесінен айырылған сәтте баршамыздың жүрегіміз ауырғанын білемін. Ал бүгін қуанатын күн. Себебі ел еңсесі көтерілді. Құрметті жерлестер, дәл бүгін Нұрлан Тельманұлының бастамасымен осы өңірдің азаматтары, жерлестер, кәсіпкерлер бас қосып отырмыз. Ендеше, «Жаңадан құрылған облысқа осы өңірдің ұлы ретінде не істей аламыз? Айтылған, көтерілген мәселелер бос сөз болып қалмай ма? Әлде, шынайы ісімізбен өңіріміздің ұлғаюына, қөркеюіне үлес қоса аламыз ба?» деген сауалдың туындауы заңды. Сондықтан, бұл форумға қатысушы әрбір азамат өз еліне деген сүйіспеншілігін туған қаласы Семейден, Абай облысынан бастайтын болса, бұл бағыттағы жұмысты, жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырса, нұр үстіне нұр болар еді. Біз осындай іс-әрекетіміз, береке-бірлігіміз арқылы өңіріміздің дамуына ықпал етсек, Абай облысының да, Семейдің де көркейетініне күмәнім жоқ. Форумнан кейін айтылған сөздер жүзеге асады деген ойдамыз. Қазіргі таңда бизнесімізді Алматы өңірінде жүргізіп жатсақ та, өзіміздің тарапымыздан қолымыздан келгенше кәсіпорындарымыздың осы жаққа бет бұруына күш саламыз деп жоспарлаудамыз. Инфақұрылымды жақсартуға байланысты өзіміздің тарапымыздан Ақсуат ауданындағы әуежайдың жұмысын қайтадан қалпына келтіруге ұсыныс жасадық. Жобаны ресми түрде тапсырдық,– дей келе бизнес өкілдерін жаңа аймақтың жандануына үлес қосуға шақырды.
Ал «GAMMA-HOLDING» ЖШС жетекшісі Николай Молотков:
— Аймақты тиімді басқару үшін адам үш қарапайым қасиетке ие болуы керек деп есептеймін. Біріншіден, оның қала патриоты, екіншіден, істі қолға алатын табысты кәсіпкер және тәжірибелі әкімші болғанын қалаймын. Меніңше, біздің жолымыз болды, Нұрлан Тельманұлы, сіздің бойыңызда осы аталған қасиеттер бар. Сонымен қатар сіздің қалаларды көркейту бағытында үлкен тәжірибеңіз де бар,– дей келе, бизнес-форумды өткізу бастамасын қолдағанын айтып, алдағы уақытта мұндай іс-шаралар бизнеске тың серпін беретініне сенім білдірді.
Ауқымды жиынға тек жерлестер ғана емес, шетелдік инвесторлар да қатысып, өз жобаларымен таныстырды. — Біз Абай облысында қант зауытын салу ойымызда бар. Бірінші кезеңде фабрика жылына 2700 тонна қант өндіреді деген жоспар бар. Кейіннен, екінші кезеңде, бұл деңгей 100 000 тоннаға дейін артатын болады. Бұл зауыт қалдықсыз өнім өндіретіндігімен ерекшеленеді және соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталады. Онда қант қана емес, жылына 12 мегаватт электр энергиясы, 3 миллион литр этил спирті, сондай-ақ 500 тонна органикалық тыңайтқыш өндірілетін болады. Жобаны іске асыру құны 68 миллион доллар. Инвестицияларды қайтару мерзімі – 7 жыл. Осы перспективалық жобаны іске асыру үшін біз инвесторларды тартуды және жергілікті кәсіпкерлермен серіктестік қарым-қатынас орнатуды көздеп отырмыз, — деді Австралия елінен келген консалтингтік компания өкілі Марк Джоясундара. Ал «Zein Invest» ЖШС басшысы Мерхат Таңсыққожин: — Бұл өлкеде туған азаматтар — өз жерін сүйетін, жауапкершілікті сезінетін жандар. Олардың барлығы дерлік аяғынан нық тұрған, өз кәсібін ашқан азаматтар. Облысымызға Нұрлан Тельманұлы әкім болып келгелі жерлестер бас қосып, игі бастама жолында біріге бастады. Бизнесфорумға қатысушы жандарға сәттілік тілеймін. Біз туған жерімізді бірлікпен, өзара келісіммен көркейтуге дайынбыз. Себебі қаламызда атқарылуы тиіс үлкен жұмыстар бар, оны барлығымыз да білеміз. Сондықтан иық тіресіп, өлкеміздің дамуына атсалысамыз деген ойдамын, — дей келе туған жерді түлетуге әрқашан дайын екенін жеткізді. Ал қоғам қайраткері Мейрамхат Айнабеков, «АсылМедСервис» ЖШС директоры Асхат Билялов сынды азаматтар жиынның маңыздылығына тоқталды. Олар форумды тұрақты түрде өткізіп тұру бастамасын қолдайтындарын жеткізіп, мұндай басқосулардың Абай облысының дамып, өркендеуіне ықпал ететінін айтып, өзара ынтымақтастық орнату арқылы ортақ жобаларды жүзеге асыруға болатынына сенім білдірді. Форумды қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев өзара түсіністікті бірлескен ынтымақтастыққа айналдыруға мүдделі екенін атап өтіп, мүмкіндікті пайдалана отырып, бизнес өкілдерін тиімді диалогқа, аймақтың дамуына белсенді атсалысуға шақырды. — Алдымызда Президент тапсырмасын орындап, халықтың үмітін ақтау міндеті тұр. Бұл ретте Абай елі өзінің лайықты орнын табады деп сенемін. Сіздер осы күнге дейін жерлестеріңізді ұмытпай, түйткілді мәселелерді шешуге қызу қолдау білдіріп келдіңіздер. Облысымызда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандар, халықтың қажетіне жараған жобалар, рухани-мәдени шаралар, ескерткіштер мен саябақтар бұл сөзімді толық қуаттайды. Бүгінгі басқосу ел ішіндегі келешек жоспарларымызды айқындап, облысымыз бен халыққа қажетті тың жобалардың іске асуына зор септігін тигізеді, сол арқылы бизнес өкілдері аймағымыздың дамуына үлес қосады деген сенімдемін, – деді Нұрлан Тельманұлы. Облыс басшысы форумның қорытындысы жақында шығарылатынын, жобалар қарастырылатынын айтты.
