АДАМИ КАПИТАЛ – ЖАҢҒЫРУ НЕГІЗІ
Адам капиталын дамыту – бұл креативті қоғам құруды қамтитын түрлендіру бағыты. Мемлекеттің адами капиталының әлеуеті, интеллектуалды болашағының басты көрсеткіші – сапалы білім, сындарлы ғылым. Жоғарғы білім жүйесі – еңбек нарығына білікті кадр дайындап, интеллектуалды ұлт қалыптастырады. Егер қаржы капиталы «ақша әкелетін сала» деп түсінетін болсақ, адами капиталды ақшаны ел игілігіне жаратушы деп түсінгеніміз жөн. Қоғам немесе қоғамның әрбір мүшесі өскелең ұрпаққа білім беру, оған жағдай жасау, әсіресе өз балаларына білім беру және тәрбие мәселесін ең басты міндет ретінде алға шығара білуі қажет. Сол кезде ғана өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелей аламыз, осы жағдайда біздің адами капиталымыз да дамитын болады. Ал қазіргі таңда саналы ұрпақ қалыптастыру үшін не қажет? Адами капиталдың Қазақстандағы көрсеткіші қандай? «Ең қажетті ресурс – адами капитал» деген ұғым қаншалықты дұрыс? Осы тұрғыда біз өз сауалдарымызға жауап алу мақсатында Шәкәрім университетінің проректоры Берікхан Иісбекұлымен сұхбаттасқан едік.
– Кез келген мемлекеттің дамып, ілгерілеуі сапалы адами капиталға келіп тірелетіні белгілі. Сіздің ойыңызша, адами капиталдың Қазақстандағы көрсеткіші қандай? – Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің ахуалы мен дамуы туралы ұлттық баяндамадағы дерек бойынша, (IMD) халықаралық рейтингісі экономиканың бәсекеге қабілеттілігін жақсарту үшін таланттарды дамыту және тарту қабілетін бағалайды. Рейтингте үш фактор бағаланады: дарындарды дамытуға жұмсалатын инвестициялар, жергілікті мамандарды ұстап қалу және шетелдіктерді тартуға арналған тартымдылық, сондай-ақ елдегі даярлық деңгейі мен дағдылар. 2020 жылы халықаралық таланттар рейтингіне 63 ел қатысқан. Айта кетерлігі, алдыңғы орын алған елдер білім саласына белсенді инвестиция салуда. Қазақстан 2020 жылғы рейтингте 38-ден 44-орынға түсті. Мұндай төмендеудің себебі коронавирус пандемиясынан туындаған денсаулық дағдарысына байланысты болуы мүмкін. Есепке сәйкес, пандемиядан кейінгі кезең елдердің өз экономикаларын шектеулер қою арқылы қалпына келтіруге деген ұмтылысына байланысты одан да көп шығындарға әкелуі мүмкін. Төмендеу барлық үш фактор бойынша: «Инвестициялар және даму» – 41-орын (-2 позиция), «Тартымдылық» – 47- орын (-8 позиция), «Дайындық» – 50-орын (-12 позиция). Сондай-ақ кәсіби даярлық (23-орын) және қызметкерлерге арналған тренингтер (21-орын) критерийі бойынша байқалады. Алайда мемлекеттік білім беру шығындарында аздаған жетістіктер байқалады – 59-орын (+1 позиция) және 1 оқушыға – 53-орын (+3 позиция). Кәсіпорын басшыларының қызметкерлерді ынталандыру туралы пікірі де нашарлады – 44-орын (-14 позиция); таланттарды тарту және ұстау бойынша 43-орын (-9 позиция); шетелдік таланттар үшін елдің тартымдылығы бойынша 31-орынды (-8 позиция) иеленген. Ғылыми мамандықтар бойынша түлектерді даярлау бойынша 31-орынға (+2 позицияға) көтеріліп, көрсеткішті жақсартты. – Балаға неше жастан бастап инвестиция салу қажет? Мұндай инвестицияның қайтарымы қандай болуы мүмкін? – Исламда баланы қай жастан бастап тәрбиелеу керектігі жайлы бір аңыз бар. Бір кісі ғұламадан жаңа туған сәбиіне тәрбиені қашан беру керегін сұрағанда, ғұлама «әттең-ай, кешіккен екенсің, сәбиді құрсақта жатқаннан бастап тәрбелеу керек» деген