ЖУРНАЛИСТІК САРАПТАМА
Өңірлер мықты болса, мемлекет те қуатты. Ел өңірлерінің әл-ауқатын арттыру жедел экономикалық және әлеуметтік дамуды қамтамасыз етеді. Бұл мәселені бірнеше бағытта қарастыруға болады. Әуелі, өңір арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздік мәселесі. Өңірлік теңсіздік мәселесі тек қана Қазақстанда емес, жалпы әлем елдерінде өзекті екені белгілі. Бұл ретте жаңа жұмыс орындарын ашу, жас мамандарды ауылдарға тарту, әлеуметтік нысандар салу өңіраралық теңсіздікті жоюдың, қалалар мен өңірлер халқы арасындағы өмір сүру айырмашылығын қысқартудың бірден-бір жолы деп қарастырылуда. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілді. Негізгі қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұратын жобаның алғашқы бағыты бойынша ел азаматтарын тұрғын үймен қамту, коммуналдық секторды, жалпы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі мақаламызда аталған жоба аясында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталмақпыз.
Зарина КӘП,
«Семей таңы»
ЖОБАНЫҢ ҚАНДАЙ МҮМКІНДІКТЕРІ БАР?
Қазіргі таңда еліміз бойынша ЖІӨ-нің жоғары көрсеткішін көрсетіп тұрған 3 өңір бар. Олар Алматы қаласы және бас шаһарымыз Астана, сондай-ақ республика бойынша ең ірі мұнай өндіруші аймақ – Ақмола облысы. Бұл өңірлер жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 40 пайызын қамтамасыз етуде. Мысалға алсақ, 2022 жылдың бірінші тоқсанында Алматы қаласы еліміз бойынша ЖІӨ-нің 18,3 пайызын құраса, Солтүстік Қазақстан облысының ЖІӨ-дегі үлесі 1,6 пайыз. Осыдан-ақ өңіраралық теңсіздікті байқауға болады. Сондай-ақ теңсіздік тек экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыда да байқалады. Білім сапасы, тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфрақұрылымның қолжетімді болуы, өмір сүрудің сапасы мен ұзақтығы – бұл көрсеткіштердің барлығы аймақтардағы ерекшелікті айқындайды.
Одан кейінгі басты назар салатын мәселе – Қазақстан аймақтарының экономикалық тәуелсіздігінің әлсіздігі. Еліміздегі аймақтар қазіргі таңда донор болудан бұрын, өз қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қауқарсыз. Мысалы, 2000-жылдары республикалық бюджетке 10-нан асатын облыс донор болса, өткен жылғы мәлімет бойынша, бізде 4 облыс қана донор болды. Бұл — жоғарыда аталған қалалар. Қалған аймақтардың көбі әлі де субсидиялануда.
Үшіншіден, еліміз сыртқы нарыққа және басқа елдермен ынтымақтастыққа баса назар аударуда. Бұл республикамыздағы аймақаралық интеграцияның әлсіреуіне әкеледі. Ішкі сауданың деңгейін көтеру үшін өңірлерде саудаға жарамды өнімдер шығарылуы қажет.
Төртінші мәселе – урбанизация. Қазіргі таңда халық мегаполис қалаларға ағылуда. Алматы, Шымкент, Астана сынды басты қалаларымызда, бірыңғай индустриялық даму болмаған кезде, халықтың жаппай көшуі мәселе тудырады. Онсыз да миллионнан аса халқы бар қалалар көшіп келген халықты жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз ете алмайды. Мұның салдарынан қылмыс көбеюде, қоршаған ортаға зиян келуде, эмиграция күшейді. Мегаполистердің қарқынды дамуынан шағын және орта қалалар зардап шегуде. Жұмыспен қамту деңгейі төмендеп, инфрақұрылым ескіруде, ал мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасының төмендеуіне әкеп соғады.
Ұлттық жоба негізгі екі бағытта іске асырылады. Біріншісі – негізгі қызметтерге тең қол жеткізу (яғни су, электр, газ және жылумен жабдықтау, сондай-ақ су бұру желілерін салу, реконструкциялау және жөндеу). Екіншісі — көлік байланысын қамтамасыз ету.
