– Марат Алмасұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы ел өміріндегі маңызды кезең болды. Осы мерейтойдың басты мәні неде деп ойлайсыз?
– Біз үшін Ассамблеяның 30 жылдығы – мерейлі дата ғана емес, ауқымды қоғамдық белестің маңызды қорытындысы. Осы жылдар ішінде бейбіт өмір сүруді, әралуандықты құрметтеуді және диалог мәдениетін қалыпты өмірлік нормаларына айналдырған азаматтардың жаңа буыны қалыптасты.
Ассамблея өз қызметін ел тәуелсіздігінің күрделі кезеңінде диалог алаңы ретінде бастады, ал бүгінгі таңда бұл жан-жақты жетілдірілген және бірегей қоғамдық институтқа айналды. Мерейтойлық жыл көпэтносты елімізде өзара сенімге, ашық қарым-қатынасқа және адамдардың қоғамдық өмірге атсалысуына саналы деңгейде сұраныс сақталатынын айқын көрсетті.
Ұлттық бірлік өздігінен пайда болмайды, бұл дәйекті және тынымсыз жұмыстың арқасында қалыптасады. Ассамблея күн сайын құрмет пен сенім құндылықтарын нығайтады, жауапкершілік мәдениетін дамытады, заманауи патриотизмді қолдайды, адамдарды ортақ жасампаз іске тартады.
Әлеуметтанулық зерттеулер көрсеткендей, елімізде этносаралық сенімнің тұрақты жоғары деңгейі әрі мәдениетаралық өзара іс-қимылға оң көзқарас қалыптасты. Бұл – осы отыз жыл ішінде Ассамблея әр адамның маңыздылығын және оның біртұтас қоғамдастыққа тиесілігін сезіне алатын кеңістік құрғанының заңды нәтижесі. Сондықтан мерейтой рәміздік дата ғана емес, сонымен қатар Ассамблеяның нақты әлеуетін – еліміздің бірлігін нығайтуға қабілетті институт ретіндегі тиімділігі мен өзектілігін дәлелдеді.
– Мерейтой жылы ең жоғары деңгейде маңызды шешімдер шықты. Негізгі айшықты іс-шара Президенттің төрағалығымен өткен ҚХА сессиясы болды. Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағдарларға байланысты Ассамблея қалай өзгереді?
– XXXIV сессияда Мемлекет басшысы Ассамблеяның жұмысын жоғары бағалады, сонымен қатар жаңа бағдарларды атап өтті: тиімділікті арттыру, практикалық қайтарым, қоғамдық құрылымдардың рөлін ұлғайту, үдерістерді цифрландыру және жастармен белсенді диалог жүргізуді тапсырды. Президент «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты негізінде қоғамды шоғырландыру, сондай-ақ дамудың жаңа кезеңіндегі мемлекеттік құрылыстың мақсаттарына сәйкес Ассамблеяны одан әрі трансформациялау үшін жаңа тәсілдер әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Біз тапсырмаларды орындауға жедел кірістік. Ел тарихында тұңғыш рет аудандық Ассамблеялар – азаматтардың қатысуы және халықпен жұмыс істеудің жаңа форматы құрылды. Қазіргі уақытта Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстарының бірқатар ауданында жаңадан аудандық Ассамблеялар құрылып, жергілікті жерлерде өзара іс-қимылды нығайтып жатыр. Сонымен қатар инфрақұрылым қолға алынып, жаңа Достық үйлері ашылды, тағы бірнеше нысан салынып, іске қосылуға әзірлік үстінде.
