Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ата Заң бойынша өмір сүру – демократияның ең жоғарғы мектебі. Кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Ендеше, Ата Заңды қастерлеу – ұлттың ұлы парызы.
Әлемдегі тәуелсіздікке қол жеткізген кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлар бойы жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі.
Тарихқа жүгінсек, республикамызда Конституция бірнеше рет қабылданды. Алғашқы Конституцияны 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АССР Орталық атқару комитеті жазып, РСФСР Орталық атқару комитеті бекітпегеннен кейін күшіне енбеген. Содан кейін 1937 жылы 26 наурызда Жалпықазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылдап, бекіткен Конституция бар. Қырық жылдық ғұмыры болған осы құжаттың орнын 1978 жылы 20 сәуірдегі «кемелденген социализм» аталған заманның Конституциясы басқан болатын. Міне, осы құжат тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстанның төл Ата Заңы қабылданғанға дейін қолданыста болды. Елдің егемендігін танытатын 1993 жылғы тұңғыш Конституция мемлекетіміздің тәуелсіздігін ең жоғарғы заң тұрғысында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат болды.
1995 жылдың 30 тамызындағы Конституцияны қабылдаудың маңызы айтарлықтай ерекше сипат алды. Елдегі саяси өзгерістерге орай, сол жылы сарапшылар тобы құрылып, олар әлемнің көптеген елінің Конституцияларын, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданған негізгі құжаттарды мұқият сараптаудан өткізді. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген негізгі Заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция.
1995 жылдың 30 тамызында елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Конституция барлық қазақстандықтың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат болды. Өйткені Конституцияны қалыптастыруға қалың жұртшылық тікелей қатыса отырып, ол республикалық референдумда қабылданды. Осылайша, дүниеге келген Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отырды десе де болады. Сонымен қатар, Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Қос палаталы кәсіби Парламенттің жасақталуы да соның жарқын айғағы.
Түйіндей айтсақ, 1995 жылы қабылданған Ата Заң мемлекеттің шұғыл бетбұрысын қамтамасыз етіп, Қазақстанның қазіргі жеткен жетістіктерінің бірден-бір кепілі бола алды. Дәл осы Конституция Қазақстан үшін әлемдік қоғамдастықтың дамыған елдерінің қатарына кіру мүмкіндігін ашты. Сонымен қатар ол Халықаралық ұлттар қауымдастығының тең құқылы мүшесі ретінде Қазақстан Республикасын құрметтеуге және онымен есептесуге мүмкіндік берді.
Алайда заман ағымы, әлемдегі өзгерістер еліміздің Конституциясын толықтыруды талап етеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл — қалыпты тәсіл, өйткені біз өмір сүретін жағдайларды бүгінгі күнмен салыстыруға болады. 1995 жылдағы елдің саяси сауаттылық деңгейін, оның үстіне, халықтың қиын әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескерсек, ел тұрғындарының көбі Конституцияға еніп жатқан өзгерістерден бейхабар болуы мүмкін еді, ал Конституцияға енген кейінгі бес өзгерісті Парламент өзі қабылдап отырды. Сондықтан болар, бұл жолы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енетін өзгерістерді референдум арқылы қабылдауды жөн көрген. Биылғы жылдың 5 маусымында референдум арқылы Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізілді.
«Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 31-ші және 33-ші баптарына сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық референдум комиссияларының дауыс беру нәтижелері туралы ұсынған хаттамаларының негізінде қабылданған Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясының қаулысына сүйенсек, референдумға енгізілетін өзгерістерді жақтап 6 163 516 азамат дауыс берген, бұл — дауыс беруге қатысқандардың 77,18 проценті. Осы негізде 2022 жылдың 5 маусымында республикалық референдумға шығарылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Конституцияға енгізілген өзгерістерді бірнеше тармақтарға бөлуге болады. Олар:
- Президенттің лауазымына байланысты шектеулер.
- Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық нормаларды алып тастау.
- Жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау.
- Кейбір адамдардың лауазымда болуына байланысты шектеулер.
- Өлім жазасын жою.
- Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құру.
- Құқық қорғау институттарын күшейту.
- Конституциялық сот құру.
- Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесін өзгерту.
- Заңдарды қабылдау жүйесін өзгерту.
- Мәжбүрлі еңбекті қолдану мүмкіндігі.
- Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту.
Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі Заңының рухы мен маңызын, Конституцияның қалыптасу тарихын жақсы білуге тиіс. Конституцияны құрметтей және сақтай отырып, оның тарихы мен маңызын сезіне отырып, біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Бұл — бұрынғы авторитарлық саяси жүйенің демократиялық жүйеге және тұтастай алғанда, экономика мен мемлекеттің құрылымдық қайта құрылуына, жаңа экономикалық және әлеуметтік қатынастардың эволюциялық қалыптасуының негізіне айналуына әкелуге бағыттайтын құжат.
«Конституция бойынша өмір сүру нені білдіреді?» деген сауалға Конституция барлық Қазақстан Республикасы азаматтарына ортақ негізгі Заң деп жауап беруге болады. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтау қоғамдық тәртіпті қалыпты ұстау, мемлекеттің әлеуметтік, саяси, экономикалық функцияларын орындауы, еліміздегі заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін қажет. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтау құқық қорғау органдарына жүктелген мемлекеттік құқық қорғау функцияларды жүзеге асыруға ықпал етеді.
Конституцияны сыйлау – кең ұғым. Мемлекетті сыйлау Конституцияны сыйлаудан басталады. Мемлекеттің құрылымы, алдына қойған мақсаты, азаматтарына деген қамқорлығы, бір сөзбен айтқанда, қоғамдық қатынастарды қамтитын үрдістердің барлығы осы құжатта жазылған. Ал енді осы жерде «Конституцияны сыйлау үшін Конституцияны білу керек пе?» деген де пікір туындайды. Оны қалай сыйлауға болады? Конституцияны барлық азаматтар оқыды, жетік түсінді деп батыл айтуға бола ма? Бұлай деуге негіз жоқ. Ал енді оқымаса, түсінбесе, білмесе, не үшін қажет екенін айта алмаса, онда сыйлайды, қадіріне жетеді деп айта алмаймыз. Мұның жағымсыз салдары қоғамда кейде көрініс беріп жатады. Қылмыстың көбеюі – Ата Заңды сыйламаудың бір көрінісі. Конституцияға жан беру – әр азаматтың міндеті. Дегенмен өмір бойғы басты міндетіміз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап – Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп, қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.
Биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 27 жыл толды. Бұл басқа дамыған мемлекеттер үшін аз уақыт шығар, ал біз үшін осы жылдар мемлекетіміздің қалыптасу жылдары болды десек, қателеспейміз. Қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт ретінде отанымызды мекендеген барлық ұлтты бауырына тартып, өзінің дарқандығын таныта отырып, бейбітшіл азаматтық қоғам орнатты. Соның арқасында айрандай ұйыған, әлемдік қауымдастық толық мойындаған демократиялы, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет құрылды. Қазақ елінде заң үстемдігін орнатамыз десек, ең алдымен, Конституцияны және осыған негізделген барлық заңдар мен өзге де құқықтық актілерді бұлжытпай орындап, сақтай білуіміз керек.
Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттілігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституция тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі.
Назигүл ГАЗИЗОВА,
Семей қаласының Шәкәрім атындағы
университеті КеАҚ, құқықтанушы