екен. Сол сияқты әр ата-ана балаға инвестицияны туған соң емес, дүниеге келгенге дейін бастауы керек. Инвестицияға ақша көзімен қарау дұрыс емес. Мәселен, қазіргі таңда психологтардың кеңесіне, түрлі мотивациялық кітаптарға жүгінетін болсақ, құрсақта жатқаннан бастап жақсы кітап оқып, жақсы ой ойлау қажет екен. Оның өзі баланың дүниеге келгеннен кейінгі ақыл-ойының дамуына үлкен әсер етеді. Сондықтан инвестицияны балалы боламын деп жоспарлағанға дейін құя бастаған дұрыс. Әуел бастан ол қаржылық емес, ақыл- -ой инвестициясы болуы қажет. – «Утечка мозгов» яғни, «Ақыл-ойдың сыртқа ағылуы» деген мәселе қоғамда ара-тұра көтеріліп тұрады. Бұл туралы не айтар едіңіз? Мәселен, 2017 жылы Қазақстаннан қоныс аударғандардың, яғни эмигранттардың 40 пайызы жоғары білімді азаматтар болған екен. Сіздің ойыңызша, қазіргі көрсеткіш қандай? Егер шетелге кеткен білімді азаматтардың қатары көп болса, оған не себеп болып отыр деп ойлайсыз? – Нақты көрсеткіш туралы жоғарыда атап өткендей, статистикалық зерттеулерге жүгінген дұрыс. Әрбір талантты баланың шетелге кеткені мемлекет үшін зиян. Мәселен, үлкен проблемаға айналып отырған мәселе – ол мектеп оқушыларының көрші елдерде білім алуы. Осыған байланысты қазір шаралар қабылданып жатыр және көрсеткіш жаман емес. Бірақ бұл – осымен болды, мәселе шешілді деген сөз емес. Ал жоғары білікті мамандардың шетелге қоныс аударуының басты себептерінің бірі – жалақы мәселесі. Ол шешілмей, біз алға қарай жылжи алмаймыз. Бұл мәселені қарастыруға да, шешуге де болады. Әрине, бұл жолда мемлекет тарапынан үлкен қолдау-көмек қажет. Сол талантты жастарды жоғарыда атап өткен IMD рейтингісіндегі үш факторға сай тарта білсек, тасымыз өрге домалайтыны анық. Қазірге таңда қолдау мүлдем жоқ деп айтпаймын, бар. Бірақ бұл жерде өңірлердің, кәсіпорынның ерекшелігін назарға алса, шынайы таланттардың шетелге ағылуының алдын алуға болатын еді. – Жалақы мәселесі демекші, Қазақстанда жұмыс істейтін шетел азаматтарының жалақысы өз еліміздің азаматтарынікіне қарағанда әлдеқайда көп. Бұған не себеп болуы мүмкін? – Оның объективті әрі субъективті себептері бар. Мүмкін Қазақстанда оқытпайтын мамандық иелерінің шетелден келгендері де дұрыс шығар. Мәселен, стратегиялық жаңа нысандар немесе лауазымдар болады. Оларға мамандар жетіспеуі мүмкін, сол кезде шетелден жұмысшыларды шақыруға болады. Ал ондай маман Қазақстанда бола тұра, шетелден жұмысқа шақыру үлкен қателік деп ойлаймын. Қазіргі таңда осындай әңгіменің көбі алпауыт ұлттық компания мен спорт саласында өрбуде. Осындағы эмигранттардың көмегімен қажетті индикаторлар алға қарай неше қадам жылжыды? Мәселені осы тұрғыдан қарау қажет. Егер, қажетті индикаторлар ілгері жылжымаған жағдайда, мұндай саясаттың қате екенін түсінеміз. Сондықтан кез келген сала бойынша соңғы 5-10 жылдыққа анализ жасау керек. Нәтиже жоқ па? Онда шетелден жұмысшы тартуды тоқтату қажет. Себебі мұндай іс мемлекеттің кез келген саласының дамуын тежейді. Мәселен, бір шетелдік азаматқа төленетін жалақы қарапайым қазақстандықтардың 10 айлық еңбекақысы болуы мүмкін. Осыны зерттеп, дұрыс шешім шығару қажет деп ойлаймын. Егер, ел экономикасының дамуына қажетті мамандарды ғана шетелден шақырту қажет болса, мен қолдар едім. Ал өз мемлекетімізде қандай да бір саланың маманы бола тұра, шетелден жұмыс күшін шақыру ұлттың