Бірінші бағыттың ішінде шешілуге тиіс 2 міндет бар. Олар инфрақұрылымды кешенді дамыту және жайлы тұрғын үй.
Инфрақұрылымды кешенді дамыту 16 мың км су құбыры және су бұру желілерін жаңарту мен салуды көздейді. Олар 785 км нөсерлі кәріз желілері мен арықтарды жаңғырту, 46 топтық су өткізгіштер, 7,7 мың км инженерлік желілерді жаңғырту және реконструкциялау, 1163 көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуге бюджеттік кредит беру.
Жоспарланған шараларды іске асыру нәтижесінде белгіленген уақытқа дейін ауыз сумен толық қамтамасыз ету, қалаларда ағынды сулардың ластануы, инженерлік желілердің тозуы 55 пайыздан 47 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауыл ішінде 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың км кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік объектілер салынып, жөнделеді.
«Жайлы тұрғын үй» бағытының аясында 185,1 мың адамның жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алуы үшін шығыстарды субсидиялау, әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысы, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу сияқты қолдау шаралары іске асырылатын болады, сондай-ақ өз жұмыскерлері үшін ауылдық жерлерде үйлер салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу көзделеді.
Жобаның екінші бағыты көлік байланысын қамтамасыз етуге арналған. Ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың сыртқы байланысын арттыру атты тапсырманы қамтиды. Ішкі көлік желісін дамыту 11 000 км республикалық маңызы бар және 27 000 км жергілікті маңызы бар жолдарды салу және қайта жаңарту есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба республикалық жолдардың үлесін 100 пайызға және жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 95 пайызға дейін арттырады.
Жалпы алғанда, 2025 жылы жоба қорытындысы бойынша күтілетін нәтиже көп. Қалалардағы урбандалу деңгейін көтеру, агломерация мен облыс орталықтарындағы, оның ішінде Семей қаласындағы халық санын жыл сайын 1,7 пайызға арттыру жоспары бар. Ауылдық округтер әкімдіктеріне, кенттерге мемлекеттік қызметкерлерді, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласына мамандар даярлау жұмысы да жоба аясында іске асырылатын болады. Ауылдар мен қалалық жерлерді толықтай ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Қазіргі таңда жоба аясында жоспарланған бірқатар шаралар жүзеге асырылуда.
Тамыз айында өткен Үкімет отырысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасының 2021 жылғы нәтижесін баяндаған ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров: «Қазіргі таңда бөлінген қаржының 93 пайызы игерілді. Атап айтсақ, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 90 пайызға жетті, моно және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуы 57,6-дан 45,5 пайызға дейін төмендеді. 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, нормативтік күйдегі республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 90, ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 80 пайызға дейін өсті, 112 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылды. Бұл ретте 2021 жылға жоспарланған 20 көрсеткіштің төртеуі орындалмаған, олар – тұрғын үйді пайдалануға беру, ҚР аумағы арқылы транзит көлемі, Транскаспий бағытындағы контейнер ағыны және «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру бойынша көрсеткіштер. Көрсеткіштердің толық орындалмауының негізгі себебі ретінде жобалардың қымбаттауы және жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, сондай-ақ COVID-19 аясындағы шектеу шаралары және тағы басқалар болып табылады. Биылғы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында Ұлттық жобаның іс-шараларын орындау одан әрі жалғасуда. 2022 жылы ұлттық жобаны іске асыруға 1,8 трлн теңге, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат 709 млрд теңге қарастырылған. Оның үлесі шамамен 40 пайызға өсті. Бұл ретте биылғы жылы қаражаттың 30 пайызы игерілді,- деді.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру елді мекендердің инфрақұрылымын нығайтуға, 480-ге жуық тірек және серіктес ауылдарды жаңғыртуға, тұрғын үй кешендерінің құрылысына 2,4 триллион теңге инвестиция тартуға ықпал еткен. Бұл тұрғыда жұмыс істейтін жастарға, тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына және көп балалы отбасыларға арналған тұрғын үйлер де салынуда. Ұлттық жобаның көрсеткіштеріне сәйкес мигранттарды қабылдауды, уақтылы орналастыруды және қолдау көрсету жұмыстарыда қалыс қалмады.
