Ежелден аңыздар елі атанған тарихы бай өлке Аягөз ауданына таяуда жолымыз түсті. Ән мен жырға ертеден арқау болған Аягөздің ерекшелігін танытатын қырлары жетерлік. Аудан солтүстігінде Абай, Жарма, Жаңасемей аудандарымен, шығысында Ақсуат, Үржар аудандарымен, батысында Қарағанды облысының Ақтоғай, Қарқаралы, оңтүстігінде Жетісу облысының Сарқан, Алакөл аудандарымен шектесiп жатыр. Міне, осындай тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі ауданның тыныс-тіршілігі қалай, даму барысы қандай? Соңғы бес жылда басшылары жиі ауысқан Аягөз ауданының әкімі болып өткен жылдың соңында бұған дейін Семей қаласы мәслихатының төрағасы болған Данияр Шәкәрімов тағайындалған болатын. Сапарымыздың барысында Данияр Қайырханұлымен арнайы кездесіп, сұхбаттасқан едік.
— Данияр Қайырханұлы, аудан құрамындағы ауыл тұрғындарымен кездесуіңіз де басталып кеткен екен. Алғашқы кездесуді Тарбағатай ауылынан бастапсыз. Тұрғындар тарапынан қандай мәселелер көтерілді?
— Жалпы, Аягөз ауданында 22 ауыл бар. Барлығын аралап шығуға екі апта уақыт кетеді. Өткен жылдың соңында ауданға әкім болып тағайындалдым, содан бері ауылдарды екі рет араладым. Бұл жолы Тарбағатай ауылы мен Ақши елді мекенінде болдым. Онда да ауыз су мәселесі көтерілді. Бюжетке өтінім берілген. Бірақ сомасы әзірге белгісіз. Жарығы өшкен көшелер де бар. Биыл Тарбағатай ауылында алты көшеге асфальт төселетін болады. Бұл жұмыстар екі ай ішінде аяқталады.
— Аягөздің денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер бар екенін білеміз. Дегенмен толығырақ айтып берсеңіз…
— «Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды»,- деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, еліміздің басты құндылығы – адам және оның денсаулығы, сапалы өмір сүруі. Аягөз ауданының көпсалалы орталық ауданаралық ауруханасы 65 429 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Ауданымызда 32 мемлекеттік емдеу мекемесі — 14 дәрігерлік амбулатория, 14 медициналық пункт, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт және Аягөз ауданының көпсалалы орталық ауданаралық ауруханасы жұмыс істейді. Сонымен қатар «Қазығұл» емдеу мекемесі және «Стоматология» ЖШС деп аталатын екі жеке меншік медициналық мекеме бар.
Осы емдеу мекемелерінде 137 дәрігер, 550 орта буынды медициналық қызметкер жұмыс істейді. Тағы бір айта кетерлігі, көпсалалы орталық ауданаралық аурухананың 10 төсектік жансақтау бөлімін кеңейту мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылыстың жалпы құны 1,8 млрд теңге.
Ауданда 7 дәрігерлік-амбулаториялық пункттің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда Ақшәулі, Байқошқар, Малтүгел, Емелтау ауылдарында 4 медициналық пункт, Ақши, Мыңбұлақ, Сарырақа ауылдарында 3 дәрігерлік-амбулаторлық пункт халыққа қызмет көрсететін болады. Қазіргі күні жергілікті бюджет есебінен 249,5 млн теңгеге аталған ғимараттардың инженерлік желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде.
— Аягөздің ауыл шаруашылығы саласының дамуы туралы не айтасыз?
— Ауыл шаруашылығын дамыту аудан экономикасын алға бастырады. Бүгінгі таңда ауданымызда 1487 шаруа қожалығы жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өткен сәуір айындағы көрсеткіштерге сүйенсек, ауданымызда 122 мың бас ірі қара, 225 мың бас ұсақ мал, 76 мың жылқы өсірілуде. Шаруа қожалықтары мен жеке аулаларда 3100 тонна ет, 5500 тонна сүт өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар іске асуда. Осы бағдарламалар аясында былтыр шаруа қожалықтары 852 млн теңге қаржыға 106 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алса, биыл жыл басынан бері 230 млн теңгеге 21 техника алынды және 5 пайыздық жеңілдетілген лизинг негізінде 67 ауыл шаруашылығы, 15 өзге де техникалар алуға өтінім берілді.
Өткен жылы 541 млн теңгеге 629 бас асыл тұқымды ірі қара мал, 217 жылқы, 1700 бас ұсақ мал сатып алынды. Шаруа қожалықтары төрт түлікті тұқымдық түрлендіру бағдарламасы бойынша 978 млн 561 мың теңге көлемінде субсидия алғанын ескерсек, бұл салада ілгерілеушілік барын байқауға болады.
Аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды жұмыспен қамту мәселелері де басты назарымызда. Биыл 2962 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, оның қазіргі күндегі орындалу көрсеткіші жылдық жоспардың 16 пайызын құрап отыр. Республикалық бюджет есебінен 2024 жылы 42, 8 млн теңге қайтарымсыз гранттар қарастырылып, 28 адамға грант берілді. Биыл 29 адамға 400 АЕК мөлшерінде (1572,8 мың теңге) грант беруді жоспарлап отырмыз. Ауданға оңтүстік өңірден жоспарға сәйкес 10 отбасы — 25 адам қоныс аударды. Жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің алтауы жеке кәсібін бастап, жетеуі тұрақты жұмысқа орналасты, 1 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Биыл 25 адамды оңтүстік өңірлерден, 14 адамды шет елден көшіріп әкелуді жоспарлап отырмыз.
— Қазір қай аудан, қай ауылда болсын, көшелердің жарықтандырылуына көп көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр?
— Көше жарығы кез келген елді мекеннің бет-бейнесін көрсетеді деуге болады. Ауылдардың жарықтандырылуы – тұрғындар қауіпсіздігінің де кепілі. Жарық тартылмаған елді мекендер кезең-кезеңімен жарықтандырылатын болады. Қазіргі күні аудан бойынша электр бағандарын орнату жұмыстары рет-ретімен жүзеге асуда.
Аягөз қаласындағы 109 көшенің 86-сы, яғни 78,89 пайызы жарықтандырылған. Өткен жылы 26 көшеге 749 жарық бағандары орнатылды. Ал биыл 11 көшеге жарық бағандарын орнату жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттары дайын, сынақ сараптамадан өтті. Бұған жоспарланған қаражат көлемі 157 012 теңге, жобалаушы — «ГорсервисПроект» ЖШС. Сондай-ақ ауданға қарасты 22 ауылдық округ бойынша 204 көшенің 174-і, яғни 85,3 пайызы жарық бағандарымен қамтылған. Өткен жылы 41 685 мың. теңге қаржыға Тарбағатай ауылындағы 5 көшені жарықтандыру жоспарланып, мердігер «ABS-Electric» ЖШС жұмыстарды толығымен аяқтады.
— Аягөз ауданындағы іргелі елді мекендердің бірі — Мамырсу ауылы. Осы ауылдың тыныс-тіршілігі, қазіргі ахуалы туралы айтып өтсеңіз…
— Алдымен айтып өткенім артық болмас, өткен көктемде тасқын судың салдарынан Бозай ауылында көпір бүлінген болатын. Бұл көпір бір ай мерзімде қалпына келтірілді. Ауылдағы 6 шаруа қожалықтың 22 бас ірі қара және жылқы малдары шығынға ұшырады. «Аягөз жанашыры» қоры арқылы мал иелеріне толықтай өтемақы төленді. Ал биылғы көктемде Аягөз өзенінің қатты тасуы әсерінен ауылға су кіру қаупі төнген болатын. Аудан әкімдігінің және төтенше жағдайлар бөлімінің, ауыл тұрғындарының көмегінің арқасында қауіп дер кезінде сейілді. Өзен жағалауын бекіту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тасқын судың беті қайтарылды.
Ауданымыздағы халқының саны, жер көлемі жағынан алғанда да шоқтығы биік көрінетін Мамырсу ауылдық округі 199 931 гектар аумақты алып жатыр. Ауылдық округте қазіргі күні 3232 адам тұрады. Тұрғындар негізінен Мамырсу, Бозай, Батпақ елді мекендерінде және округке қарайтын 25 қыстақта қоныстанған. Округ тұрғындары, жалпы алғанда, жұмыспен толық қамтылған деуге болады. Ауылдарда баспана тұрғызуға ниетті тұрғындар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Былтыр 9 адам үй салу үшін жер телімін алды. Әлеуметтік нысандарға келетін болсақ, округ аумағында екі орта мектеп, бір дәрігерлік амбулатория, бір фельдшерлік пункт, екі кітапхана, бір балабақша, бір ветеринарлық пункт, Мәдениет үйі, «Қазпоштаның» бөлімшесі, «Қазақтелеком» желісі жергілікті халыққа қызмет көрсетеді. Халықтың дене шынықтырумен, спортпен айналысуына да мүкіндігінше жағдай жасалуда. Округ аумағында спорт мектебі, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, Бозай ауылында шағын футбол алаңы бар.