мүддесіне қарсы іс деп есептеймін. – Еліміз білім саласына келгенде, сапаға емес, санға көбірек мән беріп отырған жоқ па? Қазақстандағы білім жүйесінде қандай кемшіліктерге тоқталар едіңіз? – Бұл жағдайға әртүрлі көзқарас тұрғысынан қараған жөн. Кейбір жерде сан, ал кейбір жерде сапа қамтылуы керек. Мәселен, жоғары оқу орнында саны көп сабақ берушіден гөрі, сапалы оқытушы болғаны дұрыс. Ал мектеп түлектерінің көп пайызы жоғары оқу орнына түссе, әлеуметтік мемлекет ретінде оң көрсеткіш болып саналады. Жұмыссыз жастардың саны азаяды, біліктілігі жоғарылай түседі. Білім беру жүйесіне келсек, кемшіліктер емес, ескерілмей жатқан жағдайлар бар. 2021-2022 оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 73 мыңнан астам грант бөлінді. Ал білім беру грантының құны орташа статистика бойынша 1 млн. теңге. Керісінше, магистратура білім беру деңгейі бойынша бөлінген грант саны 13 мың, құны 396 мың теңге. Ғылыми әлеуетін дамытамын деген ел үшін мұндай қаржыландыру механизмі қаншалықты тиімді? Әрине, тиімді емес. Егер біз шынайы адами капиталды дамытқымыз келсе, осы бір мәселе жайлы ойланғанымыз жөн. Екіншіден, қазіргі мектептердегі білім беру, жалпы мектеп ұстаздарының жалақысы өте жақсы. Керісінше, жоғары білімнің жалақысы төмен. Кезінде оқытушылар жоғары оқу орындарында абырой үшін немесе жалақысы үшін жұмыс істесе, қазір, керісінше, мектепке ағылуда. Неге? Себебі мектептегі ұстаздардың алатын жалақысы әлдеқайда жоғары. Шетелмен салыстырудың қажеті жоқ, Кеңес дәуірінің өзінде жоғары білім кадрының жалақысы бастауыш немесе орта мектеп ұстаздары алатын жалақыдан үш есе жоғары болған. «Бір кем дүние» деп отыра бермей, дер кезінде шешпесек, бұл проблема адами капиталдың дамуына тежеу қоятын мәселелердің біріне айналады. – Отандық ЖОО-лар дүниежүзілік рейтингте қандай орында тұр? – Биыл Quacquarelli Symonds World University Rankings рейтингіне қазақстандық 16 ЖОО енді. Бұл Орта Азияда жоқ көрсеткіш. Сонымен қатар білімге салынатын инвестицияны дамыту мақсатында елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Ол Жапония, Корея, Малайзия, Сингапурдың тәжірибелерінде де бар. Бұл елдер шетелдік білім инвестициясын тарту арқылы дамыған елдердің қатарына қосылды. Біз де солардың ізімен жүрсек, жетістікке жететініміз анық. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деген Мұхтар Әуезовтың бір сөзі бар. Бұл сөз қазіргі қозғалып отырған мәселеге тікелей қатысты деп ойлаймын. Әрине, рейтинг бойынша жоғары көрсеткіште тұра беруіміз мүмкін, бірақ егер жылдар бойы өз елімізде бірде-бір тұтынатын зат шығара алмасақ, жан-жақты дамымасақ, ол рейтингке кіргенімізді оң көрсеткіш деп айта алмас едім. – Қазақстан адам капиталы дамыған ел ретінде мойындалуы үшін қандай жобаларды жүзеге асырғаны жөн? – Қазір көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Бірақ ол жобаларды жүзеге асыру кезінде түрлі мүдделерді қарауымыз керек. Мәселен, адами капиталды дамыту үшін, жаңа айтып өткенімдей, шетелдік оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр, бакалавр грантының саны артып, ғылыми грантқа бөлінетін қаржы да көбейді. Сонымен қатар жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы да біртіндеп көбейіп келеді, жаңадан мектептер салынып жатыр және осы сынды басқа да жобалар бар. Әрине, бұдан да басқа жобаларды