Баспанамен қамту басты назарда
Еліміздегі түйткілі көп мәселенің бірі – тұрғын үймен қамту. Ұлттық жобаның да мақсаты — бұл проблеманы тиімді жолмен шешу. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ орталығының мәліметінше, ең бірінші «Дипломмен — ауылға» бағдарламасына қаражат қарастырылған. Мұндағы негізгі мамандар – ауылды елді мекенге тұруға және жұмыс істеуге келген мәдениет, спорт, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешені саласының мамандары. Оларға баспана сатып алуға, салуға бюджеттік кредит қарастырылған. 2025 жылға дейін бюджеттік кредитті 22 мыңға жуық маман ала алады.
«Жайлы тұрғын үй» бағыты бойынша 102,3 мың әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй салу, 25 млн шаршы метр тұрғын үй, 185,1 мың адамға жеке тұрғын үй қорынан үй жалдау шығындарын субсидиялау істері жүзеге асырылады. 235 мың жер учаскесі жаңа тұрғын үймен және инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жұмыс істейтін жастарға арналған мың тұрғын үй салу, ауылдық елді мекенде өз жұмысшыларына үй салған жұмыс берушілердің шығынын жабу қарасырылған.
Семей қаласында 2020-2021 жылдары 256 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Іс жүзінде жоспарды артығымен орындауға қол жеткізіп,401 мың шаршы метр баспана салынды.
Қарағайлы шағын ауданында мемлекет есебінен 20 көпқабатты үй, 15 несиелік және 5 жалға берілетін үйлерді ал, жеке инвесторлар 20 көпқабатты үйді пайдалануға берді. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 78 үй салынып, нәтижесінде 2230 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қарағайлы ықшам ауданында 9 қабатты көп пәтерлі тұрғын үйдің де құрылысы жалғасуда.
Биылғы жылдың жаңалығы болған қаладағы тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары да аяқталды. 147,8 млн теңге қаражатқа 14 көп қабатты үйдің қасбеттері боялды. Қабырғаларды бояу үшін акрил күңгірт бояу таңдалған. Эскизді астаналық кәсіби сәулетшілер әзірлеген.
Келер жылы қаржы бөлінгенде Мұхамедханов, Момышұлы, Найманбаев және Мәңгілік Ел көшелерінің бойындағы 18 тұрғын үйдің қасбеттерін жөндеу жоспарлануда.
Тұрғындарды баспанамен қамту — жергілікті халықтың қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудың бірден-бір шешімі. Жақында ғана, Республика күні қарсаңында, Семей қаласындағы Қарағайлы шағын ауданында бой көтерген көп қабатты тұрғын үйден 64 отбасыға пәтер кілттері табыс етілді. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлерге әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған жастар қол жеткізді. Салтанатты шарада Абай облысының әкімі жаңа пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтап, қаламызда биыл тағы да тұрғын үйлер салынатынын жеткізді.
— Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығымен біздің өңір дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Кешенді жоспар қабылданып, тың жобалар іске асырылатын болады. Біз тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыруды жоспарлап отырмыз. Облыс орталығын дамытудың бас жоспары әзірленіп жатыр. Биыл Семейде 496 415 мың шаршы метр тұрғын үй — 5166 пәтер салынады. Осылайша, кезең-кезеңімен баспана санын көбейтуді жоспарлап отырмыз, — деді облыс әкімі.
Қарағайлы тұрғын алабының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Жоспар бойынша алдағы уақытта 227 тұрғын үй салынады.