Ассамблеяның жаңа жобалары іске қосылды. «Инклюзивті Ассамблея» жобасы ҚХА құрылымдарының ішінде тұрақты инклюзивті орта құруға назар аудара отырып, азаматтардың барлық санатының қатысуын көздейді. «Жеңіс – бірлікте» спорттық платформасы белсенді адамдарды саламатты өмір салты мен ынтымақтастық құндылықтары төңірегінде біріктіреді. «Еңбеккерлер Ассамблеясы» жобасы еңбексүйгіштік мәдениетін ілгерілетеді, еңбек ұжымдарын корпоративтік ынтымақтастық пен жауапкершілікті нығайта отырып, әлеуметтік бастамаларға тартады. «Креативті шешімдер платформасы» жобасы – заманауи цифрлық идеяларды, коммуникацияның жаңа форматтары мен жастар бастамаларын қалыптастыратын инновациялық кеңістік. Әрине, цифрландыру дәуірінде азаматтармен өзара іс-қимылды ыңғайлы әрі жедел ету, көптеген үдерісті онлайнортаға көшіру үшін «Цифрлық Ассамблея» жобасын іске қостық. Бұл ретте Ассамблеяның дәстүрлі институттарына – Аналар кеңесі, медиация, қайырымдылық, т.б. жобаларға жаңаша мазмұн мен серпін берілді.
Мұның бәрі Ассамблеяның өз жұмысындағы құралдар мен тәсілдерді заман талабымен үндестіре жетілдіретінін көрсетеді. Оның басты міндеті – адамдарға жақын болу, елдің даму қарқынына сай келу. Нәтижесі айқын: ҚХА елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға, еліміздің дамуына атсалысатын серпінді институт болып қала береді.
– Бүгінгі таңда, сырттай қарағанда, Ассамблеяның жұмысы этномәдени орталықтарды біріктіру форматынан әлдеқашан асып, кеңестер, орталықтар, қозғалыстар мен алаңдардың тұтас желісіне айналғандай әсер қалдырады. Бұл инфрақұрылым қалай жұмыс істейді және Ассамблеяны ауқымды қоғамдық организм ететін барлық құрылымның жұмысын кім қамтамасыз етеді?
– Иә, Ассамблея – көп деңгейлі жүйе. Ол этномәдени бірлестіктерді, Ақсақалдар кеңесін, Аналар кеңестерін, «Ассамблея жастары» қозғалысын, Парламенттегі және мәслихаттардағы депутаттық топтарды, «Жомарт жан» қайырымдылық орталықтарын, медиация орталықтары мен кеңестерін, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықты, ЖОО-дағы ҚХА кафедраларын, Достық үйлерін, Журналистер клубтарын, шығармашылық ұжымдарды біріктіреді. Осының арқасында біз патриотизм мен өзара көмекке тәрбиелеуден бастап, халықтық дипломатияны дамытуға және қатысудың әртүрлі формасына дейінгі қоғамдық міндеттердің барлық спектрін қамти аламыз.
Елімізде мыңға жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейді, олар күн сайын қоғамдағы өзара құрмет пен ашық диалог мәдениетін нығайтады. Мерейтойлық жылы еліміздегі этномәдени бірлестіктер қоғамдық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан жүздеген мәдени, әлеуметтік, білім жобаларын іске асыра отырып, жоғары белсенділік танытқаны ерекше маңызды.
Ақсақалдар кеңесі тағылымды тәрбие және ағартушылық жұмысын жүргізіп келеді. Елімізде 1 200-ден аса Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді, бүгінгі таңда олардың қатарында 7 мыңнан аса адам бар. 2025 жылы олар140 мыңнан аса азаматты қамтыған 3 мыңнан аса іс-шара өткізді, 400-ге жуық өзекті өтінішті қарап, мемлекеттік органдарға 170-ке жуық ұсыныс жолдады. Бұл – қоғам мен мемлекеттік институттардың тікелей байланыс арнасы.
Аналар кеңестері өз қатарына 12 мыңнан аса әйелді біріктіре отырып, рухани құндылықты қалыптастыру, әлеуметтік кеселдердің алдын алуда ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Бір жылдың ішінде ғана олар 275 мыңнан аса адамды қамтыған 4,3 мыңнан аса іс-шара өткізді. Аналар кеңестері ІІМ-мен ынтымақтастықта «Жасыл сертификат» жобасын іске асырып, нашақорлықтың алдын алуға атсалысады. Олар әскери бөлімдерде, мектептер мен балалар үйлерінде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында жұмыс жүргізеді.