қолға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ олардың жүзеге асырылуында қандай қарама-қайшылықтар бар? Ескерілмеген қай тараптың мүддесі бар? Сол жағынан қарасақ. Мектептегі мұғалімнің жалақысы мен оқытушының жалақысы екі түрлі. Бірақ, екеуінің арасындағы айырмашылық, оқытушының мұғалімді тәрбиелейтіндігінде. Сол себепті оқытушының жалақысы мұғалімдікіне қарағада көп болуы керек деп есептеймін. Сонымен қатар қазір жеке-жеке мамандықтар бойынша дамыту, профильдеу деген бар, сол бойынша қандай оқу орны, қай жағынан мықты дегенге мән берілуі қажет? Мен, мәселен, қазақ тілі мен әдебиетін таңдаймын десем, Семей, Алматы немесе Нұр-Сұлтанға барамын. Өйткені, мұндай үлкен қалаларда менің салам бойынша оқытатын мықты оқу орындары бар. Мұнай-газ саласын таңдаймын десем, батысқа барамын. Өйткені ол жақта теориялық білім алумен қатар, тәжірибелік жағынан базалары мықты оқу орындары бар. Мәселен, Семейде ондай мамандыққа оқытатын факультет аша алмайсың, себебі мұнай жоқ. Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша алып қарайтын болсақ, басқа өңірден ашқаннан гөрі оны Семейде дамытқан дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бұл жер әдебиеттің алыптары – Абай, Шәкәрім, Мұхтарлар дүниеге келген рухани астана, қазір де бұл аймақта мақтанып көрсететіндей жас буындар да бар. – Елімізде IT саласы бойынша жұмыс атқаратын мамандар саны шектеулі, оның себебі неде? «Адами капиталды дамыту үшін шетелден жаңа IT-технологияға маманданған азаматтарды шақырту қажет» деген тұжырыммен келісесіз бе? – IT – болашақтың мамандығы. Менің ойымша, ол барлық салада қамтылуы қажет. Әдебиетте, журналистикада, баспа ісінде және тағы басқа салаларда. Жаңа заман талабына сай, мұны жаңғырған технология деп те атауға болады. Ол – инновация. IT саласы Қазақстанда дамыған кезде ғана, біз өз елімізде сапалы кадр дайындай аламыз. Сапалы кадр ертең ұлттың, адами капиталдың дамуына үлкен үлес қосады. Мысалы, елімізде IT мамандығын бітірген адам филология мамандығы бойынша магистратура немесе докторантураға түсе алмайды. Ал шетелде ондай емес. Олар белгілі бір саланы дамыту үшін IT мамандығы бойынша докторантураға қабылдай береді. Сол арқылы әдебиеттің цифрлануына, заманның дамуына үлкен үлес қосады. Мен IT — дың бакалавр мамандығын тамамдаған адамдардың басқа мамандықтардың магистратурасы мен докторантурасына түсуіне, сол арқылы өз саласының әлемдік деңгейге сай дамуына ықпал етуі керек деп есептеймін. Өйткені балалар арасындағы «Маша и медведь» мультфильмін алатын болсақ, ол қандай технологиямен жасалған? Ол кімнің көмегімен әзірленген дүние? Әрине, оған IT саласы мамандарының қосқан үлесі жоғары. Біздің елімізде неге ондай жоқ? Отандық арналарда бала көретіндей, әдеби аңыз желісімен заманауи шедевр туынды (бала көзімен) шығара алдық па? Шығара алған жоқпыз. Демек, бұл уақыт күттірмей кірісетін сала. – Диплом бойынша жұмыс істемейтін азаматтар адами капиталдың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін бе? – Мәселе дипломда емес, диплом алу барысында білім алушы меңгерген дағдыда жатыр. Шетелдік тәжірибеде студент 50% пәнді өз мамандығы бойынша оқыса, 50% пәнді қосымша дағды үшін меңгереді. Осылайша, өзіңнің мамандығыңа сай қажетті дағдылар қалыптырасың. Ал жаңағы сұраққа келсек, біз сондай түлектерде қандай дағды қалыптастыра