Семей қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Диана Шаяхметованың айтуынша, жаңа тұрғын үйдегі сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлерді халықтың әлеуметтік осал топтары санатында кезекте тұрғандар алды, олардың 18–і – көп балалы отбасылар, 13-і — жетім балалар. Сондай-ақ, Тәуелсіздік күніне орай, тағы 64 отбасыға пәтер кілттерін тапсыру көзделіп отыр. Қазіргі күні қаламызда тұрғын үй кезегінде 13 265 адам тұр. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан Қарағайлы шағын ауданы су құбыры, кәріз жүйесі, телекоммуникация, жылу және электр энергиясының магистральдық желілерімен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда жалпы ауданы 253,4 мың шаршы метрді құрайтын 41 үй пайдалануға берілген. 2022 жылдың аяғына дейін тағы 32 пәтер пайдалануға берілмек.
Абай облысының аудандарында да баспана мәселесі назардан тыс қалмады. Жарма ауданы әкімдігінің хабарлауынша, «Бір қабатты Шығыс» өңірлік тұрғын үй құрылысы жобасы аясында жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жалпы ауданы 2510 шаршы метрді құрайтын 15 екі пәтерлі тұрғын үй немесе 30 пәтер салынды. Қалбатау ауылында да 18 пәтерлі тоғыз үй, Шар қаласында 12 пәтерлі алты үй салынды.
Ұлттық жоба еліміздің құрылыс саласына тың серпіліс әкелді. Жұмыс істейтін жастарға, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, көп балалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы облыс көлемінде жүріп жатыр. Аймағымызда, тұрғын үй құрылысымен бірге, абаттандыру да қатар жүргізілуде, өйткені ол өмір сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.
2025 жылға дейін құрылыс қарқыны арта береді деген сенімдеміз.
Жол сапасы жақсаруда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында автомобиль жолдарының құрылысына, оның ішінде жергілікті жерлердің сапасына айрықша мән берілді. «Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім»,- деді Президент.
Еліміздегі автокөлік жолдарының сапасы халық тарапынан да, мемлекет тарапынан да үнемі сынға ұшырап отырады. Неге? Себебі былтырғы жылы жөнделген жол биылғы жылы қайтадан жөндеу жұмыстарын талап етіп тұрады. Мұның салдарынан елімізде жол көлік апаты жиі орын алады.
Соңғы 20 жылда Қазақстанда 13 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар автомобиль жолдары салынды. Аяқталған жөндеу жұмыстары республикалық жолдардың негізгі желісіндегі қираған учаскелерді, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сияқты алты ірі халықаралық транзиттік дәлізді қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Қазақстан жолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетовтің айтуынша, жол құрылысы саласында жанар-жағармайдың, әсіресе дизельдік отынның қымбаттауы белгіленген жобалардың орындалуына кедергі келтіреді.
«Жол құрылысында дизельдік отынның қымбаттығынан бастап, асфальттың негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын битумның жетіспеушілігіне дейін көптеген мәселелер туындайды. Баға да шарықтап тұр. Осының салдарынан мердігерлер тығырыққа тіреледі», — дейді ол. Energyprom.kz аналитикалық порталының мәліметінше, бір жыл ішінде елімізде дизель отынының бағасы 41,5 пайызға қымбаттаған.
«Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында облысішілік, елді мекендер мен облыс, аудан орталықтары арасындағы ішкі көлік желісін дамыту, өңірлердің байланысын арттыру көзделген. 12 мың шақырым жолдарды салу және қайта жаңарту есебінен 25 мың шақырым республикалық автомобиль жолын жаңғырту аяқталады. Сондай-ақ жоба аясында жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының барлығын ұлттық стандартқа сай келтіру жоспарланған. Яғни, олардың саны 1,8 мыңнан 2,3 мыңға дейін көбейеді. Сыртқы байланыстарды күшейту және көлік әлеуетін дамыту мақсатында «Достық-Мойынты» темір жол тармағының екінші жолын салу және электрлендіру есебінен «Қытай – Еуропа — Қытай» бағдарының өткізу қабілетін арттыру үшін «Дарбаза — Мақтаарал» темір жол желісі салынады. Ол жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Сыртқы байланысты дамыту мақсатында 5 әуежайдың инфрақұрылымы жаңартылады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айының соңында Абай облысына жұмыс сапарымен келгені ел есінде. Мемлекет басшысы жергілікті жұртшылықпен кездесуінде Семейдің халықаралық транзиттік сауданың маңызды орталығы болғанына назар аударып, бүгінде облыс екі ірі көршіміз Ресеймен және Қытаймен шектесіп жатқанын атап өтті.