«Ассамблея жастары» – бүгінде еліміздегі ең ірі және серпінді қозғалыстардың бірі. Оның қатарында 10 мыңнан аса белсенді бар, ал «Жаңа толқын», «ҚХА Көшбасшылар мектебі» және «Jastar Generation» жобалары көшбасшылықты, мәдениетаралық коммуникацияны және жобалық ойлауды дамыту алаңына айналды. Колледждер мен жоғары оқу орындарында 100-ден аса студенттік ассамблея жұмыс істейді. Міне, осылайша бірлік пен жасампаздық идеяларын ілгерілететін жаңа буын көшбасшылары қалыптасып келеді. «Ассамблея жастары» Орталық Азиядан ЮНЕСКО-ның Жаһандық жастар қауымдастығына, Еуропалық жастар картасы қауымдастығына қосылған алғашқы жастар ұйымы болды.
«Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы – Ассамблеяның Парламентпен және мәслихаттармен өзара іс-қимылының негізгі буыны. Депутаттық топ жұмысы нәтижесінде ҚХА маңызды әлеуметтік, құқықтық және этносаралық мәселелерді көтере отырып, олардың заңнамалық деңгейде шешілуіне ықпал ете алады.
Бүкіл жүйенің негізгі элементі – еліміздің барлық өңіріндегі 36 Достық үйі. Бұл – нағыз қоғамдық хаб, мұнда күнделікті практикалық жұмыс жүргізіледі: тіл үйрету және білім беру курстары, жастар жобалары, мәдени іс-шаралар, этномәдени бірлестіктердің кездесулері, медиативтік консультациялар, волонтерлік акциялар ұйымдастырылады. Осылайша, келісім идеялары нақты мазмұнға ие болады.
Қорыта айтқанда, елімізде этносаралық келісімнің біртұтас экожүйесі қалыптасты, онда стратегиялық және практикалық деңгейлер үйлесімде жұмыс істейді. Дәл осы жүйелілік келісім саясатын тұрақты және тиімді етеді.
– Ассамблея келісім мен өзара көмек туралы жиі айтады. Бұл нақты жұмыста қалай көрінеді? Қайырымдылық бастамалары мен ҚХА медиативтік желісі адамдарға іс жүзінде қалай көмектеседі? Ол қоғамдағы бірлікті нығайтуға ықпал ете ала ма?
– Практикалық жұмыс – Ассамблея қызметінің тиімділігінің ең айқын көрсеткіштерінің бірі. ҚХА-ның қайырымдылық бағыты мен медиация жүйесі азаматтардың күнделікті өмірде кездесетін нақты міндеттерін күн сайын шешеді.
«Жомарт жан» орталығы желісі атаулы қолдаудың қуатты құралына айналды. Биыл бұл орталықтар 300 млн теңгеден аса сомаға 476 жобаны іске асырды. Бұл – аз қамтылған отбасыларға көмек, төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге қолдау көрсету, ауыл мектептерін қамтамасыз ету, қарттарға арналған әлеуметтік бағдарламалар. Олар нақты сұраныстармен жұмыс істейді: баланы мектепке дайындау, өрт зардаптарын жою, дәрі-дәрмек жеткізу, тұрмыстық мәселелерді шешу. Осы іс-шаралар арқылы халық Ассамблеяның көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созатынын көріп отыр.
Екінші маңызды практикалық желі – медиация. Елде 21 медиация орталығы, 21 медиация кеңесі және 330 медиатор жұмыс істейді. Бұлар күн сайын түрлі дау-дамайды – отбасылық келіспеушілік, еңбек жанжалы, тұрмыстық өзара іс-қимыл мәселелерін шешеді. Бұл – сот ісін жүргізудің жылдам, қолжетімді әрі бейбіт баламасы. Медиаторлар тараптарға келіссөздер үстеліне отыруға, бір-бірін тыңдауға, қолайлы шешім табуға көмектеседі. Мұндай жұмыс шиеленісті азайтады, жанжалдардың алдын алады, адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынасты сақтайды.