алдық? Мәселен, «президент» деген мамандық жоқ. Тарихшы, журналист, мұғалім сынды мамандықтарды бітіріп президент болып жатқан қаншама адамдар бар. «Сонда ол мамандығы бойынша отыр ма?» деп сұрай аламыз ба? Жоқ, сұрай алмаймыз. Сондықтан, диплом бойынша жұмыс істемейтін азаматтар адами капиталдың дамуына кері әсерін тигізеді дегенмен мен толығымен келіспеймін. Біз жоғары білім берген кезде студентке нақты дағдыны үйретуіміз қажет. Сол дағдыны игерген жағдайда, ол шәкірт мықты маман болып қалыптасады. Ол міндет оқытушының мойнында жатыр. Кез келген оқушы немесе студент оқытушыдан «кешіріңіз, сіз мен талап еткендей білімді бере алмадыңыз» деп айта ала ма? Жоқ. Өкінішке қарай, олай айта алмайды. Егер айта алса, онда бұл біздің білім беру жүйеміздің ең үлкен жетістігі болар еді. – Қазақстанның жұмысқа қабілетті халқын шамамен 8-9 млн деп алатын болсақ, солардың қанша пайызын сапалы адами капиталды құрайтын топқа жатқызуға болады? – 100 пайызын жатқызуға болады, егер өзінің дағдысына сай жұмыс істесе. 100 пайыз жатқызбауға да болады. Оған екі жақтан қарау қажет. Мәселен, мен әдебиетшімін, тілшімін делік, егер мен бір тарихшының орнына сабақ берсем, мен нақты сол маманның деңгейінде сабақ бере алмауым мүмкін. Өйткені, бұл – менің мамандығым емес. Ондай жағдайда менің адами капиталдың дамуына қосатын үлесім азаяды. Өйткені, мен ол саланы игермегенмін. Сондықтан, әр тұлғаға капитал ретінде қарау керек, егер белгілі бір адам өзінің дағдысына, шеберлігіне сай жұмыс істесе, сол кезде адами капитал дамиды. – Адами капиталы дамыған мемлекеттер ретінде қай елдерді мысалға келтірер едіңіз? Финляндия, Норвегия сынды елдердің адами капитал бойынша түрлі рейтингте көш басында тұруына не себеп? – Бұл мемлекеттерге Жапонияны, Кореяны, Сингапурды да қосуға болады. Біз өңкей үлкен мықтыларды қараймыз, бірақ басқа салалар бойынша да қарау керек деп ойлаймын. Мәселен, ауыл шаруашылығы дамыған ел ретінде Моңғолияны қосуға болады. Өйткені, Моңғолияда мал шаруашылығына үлкен назар аударылады. Егер, қойшы белгілі бір деңгейде қой санын мыңға, он мыңға жеткізсе, ол мемлекеттік награда алады. Ал бізде таудың түбінде жатып қой бағып жүрген бір қойшы сондай награда алды ма? Алған жоқ. Кейде әр мәселені ауқымды көзқараспен қарау қажет, ал кейде тар мағынада қарау қажет. Қазір біздің қоғамда қойшының жетіспеуі үлкен проблема болып отыр. Осындай салаларға назар аудару қажет. Егер алыс шетелдерге қарамай-ақ, Моңғолияны алсақ, ол экономикасы жағынан бізден төмен ел. Бірақ ол елде мал шаруашылығы дамымаған деп айта алмаймыз. Есесіне, қойшылары орден алып, мақтанып жүреді. Қойшы тапшылығы проблемасы жоқ. – Шет елден білім алып келген мамандардың ойлау жүйесі несімен ерекшеленеді? –Шетелден білім алып келген мамандар 100 пайыз мықты деп айта алмаймын. Бірақ ондағы өзгешелікті сезінген адам, отаны мен шетелді салыстыра білген адам – жақсы маман. Қазақта «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген сөз бар. Шетелде оқыған адам екі жақтың да, яғни, өзге елдің де, өз елінің де артықшылығы мен кемшілігін көреді. Өзінің кемшілігін мойындай отырып, өзгенің артықшылығын көре алса немесе керісінше саралай алса, онда ол жақсы маман. Осы тұрғыдан қараған жөн. – Білім саласындағы проблемалар адами капиталдың дамуына қаншалықты кері әсерін тигізуі мүмкін? – Әсер етеді. Егер