Елімізде дәстүрлі түрде көктемнің бірінші күнінде аталып өтілетін Алғыс айту күнін мерекелеу 25 ақпанда басталды.
Семейде Алғыс айту күні қарсаңында 30-ға жуық іс-шара өтті. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған «Жүректен жүрекке», «Қайырымдылық керуені» еріктілер акциялары (жалғыз басты зейнеткерлерге қар тазалауға көмектесу), «Еңбекші жастар -2023» фестивалі аясында өткізілген іс-шаралар (жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру), «Алғыс» инста-челленджі (қаламыздың оқу орындары қолдауымен) сынды қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау шаралары ұйымдастырылды.
«Арамыздағы қаһармандар» алғыс челленджінің аясында қала тұрғындары денсаулық сақтау, төтенше жағдай және құқық қорғау органдарының өкілдеріне алғыстарын білдірді. Сол сияқты қолданбалы өнер көрмесі мен «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік жиын Алғыс айту күнінің мән-маңызын аша түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шараларға шамамен 10 000-ға жуық адам қатысқан.