Ассамблея – бірлік пен ынтымақ құндылықтарын насихаттаумен қатар, күнделікті нақты көмек көрсететін, адамдардың мәселелерін шешетін, қоғамдағы татулықты қолдайтын институт.
– Ассамблея айналасына көп адам – түрлі мәдениеттің өкілдерін біріктірді. Бұл тартымдылық атмосферасы қалай қалыптасады деп ойлайсыз?
– Ассамблеяның мерейтойлық жылы біздің қоғамда қуатты біріктіруші энергия бар екенін айқын көрсетті. Адамдар құрмет пен сенім атмосферасын сезінгенде ортақ іске атсалысуға дайын екеніне 10 мыңнан аса іс-шара мен 1 миллионнан аса қатысушы дәлел бола алады. «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты әртүрлі мәдениет бірін-бірі үйлесімді түрде толықтыратын осы ортаны жасайды. Бұл, әсіресе, мәдени бағдарламада айқын көрінді: ел аумағында 75 фестиваль, 50-ден аса спектакль мен концерт өтті. Астана ұлттық шығармашылық орталығына айналды, онда шығармашылық ұжымдар фестивалі, халық қолөнері фестивалі, «Бірлігіміз жарасқан!» балалар мен жасөспірімдер өнерінің республикалық фестивалі өтті. Алматыда алғаш рет өткізілген этностардың театр өнері фестивалі сахна тілінің сан қырлы екенін, біздің мәдени әралуандығымыздың қаншалықты бай екенін көрсетті.
Мемлекеттік тілді ілгерілетуде де елеулі нәтиже байқалады. Бүгінгі таңда түрлі этностың өкілдері қазақ тілінде сөйлеумен қатар, қазақша ойлайды, ән айтады, өздері қазақ тілін үйретеді және шеберлік сабақтарын өткізеді, тілге қатысты жобалардың бастамашысы болады. Ассамблея мұны «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Үйде сөйле» бағдарламалары арқылы, әсіресе он жыл ішінде 130 мыңға жуық іс-шара өткізіп, миллиондаған жеткіншекті мемлекеттік тілдің айналасына біріктіретін алаңға айналған «Мың бала» қозғалысы арқылы қолдайды.
Міне, осылайша, мәдениет пен тіл адамдар арасындағы жанды көпірге айналатын, сенім, өзара түсіністік пен ортақ бірлігімізді нығайтатын кеңістік қалыптасады.
– Этносаралық қатынас – өте нәзік әрі сезімтал сала. Адамдармен жұмыс істеу және әлеуметтік үдерістердің нюанстарын түсіну үшін арнайы білім мен тәсілдер қажет. Ассамблея мұндай мамандарды қалай даярлайды және орын алған жағдайды терең түсінуді қалай қамтамасыз етеді?
– Ассамблея мамандар даярлауды, сарапшылық талдаманы және кәсіби медиажұмысты біріктіретін тұтас жүйе қалыптастырды. Біріншіден, білім бағыты жұмыс істейді. ҚХА кафедралары мен Академиясы арқылы кадр даярлаудың дәйекті траекториясы құрылды: Достық үйлерінің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың өкілдері үшін жыл сайын оқыту ұйымдастырылады.
Екіншіден, ауқымды сарапшылық-талдамалық желі жұмыс істейді. Ғылыми-сарапшылық кеңес пен өңірлік топтар 300-ге жуық зерттеушіні біріктіреді, олар қоғамдық үрдістерді талдайды, қауіп-қатерлерді анықтайды, ғылыми негізделген ұсыныстар жасайды. Жас ғалымдар клубы жаңа зерттеу мектебінің сабақтастығы мен дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстанда іс жүзінде өзіндік мемлекеттік этносаясат мектебі – қоғамдық келісімді нығайту теориясы мен практикасының және инновациялық тәсілдерінің үйлесімі қалыптасты.