Жиын соңында аймақ басшысы мен бизнес өкілдері естелік суретке түсті.
«Ұлы дала – Ұлы Абай»
Бизнес-форумнан кейін қала қонақтары мен Семей жұртшылығы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының «Ұлы дала – Ұлы Абай» атты гала-концертін тамашалады. Кеште Роза Рымбаева бастаған Ерлан Рысқали, Раушан Оразбаева, Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев, Салтанат Ахметова, Жанна Орынбасарова, Перизат Тұрарова, Асқар Мұқият сынды әншілер өнер көрсетті. Концертті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Александр Галсанов жетекшілік ететін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрі сүйемелдеді. Абай өңірінің жұртшылығы әр туындыны ыстық ықыласпен тыңдап, өнерпаздарға қошемет білдірді. Айта кетейік, Семейге «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы аясында гастрольдік сапармен келген Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы 10 тамыз күні Абайдың «ЖидебайБөрілі» музейінде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуде сөз сөйлеген «Қазақконцерт» ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова: — 10 тамыз – бүкіл қазақ халқы үшін үлкен мереке, хакім Абайдың туған күні. Сондықтан біз үлкен гастрольдік сапарымызды Абай атамыздың туған жерінен бастауды жөн көрдік. Біз жаңадан құрылған үш облысты аралауды жоспарлап отырмыз. «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасының мақсаты – мәдени құндылықтардың, өнер шығармаларының қолжетімділігін арттыру, еліміздің ұлттық құндылықтарын дәріптеу, өңірлерге, шағын қалаларға, ауылдарға барып, өнерімізді көрсету. Біраз үзілістен кейін гастрольдік сапарға шыққан үлкен ұжымымыз Абай жеріне үлкен қуанышпен келіп отыр, — дей келе мұражай қорына қой ішегінен жасалған домбыраны сыйға тартты.
Сайлаухан Райымбеков, «Қазақтелеком» АҚ төрағасының кеңесшісі:
— Қасиетті Абай елінде маңызды форум өтті. Бұл бизнес-форум біз үшін үлкен басқосу болды. Семей жерінен ойлы да іскер азаматтар шыққан. Олар тек қазақ жерінде емес, әлемнің түкпір-түкпірінде жүр. Кәсіпкерлердің туған жеріне келіп, тағзым еткендері дұрыс деп ойлаймын. Бұрынғы Семей облысының облыстық мәртебесінен айырылғанына ширек ғасыр болды. Енді жаңадан Абай облысы құрылғаннан кейін аймағымызды қайта жаңғыртып, жандандыруға үлкен мүмкіндік туып тұр. Осы өңірден шыққан бизнес өкілдері, кәсіпкерлер аймағымыздың дамуына, оның алдыңғы қатардан көрінуіне үлес қосады деген ойдамын.
Серғазы Дүйсенбаев, «ҚазАгро» холдингінің атқарушы директоры:
Жақын уақытта Шақаман ауылында жаңа технологиямен жабдықталған ет өндіретін комбинат салу ойымызда бар. Комбинатта күніне 3000-дай қой сойылып, шұжық шығарылатын болады. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыс жоспарларын дайындауда. Үкіметтен, министрліктен қандай көмек болатыны, қандай субсидия бөлінетіні алдағы уақытта белгілі болады. Айта кетейін, біздің фирманың бұрынғы шошқа комбинатына ешқандай қатысы жоқ. Бас офисіміз Абай облысының орталығы Семей қаласында орналасады. Қаламызда өзіміздің сауда дүкендерімізді ашамыз. Қазіргі таңда «Даму банкінен», «ҚазАгро» компаниясынан несие алып, қаржы мәселесі шешілуде.
Михаил Щербаков, Тула арақшарап зауыты директорлар кеңесінің төрағасы:
Мен Семей қаласында дүниеге келдім, мектепті, институтты бітіріп, спортпен айналыстым. 1990 жылға дейін баскетболдан облыс құрамасында ойнадым. Бизнесфорумның осы кешенде өтетіні мен үшін керемет жаңалық болды. Бұл аймақта алдағы уақытта азаматтардың өмір сүруіне қолайлы инфрақұрылым салынуы тиіс. Бизнес-форум – бұл үнқатысу барысында өте үлкен жобалар туындайтын іс-шара. Мұндай жиындар – облыстың дамуына жасалған үлкен қадам. Форум өте әсерлі әрі қызықты өтті. Біз, жерлестер, әрине, аймақтың дамуына атсалысуға дайынбыз.
Дана ТАЛҒАТБЕК,
Ерасыл КЕНЖЕБЕК,
Талшын ҚАЛИАСҚАР,
«Семей таңы»