Семей қаласында Кемел Тоқаев атындағы ІХ республикалық детектив шығармалар байқауының қорытындысы шығарылып, үздік авторлар марапатталды. Биыл алғаш рет Абай облысында өткен әдеби додаға зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен журналистер қатысты.
Байқау «Заң» Медиа-корпорациясының бастамасымен 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында ұйымдастырылған. Биыл байқау алғаш рет Абай облысында өтті.
Облыс әкімі Берік Уәли қазақ әдебиетінде детектив жанрын дамытуда байқаудың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Кемел Тоқаевтың мұрасын насихаттау және жас авторларды қолдау арқылы қазақ детективінің қоры жаңа шығармалармен толығып келеді.
Биылғы байқаудың ерекшелігі – жүлдеге ие болған 15 үздік шығарма қорытынды шараға дейін «Соны соқпақ» атты жеке жинақ болып жарық көрді. Кітаптың тұсаукесері Семейде өтіп, жинаққа Кемел Тоқаев туралы естелік те енгізілді.
Шығармаларды журналист, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Жанарбек Әшімжан бастаған қазылар алқасы саралады. Құрамда жазушы, журналист Серік Әбікенұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Абай облыстық филиалының төрағасы Мерей Қарт және адвокат Бауыржан Ахметов болды.
Байқау нәтижесінде:
- Бас жүлде – Әділбек Ыбрайымұлы, «Ақ көйлек»;
- І орын – Алдажар Әбілов, «Медбикенің мінәжаты»;
- ІІ орын – Закира Нұрланқызы, «Қоңыр қайысқа түскен таңба» және Болай Бердиева, «Ала жіп»;
- ІІІ орын – Сабырбек Олжабай, «Батпырауық», Мирас Мұқаш, «Қармақ» және Асхат Өмірбаев, «Оянбаған әке».
Сонымен қатар ынталандыру сыйлығы Абай облысының тумасы Аружан Мұсатаеваға «Алданған арман» шығармасы үшін, ал арнайы жүлде Сая Исаға «Пианистің ажалы» шығармасы үшін табысталды.
Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауы келесі жылы 10 жылдығын атап өтеді. Ұйымдастырушылар мерейтойлық доданы жаңа форматта өткізіп, бұған дейін бас жүлде мен бірінші орын алған авторлар арасында детектив повесть жанрынан шығармашылық байқау ұйымдастыруды жоспарлап отыр.