Ұялы байланыс, интернет қалыпты жұмыс істеп тұр. Округте шағын және орта бизнес нысандары — он дүкен, бір тойхана, бір балабақша, бір дәнекерлеу цехы, екі наубайхана, екі монша, үш мал сою алаңы қызмет көрсетеді. Мамырсу ауылының 15 көшесіне, Бозай ауылының 3 көшесіне, Батпақ ауылының 1 көшесіне жарық тартылған.
— Президент назарға алып отырған мәселенің бірі – өңірлерде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асуы. Ауданда ұлттық жоба аясында салынып жатқан мектептің құрылысы қашан аяқталады?
— Иә, 600 орындық мектеп аудан орталығындағы Қуаныш мөлтек ауданында салынып жатыр. Негізі, мектеп құрылысы 2024 жылдың соңында аяқталуы тиіс болатын. Алайда құрылыс жұмыстары кезінде жер астынан су шығып кетуіне байланысты пайдалануға беру мерзімі кешіктірілді. Облыс басшысы ауданға жұмыс сапары барысында арнайы келіп көрген болатын. Қазір құрылысты жүргізіп жатқан «Самұрық-Қазына контракшн» компаниясының жұмысын екі аптада бір рет барып қадағалап, қатаң бақылауда ұстап отырмын.
Сөз ретінде айта кетейін, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мектеп жасындағы балалары да ерекше назарда. Бұл санаттағы отбасылардан шыққан балалар мектеп формасымен, аяқ киіммен және тамақпен қамтамасыз етіледі және бұл отбасылар балабақшаға ақы төлеуден босатылған. Өткен жылы облыстық бюджеттен 180 млн теңге бөлініп, ауданның 11 білім беру мекемесі ағымдағы жөндеуден өткізілді. Биыл облыстық бюджеттен екі мектепке ағымдағы жөндеу жүргізуге 40,4 млн теңге, үш мектепке күрделі жөндеуге 596,2 млн теңге және 10 мектепке материалдық-техникалық базасын жаңартуға 253,8 млн теңге бөлінді.
— Ауданда «KAZ Minerals» секілді ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардан түсетін салық мөлшері қандай?
— «KAZ Minerals» ауданға 15 млрд теңге көлемінде салық төлейді. Бұл компанияның біздің ауданға ғана емес, басқа да өңірлерге көрсетіп отырған көмегі көп. Қопа ауылында спорт кешенін салуға қолдау көрсетуде. Қопа ауылы мен Ақтоғайдың ортасындағы жолды салып бергені де үлкен қолдау болды. Сонымен қатар Ақтоғай кентіндегі кезінде аяқталмай қалған мектеп ғимаратының құрылысына да көңіл бөліп отыр.
— Аудан құрамындағы Шұбартау өңірінің күн тәртібінде тұрған мәселесі аз емес. Кезінде мыңғырған малымен аты шыққан өңірдің қазіргі жағдайы қандай екені тәптіштей айтпасақ та түсінікті. Дегенмен облыс әкімі Берік Уәлидің өткен айдағы сапары шалғайдағы өңір халқының алдағы күнге деген үмітін оятты. Облыс әкімінің сапарынан кейін қандай жұмыстар қолға алынды?
— Шұбартау өңірі кезінде жеке аудан болғанын білесіздер. 18 мың тұрғыны болған аудан кейін таратылды. Қазіргі күнде ол өңірде 6500 адам тұрады. 10 ауыл, 1 елді мекен бар. Қордаланған мәселелер, әрине, аз емес. Малгелді ауылында ауыз су жайы әлі күнге шешілмеген. Бюджеттен қаражат бөлініп, осы жылдың қыркүйек айына дейін бұл мәселеге нүкте қоймақпыз. Қазір «Қазавтожол» мекемесі Баршатас пен осы ауыл арасындағы жолды жөндеуді бастап кетті. Жақында ауданға келген сапарында облыс әкімі Берік Уәли осы жолдың жағдайына жете мән берген болатын. Осы жолдармен жүріп өтіп, жай-күйімен танысты. «Қазавтожол» басшылығымен кездесу нәтижесінде 45 шақырым жол жөнделетін болып келісілді. Тағы бір айтатын жайт, Шұбартау өңірінің орталығы саналатын Баршатасқа «Қазақмыс» компаниясының көмегімен өрт сөндіру депосының ғимаратын салып, қысқы уақытта жол ашатын техникалар бөлу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сметалық-құжаттаманы дайындап, 3 миллион теңгені бөліп қойдық. Бұл депо үш бөліктен тұратын болады. Жедел шақыру қызметі, кезекшілік, қыста қар күрейтін техникаларды жұмылдыру қызметі іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру, балалардың ойын алаңын салу жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.