қазіргі заманның дамуына, деңгейіне сай білім ала алмаса, одан қандай кадр шығады? Сол себепті мемлекет тарапынан екі ауысымды, үш ауысымды мектепті жою, жаңа мектептерді техникалық жабдықтармен қамту, сапалы кадр дайындау жағы қарастырылуда. Оқу-ағарту министрлігінің есебіне қарасаңыз, бірнеше мың оқытушы қайта даярлаудан өткен. Ушинскийдың айтатын бір сөзі бар, «Оқытушы қай кезде ізденуін тоқтатса, сол кезде ол ұстаз болмайды. Ұстаз күнделікті ізденіс үстінде жүруі қажет» деген. Сондықтан, іздену қасиеті жоқ ұстаз – біздің қоғамның проблемасы. Бірақ соған қарамастан, шынайы кәсіби мамандар да жоқ емес. Зейнеткерлерді алатын болсақ, олардың арасында білікті мамандар жетеді. Ондай білікті тұлғаларды бағалау керек. Өйткені, олардың бойында жарты ғасырдан бері жинақталған тәжірибе бар. Ал сол зейнеткер ұстаздар тағылымгер болып, жастарды үйретсе, нұр үстіне нұр болады. Жаңару, толығу – осының бәрі сол сәтте жалғасын табады. – «Ең қажетті ресурс – адами капитал», – дегенмен келісесіз бе? – Дұрыс, толығымен келісемін. Қазіргі таңда ол – ең өзекті нәрсе. Біз адами капиталды басты орынға қойған кезде ғана дамимыз. Біз кезінде бірінші орынға экономиканы қойдық, соны 30 жыл бойы түзедік. Не өзгерді? Қандай жетістікке жеттік? Әрине, атап айтатын жетістіктер бар. Ал адами капиталды басты орынға қойған мемлекеттер қандай деңгейге жетті? Бәрібір айналып келген кезде қазір кадр тапшы деп отырмыз. Кадр тапшылығы барлық салада бар. Қазіргі уақытта кадр барлығын шешеді. Ақшаны табатын да, жоқтан барды жасайтын да, инновацияны жасайтын да – кадр. Ал кадрдың болуы – тікелей адами капиталға байланысты. – Жалпы, тұлға ретінде қалыптасу үшін адамға қандай қасиеттер керек? – Абай айтқан 30-ға жуық жақсы қасиет бар, соларды айтар едім. Жалқау болмау, өсек айтпау, білімді болу, кітап оқу, таза адам болу деген сынды қағидаларды ұстанса, сонда қоғам дұрысталады. Адам өзінің алдына қойған мақсатына жетіп, алдыға жылжиды. Тұлға ретінде жетістікке жетеді. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту мәселесіне маңыз беріп, басты бағыт етіп ұсынды. Осы тұрғыда сіздің ойыңыз қандай? – Бұл мемлекет басқарудағы 30 жылдық проблемаларды түйіндеп келіп, шығар жолды нұсқау бағытында айтылған тұжырым ғой. Келісеміз. Жоғарыда айтқанымдай, адами капиталды дамытқан мемлекеттер қарыштап дамыды, біз солардан үлгі алуымыз керек. Мәселенің тек қана табиғи ресурстарда емес екендігін түсіндік. Оны игеретін, жөнге салатын, оны кәдеге жарататын адам екенін түсіндік. Соған байланысты жаңа бастамалар көтерілді. Ол – білім беруге инвестиция тарту, мемлекет тарапынан білім беру жүйесіне көлемді қаржы бөлу. Мұның барлығы адами капиталды дамытуға салынатын инвестициялар. Біз осы адами капиталды дер кезінде жолға қоя алмағандықтан, елге көптеген шетелдік азаматты амалсыздан шақырып отырмыз. Әрине, дамыған елдер де өздерінде кадр жетіспесе шақырады, бәрібір олар керек. Бірақ біздегі статистика бойынша, қазір шетелден келген кадрлар ерекше көп болып тұр. Егер адами капиталымызды кейбір озық елдер сияқты дамыта алсақ, онда еңбекақыда айырмашылық та азаяды. 30 дамыған елдің қатарына қосылу үшін Қазақстанға қазіргі таңда адами капиталды дамыту қажет, яғни бұл мәселе басты назарда болғаны жөн. – Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Саяжан КЕРІМБЕКОВА, «Семей таңы»