Үшінші – ақпараттық бағыт. ҚХА Журналистер клубы республикалық және өңірлік БАҚ-тарды біріктіре отырып, келісім тақырыбын жауапкершілікпен жариялаудың негізгі алаңына айналды. Мерейтойлық жылы 10 мыңға жуық журналист пен блогердің қатысуымен 150-ден аса оқыту медиа іс-шарасы өтті. Бұл медиа сауаттылық пен кәсіби стандарттарды айтарлықтай арттырды. Нәтижесінде, медиабелсенділік айтарлықтай өсті: 63 мыңнан аса материал жарияланды, 7,7 мың телесюжет шықты, әлеуметтік желілерде 44 мыңнан аса жарияланым орналастырылды.
Білім беруге даярлық, сараптама және заманауи медиакоммуникация Ассамблеяда болып жатқан үдерістерді түсінуге, қоғам үшін келісім тақырыбын сапалы жариялауға көмектесетін тұрақты кәсіби негіз қалыптастырады.
– Бүгінде әлемде «жұмсақ күш», халықтар диалогі туралы көбірек айтылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы әлемдік диалог архитектурасында қандай рөл атқарады? Оны елдің дипломатиялық бренді деп санауға бола ма?
– Әрине. Ассамблея біздің елімізде қалыптасқан бейбіт қатар өмір сүру мен сенім моделін әлемге таныта отырып, отандық мәдени дипломатияның маңызды бөлігіне айналды. Халықтық дипломатия орталығы мен ҚХА Достық елшілерінің корпусы арқылы этносаралық келісім идеясын ілгерілетеміз және біздің әралуандығымыз қауіп-қатер факторы емес, даму ресурсы бола алатынын көрсетеміз.
Біздің тәжірибемізге деген қызығушылық үнемі артып келеді: кейінгі жылдары Ассамблеяға әртүрлі елдің халықаралық ұйымдары, парламенттері мен зерттеу орталықтары 60-тан астам рет жүгінген. Бұл модель қоғамдық тұрақтылықтың өміршең әрі практикалық үлгісі ретінде қабылданатынын көрсетеді.
Біздің міндетіміз – тәжірибе алмасу ғана емес, келісім мен бірлік жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін көрсету, оны зерделеп, ауқымын кеңейту. Міне, осылай халықтық дипломатияның шынайы қуаты ашылады.
– Оның дамуын қандай стратегиялық міндеттер айқындайды? ҚХА тарихындағы жаңа кезең туралы не айтуға болады?
– Отыз жылдық белес шын мәнінде Ассамблеяның жаңа кезеңіне жол ашады. Президент негізгі басымдықтарды атап өтті: этносаралық саясаттың тиімділігін арттыру, азаматтарды көбірек тарту, Ассамблеяның маңызды қоғамдық институт ретіндегі рөлін нығайту. Бұл стратегиялық тұжырымның негізі елдің мәдени байлығын дамудың жалпыұлттық мақсаттарымен байланыстыратын «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты болып қала береді.
Саяси реформалар жағдайында Ассамблеяның әлеуетін сақтап қана қоймай, оның рөлін терең институцияландыру маңызды. Бұл ретте ресми өкілеттіктер туралы емес, қоғамдық ортаға және келісімді нығайтуға әсер ететін шешімдерді талқылауға, әзірлеуге ҚХА-ны жүйелі түрде тарту туралы айтылып отыр. Жалпы, тұрақтылыққа қарамастан, этносаралық сала ақпараттық қауіп-қатерлер мен сыртқы әсерлерге сезімтал болып қала береді. Сондықтан белсенді жұмыс, сапалы қарым-қатынас және қазіргі кездегі сын-қатерлерге уақтылы ден қою өте маңызды.
Алдағы жылдарға арналған негізгі бағыттар айқындалды: азаматтық ынтымақты нығайту, әралуандықты даму ресурсы ретінде ілгерілету, қоғамдық диалог пен халықтық дипломатияны дамыту, жастар мен волонтерлерді тарту. Ассамблеяның негізгі капиталы – сенім. Ол ондаған жыл бойы қалыптасты және бүгінгі таңда ұлттық бірліктің негізіне айналды. Жаңа кезеңнің міндеті – еліміздің тұрақтылығы мен бірлігін нығайта отырып, осы әлеуетті барынша тиімді пайдалану.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»