«Осы орасан зор көлік-логистикалық, сауда-экономикалық әлеуетті толық пайдалану қажет. Болашақта Семей өзіне Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларымен қатар еңбек адамдарын, инновация мен инвестиция тарта отырып, еліміздің қарқынды дамуына үлес қосатын шаһарға айналады деп санаймын. Абай облысы еліміздің дамуына серпін беретін қуатты аймақ боларына сенемін. Біз қайта шаңырақ көтерген облыстың көркеюі үшін барлық жағдайды жасаймыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Абай облысы тоғыз жолдың торабында Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Президент осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы қажет екеніне тоқталды.
«Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын темір жол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл темір жолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады. Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту аса маңызды. Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет», – деген болатын Мемлекет басшысы. Қазіргі таңда Семейдегі Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды. Оған 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінде алғашқы тіреулерін бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Ескі көпірге жапсарлас салынып жатқан өткелдің ұзындығы 800 метрден астам. Төрт жолақты заманауи көпір тек көліктер өтуге арналады. Мамандар жаңа нысанның құрылысы жоспарға сай аяқталады деп отыр. Ал қаладағы ескі көпір жаяу жүргіншілерге арналып қайта жаңғыртудан өткізіледі. Онда веложол салынып, жылу желілері жүргізіледі.
Қазіргі таңда қызмет етіп тұрған аспалы көпірдің де жағдайы мәз емес. Нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Көпірдің асфальтбетонды жабыны да жөнделеді.
Семей қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы 756 шақырымды құрайды. Өткен жылы 118 көше жөндеуден өтті. 12 оң жақ бұрылыс жолақтары жасалып, ұзындығы 56 шақырым болатын қаланың 88 көшесінде құм-қиыршықтас қоспасы төселіп, тегістелді. Қаланың 106 көшесі және жергілікті маңызы бар жолдар ағымдағы жөндеуден өтті. Ұзындығы 37,4 шақырым болатын қаланың 30 көшесіне орташа жөндеу жүргізілді. Жолдарды жөндеуге және абаттандыруға шамамен 11 миллиард теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 200,7 шақырым болатын жолдар мен көшелер жөнделді.
Бұған дейін Семейде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бойынша қолға алынған «Омбы – Майқапшағай» автомобиль жолдарының учаскелері қайта жаңартылды. Бұл транзиттік жүктерді тасымалдау көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал етті.
Жергілікті жерлердегі жолдардың сапасын арттыру жұмыстарынан облыс аудандары да қалыс қалып жатқан жоқ. Бородулиха ауданындағы жалпы жолдың ұзындығы 718 шақырымды құраса, оның ішінде республикалық маңызы бар 96 шақырым, аудандық маңызы бар 285 шақырым және жергілікті маңызы бар 337 шақырым автокөлік жолы бар. Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылға жергілікті маңызы бар жолдарға орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ресеймен шекарадағы Жезкентке кіреберістегі ұзындығы 2,8 шақырым жол орташа жөндеуден өткізіледі, оған 144 миллион 586 мың теңгеге жұмсалмақ. Сондай-ақ облыстық бюджеттен 22 млн 950 мың теңге бөлініп, Буркотов ауылына кіреберістегі ұзындығы 19,4 шақырым жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру арқылы аудандық ауруханаға баратын жолды жөндеу жұмысы аяқталды. «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджет есебінен жалпы құны 396 млн 900 мың теңгеге елді мекендердегі көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Бородулиха, Петропавловка, Зенковка, Ивановка ауылдарында ұзындығы 23 шақырымға жуық қиыршық тас, асфальт төселген көшелерге жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Халықты толғандыратын мәселелерді анықтау мақсатында, қолайлы орта қалыптастыру барысында аудан әкімдері жүйелі түрде елді мекендерді аралап, аудан, ауыл тұрғындарымен жеке кездесулер өткізеді. Мәселен, Аягөз ауданының басшысы Сейілбек Ысқақов тұрғындар арасында жиі болып, елді мекендердегі абаттандыру және жөндеу жұмыстарын бақылауда ұстап отыр. Жуырда аудан орталығындағы «Жаңа ауыл» ықшам ауданының аумағындағы рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі түбегейлі жойылды.