Байқошқар ауылына келетін болсақ, бұл елді мекеннің халқы да таза ауыз сумен қамтылмай отыр. Мен ол ауылда екі рет болдым. Облыс әкімінің сапары кезінде де осы мәселе айтылды. Қазір облыстық бюджеттен 200 миллион, Ұлттық қордан 53 миллион теңге бөлінді. Қалған 108 миллион теңгені жергілікті бюджеттен қарастыратын боламыз. Қыркүйек айына дейін бұл мәселе де шешімін табады. Одан бөлек, Байқошқар ауылында спорт кешенін салуды да жоспарлап отырмыз. Облыс әкімі осыған орай тапсырма беріп кетті. Кешеннің құны 350 млн теңге шамасына бағаланып отыр. Дегенмен басқа да тетіктерді қарастырып жатырмыз. Байқошқар ауылында дәрігерлік амбулатория салу да көзделіп отыр. Бұл жоба жүзеге асса, үш медицина маманы жұмыспен қамтылатын болады. Баршатас ауылында су мұнарасын салу да жоспарымызға енген.
— Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан түрлі пікірлер айтылып жатады. Жалпы, сынға қалай қарайсыз?
— Мен, әрине, ауданға сырттан келгем жоқ, осы жердің тумасымын, перзентімін. Ата-анам да осы жерде өскен жандар. Кейде ауылдарды аралағанда атамды білетін ақсақалдар де кездесіп қалып, ілтипатын білдіріп жатады. Ал енді сын жайына келетін болсақ, өз басым ешкімге сын айтпаңдар демеймін. Осы жерге жұмыс істеуге келген адаммын. Жұмыста кетіп жатқан кемшіліктер айтылғаны дұрыс. Оны бірден назарға алатын боламын. Ал өз тарапымнан тұрғындардың назарын әсіресе тазалық мәселесіне аударғым келеді. Тұрмыстық қалдықтарды, қоқыстарды арнайы контейнерлерге салудан бастап көше тазалығын сақтауға баса мән беруіміз керек. Бәріміз де жақсы білеміз, Президент бастамасымен республика көлемінде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. «Таза Қазақстан» жобасы аясында облыс әкімі Берік Уәли халыққа үндеу жолдады. Аудан әкімдігінің «Аудан елді мекендерін көктемгі көгалдандыру, көркейту және санитарлық тазалауды жақсарту мақсатында екі айлық сенбілік өткізу туралы» қаулысы қабылданып, 5 сәуірден бастап сенбіліктер өткізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін сенбіліктерге кәсіпорындар мен ұйымдардан, мекемелерден 6613 адам қатысты, 134 техника тартылып, екі мыңға жуық аула тазартылды, 1482 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. 54 саябақ пен гүлзарлар ретке келтіріліп, 10 түп ағаш отырғызылды, 524 әлеуметтік нысан, 108 өнеркәсіп және бизнес нысандары, 8 фонтан аумағы және арықтар тазартылды. Сондай-ақ бас инспектор тарапынан анықталған кемшіліктер жойылды. Дегенмен Аягөз қаласында арнайы белгіленбеген орындарға күл-қоқыс төгу сынды келеңсіз жайттар көп жылдардан бері тыйылмай келе жатқаны рас. Атап айтқанда Нұралинов, Сейфуллин, Ғаббасов, Уәлиханов, Х.Дүйсенов, Бөгенбай батыр, Гагарин, Маженов, Көшкінбаев, Төлендин, Ешмағанбетов көшелерінің тазалығына жете мән берілмей отырғанын айту керек. Аталған көшелерде тек жеке жер үйлер орналасқан. Осы мәселені шешу мақсатында Аягөз қаласы әкімдігі тарапынан 3-5 үйге 1 қоқыс контейнерін орнату жұмыстары басталды. Бүгінгі күні көшелерге 300 жаңа контейнер қойылды. Қалған контейнерлердің саны 1470. Сонымен қатар «Аягөз тазалық» мекемесінің тарапынан қоқысты шығару үшін тұрғындармен келісімшарттар жасау жұмысы жүргізілуде. Алайда кейбір тұрғындар келісімшартқа отырудан бас тартуда. Аталған жұмыстар қала әкімдігінің күнделікті бақылауына алынған. Аягөз қаласы әкімдігінің мамандары, қоғамдық кеңестің мүшелері, мәслихат депутаттары, учаскелік полиция қызметкерлерінен тұратын арнайы топтар құрылып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, аудан халқын «Таза Қазақстан» акциясына бір кісідей қатысып, өңіріміздің тазалығын сақтауға, көгалдандыру жұмыстарына бірлесе ат салысуға шақырамын.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, «Semeı tańy»