Отбасы – қоғамның тұрақтылығы мен ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік институт. Сондықтан отбасының құқықтары мен мүдделерін қорғау, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Бұл қағидаттардың құқықтық негізі Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Қолданыстағы Конституцияның 30-бабында неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болатыны нақты көрсетілген. Сондай-ақ неке ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы ретінде айқындалған.
Конституциялық кепілдіктер нені білдіреді?
Негізгі заң отбасы мүшелерінің құқықтарымен қатар, олардың жауапкершілігін де айқындайды. Атап айтқанда, балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру ата-ананың етене құқығы әрі міндеті ретінде белгіленген. Ал кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасауға міндетті.
Бұл нормалар отбасы ішіндегі өзара жауапкершіліктің құқықтық негізін қалыптастырады. Сонымен бірге неке-отбасы заңнамасы ерлі-зайыптылардың тең құқықтары мен тең міндеттерін, отбасылық мәселелерді өзара келісім арқылы шешу қағидаттарын бекітеді.
Отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Отбасындағы өзара құрмет, ата-ананың жауапкершілігі, балаға қамқорлық және аға буынға қолдау көрсету – қоғамдағы тұрақты қарым-қатынастың маңызды негіздері.
Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда бекітілген нормалар отбасы институтын қорғаудың берік құқықтық негізін қалыптастырады. Ал отбасының тұрақтылығы мен әр мүшесінің құқығын сақтау – қоғамның әлеуметтік әл-ауқаты мен болашақ ұрпақтың дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор.