Аягөз қаласындағы Болашақ көшесі тұрғындарымен кездесуде көше жолын жөндеу мәселесі талқыланды. Бұл көше келесі жылдың жоспарына енгізілетін болды.
Бүгінде аудандағы Абай бульварында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін қаланың адам көп шоғырланған бөлігінде орналасқан бұл аумақ күрделі жөндеуді қажет етіп түрған болатын. Мұндағы жөндеу жұмыстары қаладағы көлік қозғалысының жақсаруына үлкен ықпал етеді. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Ал Үржар ауылында орналасқан әуежайдың ұшып-қону жолақтары толықтай жаңғыртудан өтті. Бірнеше кезеңнен тұратын жобаға мемлекеттен 6 млрд-қа жуық қаржы жұмсалған. Ұшақтар перроны, жанар-жағармай станциясы, әуе кемелерін басқару ғимараты жаңадан салынды. Ұшып-қону жолағы 2 шақырымға дейін ұзартылған. Мамандар енді сағатына 150 адамға дейін қабылдайтын заманауи терминалдың жобасын дайындап жатыр. Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басшысы Маман Қайырханұлының айтуынша, әуежай бүгінгі таңда ұшақтар қабылдауға дайын, жұмыстар толық аяқталған. Қазан айының аяғында сертификациялық комиссия мүшелері шақырылған.
Қазігі таңда әуежайға қосымша жарық шамдарын, бейнебақылау камераларын, түнгі жарық сигналды шамдарын орнату жобасы басталды.
Ағымдағы жылы «Оңтүстік аспан» авиакомпаниясының Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен және Семей қалаларымен субсидияланатын рейстерінің жұмысын қамтамасыз ету жоспарлануда.
Биыл Көкпекті ауданындағы Шұғылбай ауылында тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалып, Шұғылбай — Преображенка тас жолына асфальт төселіп жатыр. Шұғылбайға барар жол тегістеліп, Шұғылбай мен Қызыл жұлдыз аралығындағы 15 шақырымға асфальт жол жабындысы төселмек.
Жол құрылысының барысын аудан әкімі Ділдабек Оразбаев өзі бақылап отыр. Қазан айының басында аудан басшысы Шұғылбай ауылына арнайы барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында келесі жылдан бастап аудандық маңызы бар жолдарға назар аударылып, қаражат бөлінетінін айтты. Аудандағы Шұғылбай ауылына асфальт жол салу жұмыстары басталды. Биылғы жылы Теректі – Шұғылбай аралығындағы 9 шақырым жолды жөндеуге 356 миллион теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда мердігер ұйым «Көкпекті жолдары» ЖШС жұмыс атқаруда. Келесі жылы қалған 6 шақырым жолға 295 миллион теңге бөлінеді деп жоспарланған. Сонымен, келесі жылы Шұғылбай ауылына апаратын жол құрылысы толық аяқталады. Сонымен бірге Көкжайық – Үлгілімалшы аралығындағы 26 шақырым жолдың жағдайы да үлкен мәселе екені белгілі. Қазіргі күні барлық жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, қаражат бөлгізу мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жалпы аудан бойынша барлық ауылдардың жолдарын жөндеу, асфальт төсеу бойынша жобалар жасалуда, — дейді аудан басшысы Ділдабек Тәжібайұлы.
Қазіргі уақытта Шұғылбай ауылына апаратын асфальт жолдың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйым «Көкпекті жолдары» ЖШС басшысы Гүлназ Нұрғазиеваның мәліметі бойынша, жол салуға 5 арнайы техника жұмылдырылып, 16 адам жұмыс істеуде. 8 жүк көлігі аудан орталығындағы зауыттан асфальт тасымалдауда.
Ұлттық жобаның іс-шараларын орындау жалғасуда. Жалпы, жоғарыда аталған салалар бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Демек, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының тиімділігі мол болады деп сеніммен айтуға болады.